Тіл туралы мәлімет

«Тіл» деген сөздің өзінде бірнеше мағына бар:

Тіл –жан-жануарлардың дәмді сезетін, адамның сөйлеу дыбысын атқаратын мүшесі. Тіл- адамдардың бір-бірімен қатынас жасайтын пікір алысатын, өзара түсінісетін құралы, сонымен бірге оның заңдылықтары мен ерекшеліктерін, құрылысын оқытатын, зерттейтін ғылым.

Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмақшы емес, ал тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып,өмір сүреді. Демек,қоғамнан тыс, коллективтен бөлек тіл жоқ. Тіл-коллектив, қоғам жемісі. Ондай коллектив, қоғамға-ру, тайпа, ұлт, халық жатады. Осыдан келіп ру тілі, тайпа тілі, ұлт тілі деген ұғымдар пайда болады.

Алғашқы коллективтің бірі-ру. Әр рудың өзінің тілі болған. Туыстас бірнеше рудан тайпалар құралған. Соған орай ру тілі тайпа тілдеріне айналған. Тайпалардан, тайпалар одағынан халықтар құралған. Осыдан келіп тайпа тілдері халық тілдеріне айналған.

Сөйтіп, тіл-адамзат ісінің барлық саласында және күнделікті тұрмысында бірлесіп жұмыс істеуіне, бірін-бірі түсінісуіне мүмкіндік беретін құрал. Әрбір адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы айтып жеткізеді, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді.

Сонымен, бірге тілге анықтама беруде, тілдің әлеуметтік, яғни адам қоғамына қызмет етуі және ойлаудың, ойды жүзеге асырудың құралы екендігі негізге алынады екен. Тілдің қатынас құралы болу қызметін коммуникативтік (қарым-қатынас) қызметі дейді, ал тілдің ойды жүзеге асыру қызметі экспрессивтік (көркемдеуші, бейнелеуші) қызметі делінеді.

Тілдің бұл екі қызметі-коммуникативті қызметі мен экспрессивті қызметі –бір-бірімен тығыз байланысты, бірі екіншісін тудыруға себепші. Мысалы, басқа тілді үйрену үшін адам ең алдымен сол тілде сөйлейтін адамдармен қарым-қатынас жасап, тілдің коммуникативтік қызметінен бастайды. Әбден үйреніп алғаннан кейін ғана сол тілде ойлап, ойын жарыққа шығарудың құралына айналдырады. Әр құбылыстың өзіің шығу жәнедаму тарихы болатыны тәрізді тілдің де шығу тарихы бар. Кейбір тілдер ерте туып,бірақ кейіннен,келе-келе қолданудан шығып жатса,енді бірқатары ілгері басып дамиды.