Сөйлемде кім? не? деген сұраққа жауап беріп тұратын сөздерді зат есім дейміз.Мысалы, студент, ана, әже деген сөздер кім? деген сұраққа жауап берсе, ал қалам, кітап, дәптер деген сөздердің әр қайсысы не? деген сұраққа жауап беріп тұрады. Зат деген ұғымға күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі (құз, тас, су, шыны, адам, қол) заттар ғана емес, сонымен бірге табиғат пен қоғамда ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен оқиғалар атаулары, ұғымдар мен түсініктер де енеді.Мысалы, жаңбыр, найзағай, сайлау, төңкеріс, ақыл, сана т.б.
Зат есім ұғымына енетін сөздерді шамамен мына төмендегі түрде жинақтап көрсетуге болады.
Зат есімнің мағынасы | Мысалдар |
1.кісінің фамилиясы мен аттары | А.Құнанбаев,М.Әуезов |
2.заттың,нәрсенің аты | Ағаш, дәптер, парта,су т.б. |
3.құбылыстар аты | Дауыл,жел,боран,қар т.б. |
4.айуандар мен жәндіктер аттары | Арыстан, жолбарыс,қаз,тырна т.б. |
5.заттық ұғымды білдіретін белгілердің аты | өжеттік,батырлық,ептілік т.б. |
6.заттық ұғымды білдіретін қимылдың аты | Атыс,шабыс,жүріс, желіс т.б. |
7.Мемлекет,облыс,қала жер,су,тау аттары т.б. | СССР,Польша, Жамбыл қаласы,Көкшетау облысы |
Зат есімнің мағыналық белгісі.
Зат есімнің мағыналық белгісіне (мұны грамматикаларда лексика –семантикалық белгі деп атайды) –оның заттық ұғымды білдіруі жатады. Ол белгілер жоғарыдағы таблицада көрсетілген. Зат есім сөздер мағынасына қарай екіге бөлінеді.
1.Нақтылы (деректі) зат есім деп- көзге көрінетін, денеге сезілетін деректі зат атауларын атаймыз.Мысалы: Асан, қала,қоян, балға т.б.
2.Абстрактылы (дерексіз) зат есім деп- көзге көрінбейтін, денеге сезілмейтін, тек ойша топшылап барып қана айтуға келетін заттарды атаймыз.Мысалы: ой, сана, мінез, кек,реніш т.б.
Қазақ тіліндегі зат есімдер мағыналық жақтан жалқы және жалпы болып бөлінеді.
- Жалпы есім – бірыңғай көптеген заттардың (нәрселердің) жалпылама аттарын көрсетеді.Мысалы: кітап, қала, сиыр, өзен т.б.
- Жалқы есім – көптеген заттың ішінен дараланған жеке нәрсенің арнаулы атын білдіретін сөздер.Мысалы: Ертіс, ала сиыр, Жетісай т.б.
Жалқы есімдердің қай түрі болса да, бас әріппен басталып жазылады.