ТМД елдердің дипломатиясы

1991 жылғы 8 желтоқсанда Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы мен Украинаның мемлекет басшылары Беловеж тоғайында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қол қойды.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қаласында он бір егеменді мемлекет басшылары (Грузияны қоспағанда) аталған Келісімнің Хаттамасына қол қойып, онда барлық мемлекеттер тең құқықтық негізде ТМД-ны құратынын атап көрсетті. Кездесуге қатысушылар ішкі және сыртқы саясаттың әртүрлі салаларында ынтымақтастыққа бейілділігін растайтын, бұрынғы КСР Одағының халықаралық міндеттемелерін орындауға кепілдік жариялайтын Алматы Декларациясын қабылдады. 1993 жылғы желтоқсанда Достастыққа Грузия қосылды, ал 2009 жылғы 18 тамызда аталған бірлестіктен шықты. Түрікменстан ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі болып табылады.ТМД қызметінің тиімділігін арттыру, оның құрылымын жетілдіру мақсатында Қазақстан тарапының бастамашылық етуімен шын мәнінде ынтымақтастықтың барлық бағытын қамтитын ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы мен оны іске асу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, ол 2007 жылғы қазанда Душанбеде мақұлданды. Олардың негізінде ТМД-ның 2020 жылға дейінгі Экономикалық дамуы стратегиясы әзірленіп, қабылданды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың белсенді дамуының дәлелі 2011 жылғы 18 қазанда Санкт-Петербор қаласында ТМД мүше мемлекеттер арасында ұлттық экономикалар мен жалпы Достастықтың әлеуетіне қосымша даму серпінін береді деп бейімделген, Еркін сауда аймағы туралы Шартқа қол қою болды.