Елші лауазымы

Елшiнiң моральдық қасиетi – басты критерий болып табылады. Бедел-құрметi төмен адамды елшi етiп тағайындау үлкен қателiктерге ұрындырады. Ол бiр есептен өз елiн құрметтемегендiк болып есептеледi. Елшi өте қонақжай, кең пейiл болуы тиiс. Тек ресми адамдармен ғана емес, ресми емес адамдармен де тез тiл табыса кеткенi жөн.

Халықаралық құқықтарға сәйкес өзара ақпарат алу тәртiптерi белгiленген. Ол елдегi барлық ақпарат көздерiн пайдалана алады. Тек ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келетiн жағдайда ғана тиiстi органдармен байланысқа бармайды. Ондайда елшi ²сырттан бақылаушы² рөлiн атқарады. Зады, оның өз елiнiң де, өзге мемлекеттердiң де iшкi және сыртқы саясаттарын бес саусағындай бiлгенi жөн.

Әңгiмелесу барысында елшi өз елiнiң позициясын ғана дәлелдеуге тырысады. Көп жағдайда келiсiм тағдыры елшiнiң қалай әңгiме жүргiзгенiне байланысты шешiлiп жатады.

Елшi келiсiмдi бейбiт мақсатта өткiзуге тырысады. Қайсыбiр мәселеде болсын, мейлi ол даулы ма, бейбiт пе, бәрiбiр елшi екi жақты ортақ мәмiлеге шақыруы тиiс. Мәмiлеге келе алмаған жағдайда басқа жолдарын қарастырады. Сенiмнен шығу үшiн екi жаққа ыңғайлы жоба ұсынады. Келiсiм үстiндегi оның әрбiр сөзiне екi жақ та құлақ асады, ақыл-кеңесiне жүгiнедi. Ал бұл үшiн оған асқан жоғары бiлiктiлiк, зеректiк, тапқырлық қажет. Ең бастысы – төзiм мен сабыр.

Көп тiлдi меңгеру де – елшi үшiн басты қасиет болып табылады.

Жалпы, дипломатияның өзiндiк қызметi сонау бағзы замандарда, елдi монархиялық басқару жүйесi кездерiнде пайда болған. Олар монархтардың жеке өкiлдерi ретiнде iс-әрекет еттi. Кейiн парламенттер келген соң монархтар барлық саяси мүмкiндiктерiнен айрылып қалды.

Батыс елдерiндегi қазiргi дипломатиялық мамандық үлгiлерi ХVI-ХVII ғасырлардан берi өзгерген емес. Елшi мен оның отбасы мүшелерiне тиесiлi иммунитеттер (жеңiлдiктер) 1961 жылғы Вена конвенциясында белгiленген. Жеңiлдiктердi пайдаланатын тiзiмге этикетке сай отбасы мүшелерiмен қатар өкiл анасы мен бауырлары да енгiзiлген болатын. Оларға бұл жөнiнде арнайы төлқұжаттар берiлiп отырған.

Дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтар шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктерге, арнаулы миссияларға, мемлекеттердiң халықаралық үкiметаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктерiне, олардың басшылары мен қызметкерлерiне берiледi. Бұған үй-жайлары мен мұрағаттарына тиiспеушiлiк, салықтардан босату, өз үкiметiмен байланыс еркiндiгi, кеден артықшылықтары, өкiлдiк үйiне Ту мен Елтаңба iлу құқығы кiредi.

Дипломатиялық қызметке бiрiншi кезекте елшiлiк жұмыстан тәжiрибесi бар қызметкерлер алынады. Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгiнiң кадрлар тiзiмi арқылы қандай дипломаттар бар екенi анықталады.

Елдiң сыртқы экономикалық байланыстар саласындағы мүмкiндiктерiн таразылайтын, ғылым-бiлiм, мәдениет пен спорт байланыстары салаларымен шұғылданатын кеңесшiлерi болады.