ҰЛТТЫҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ РӨЛІ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

 

Еліміз егемен ел болғаннан бері өркениетті елдер қатарымен терезесі тең болып, көркейіп келеді. Елімізді қазір бүкіл әлем тануда. Осыған қарамастан әзірге істеген ісімізден, істемегеніміз, атқарғанымыздан, атқаратынымыз жетіп жатыр. Осы тұста айта кетер бір жайт еліміздің саяси — әлеуметтік тәуелсіздігін баянды етудің тегеуірінді бір кепілі мәдени – рухани жаңғыру болса керек.[1] Яғни біз саяси — әлеуметтік тәуелсіздігімізді мәдени рухани азаттыққа ұластыра алғанда ғана ел қамы, халық тағдырына қатысты мұраттарымыз өміршең болмақ. Бұл салада мәдени рухани саланы жаңғырта отырып дамытуға көп көңіл бөліну керек сияқты.

Жалпы өнер рухани байлықтың тұнып тұрған қайнар көзі болып саналады. Соның ішінде осы мақалаға негізгі арқау болып отырғанымыз – бейнелеу өнері саласы болмақ. Бейнелеу өнерінің адамға сыйлар рухани байлығы ұлан ғайыр.

Ертеден бастап қазақ халқы осы бейнелеу, қол өнерлеріне өте жақын, және біте қайнасып келгенін тарихтан жақсы білеміз. Әжелеріміз кезінде киім кешек, үйдің іші сыртын безендіруге керемет ою орнектер ойлап тауып, аталарымыз сонау ерте заманды айтпағада киіз үй мен ер тұрман, зергерлік бұйымдардың неше түрін ойлап тауып, соларды әшекейлеп қайталанбас әлемдік керемет туындыға айналдырып бізге мұра ретінде қалдырды. Осы ата бабамыздың осыншама өнерін көре тұра бейнелеу өнерінің нағыз өресі болмады деп кім айта алар. Алғашқы дизайнерлік шешімдердің үй тұрмысында қолданылуы біздің ұлттық өнер шеберлерімізден бастау алғанын мақтанышпен айтуымыз керек. Біз сол Батысты пір түтқанды жақсы көреміз. Қазіргі таңда бүкіл әлемде Дизайн шешімдерінің дұрыс қалыптасып оның дамуына біздің ұлттық шеберлеріміз тікелей әсер берді деп айтуға негіз бар. Егемендік алғаннан бастап елімізде жаңаша құрудың алғашқы кезеңдері байқалып, өнерде де еркіндікті пайдаланып әркім ойына келгендерін жасап, неше түрлі жаңа өзіндік бағыттар қалыптаса бастады. Бізге егемендік ел ретінде ең бастысы бейнелеу өнерінде ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалу басты шарт. Бұл жахандану заманындағы бүгінгі күннің өнерге байланысты көкейкесті мәселесінің бірі. Өйткені қазіргі кезде қоғамда бейнелеу өнерінің неше түрлі ағымдары мен бағыттарыпайда болуда және олар өзара бәсекеге түсіп жатыр, себебі ең көркемі, халыққа түсініктісі, әсіресе жастарға ұлт туралы небір ой салып, тәрбие беретіні, ұлттық сана сезімді оятатын бағытына мән беріп, соны дамытуға қолдау жасалуымыз қажет. Ондай қажетті бағыттарды жанжақты насихаттап, өз ұлтымыздың, еліміздің өнерін, ұлттық құндылықтарын өзге елге көрсете білу біздің міндетіміз. Осындай арпалыс кезеңде өнер адамдары, ғалымдар мен мектеп ұстаздары, жалпы көзі ашық ұлт жанды азаматтар аянбай еңбек жасайтын сәттері туды. «Өткен ғасырдын бас кезінде кенеп бетіне сурет салуда Әбілхан Қастеев ағаларымыз балаңдық кезеңді бастан өткерді»- деп жатады, иә, бұл рас ол кезде орта қандай болды суретшілер де соны салды.[2] Кеңестің алып саясат дәуіріндегі суретшілердің шығармаларын қазіргі заманмен салыстырып баға беруге болмайды. Әрбір тарихи кезіңнің өзіндік даму заңдылықтары мен қойылатын талаптары болатынын естен шығармағанымыз дұрыс. Кім біледі осы қазіргі кейбір аты шығып жүрген суретшілеріміздің туындылары жайлы келесі ұрпақ қандай баға берерін. Бірақ қазір қанша ағым,қанша стиль пайда болған сайын біздің өткенімізге, өздерінің әліне қарамай күйе жағушылар да көптеп табылуда. Қанша десек те Әбілхан атамыздың шығармашылық жұмыстары қайталанбас әлемдік деңгейдегі маңызы біз үшін өте зор туындылар. Мұны айтып отырған себебім қазіргі жастар батысқа қарап бас шұлғып, есіргенге еліктеуде. Біз ұлттық рухымыз бен болмысымыздың соншалықты жалаңаштануына жол бермеуіміз керек. Осы тұста Ресей мемлекетіндегі ұлттық өнерді оқытатын жоғары оқу орындарының тыныс тіршіліктері мен түрлі өнер мұражайларының атқарып жатырған қызметтері қызықтырады. Мен биыл екінші жыл Мәскеу мемлекеттік облыстық университетінде профессор болып қызмет жасап жүрмін. Осы университетте 1992 жылы сол кездегі елге танымал болған белгілі ғалымдар Н.Н.Ростовцев, В.С.Кузиндердің қолдауыменБейнелеу өнері және халық өнеріне байланысты факультет ашып өздерінің тәрбиесін алып жүрген жас ғалым С.П.Ломов басшылыққа тағайындалады. С.П.Ломовтың қажырлы еңбегінің арқасында факультет қазір бүкіл Ресей мен шет елдерге танымалболды. Қытай, Ирак, Германиядан студенттер оқып жатыр. Білім беру сапасы жоғары, бәсекеге қабілетті маман дайындайтынбірден бір жоғары оқу орнына айналды. Қазір бұл факультетте кескіндеме, сурет, Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі, композиция, графикалық дизайн, орта дизайны, сәндік қол өнері және костюм дизайны кафедралары мамандар даярлап шығаруда. Сонымен қатар академик С.П.Ломовтың басшылығымен ұлттық өнерлерін одан әрі дамыту мен оны жастарға үйрету мақсатында қосымша Иконопись, Жостово, Федоскино мамандандыру бағыттары бойынша шеберханалар ашылып кәсіби деңгейлері өте жоғары ұлттық мамандар дайындап шығаруда. Факульттегі шеберханалар Мәскеуде және маңайында орналасқан ұлттық қол өнер институттарымен тығыз байланыс орнатқан және арнайы кәсіби практикаларын сонда өткізеді. Факультеттің оқу жоспары бойынша С.П.Ломовтың басшылығымен арнайы құрылған комиссия студенттерді шеберханаларға бөледі және жауапты жетекшілерін тағайындайды. Семестр соңында студенттер аудиториядағы орындаған практикалық жұмыстарымен бірге шеберханадағы орындаған жұмыстарын көрмеге қойып тиісті бағасын алады. Сонымен қатар жастарға ұйымдастырылып жатырған мәдени-тәрбиелік іс шараларда жетерлік. Оқу жылында бір рет жас суретшілердің шығармашылық көрмелері ұйымдастырылып тұрады. Көрмеге қойылатын жұмыстар негізінен ұлттық қол өнер, салт дәстүрлер мен бейнелеу өнерінің барлық салаларын қамтиды. Себебі қазіргі жастарға патриоттық, эстетикалық тәрбие беру үшін осындай көрмелердің берері мол.

