- Сөйлеу аппараттарының қызметі.
- Активті және пассивті сөйлеу мүшелері.
Тіл дыбыстарын және олардың артикуляциялық жақтарын түсіну үшін , дыбыстау мүшелері мен олардың әрқайсысының қызметін жете білу қажет. Дыбыстау мүшелері мыналар : өкпе , тамақ, көмей , дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл, таңдай, ерін т.б. Дыбыстау мүшелерінің жиынтығы сөйлеу аппараты деп аталады.
Тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сыртқа шығуынан жасалады. Бірақ олар өкпедегі ауаның жай ғана шыға салуынан жасалмайды, ол үшін сөйлеу аппаратының қатысуы шарт. Анығырақ айтқанда, тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сөйлеу аппаратының қатысуы арқылы сыртқа шығуынан жасалады.Дыбыстау мүшелері ауа жүретін каналдың бойына орналасқан . Өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің өкпеге қосылатын тарамдарынан тамаққа , одан көмейге , көмейден жұтқыншақ қуысына келеді, одан әрі ауа не мұрын қуысы , не ауыз қуысы арқылы өтеді.
Дыбыстарды айтуда , әсіресе, дауыс шымылдығы мен тіл ерекше қызмет атқарады. Дауыс шымылдығы көмейде болады . Дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да , үн шығады. Ал, егер дауыс шымылдығы жиырылып тұрса, онда діріл пайда болмайды, сондықтан да үн де шыға алмайды. Дауысты дыбыстар осы аталған дауыс шымылдығының дірілінен пайда болады.
Көмейдің үстіңгі жағында жұтқыншақ қуысы болады. Ол ауыз қуысы және мұрын қуысымен жалғасып жатады. Дыбыстардың айтылуында ауыз қуысы мен мұрын қуысы резонаторлық қызмет атқарады. Кейбір үнді дауыссыздар (м,н,ң) мұрын қуысы арқылы жасалады. Дыбыстардың басым көпшілігінің жасалуында , әсіресе , ауыз қуысы айрықша қызмет атқарады.
Ауыз қуысындағы мүшелердің ішінде ең басты қызмет атқаратын мүше – тіл болады. Тілдің бірде ілгері , бірде кейін жылжуынан , бірде жоғары көтеріліп , бірде төмен түсуінен , сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немесе ұшының қимылынан әр түрлі дыбыстар жасалады. Мысалы, тілдің ұшы жоғарғы тіске тиюінен тіс (немесе денталь) дыбыстары ( т,д…) , ал тілдің артқы шенінің артқы таңдайға тиюнен немесе жуықтауынан тіл арты (қ,ғ,к,г) жасалады.
Тіл дыбыстарының артикулякциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі – ерін. Еріннің дауысты дыбыстардың (о,ө,у,ұ…) жасалуына да, дауыссыз дыбыстардың (м,п,б..) жасалуына да қатысы бар . Еріннің сүйірленіп дөңгеленуінен еріндік дауыстылар (о,у,ө…) жасалса, екі еріннің өз ара жымдасуынан ерін дауыссыздары немесе билабиаль дыбыстар (м,б,п…) жасалады. Астыңғы еріннің үстіңгі тіске тиюінен немесе оған жуықтауынан лабиаль –денталь дыбыстар (ф,в) жасалады.
Сонымен, тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Дыбыстау мүшелерінің әрқайсысының белгілі бір қызметі болады. Бірақ олардың әрқайсысының қызметі өз алдына жеке дара болмай , бірінің қызметі екіншісіне бағынышты және өз ара тығыз байланысты болады