Экология пәніне кіріспе

Экология – сөзбе-сөз аударғанда – тіршілік мекені туралы ғылым.

Экология – организмдердің тіршілік ету жағдайларын және организмдер мен олардың тіршілік ету ортасы арасындағы өзара байланыстарды зерттейді.

“Экология” терминін 1866 жылы неміс биологы (зоолог, эволюция туралы зерттеуші), Ч.Дарвиннің ілімін жалғастырушы Эрнест Геккель ұсынған болатын. Ол былай деп жазған “Экология деп…біз жануарлардың оны қоршаған органикалық және органикалық емес ортамен, әсіресе оның өзімен тікелей немесе жанама қатысатын жануарлармен және өсімдіктермен өзара ынтымақтастық немесе қастастық әрекеттерінің бар жиынтығын зерттеуді түсінеміз”.

Организмдердің тіршілік ортасымен қарым-қатынасын басқа ғылымдар да зерттейді. Мысалы, биология ғылымының бөлімдері өсімдік немесе жануарлар физиологиясы – сыртқы әсерге организмдердің реакциясын; этология-туралы ғылым-организмдер мен ортаның қарым-қатынасын; эволюциялық теория-әр түрлі компоненттердің әсерін таңдап алу факторы ретінде қарастырып зерттейді.

Экологияның мақсаттары:

  1. тірі организмдердің кеңістікте орналасуын зерттеу;
  2. организмдердің санының өзгеруін зерттеу;
  3. тірі организмдердің қатысуымен өтетін тірі жүйелер арқылы энергия ағымын, заттар айналымының заңдылықтарын зерттеу;
  4. тірі организмдердің санын реттеу;
  5. биологиялық ресурстарды пайдаланудың ғылыми негізін құру;
  6. табиғи орталардың ластануын және жағдайын экологиялық индикациялау

Экологияның бөлімдері. Табиғатта организмдер бір-бірімен байланыспай тіршілік етпейді. Жеке организмдердің (особи) бір түрлері популяция құрайды. Популяция – бір түрге жататын организмдер тобы, ал олар бір территорияда орналасып бір – бірімен еркін қарым-қатынаста болады. Әр түрлі популяциялар белгілі бір учаскелерде орналасып (мысалы, орман, көл) қауымдастық (бірлестік) құрайды. Қауымдастық өзі қарым-қатынаста болатын тірі емес ортаның компоненттерімен бірге (сәуле, топырақ, су) экожүйе құрайды. Көптеген әдебиеттерде В.Н.Сукачев енгізген биогеоценоз ұғымы таралған. Биогеоценоз-жер бетінің белгілі бір танабына қатысты қарастырылатын биогеоценоз бен биотоптың біртұтастығы. Ал экожүйе одан көлемді ұғым.

Бір түрге жататын дара (жеке) организмінің немесе организмдер тобының қоршаған орта жағдайларымен қарым-қатынасын зерттейтін экологияның негізгі бөлімі – аутэкология түрдің экожүйедегі орны мен маңызын, түр тіршілігінің экожүйе құрамына кіретін өзге түрлермен байланыстарды анықтайды.

Популяциялық экология – демэкология. Жекелеген түрлер популяцияларының құрылымы мен динамикасын зерттеумен айналысады. Оны аутэкологияның арнайы бөлімі деп қарауға болады. Организмдер санының реттелу механизмдері, түрлердің оптималды тығыздығы байланысты.

Синэкология — экологияның негізгі бөлігі. Ол бір-бірімен және органикалық емес тіршілік ортасымен тығыз қарым-қатынастағы өсімдіктердің, жануарлардың және микроорганизмдердің қауымдастықтары туралы ілім. Бұл экожүйелер туралы ғылым деп айтуға болады. Оны құрлық биоценоздарына қатысты биогеоценология д .а.

Қауымдастық орналасқан табиғи тірі кеңістік — биотоп. Биотоп қауымдастықпен бірге жоғарыда айтылған экожүйе құрайды. Онда ұзақ уақыт табиғаттың тірі және тірі емес элементтер арасында тұрақты қарым-қатынас қалыптасады. Экожүйелер шекаралық бөлінуі мүмкін, бірақ көбінесе шекара белгіленбейді. Жер бетінің ең үлкен экожүйесі-биосфера.

Биосфераны зерттеумен — глобальдік экология шұғылданады.

Экология биология ғылымдарына жатады, сондықтан негізі биологиямен тығыз байланысты екені айқын. Сонымен қатар басқа да табиғаттану ғылымдарымен байланысты. Мысалы, химия, физика, география, математика, геология, гидрология, топырақтану. Экологияның аутэкология бөлімі – физиология, этиологиямен байланысты болса, синэкология – геология, физика, топырақтану ғылымдардың зерттейтін проблемаларына жақын мәселелермен шұғылданады. Демэкология – популяциялық генетика әдістерін қолданады. Экология организмдердің таралу заңдылықтарын да зерттейтін ғылым. Бұл жағынан ол биогеографиямен тығыз байланысты. Бірақта ең нағыз байланыс – экология мен эволюциялық теорияның арасында.