БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТАРДЫ 12 ЖЫЛДЫҚ МЕКТЕПТЕГІ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНА ДАЯРЛАУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырудағы негізгі бағдар – адамды қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның рухани жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде дамуына, жеке тұлғасының қалыптасуына жағдай жасау.

Бұл міндеттерді жүзеге асыру еліміздегі мектептерде оқыту процесінің мазмұндық болмысын жаңа әдіснамалық тұрғыдан негіздеуді талап етеді. Мұндай жаңа әдіснамалық жүйе дәстүрлі оқыту процесін түбегейлі өзгертудің қажеттігін көрсетіп, оқытудың шығармашылық қызметін дамытып, білім мазмұнының ұлттық негізде берілуін жаңа өркениеттік бағдар тұрғысынан жетілдіруді қарастырады.

Білім берудің жаңа бағыттарының басты ерекшелігі – оқытудың нәтижесін алдын-ала болжап, оқушылардың қызығушылықтары мен ізденімпаздығы негізінде білімі мен біліктерін жетілдіріп, оны сана «сүзгісінен» терең зерделей отырып, шығармашылық әлеуетін үнемі дамытуға және рухани толысуға ұмтылысын қалыптастыруды бағдар тұтады. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауындағы 7-бөлімінде: «Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу» — деп көрсеткен.

Еліміздің әлемдік білім кеңістігіне бағдар алуының басты өзегі – 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі көкейкесті тақырыпқа айналуда. Жаңа білім парадигмасы балаға оқу қызметінің субъектісі ретінде қарап, шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, танымдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруды және жан-жақты дамыған, шығармашыл жеке тұлғасын қалыптастыруды көздейді. [1, 63-б.].

Білім беру процесін жаңаша ұйымдастыру оның философиялық, педагогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді. Бүгінгі философтар мен педагог — ғалымдар білім беру саласында жаңа оқыту технологиялары мен әдістерін енгізумен ғана шектелмей, білім берудегі дүниетанымдық ұстанымдарды қайта қарау, рухани-адамгершілік құндылықтарға бетбұрыс жасау қажеттігін дәлелдеуде.

Білім беру саласындағы инновациялық процестердің күрделілігі мен қайшылықтары жаңа құбылыстармен әрекеттесу және жалпы орта білімді ізгілендірудің сапалы кезеңінде оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың мәселесін өзекті етуде. Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру мәселесі республикамызда ғылыми-педагогикалық тұрғыда ізденіспен әлемдік жинақталған тәжірибеге, отандық қол жеткен табыстарды саралай отырып, ұлттық ерекшеліктерді ескере, оқыту мен тәрбиелеуді жаңаша ұйымдастыруымен көкейкесті мәселе болып отыр. Қоғам сұранысынан туындап отырған талапқа сәйкес оқушының ой-өрісін дамытып, алған білімдерін өз тәжірибесінде жаңа жағдайларда қолдану біліктілігін, ізденімпаз, шығармашыл тұлға қалыптастырудың бірден-бір жолы 12 жылдық білім беруге көшу екенін әлемдік тәжірибе дәлелдеуде. Қазіргі таңда республикамызда 12 жылдық білім беруге көшуге дайындық жұмыстары жан-жақты талқылануда. Мұндағы біздің басты ұстанымымыз-тұлғаның жеке дамуына негізделген, жан-жақты зерттеліп, сараланған білім беру үлгісінің басым бағыттарын айқындау, нәтижесінде еліміздің әлемдік өркениетке негізделген білім саясатындағы стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру.12 жылдық білім беру жүйесіне көшу-қоғамдағы елеулі өзгерістер мен адамдар арасындағы қарым-қатынас құралдарының қарыштап дамуына байланысты жаңа адамды қалыптастыруды көздеген заман талабы. Әлемдік білім кеңістігіндегі оқытудың озық технологияларын қамтитын жаңа білім мазмұны шынайы жарыс, адал бәсекеге қабілетті адам тәрбиелеуді қамтамасыз етуге тиіс.

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу тұсында мұғалімнің кәсіптік жетілуі мен дамуы түрғысында көп мәселелер қарастырылуы қалыпты жағдай. Өйткені, ЫАлтынсариннің «Мұғалім- мектептің жүрегі» дегендей, бар күш мұғалімге түспек. Жаңа қоғам мұғалімнің «рухани-адамгершілігі дамыған» деген уғымының мәнін ашар болсақ, ондағы рух оймен санасатын шоқтығы, адамның психикалық белсенділігінің көрінісі, адамның сана сезімі мен қимыл әрекетінің озық болжампазы, тарихи тәжірибенің идеалды түрі болып табылады. Рухы жоғары адам тірліктің қиыншылығымен тұйыкталып қалмай, өзгенің адамгершілігін құрметтеп, оған ілтипатпен қарап, көмектесуге бейім тұрады. Руханилық адамды шындық пен әділеттіктің бірлестігіне,өркениеттің үлгісіне жақындатады, ұлы құдіретті күшпен сырласарлық сезім шебін кеңейтеді. [2, 22-б.].

