Тіл және таңба

Алғаш таңба мәселесімен көне ғасырларда әйгілі философтар Аристотель мен Демократ айналысқан. Ертедегі грек философтары мен грамматиктерінен тәлім болып қалған екі бағыт бар. Оның біріншісі — тілдің элементтері /сөз, сөйлем/ таңба болып саналуға тиіс; екіншісі — осы таңбалар адамның ойымен пайымдауымен байланысты деген пікір. Кейінірек философиядағы «стоиктер» /»стоидизм»/ мектебі де тілдегі таңба мәселесіне көңіл бөлді.

Семиотиканың бір аспектісі ретінде тіл конкертті теоретикалық проблема болып ХҮІІІ ғасырда бөлінді. ХІХ-ХХ ғасырларда тілдің таңбалық элементтері тарихи-салыстырмалы тіл білімі мен логикада қарастырылады. Басты философиялық бағыт ретінде бұл идея XX ғасырда барлық лингвистикалық, психологиялық, логикалық, эстетикалық ғылым салаларында ерекше орын алды.

ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда таңба проблемасын философ Д.Локк Г.Ковдильяк, XIX ғасырда американдық ғалым Ч.Пирс, философ Ч.Моррис, математак Г.Фреге зерттеген. Д.Локк жалпы адамзат тілін: табиғи тіл және философиялық тіл деп бөледі. Оның пікірінше, осы екі тілдің ішіндегі философиялық тіл ғылыми ұғымдардың тілі болуға тиіс. Философия тілін материалдық таңба болып табылатын сөз бен сөйлем бар.

Д.Локк сөз мағынасы мен таңбаның арасындағы байланыс шартты түрде болады дей келіп, тілдегі таңбалық қасиетті осы қатынасқа негіздесе /207, 1960, 141/, ВинерН. таңбалар теориясын коммуникативтік күйде алып қарайды. /80, 1958,33/.

Ф де Соссюр тілді таңбалар системасы деп есептейді де, оны таңбалардың кез келген жүйесімен қатар қойып, солармен бара-бар деп таниды. Ол былай деп жазды: «Тіл дегеніміз идеяларды білдіретін таңбалардың жүйесі, демек, оны жазумен, мылқаулар тілін жасалған әліппемен, символ мәнді әдет-ғұрыптармен, сыпайылық формаларымен, әскери сигналдармен және т.б. салыстыруға болады. Тіл — тек осы жүйелердің ішіндегі өте-мөте маңыздырағы» /296, 1933, 145/.

Тілдің таңбалық табиғаты сөз етілгенде, сөздің дыбыстық жамылғышы мен оның /сөздің/ сематикасының өзара қатысының сыпаты еске алынады.

Тілдің таңбалық сыпаты туралы мәселе сөздің лексикалық мәні туралы мәселемен тығыз байланысты. Ф.Де Соссюррдің пікірі бойынша, сөздің екі жағы бар: оның бірі — таңбалаушы /означающее/, екіншісі — таңбаланушы /означаемое/. Таңбалаушы-сыртқы жақ, ол — дыбыстардың тіркесі, комплексі. Таңбаланушы — ішкі жақ, ол — ұғым, мазмұн. Ф.де Соссюр сөздің осы екі қырын ешуақытта бірінен бірін жеке бөліп қарауға болмайды олар бір-біріне байланысты шықкан деп есептейді. Ал, шындығында, мұның қайшы пікір екендігі, таңбалаушы мен таңбаланушының арасындағы қатынастың ешқашан бөлінбейтін біртұтас еместігі кейіннен шешілді. Бұл байланысты /таңбалаушы мен таңбаланушы/ бір жақты, шартты ғана екендігі жөнінде А.Ельмелев ашып айтады: «Это линейность означающего и означаемого сама по себе оказывается абсолютно условной, немотивированной и, по существу, принципиально несущественной /100, 1960, 305/.

Тілдің таңбалық сыпаты деп сөйлесімді құрайтын элементтердің жиынтығын /морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.б./ және тілдік тұлғалардың құрылысын айтамыз. Тілдегі таңбалық қызметті осы сөздердің дыбыстық жамылғышы атқарады. Дыбыстық таңбалардың бәрі бірігіп келіп бір жүйе — таңбалар жүйесін құрайды. Бірақ тілдегі таңбалық бөлшектердің жүйесін таңбалардың басқа түрлерімен, мысалы, жол бойы белгілерінің жүйесімен, цифрлар жүйесімен немесе әскери сигналдар жүйесімен бірдей деп есептеуге болмайды. Олардың арасында көп айырмашылықтар бар.

Тіл- ойды білдірудің, пікір алысудың адамдар арасындағы қатынастың кең көлемде қолданылатын жалпылама құралы. Осы қоғамдағы күллі адамдар өмірдің, іс-әрекеттің барлық саласында қолданылады. Ал басқа таңбалар жүйесінің қолдану өрісі қарағанда әлдеқайда тар, хабарлау мүмкіндігі анағұрлым аз болады. Бұл — бір.

Екіншіден, тілдің көптеген басқа таңбалар жүйесінен айырмашылығы сол: тіл мазмұнды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге адамдардың хабарланатын жайға қатысын, қалай қарайтынын, ұнатуын немесе ұнатпауын, эмоцияның т.б. түрлерін білдіреді. Мәселен, стилистикалық синонимдер сөздердін эмоциональды және экспрессивті сапасына негізделеді. Мысалы, «қуаныш» дегеннен гөрі «шаттық» дегеннің эмоциональды — экспрессивті жағы күштірек. Сондай-ақ «жарық» дегеннен гөрі «сәуле» дегеннің эмоциялық бояуы қалыңырақ, экспрессивті қызметі күштірек болса, «сәуле» дегеннен гөрі «нұр» дегеннің эмоциональды-экспрессивті сапасы басымырақ. Жазушы көркем шығарма жазуда көп жағдайда сөздерді осы аталған эмоционалды, экпрессивті сапасы мен қызметіне қарай таңдайды, оларды, бейнелеудің құралы ретінде пайдаланады. Тіл, сөйтіп, логикалық ойлаумен ғана емес, сонымен бірге адамдардың психологиялық дүниесімен де байланысты. Мұндай қасиет таңбалардың басқа жүйелерінде, мысалы, транспорт /автомобиль, темір жол, су жолы/ сигнализациясында жоқ.

Үшінші айырмашылық мынада: тілден басқа барлық таңбалар жүйесі қолдан жасалады. Олар келісім бойынша жасалып, келісім бойынша өзгере алады. Таңбалардың мұндай жүйесі қоғамдағы барлық адамдардың қатысуымен емес, сол мамандықтын уәкілдерінің қатысуымен және олардың келісімі бойынша жасала береді.

Тілдегі таңба мәселесін сөз еткенде, оның бір қалыпқа жетпеген қайшы жақтары жоқ емес. Таңбалық сипат тілдегі тұлғаның қайсы элементіне қатысты деген сұрақ әлі күнге толық шешімін таппай келеді. А.А.Уфимцева тілдегі таңбалық сыпат дегеніміз — тілдік элементтердің: морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.б. байланысы десе /290, 1970, 96/, В.М.Солнцев сөз бен таңбаны тең құбылыс деп санайды: «В частности рождественным оказывается понятие знака и слово» /278, 1970,208/.