Тілдік қатынас: Ғылыми негіздері

Тілдік қатынас күрделі қоғамдық-әлеуметтік құбылыс бола келіп, көптеген ғылым салаларымен тығыз байланысты. Бұл саланың басқа ғылымдар негізінде қалыптасып, тіл білімінде жетекші орын ала бастауы — кейінгі жылдардың жемісі. Сондықтан тілдік қатынас мәселесінін түпкі тамырларын белгілей отырып, оның ғылымдағы орнын және онымен тікелей байланысты ілімдермен ара қатысын айқындаған жөн.

Тілдік коммуникацияның лингвистикалық негізі қарым-қатынас құралы тілге байланысты екені анық. Лингвистика тіл туралы ілім болса, тілдік қатынас сол тілдің қарым-қатынасқа қатысты ерекшеліктерін қамтиды.

Тілдік қатынас /ТҚ/ қатысымдық тұлғалар арқылы жүзеге асады. Оның қоғамда алатын орны тілдің атқаратын қызметінен көрінеді. Қатысымдық тұлғалар тіл ғылымының салалары — лексикология, семасиалогия, грамматиканың зерттеу объектілерімен қатар қолданылады. Қатысымдық тұлғалар мен тілдік тұлғалардың өзіндік ара қатысы, байланысы бар.

Сонымен қатар тілдік қатынастың негізі — сөйлеу, адамдардың сөйлесу процесі. Осы сөйлесу, ұғынысу тікелей тілдік бөлшектердің қатысымен іске аса келіп, қатысымдық тұлғалардың қызметі нәтижесінде болады.

Сөйлеу процесінде басты орын алатын — сөз бен сөздің байланысы, грамматикалық формалар мен мағыналар, сөздердің тіркесі, сөзжасам — осының бәрі тіл білімінің салаларында қарастырыла келіп, грамматиканың дамуына қанша әсер етсе, тілдік қарым-қатынасқа, сөйлеуге де сонша ықпал етеді.

Лингвистикалық заңдылықтар мен грамматикалық ережелерді үйренбей тұрып, адам өз ойын дұрыс жеткізе алмайды, сол тілде сөйлей алмайды. Бір-бірімен байланысқа түспесе, белгілі бір сөздердің тобы қаншама көп болғанымен, ой түсініксіз болады. Айтайын деген ой ұғынықсыз болса, оны екінші адам түсінбесе, тілдік коммуникация да жүзеге аспайды.

Адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас сөздік құрам мен сөздік қордың мол болуына қарай еркін жүзеге асады, түсінік тез жүреді. Лексикалық қор тілдің өсуімен бірге тілдік қатынастың мүмкіндігін арттырады.

Лингвистиканың қай саласындағы қағидалар мен заңдар болсын тілдік қатынастың қағидаларымен тығыз бірлікте дамиды және оған әсер етеді.

Тілдік қатынастың қоғамдық негізі қарым-қатынас құралы тілдің қоғамдағы ролі мен мәніне байланысты.

Қазақ тілінің қатысымдық ерекшелігін зерттеуде оқушылардың дүниетанымынқалыптастыру, қазақ тілінің қоғамдық мәнін жете түсіндірудің ерекше маңызы бар. Бұл — біріншіден, жалпы дүниеге деген қоғамдық-ғылыми көзқарастың негізінде болса, екіншіден, қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қатынас құралы ретінде алатын орнына байланысты қарастырылады.

Кез келген тіл, сол сияқты қазақ тілі — «адам қатынасының аса маңызды құралы» бола келіп, адамзаттық бір-бірімен түсінісу, пікір алысу, сөйлесуіне жол ашып қана қоймайды. Сонымен қатар ішкі, сыртқы қоғамдық жағдайларға әсер етеді, халыққа қажетті әлеуметтік, экономикалык істерді аңғаруға мүміндік жасайды; бірлесіп еңбек етуге дәнекер болады; қоғамдық-саяси күштердің өз мақсаттары үшін күресуіне қызмет ететін саяси құралы болады. Сөйтіп, жалпы көпшілік қауым мен саяси топтар арасындағы көпір болып табылады.

Қоғам мен табиғаттағы ең күрделі құбылыс адамзаттың ой-санасы мен тілі болғандықтан, адамның ойлау жүйесі де, сөйлесе білу қабілеті де — ерекше қоғамдық мәні бар үрдістер.

Адамның ойы мен санасы қаншама күрделі болғанымен, тілсіз ой жүзеге аспайды. Сондықтан да тіл — қоғамдық объективті шындықты танудың, оны өмірде пайдаланудың құралы болып табылады.

Қазіргі қазақ тілі қандай қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктерді басынан өткізбеді? Қоғамдық-әлеуметтік кезеңдердің қай-қайсысында болсын қазақ тілі қазақ халқының ана тіліне тән әлеуметтік мәнінен айырылмауға тырысады. Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту, үйрету барысында, біріншіден, оның қазақ ұлтының, қазақ халқының ана тілі екенін, оның ертеден дамыған тарихы барын, әдеби тіл дәрежесіне көтерілген салаларын, жазба тілге тән т.б. басты қасиеттерін түсіндіру қажет.

Екіншіден, қазақ тілінің сол халықтың сөйлесу құралы болуымен қатар, басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас жасауға негіз болатын, ұғынысуға, пікірлесуге жол ашатын ұлтаралық қатынас құралы екеніне баса назар аудару керек.

Үшіншіден, қазақ тілінің қатысымдық сипаты оның ел аралық қатынаста қолданылатын қоғамдық мәнінен және ресми іс-қағаздарда жұмсалатын әлеуметтік қызметінен көрінеді.

Төртіншіден, қазақ тілі — қоғамдағы барлық салаларда пайдаланылатын мемлекеттік дәрежеге жеткен қарым-қатынас құралы.

Бесіншіден, ол — рухани мәдениет пен өркениет өнер жолында қолданылатын адамның сезімі мен көңіл-күйін жеткізетін құрал.

Сол сияқты қазақ тілінің ең басты қатысымдық қасиеті – бір ұлтпен өкілдерінің өзара түсінісуіне, ұғынысуына жол ашу, қарым-қатынас құралы ретінде бүгіндей қоғамға қызмет ету.