Музыкалық өнердің әрбір тегі іштей тағы да жанрлық түрлерге бөлінеді, музыка өнерінде сан алуан жанрлар бар. Оларды мынадай үлкен топтарға жіктеуге болады:
а) Халық музыкасы (әншілік және аспаптық);
ә) эстрадалық музыка;
б) камералық музыка;
в) симфониялық музыка;
г) хорға арналған музыка;
д) сахнада орындауға арналған театралдық-драмалық шығарма.
Әр халықтың өзіне тән музыкалық өнері бар. Қазақ халық музыкасы ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатыр. Қазақ әндерімен аспапқа жазылған шығармалары түрі мен мазмұны жағынан өте бай, әрі сан алуан болып келгендіктен, жаңа заман кезінде кешікпей кәсіби хор ән, би ансамблі, опера, халық аспаптар оркестрі өнерлерінің пайда болуына тікелей көмектесті. Ұлттық әншілік өнердің дамуы ХІХ ғасырда сал, серіліктің қалыптасып, қанат жаюымен тығыз байланысты. Ал аспаптық өнер халқымыздың бойына сіңірген қасиеті, ерте заманнан қалыптасып біздің заманымызға дейін келіп жетті. Бұған дәлел Қорқыт, Ықылас, Құрманғазы, Дина шығармалары.
Эстрадалық музыка вокалдық аспаптардың орындауындағы шығарма және сол аспаптардың сүйемелдеуінде айтылатын ән.
Камералық музыка деп музыка аспаптармен дауысқа арналып жазылған соло (жеке), дует (екі), трио (үш), квартет (төрт) т.б. түрлі ансамбльдердің орындайтын шығармаларын айтамыз. Камера деген сөз латын тілінен шыққан, бөлме деген ұғымды білдіреді. ХVІ ғасырда камералық шығармалар аз кісілер үшін бөлмеде ойналатын. ХІХ ғасырдан үлкен залдарға шыға бастады.
Симфония–грек халқының сөзі, «дыбыстар бірлестігі» деген мағына береді. Симфониялық музыка ең ірі жанрлардың бірі. Симфониялық оркестрде орындауға арналған негізінен сонаталық циклді формадағы музыкалық шығарма. Кейбір симфонияға хор мен жеке әншілер де қатысады. Әдетте ол 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім–сонаталық аллегро, екінші–баян лирикалық, үшінші–менуэт немесе скерцо, төртінші-көбіне ұқсас финал. Симфония–аспаптық музыканың идея мен ойды барынша жетік бейнелейтін түрі.
Симфонияның жетілген аса дамыған түрлері Вена класикалық мектебі композиторлары (Гайдн, Моцарт, Бетховен) шығармашылығында қалыптасқан.
Хор–вокалдық музыка орындаушылар ұжымы. Басқа өнер түрлері сияқты хор өнері де қоғамдық ой-сананың негізгі бір формасы. Хор–саз өнері, музыка, орындаушылық шеберлігі, көркемдік бейнелеу, сахна т.б. өнердің амал-тәсілдерін бойын жинаған синтездік өнер. Хормен ән салу өнері еліміздегі жалпы музыка мәдениетінің өсу саласында аса маңызды орын алады.
Бүгінгі таңда музыканың сүйемелдеуінсіз драмалық спектаклдерді театрлардан кездестіру мүмкін емес. Аспаптық және вокалдық музыка драмалық қойылымды толықтырады, пьесаның мағынасын ашуға көмектеседі, шығарманың характерін беруге көптеп септігін тигізеді. Сахнада орындалған ән немесе би театралдық–драмалық қойылымды жандандыра түседі.
Сонымен қатар, музыкалық жанрларды екі ірі топқа бөлуге болады: дауысқа жазылған музыка және сөзі жоқ мелодияға (сазға) жазылған аспаптық музыка. Бұлардың әрқайсысы бірнеше түрге бөлінеді. Айталық, сөзге жазылған музыка ән, ария, терме, айтыс, романс, каватина, баллада, т.б. болып бөлінеді. Бұларды екінші сөзбен айтқанда жалпы музыкада әнді музыка деп атайды. Вокал деген сөз дауыс деген ұғымды білдіреді, солай болғандықтан бұлардың қай-қайсысында да адам дауысы негізгі роль атқарады. Бұны қазақ тілінде дауысқа жазылған музыка деп атайды.
Аспаптық музыка дегеніміз–аспаптар сазының үндесінен туатын музыка. Аспаптық музыка да бірнешеге бөлінеді: жыр, ертегі, мадақтау, не жоқтау одаларын, күй, сюита, соната, симфония, балет т.б.
Музыка жанрларының бөліну тәртібі олардың түрлеріне байланысты, яғни идеялық нысанаға алынған материалдың түрлі аспаптармен белгілеу құрылымына қарай түр-түрге ажыратыла бөлініп әр қайсысы өзіндік атауға ие болады.