Қазақ тіліндегі сөздерді таптастыру үшін, яғни, белгілі бір сөзді сөз табына жатқызу үшін үш түрлі принципта (белгіні) басшылыққа аламыз. Олар: мағыналық, грамматикалық (морфологиялық) белгілерімен сөйлемде атқаратын қызметі. Атап айтқанда:
Тіліміздегі сөздерді таптастыруда, ең алдымен, сөздің мағынасына қарай көңіл аудару қажет.Мысалы: «қара» сөзінің жеке тұрғанда қай мағынада жұмсалып тұрғанын ажырата алмаймыз. Ол үшін оның мағынасы сөйлем ішінде көрінуі керек.
Қара тон киген жігіт келді (қандай?).
Сен сабағыңа қара (не қыл?).
Алыста бір қара көрінді (не?).
Бірінші сөйлемдегі «қара» сөзінің сындық мағынада, екінші сөйлемде қимыл мәнінде, үшінші сөйлемде заттық мағынада жұмсалып тұрғанын байқау қиын емес.
2.Тіліміздегі сөздердің тұлғалық (морфологиялықбелгісі) өзгерісіне қарай, түрленуіне байланысты сөздер бір сөз табынан екінші сөз табына ауысып отырады. Мысалы,
1.Елімнің желбіреген қызыл туы.
2.Сен бидайды қызылда.
3.Қызылшы қырманда отыр.
Асты сызылған «қызыл» сөзі үш түрлі тұлғада жұмсалуымен байланысты бірде сындық, бірде қимыл мағынасында, бірде заттық ұғымда жұмсалып тұр.
Қазақ тіліндегі сөздер мағынасына, тұлғасына және сөйлемде атқаратын қызметіне қарай бірнеше топқа бөлінеді, оны сөз табы деп атайды.
Ең алдымен жоғарыда көрсетілген белгісіне қарап, тілдегі сөздерді үш топқа бөлеміз. Олар: атауыш сөздер, көмекші сөздер, одағай сөздер.
1.Атауыш сөздер – лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар, түрлі қосымшаларды жамап алып, сөйлемде сөйлем мүшелерінің қызметін атқара алатын сөздер. Атауыш сөздерге: есімдер, (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік пен үстеулер жатады).
2.Көмекші сөздер — өздеріне тән лексикалық мағыналары көмескі болғандықтан, атауыш сөздермен себелесіп барып қана жұмсалатын сөздер. Көмекші сөздерге: шылау сөздер жатады, сонымен бірге жеке сөз табы ретінде жұмсалмайтын көмекші есім, көмекші етістік.
3.Одағай сөздер – ешқандай белгілі ұғымды білдіре алмайтын, сөйлемде ешқандай сөйлем мүшесі қызметін атқармайтын, тек адамның көңіл-күйі, ішкі сезімін ғана білдіретін сөздер.
Атауыш сөздер – осы үш топтың ішіндегі ең көбі, әрі ең негізгі, ұйытқы болатын сөздер.
Қазақ тіліндегі сөздер мынадай 9 топқа бөлінеді:
- Зат есім. Үстеу сөз.
- Сын есім. Еліктеу сөз.
- Сан есім. Көмекші сөз. (Шылау)
- Есімдік. Одағай.
- Етістік.
Осының ішінде грамматикалық белгілерінің жақындығына қарай зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктер бір сөзбен есімдер делінеді.