Тілдік қатынас: Құрамы. Тұлғалары

Тілдік қатынастың басты белгілері мен түрлерін ажыратып алған соң, оның құрамдық бөліктерін саралаған жөн.

Біздің ойымызша, тілдік қатынастың негізгі құрамы төмендегідей болып жіктеледі:

І. Тілдік қатынасты іс жүзіне асырушылар.

ІІ. Тілдік байланысқа қатысушылардың қызметі.

ІІІ.Сөйлеу мүшелерінің бірлігі.

ІҮ. Қатысымдық тұлғалардың жиынтығы.

Тілдік қатынасты іс жүзіне асырушылардың қатарына Баяншы /Б/, Тұлғалар /Т/ және Қабылдаушылар /Қ/ жатады. Олардың әрқайсысы туралы қысқаша мәлімет жоғарыда берілді.

Тілдік қатынасқа түсушілердің ең басты қызметі — қатысымдық, байланыстырушылық, экспрессивтік.

Қатысымдық қызмет бойынша баяндаушы мен қабылдаушылар тілдік қарым-қатынастың барлық түрлерін іс жүзіне асыра келіп, хабар арқылы бір-бірімен қарым-қатынастық қызмет атқарады.

Байланыстырушылық қызмет тілдік қатынасты жүзеге асырушылардың бір-бірімен тығыз байланысынан көрінеді. Мұнда негізгі қызмет атқаратын — хабарды жеткізетін тұлғалар. Ол баяншы мен қабылдаушыны өзара байланыстырады және тілдік қатынастың түсінікті болуын қамтамасыз етеді.

Экспрессивтік қызмет тілдік қарым-қатынаска түсушілердің берілген хабарды түсініп қана қоймай, оның айырықша мәнін, күшейту реңкін толық білуінің нәтижесінде орындалады. Баяншы хабарды жай айтып қана қоймайды, ондағы қандай ойға ерекше көңіл бөлу керектігін де, өзінің көңіл-күй, сезімдерін, көзқарастарын да жеткізуге тырысады. Ал қабылдаушы осыны дәл танып, жете түсінуі қажет болады.

Сөйлеу мүшелерінің бірлігі олардың әрқайсысының өзіне тән қимыл-қозғалысынан және сол қимыл-әрекеттің тілдік тұлғаларды айтуға қатысты бүтіндігінен байқалады. Әр дыбыстау мүшесі әр бөлек қимылдаса, онда дыбыс та анық айтылмайды, сөз де түсінікті болмайды, айтылар ой да жеткізілмейді. Сондықтан тілдік қатынас үшін, сөйлеу мүшелерінің бірлескен, дұрыс қимыл-қозғалысы аса маңызды орын алады.

Сөйлеу мүшелерінің қимыл-әрекетімен тілдік қатынаска қажет тұлғалардың мән-мағынасы пайда болады. Жалпы тілдік қатынастың негізгі құрамын көрсететін ең басты көрсеткіш, ол-тілдік қарым-қатынасты тікелей жүзеге асыратын қатысымдық тұлғалар.

Тіл білімінің қай саласында болсын тілдік тұлғалар туралы мәселе мен осыған қатысты терминдер бұрыннан сөз болып келеді. Бірақ бұл мәселелер әлі толық өз шешімін тапқан жоқ.

Терминдердің қолданылу ерекшелігіне мән берсек, олар кейде тілдік единица деп, кейде тілдік элемент деп айтылады.

Тілдік тұлғалар уақыт өте келе жаңаша қарастырылып, олар тек тілдік единицалар ғана емес, қатынастық единицалар деп те атала бастады.

Байыптап қарасақ, мұнда негізгі мәселе олардың тілдік тұлға /лексикалық, грамматикалық, синтаксистік/ немесе қатысымдық тұлғалардың аталуы жөнінде емес, тілдік тұлғаға не жатады, оның қатысымдық тұлғалардан айырмашылығы бар ма, әлде тілдік тұлға мен қатысым тұлғалары бірдей ме деген сұрақтардың басын ашып алуға келіп тіреледі.

Тілдік және қатысым тұлғалары туралы мәселені қарастырғанда, біз «единица» терминінің баламасы етіп көбінесе «тұлға» сөзін пайдаланамыз.

Лингвистикада тілдік тұлға қатысым тұлғасы деп айтылғанда, тілдік немесе қатысымдық құбылыстың ішкі құрамы /құрылысы/ деген мағынаны қамтуы қажет. Тілдік немесе қатысымды тұлға кіші бөлшек /дыбыс/ те, күрделі бөлшек /сөйлем/ те, мағыналы бөлшек те /сөз/ бола беруі мүмкін.

Лингвистикада тілдік «единица» деген көп айтылып жүрген термин. Қазақ тіл білімінде болсын, орыс тіл білмінде болсын ол жалпылама алғанда қарым-қатынас құралының, яғни тілдің құрамы, ішкі бөліктері дегенді білдіре келіп, осы тұрғыдан морфема, сөз тіркесі, тұрақты тіркес, сөйлем — бәрі тілдік тұлға немесе жалпы тұлға деп айтылып жүр. Кейде дыбыс пен фонеманы фонетикалық тұлға, сөзді — лексикалык тұлға, сөйлемді -синтаксистік тұлға деп нақтылы түрде атап айту да жиі кездеседі.

Кейбір әдебиеттерде тіптен буын, негіз, абзац /жаңа жол/ контекст, дауыс ырғағы да тілдік тұлғалар деп саналады.

Тіл біліміндегі бір ізге түспеген мәселе: олардың бәрі тұлға /единица/ деп аталғанымен, нақтылы тілдік тұлғаға не жатады дегенде, кейбір ғалымдардың арасында пікір қайшылықтары кездеседі.

Мәселен, Ю.В.Фоменко фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі сөйлемнің бәрі тұлға /единица/ деп аталғанымен, олардын арасынан тек сөз ғана тілдік тұлғаға жатады дей келіп, оны өзінше дәлелдейді.

Ю.В.Фоменко тілдік тұлға болу үшін мынадай ерекшеліктерге ие болу керек дейді: «-..субстанциональность, дискретность, линейность, неоднородность, иерархичность, воспроизводимость цельность, двусторонностъ, номинативность, самостоятельность». /299, 1990, 24/.

Ол осы ерекшеліктер қай тұлғаға тән болса, солар ғана тілдік тұлға /единица/ бола алады деп, фонеманы, морфеманы фразаны, синтаксистік сөз тіркесін, сөзді, сөйлемді, тұрақты тіркестің әрқайсысын жеке-жеке қарастырады.

Әр тілдік тұлғаға талдау жасай келіп Ю.В.Фоменконың келетін тұжырымы: тек сөз ғана ең басты тілдік тұлға болып табылады, өйткені жоғарыда көрсетілген ерекшеліктердің бәрі тек сөзге тән және сөз басқа тұлғалардың жасалуына негіз болады деп көрсетеді.