Қазіргі қоғамның даму кезеңіндегі әдеби тілдердің жайы

Әдеби тілдің тарихына қатысты негізгі мәселелердің басын ашып , ғылыми тұжырым жасау үшін әдеби тілдің өзін дұрыс анықтап алу қажет . Яғни әдеби тіл деп нені айтамыз? Оның өмір сүру формасы қандай? Әдеби тілге не енеді? Қазақ әдеби тілінің тарихы қай кезден , неден басталады. Әр кезеңдегі әдеби тілдің дамуының , нормалануының тенденциясы , оның тілдік көрсеткішіне қандай әдебиет нұсқалары жатқызылуы тиіс және олардың мазмұны мен сипаты қандай болмақ деген сұрақтардың нақты жауабы әдеби тілдің анықтамасымен тікелей байланысты болып отыр.Соған орай әдеби тіл деген ұғымды әр түрлі түсінудің салдарынан кейбір зерттеулерде оған қатысты проблемалық мәселелер әр түрлі баяндалып жүр.

Бұл ретте орыс тіл білімі көрнекті өкілдерінің тұжырымдары мен пікірлеріне сүйенсек , әдеби тіл , біріншіден, жазба тіл, яғни тек жазба әдебиет тілі, екіншіден ,сол жазу , жазба әдебиет арқылы жалпы халықтық тілдің өңделген , екшелген , стильдік тармақтары қалыптасқан түрі. Басқаша айтқанда әдеби тіл –жалпы халықтық тілдің жазу арқылы белгілі дәрежеде өңделген , сұрыпталған түрі, жазусыз әдеби тіл болмақ емес , әдеби тілдің тарихы –жазба әдебиет тілінің де тарихы , сөйтіп , жазу , жазба әдебиет әдеби тілдің ең негізгі , маңызды сипаты , өзіндік басты белгісі. Сондықтан әдеби тіл – жазба көркем әдебиет тілі ғана емес , жазба әдебиеттің басқа да алуан түрлерінің , ғылыми –зертеу , саяси , ресми, публицистикалық , т.б. әдебиеттердің тілі болып саналады деген пікір басым болып келді. Бірақ бұл көрсетілгеннің өзі орыс тіл білімінде даусыз , талассыз қабылданылған бірден-бір пікір екен деуге де болмайды. В.В.Винаградов әдеби тіл ұғымын нақтылы анықтауда , мәнін ашып , оның өзіндік негізгі белгілерін көрсетуде әлі де болса тұжырымды айқын , үзілді-кесілді бір пікірдің болмай жүргенін көрсетеді.

Әдеби деген термин латынныңlitteratura деген сөзінен қалыптасқан.Ол гректің грамматика (grammatica) сөзінің баламасы ретінде жаза білу , оқи алу деген мағынада қолданылған. Көне римдіктер litteratus деп әріпті тани алатын , яғни кітап оқи алатын сауатты адамды атаса да , кейін келе бұл сөз жаңа мағынада қолданыла бастайды, ол-тек оқи алатын , жаза білетін ғана емес сонымен бірге жоғарғы білімді деген де мағына . Осындай мағыналық дамудың нәтижесінде бұл термин қазіргі Еуропа халықтарының тілінде сұрыпталған , сымбатталған , жүйеге түскен деген мағынада қолданылып жүр.

Әдеби тілдің тұрақты нормаланып қалыптасуында , сұрыпталып , икемделіп , сымбатталуында , жетілуінде , жанрлық –стильдік тармақтарының орнығып , дамуында жазба әдебиеттің алатын орны ерекше .

Жазба әдебиет арқылы әдеби тілдің икемділігі , ортақтық қасиеті артып , құрылысы жүелі қалыпқа түседі , “тілге орамды , жүрекке жылы тиетін” элементтері ұштала түседі. Бірақ әдеби тіл деген ұғымды , бір жағынан , тек жазба әдебиетпен байланыстырып , сол шеңберде ғана қарап , әдеби тілді жазба тілмен балама деп тану , екінші жағынан, әдеби тіл тарихын сол халықтың қоғамдық, әлеуметтік , экономикалық , мәдени тарихынан бөліп алып қарау , соның негізінде жазуы жоқ не жазуы дамымаған не кеш дамыған халықтың әдеби тілі жоқ деген үзілді –кесілді пікір айту шындыққа жанасымды бола бермейді.Мұндай пікірдің айтылу себебі , біріншіден жазба тілдің , жазба әдебиеттің жоғарыда көрсетілгендей , әдеби тілді қалыптастырып , дамытудағы ерекше ролімен байланысты.Кейбір зерттеушілер жазба әдебиеттің осы ролін әдеби тілді қалыптастырып , дамытудың бірден-бір жолы ғана деп түсініп , басқа факторларға мән бермейді, әдеби тілді қалыптастыруда белгілі бір орын алатын , оның дамуына себін тигізетін басқа да құбылыстарды ескермейді. Екіншіден, әдеби тіл мен жазба тілді тең көрушілік бұл терминнің алғашқы , жазу-сызумен байланысты мағынасын басшылыққа алудан туады. Үшіншіден, мұндай пікір әр халықтың әдеби тілін сөз еткенде, олардың өзіндік ерекшеліктерін сол халықөтың тарихымен , басынан кешірген саяси -экономи–алық жағдайларымен, мәдени дәрежесінің өркендеуімен , қоғамдық дамуындағы мәдениет өндірістерінің амалдарымен байланысты ерекшеліктерін ескермей , барлығын ортақ өлшеммен кесіп-пішуден де туады. Р.А.Будагов дүние жүзіндегі барлық хлықтардың әдеби тіліне ортақ болып келетін әмбебап схема үлгі жасаудың ғылыми жағынан кемшіліктері былай тұрсын ,үлкен зияны бар екенін көрсетіп , одан зерттеушілерді қатты сақтандырады.