Сөз – ойды білдірудің, сөйлем құрудың басты материалы. Құрылыс материалынсыз үй салуға болмайтыны сияқты, сөзсіз сөйлем құруға болмайды. Сөйлем – адам ойын айтудың негізгі формасы. Сөйлемге қатынасты әрбір сөз – айтайын деген мақсатты ойдың қажетті бөлшегі.
Сөйлемдер, жеке сөздер тыңдаушыға, оқушыға бірден түсінікті болу керек.
Сөйлем жеке сөздерден құралғанда, ол сөздер айтылмақ ойдың бір ден-бір дәл қондырған бөлшегі тәрізді болу керек. Сөйлемде бір сөздің орнына басқа сөзді қоя салған кісі тіл жұмсаудағы ұқыпсыздықтан болған сәтсіздікке душар болады. Мысалы, — Сіз де бірге жүріңіз – легенді кейбіреулер – Сіз де қоса жүріңіз, — деп жазады. Осындағы “қоса” сөзі бұл сөйлемде емес, — Сені де қоса кетпекші- дегендей орайға айтылуға тиіс.
Сөз – көркем әдебиет тұрғысынан алғанда, жазушының, ақынның әсем шеберлігінің материалы, ол көркем суреттің, образ жасаудың сырлы бояуы. Оны жазушы таңдап, талғап пайдаланбаса, әдебиеттің эстетикалық қасиеті, тәрбиелік әсері барынша солғын, көркемдік сапасы төмен болады. Көркем әдебиеттің сөз байлығы мол, әр жақты және таңдамалы болса екен деген талап тар қойылады. Көркем шығарма тілі – жалпыға ортақ халық тілі болумен қатар, эстетикалық сезімнің, образды ойдың да тілі, сондықтан оған ерекше талғам қажет-ақ. Бұл арада жалпыға бірдей өлшем табу да қиын. әрбір суреткердің тілдегі сөз байлықтарын игере білу, оның ішкі дүниесіне бойлау дәрежесі түрліше болып келеді: біреу білмеген сөзді біреу біледі, бір сөзді әр ақын жазушы өзінше “үндеуі”, түрлі-түрлі мағыналық орайда қолдануы мүмкін. Демек, қандай да бір сөз шеберлері болмасын, олардың әрқайсысы, сөз пернесін өздерінше басып, сөз дабылын өздерінше қағады.
Соның өзінде жазушы жалпы әдеби тіл нормаларынан жөнсіз ауытқып саяқ кетуге, әдебиет теориясы қағидаларын аяққа басуға тиісті емес. Жазушының әрбір сөйлемі мақсатты ойға сәйкес құралуға тиіс. Мақсатты ойды, оның үстіне, көрікті, көркем етіп жазу үшін коректі сөздерді дәл тауып қолдану жеткіліксіз, сонымен қатар, ол сөздердің қыбын тауып қиюластырып, грамматикалық ережелерге бағындырып, жалпы халыққа ортақ тілдің басқа да заңдылықтарын сақтап жазу керек болады.
Сөз көркемдігінің бір нысанысы – айқындылығы. Жазушы айтпақ ойын дәл, анық бере алмаса, не сөздерін оқушыларының ұғымына, тез түсінуіне лайық құрамай, өзінше сірестіріп қоятын болса, ондай жазушының шығармасы көп өмір сүре алмайды.
Газет-журнал, радио, телвизия, кітап – білімнің қайнар бұлағы. Мыңдаған адам олардын жалпы, арнаулы білім алумен қатар, сөз шеберлігін, сауаттылықты, сөзден сөйлем құраудың жақсы үлгілерін де үйренеді. “Қазақ әдебиеті” газетінің шыға бастаған қуанышына арнап, Мухтар Әуезовтың “Сәт сапарға дос ниет” деп. жазған мақаласында әдебиетке мынадай да міндет артқан болатын:
“Анық өскелең сапаға ие болған өнерлі әдебиет өз жұртының тіл өнері жөніндегі тәрбиешісі, көмекшісі. әрбір жеке ірі шығарма тәрізді жеке баспа орны да өз оқушы жұртшылығын тіл өнеріне тәрбиелейді. Біздің газетіміз ойдағыдай сапалы тілмен шығып тұрса, оқушы мен жас жазушыларды шешендікке, орамды тіл шеберлікке баулиды”.
Халыққа ондай тілдік тәрбие беретін баспасөз бетінде, радио, телевизия хабарларында әдеби тілдің өнегелі үлгілері аз емес. Әсіресе “мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ” деген Абай қағидасын жақсы ұғынған С. Мұқанов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин сияқты сөз шеберлеренің шығармалары тіл өнерін үйренем деушілердің мектебі болып отыр.
Кең аңғарлы әдебиетімізде тілге шорқақ болмаса да, тіл мәдениеті төмен кітаптар, жеке шығармалар жоқ емес. Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтқандай, “… тілдегі жетіспеген олқылық, олақтық, дәмсіз, нәрсіз, сұрғылт жүдеулік пен штамп тәрізді арзан қолды схемалық көп болса, сондай міндерді де тізіп отыру керек”. Осындай міні көп кітаптың бірі – Кәмен Оразалин жолдастың “Жексен” деген кітабы.
Сөйлемде басы артық сөзді қолданбау керек. “ойдан шығарған өтірік”(О. Достаев ). өтірікті ойдан шығармай тағы неден шығарады?”