Моллюскалар типі (немесе былқылдақ денелілер)

1.Былқылдақденелілер — кейбіреулері ғана болмаса, көпшілігі бақалшақты, жұмсақ денесі бас, тұлға, аяққа бөлініп, нағыз суда мекендейтін жәндіктер. Олардың құрлықта тіршілік ететін де түрлері бар. Денесі буылтықсыз және өте жұмсақ болғандықтан, бұл топтағы жәндіктер былқылдақденелілер деп аталады. Жер жүзінде былқылдақденелілердің 130 мыңға жуық түрлері бар.

Моллюскалар типі екі класқа: бауыраяқтылар және қосжақтаулылар класына жіктеледі.

Теңіздерде, кейбірі тоғандар мен құрлықта тіршілік ететін, жұмсақ денесін бақалшақ қаптаған, тұлғасы бүкіл бауыр жағын қамтитын жәндіктер бауыраяқтылар немесе ұлулар класына жатады. Аяқ бөлігі бақалшақтың астыңғы бөлігін толтырып, дененің сол бөлігімен жүретін болғандықтан, бұлар бауыраяқтылар деп аталады. Бұлардың 90 мыңға жуық түрлері белгілі.

Бауыраяқтылардың өздеріне тән ерекшеліктер мыналар:

1.Бауыраяқтылар – көбінесе суда, кейде құрлықта мекендейтін, денесін бақалшақ қаптап, кейбіреулерінде бақалшағы болмайтын ең көп тараған былқылдақденелілер тобы. Бұлардың денесі бас, тұлға және аяқ деп үш бөліктен құралады.

2.Бауыраяқтылар — өсімдікқоректі жәндіктер. Ас қорытуға аыз, жұтқыншақ, өңеш, қарын, ішектен басқа бауыр да қатысады. Тынысалу мүшесі — өкпе, зәршығару мүшесі – бүйрек. Ұлудың қанайналымы ашық болады. Олардың тіршілік әрекетінің күрделенуіне байланысты жүйке жүйесі де жақсы жетілген. Сезім мүшелері – көз, тепе-теңдікті сақтау мүшесі және денеде бытыраңқы орналасқан сезімтал жасушалары мен қармалауыштары атауға болады. Ұлулар – гермафродиттер, көпшілігі ауыл шаруашылығына зиянды жәндіктер.

Көпшілігі теңіздер мен мұхиттарда, біразы тұщы суда тіршілік ететін, екі жақтаулы, жалпақ бақалшақтары бар, құрлықта кездеспейтін, тақташа желбезекті былқылдақденелі жәндіктер қосжақтаулылар немесе тақташа желбезектілер класына жатады. Кластың олай аталуы бақалшағы мен желбезегінің құрылысына негізделген. Кластың 20 000-ға тарта түрлері бар.Қосжақтаулылардың желбезектері тақташалардан құралған. Қосжақтаулы былқылдақденелілердің бақалшағы шапанша жасушаларынан бөлінетін сұйықтықтан түзіледі. Бақалшақ үш қабаттан құралған: сыртқы жасыл қоңыр түсті қабат, оның астында ақ немесе күңгірт түсті кәрден қабат және ең ішкі меруерт қабаты болады. Бақалшақ – былқылдақденелі жәндіктердің сыртқы қаңқасы.

Қосжақтаулы былқылдақденелілердің ақорыту, қанайналық, зәршығару, тынысалу және көбею мүшелері бар, нашар да болса жүйке жүйесі сыртқы тітіркендірулерді қабылдайды. Бұлар – дара жынысты жәндіктер, жұмыртқа және дернәсіл арқылы өсіп-өнеді. Дернәсіл кезінде уақытша паразиттікпен тіршілік етеді.Өкілі ретінде теңіз жағалауларында кездесетін айқұлақты келтіруге болады.

3.Моллюскалар тип өкілдеріне тұщы суларда тіршілік ететін,бауыр сорғыш паразитіне аралық ие — тоспа ұлуы, жүзімнің жапырағына зиян келтіретін — жүзім ұлуы, бауда өсетін өсімдіктер көпшілігінің жемісі мен жапырақтарын зақымдайтын — жалаңаш шырыш т.б. жатады. Оларға жеке-жеке тоқталайық.

Құрлықта мекендеп, өкпе арқылы тыныс алатын жүзім ұлуының көздері қармалауыштарының ұшінда болады. Жазғы ыстықта денесін бақалшақтың ішіне тартып алып, қатқыл қақпақ түзетін шырыш бөледі де, қақпақпен бақалшақтың кең ауызын жауып, жазғы ұйқыға кетеді. Бұл – қосжынысты, аналығы жұмыртқасын топыраққа салады.

Жалаңаш шырыш та — өкпе арқылы тыныс алатын ұлу. Басқа ұлулардан мұның айырмашылығы: бақалшағы болмайды, шапаншасы да өте нашар дамыған, оның біраз бөлігі тыныс алу қуысын астарлап жатады. Жалаңаш шырыштың екі ұзын, екі қысқа қармалауыштары болады, ұзын қармалауштарының ұшында көздері бар болса, қысқа қармалауыштарымен заттарды сипап сезеді.Жалаңаш шырыштың денесін шырыш қаптап тұрады, сондықтан шырыш деген атауға ие болған. Олар қорегін кешкілікті және түнгі салқында аулайды, күннің қызуына шыдай алмайды, күзде дымқыл топыраққа үйме-үйме жұмыртқа салады.

Бауыраяқты моллюскалардың кейбіреуі тағамға (Қытайда және т.б. елдерде теңізқұлақты) пайдаланылса, көпшілігі түрлі түсті әдемі бақалшағы үшін әр түрлі безендірулерге пайдаланылады.

Мұхиттар мен теңіздерде бақалшақсыз былқылдақденелілер де кездеседі. Оларға жыртқыш басаяқты былқылдақденелі жәндіктер жатады. Мұндай жәндіктердің денесі тек екі бөліктен – бастан және тұлғадан құралады, денесін қозғалысқа келтіретін бұлшықетті аяғы баста болғандықтан, бұлар басаяқты былқылдақденелілер деп аталады. Сегізаяқ, кальмар, каракатицаның басында 8-10 қармалауыштар аяқтың да қызметін атқарады. Бұлар балық пен таңқышаянды жеміне пайдаланып, кейде тіпті бірін-бірі, өзінің қармалауыштарын жейді. Бұрынғы КСРО-да солтүстік және қиыршығыстағы теңіздерде басаяқтылардың 60-тан астам түрі кездеседі, алайда бұлардың денесі онша ірі болмайды. Ал өте тереңде тіршілік ететін кальмарлардың кейбіреуі қармалауыштарымен қоса есептегенде ұзындығы 18 метрге дейін жететіні анықталған, ондай кальмардың салмағы 300 кг тартады екен. Демек, ғаламшарда мекендейтін басаяты былқылдақденелілер – бүкіл омыртқасыз жәндіктердің алыбы екен.