Музыканы мәнерлеу құралдарының жүйесінде өнердің кез–келген түрі секілді, музыкада өзіне ғана тән образды мәнерлеп суреттейтін құралдары бар. Музыкада негізгі құрамдар– мелодия (әуен), ырғақ (метроритм), гармония, тембр (бояу), полифония т.б.
Мелодия (әуен)–белгілі бір көркем ойды бейнелейтін, ырғақ пен ладтың-интонациялық жағынан жүйеге келтірілген түрліше жоғарылықтағы дыбыстар тізбеге. Әуен–музыкалық шығарманың негізі болып табылады. Ол жеке өзі көркем бейнені терең де жан-жақты көрсете алады. Біріңғай тұтас басқыштар бойымен қозғалып құрылған әуендер аз. Әуендік қозғалыс бағытының түрлері:
- Толықтырылған кішігірім аралық интервалдық секірістерден тұратын әуендер, оларды ұзақ жоғарылау мен төмендеу жоқ;
- Әуендік толқынымен айқын көрінген әуендер, мұндай әуендер ұзақ мерзімді жоғарылау мен төмендеудің бірігіп үйлесуінен құрылады;
- Әдетте бір қалыпты бейнелейтін бір ғана дыбысқа қайтып оралатын әуендер.
Әуендер қашанда өзінің ішкі құрылымы мен нақтылық логикасы арқылы аяқталған белгілі бір түсінікті білдіреді. Әуеннің бөлшектену дәрежесі түрлі тарихи стильдерде әр қалай болды. Мысалы, полифониялық стильде үздіксіз даму басым түседі. Ал, гомофондық–гормониялық тұрғыдағы әуендерге керісінше, әуеннің формасын бөлшектеуге, яғни кезеңді (периодты) сөйлемге, сөйлемді–фразаларға, фразаны–мотивтерге бөлу тән қасиет, әуен дамуының ең жоғарғы сатысы–оның шиеленісу шыңы, кульминация деп аталады.
Метроритм (ырғақ). Метр–музыкалық ритмнің байланыс жүйесін, тепе-тең ұзақтықтағы уақыт үлесін өзара алмасу тәсілін реттейтін өлшем. Ритмде дыбыстардың уақыттық ара-қатынасы анықталады. Метрлік өлшемсіз дыбыстардың жүйелі түрде алмасуы мүмкін емес.
Кейбір музыкалық жанрлар белгілі бір өлшемді талап етеді, мысалы, вальс-үш үлесті, марш екі немесе төрт үлесті өлшемді жазылады. Өлшем музыкадағы жүйенің негізі ретінде оның кәсіби сипат алу барысында қалыптасты.
Тембр – дыбыстық сапасы («бояуы»). Ол әр түрлі аспаптарда немесе түрлі дыбыстарда орындалған белгілі бір биіктіктегі дыбыстарды ажыратуға мүмкіндік туғызады. Тембр арқылы дауыс ырғағын өзгерте отырып, сезім-күйді білдіруге болады. Тембр музыкалық аспаптық материалы, формасы, дыбыс шығару тәсілі т.б. әсер етеді.
Гармония-үндеу деген мағынада музыка теориясының аккордтардың құрылымын және олардың жалпы музыкалық даму барысында ара қатынасын зерттейтін бөлім. Гармония– музыкалық форма тудырудың негізгі факторы. Музыкалық шығармада тональдік, модуляция, каденция сияқты гармониялық құрамдар ерекше роль атқарады. Гармония мелодия (әуен), ритм (ырғақ) және асыруға қатысады.
Полифония–бір уақытта естілетін көп дауысты музыка. Мұнда көптеген дауыстардың әр-қайсысы жеке-жеке мәнерлі анық естіліп тұрады. Полифония заңы бір-біріне ұқсамайтын әуендерді біріктіріп, бір музыкалық арнаға әкеліп құяды. Полифониялық музыканың аса көрнекті өкілдері – немістің ұлы композиторлары И.С.Бах және Г.Ф.Гендель.