Адамгершілік — адам өмірінің рухани негіздерін құрайды, ойластырады, болжайды және адамзат құндылығын қалыптастырады. «Адам жолында екі түрлі, бір- біріне қарама — қарсы ағыстар бар. Бір ағыс қаталдыққа жетелесе.екіншісі — мейірімге талпынады» деген Леккидің сөзінде үлкен мән бар.

Адамгершілік мәселелерін қарастыруға философтар ерте кезден- ақ ерекше назар аударған. Мәселен, И.Кант өзінің «Практикалық сананы сынау» этикалық шығармасында адамгершілік жүйесін емес, адамгершілік шындығының тұжырымдамасы жасалған алдыңғы этикалық дәстүрді қатты сынға алады. Ол мораль мен адамгершілікті бір -біріне ұқсамайтын ұғым деп қарастырады. Адамгершілікті Гегель, бір жағынаң солардың көмегімен адамдардың тәртібін реттейтін әдет- ғұрыптары мен дәстүрлерін, екінші жағынан, моральға жанама адамның нақты міндеттері деп түсінді. Оның пікірі бойынша,мораль адамгершілікке қарағанда неғұрлым кең ұғым болып табылады.

В.Г. Белинский: «Тәрбие-ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі» десе, Д.И. Менделеев: «Тәрбиесіз білім -есуастың қолындағы қылыштай» деген болатын.

Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады.

12-жылдық білім беру жүйесінің үлкен мақсаты -жастарымыздың бойында адамгершілік қасиеттер мен құндылықтарды тәрбиелеу.

Я.А. Коменский «тәрбие мойындамау — адамдардың, жанұяның, мемлекеттің және бүкіл әлемнің құруы» деген болатын. Ендеше тәрбие ауадай қажет.

Жас ұрпақты адамгершілік құндылыққа тәрбиелеу алдымызға мынадай міндеттер қойып отыр:

— баланың адамгершілік сана-сезімінің, ақыл-ой қызметінің дамуына. қалыптасуына ықпал жасай отырып, адамгершілік құндылықтарының тәрбиеленуіне қозғау салу;

  • баланың өзін-өзі тануына, өзіндік «Мен» тұғырын оятуға бағдар беру;
  • баланың тұлғалық дамуына педагогикалық жағдай жасау және рухани жағынан таза, өмірге, дүниеге тік қарай алатын, қоршаған ортамен жүйелі байланыс түзетін, тәрбиенің жаңа мазмұнын ашу, әлеуметтік өмірге бейімделген, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпакты қалыптастыру.

12-жылдық мектеп жолындағы Қазақстанға жаңаша ойлайтын, өмірге көзқарасы тың, нарық жағдайында тіршілік етіп, жұмыс істей алатын барынша білімді адамдар қажет.

Қазіргі кезде болашақ мұғалімді даярлауда адамгершілік мәселесінің маңызы ерекше, өйткені, жас ұрпакты адамгершілікке тәрбиелеу салмағы осыған түседі. Бүгінгі күнде ғалым-педагогтар жалпы адамзаттық құндылықтардың, адамгершілік тәрбиесінің ақыл-ой дамуынан гөрі басымдығын мойындап, орнықтыруға күш салуда. Мұғалім бала бойында қандай адамгершілік түсініктер калыптасқанын, ол қандай жағдайда жүзеге асқанын білуі қажет.[3, 11-б.]. Ал баланың адамгершілілік көзқарасының қалыптасуының, адамгершілік-психологиялық ұғым-түсініктерінің бекуінің сөзсіз маңызды көзі — отбасы, онда өмірдің мәні мен мақсаты туралы алғашқы түсініктер, құндылық бағдар, адамгершілік және әлеуметтік қажеттілік т.б. қалыптасатыны белгілі. Ең дұрысы, педагог оқушының отбасындағы микроортасының, ал ата-аналар мектептегі микроортасының бір бөлшегі болулары тиіс. Отбасы — тұлғаны әлеуметтендірудің, мәдени, ұлттық, адамгершілік құндылықтардың тарихи жалғастығының маңызды институты.