Бейімделіс (адаптация)- сыртқы ортаның құбылмалы жағдайларына организмнің икемделуі. Ол клеткалық ағзалық, жүйкелік және организмдік деңгейлерде өтеді, сөйтіп туа болған немесе жүре болатын икемделу әрекетінің барлық түрін көрсетеді. Организмнің барабар тітіркендіргішке бейімделу қабілеті ұзақ мерзімді эволюциялық даму сатысында қалыптасады. Ал барабар емес тітіркендіргіштер көбінесе организм мен ортаның теңестірілу қасиетін жояды. Табиғи ортадағы әр түрлі маусымдық жағдайларына икемделу құбылысын акклиматизация деп атайды. Ол бейімделістің жекелеген түрі болып саналады.
Бейімделістің түрлері. Бейімделісті мерзіміне қарай ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді деп жіктейді. Қысқа мерзімді бейімделісті икемделудің авариялық сатысы ретінде қарайды Мұнда бейімделістің басатапқы сатысында, жүйке жүйесінің орталық бөлімдерінің әрекеттік күйі қатты өзгеріп, организмнің әсерленгіштігін өсіруге мүмкіндік жасалады. Ұзақ мерзімді бейімделіс организмнің икемделу қабілеті, мінездік әсерленісі мен жалпы әрекетін жоғары сапада қамтамасыз етеді. Бұл оның гипоксияға, суықтыққа., тамақтың тапшылығына бұрын байқалмайтын төзімділігін тудырады.
Жеке организм деңгейінде бейімделістің төмендегідей түрлерін ажыратады: туа болған және жүре болған, жеке және қауымды, жалпы және маманданған, арнамалы бейарнамалы, ішкі және сыртқы, шартты шартсыз, қалыпты және төтенше, морфологиялық және физиологиялық т.с.с.
Физиологиялық бейімделіс деп әрекеттік жүйе, мағза, ұлпа белсенділігі мен өзара байланысын реттеуші механизмдердің, орнықты деңгейін айтады. Мұның мәні ортаның орташа жағдайларында организмнің сақталуында, дамуына қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін әрекеттердің қайта құруына келіп тіреледі. Сонымен бірге ортаның өзгерген жағдайларында адамның ұзақ өмір сүруі, жұмысқа қабілеттілігінің сақталуы, ұрпақ жаңғыртуы бейімделістің көрнекті белгілері болып саналады.
Физиологиялық бейімделіс жағдайларын талдағыштар жүйесін тітіркендірудің табалдырық күшіне және қарқынына икемделу қасиетінің өзгеруінен байқауға болады.
Құрылымдық бейімделіс негізін клеткалық бейімделіс түзеді. Клеткалық бейімделіс деп қоршаған орта жағдайларына, аман қалу және қайта жақсару үшін клетканың икемделуін айтады. Ол орқганизмдік бейімделістің басты кезеңі болып саналады.
Жалпы бейімделіс организмнің екі түрлі әсерленісіне байланысты болады. Біріншісіне әсер етуші түрткілерді түйсіну үшін физиологиялық әсерленіс белсендіріледі, ал екінші түрінде оның әсерімен кездесуден организм қашқақтайды. Өйткені организмнің әрекеттік күйіне, жағдайына байланысты бейімделетін түрткілер жағымсыз немесе жағымды әсерленістер тудыруы ықтимал. Сондықтан көбінесе бейімделістің мәнін толық ұғыну, оның пайда болатын жағдайларын айқындауды талап етеді.
Бейімделіс кездері Бейімделіс әсерленісі нақтылы физиологиялық механизмдермен байланысты бірнеше кезден тұрады.Бейімделістің бастапқы кезі тітіркендіргіштер әсер еткен алғашқы сәттен басталады. Мұнда әртүрлі бағытталған құрама әсерленіс байқалады.. Бірінші құрама әсерленіс бағдарлау рефлексіне байланысты. Бұл рефлекс пайда болғанда, осыған дейінгі іс-әрекетті тежейді. Жалпы тежеуші әсерленіс түшті тітіркендіргіштің бәріне жауап ретінде туады.
Екінші құрама әсерленіс – қозу түрінде жүзеге асырылады. Мұнда жүйкелік нәрлендіру ықпалдары белсендіріледі және ағзалардың қызметі күшейеді. Бұл әсерленістерді симпатоадреналин жүйесімен бірге орталық жүйке жүйесі атқарады.. Алайда бейімделістің бастапқы кезінде, олар өзара үйлесімсіз болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл кезде организмнің эмоциялық өзгерістері де қатысады.
Бейімделістің келесі сатысы өтпелі кез. Мұнда орталық жүйке жүйесінің қозғыштығы төмендейді, гормондардың белсенділігі азаяды, алғашқы әсерленіске қатысқан жүйелердің ықпалы тыйылады. Ол кезде организмнің икемделу механизмдері үлпаларда тереңдей түседі.
Бейімделістің тиянақты кезі .- организмнің және оның құрамына енетін ағзалардың, жүйелердің жаңа жағдайларға мұқият икемделу сәтін көрсетеді. Олардың қызметі үйлесімді келеді. Организмнің бейарнамалы төзімділігі көтеріледі және әркелкі арнайы бейімделістің механизмдері дамиды. Бұл кез физиологиялық құбылыстарды үнемді атқарады және энергия шығындарын азайтады.
Бейімделістің бұл кезін ұдайы тұрақты өзгермейтін жағдай деп қарауға болмайды. Организмде оның ауытқулары, тербелістері жиі болуы ықтимал. Өйткені оған әралуан қосымша жанама түрткілер әсер еткенде, ол өзінің тіршілік күйінің шығыны мен қайта қалыптасуына байланысты туатын гомеостаздың жаңа деңгейін үнемі сақтауға тиіс. Сондықтан бүкіл физиологиялық әрекеттер зор күш салу арқылы жүзеге асырылады. Ол организмнің энергия шығынын ұлғайтады., иммуналдық және гормондық қосалқы қорын азайтып, ақыры бейімделістің бұзылуына — дизадаптацияға әкеліп соқтырады.
Дизадаптация кезі организмнің әрекеттік қоры сарқылуы нәтижесінен немесе нейрогормондық және зат алмасуының өзара байланысы бұзылғандықтан пайда болады. Бұл жағдайда бейімделістің бастапқы кезі сияқты іс- әрекеттің тұрақты көрсеткіштерінің ауытқулары пайда болады. Олар үйреншікті тітіркендіргіштер шамадан тыс немесе кездейсоқ түрткілер көп уақыт әсер еткенде туады.
Организм бейімделіс тудырған әсерлерден құтылған жағдайда, соның салдарынан пайда болған құрылымдық және әрекеттік ерекшеліктерден біртіндеп арылады. Алайда оның жойылған икемделу әсерленістері сол бейімдеуші түрткілер тағы да әсер етсе, қайтадан қалыптасуы мүмкін. Мұны қайта бейімделіс (реадаптация) деп атайды.