Құстардың тіршілігі, басқа жануарлардікі сияқты, белгілі биологиялық ритмге байланысты. Биологиялық ритмі – тіршілік жағдайының маусымды өзгеруіне және түрдің ортаға бейімделуіндегі тұқым қуалаушылық сипатына байланысты. Қорыта келгенде құстардың жылдық тіршілік циклі көптеген биологиялық фазадан құралады, сол кезде қандай болмасын бір биологиялық құбылыс басымырақ болады. Мысалы, шағылысу, жұмыртқа басу, түлеу т.б. құстардың жылдық биологиялық циклінің негізгілері мыналар:
Көбеюге дайындық – құстардың тіршілік жағдайларының күрделі жиынтығының заңды әсерлерінің нәтижесінде байқалатын, туа пайда болған инстинкт. Бұл көпшілік жағдайда «сигналдық» сипатта болады. Жыныстық инстинкті қоздырушы факторлар: тәулік ішіндегі күн жарығының заңды өзгеруі және олардың мінез-құлығындағы өзгерістер («күй ойнақ»), ұя салған ландшафтаның ерекшелігі, ұяның өзі т.б. факторлар.
Балапан шығару кезеңі – құстардың шағылысу, ұя жасау, жұмыртқа басу және балапандарынқоректендіру сияқты бірінен соң бірі келіп отыратын өте маңызды биологиялық құбылыстарды қамтиды. Бұл уақытта құстар ұясының маңында болады, тек қана балапандарына жем іздеген кезінде ғана ұясынан қашықтап кетеді.
Құстардың түлеу кезеңі – түрлі құстарда түрліше болады. Көпшілігінде құстар көбейгеннен кейін ғана түлейді. Балапандарын жұмыртқадан тек қана мекиендері басып шығаратын құстарда әтештері ерте түлейді. Бірқатар құстар біртіндепұзақ уақыт түлейді, ол кезде олардың активтігі аздап та болса да бәсеңдейді.
Құстардың түлейтін орны қоректік заттарының шамасымен емес, құстардың қорғану, жасырына алу ерекшелігіне сәйкес таңдалып алынады. Құстар түлеу кезінде өте арықтап кетеді.
Қысқа дайындық өте актив қоректенумен сипатталады. Бұл кезде құстардың арнаулы, тұрақты орны болмайды. Олардың бірнешеуі бірігіп, жем іздеп, орын ауыстырып отырады.
Қыстау. Қыс кезінде құстардың тіршілік жағдайы, кенет қиындайды да, керекті заттардың мөлшері азайып, қажет тамақты табу ауырлайды.Құстарға жем болатын насекомдар, өсімдіктердің дәндері, жемістер қыста қалағанынша табыла бермейді. Тәулік ішіндегі күннің жарық болатын уақыты қысқарады, жердің бетін қар, судың бетін мұз жауып – құстарға қорек табу қиыншылыққа түседі.
Жыл құстары күзде қыстауға қайтқанда, ыңғайлы жерлерге кідіріп, жайлап ұшады. Ұя салатын жерлеріне келерде, өте тез ұшып келуге әрекет етеді. Мысалы, балшықшы веретенниктер күзде – қыстауға қайтқанда, 12000 км жерді 2-3 айда ұшып өтсе, ал сол жолды көктемде келерде 1-1,5 айда ұшып үлгереді екен.
Жыл құстарының миграциялық инстинкті тарихи қалыптасқан, жоғарғы нерв системаларының әрекеттері болып саналады. Басқа туа пайда болған инстинктер сияқты, бұл да өзін қоршаған ортаның сигналдарының күрделі әсерлерінің себенінен пайда болатын қалыпты сезім.