Еліміз егемендік алған тұста біздің бейнелеу өнерінде толып жатқан «…измдер» қаптай түсті: реализм, сюрреализм, имперессионизм, абстракционизм тіпті соңғы кезде өзіміз де белгілі бір қазақи «…изм» ойлап тауып алып жатырмыз. Бұл мәселенің біздің ұлттық өнерді дамытуға тигізер кері әсері туралы марқұм ғалым Құдайберген Болатбаевта шырылдаған еді. Мүмкін бұл бір жағынан бізге пайдалы шығар, бірақ менің ойымша өнер ең алдымен қандай «…измге» жатпасын ұлттық сипатқа тән болу керек, яғни әр суретші өзінің Отанын, салт дәстүрін, әдет ғұрпы мен жерінің сұлулығын, өз менталитетімізге тән дүниелерді бейнелеуге тырысқаны жөн. Өйткені сол туындыларымыз арқылы келешек ұрпақты салт санамыз бен өз ұлттық колоритімізге тәрбилейміз. Бұлсалт дәстүрмен әдет ғұрпымызды келешекке біз жалғамасақ кім жеткізбек. Бұл біздің егемен ел болған шақтағыәрбір азаматтың мойнындағы парызы, өйткені өз отаныңды, ондағы ұлттық бояуымызды сенен артық бейнелеп, сенен артық сүйетін адам өзіңнен шықпаса өзге жұрттан не қайыр!

Суретшілердің еңбектері белгілі бір мағыналық терең ойды білдіретін, әрі көркем туынды болу керек деп ойлаймын. Суретші ешқашан өмірдің жалған, мағанасыз көшірмесін жасауға тиіс емес. Ол өмірдің материалыннан мәдениет жасауға міндетті. Десек те, суретші өзінің көркемдік қабылдауын қарапайым халыққа жеткізе білу керек сияқты. Бірақ кез келген өнер қарапайым халыққа түсінікті, көрген кезде қандай ойға шомса да түсіне шоматындай болу керек, әйтпесе «бұл не? неге бұлай? не үшін?» деп ми қатырудың біз үшін түк қызығы жоқ. Әрейне анау өзін атақтымын деп түсініксіз дуниені неге салды, қызықты екен мен де соны салайын деп өнерге еш қатысы жоқ, бояуға «батыр» азамматтар да табылып жатыр, ондай дүниенің бәрі өнер болатын болса, шын өнер деп қайсысын айтамыз. Қазір үлкен қалаларда неше түрлі хабарландыруды көруге болады. Бір жылдың ішінде суретші боласын, біз саған бәрін меңгертіп шығартамыз, сосын өзіңнің көрмеңді жасайсың деп ақшаға айналдырып жіберіпте жатамыз, Бұл жерде атақты орыстың суретші-ұстазы В.Крымовтың бір естелігін айтып кеткім келеді. Бірде суретшілердің көрмесіне барып, жаңа бағытқа бет алған бір суретшінің жұмысын көрдім, керілген кенепке ешқандай бояу жағылмаған, тек ортасына үлкен бір көр шегені қағып қойған. Көрмеге келген көрермендер мынаны «қай нақұрыс» жасаған деп күбірлесіп өтіп жатыр. Екінші бір жұмыста стол үстіндегі шай жабдықтары бейнелеген натюрмортты көріп «қандай керемет» деп тоқтап мұқият зер салып қарайды. Міне осыдан біз қарапайым халықтың әдемі мен жаманды ажырата алатынын, ненің қажет, ненің қажет емес екендігін түсінетінін байқауымызға болады.[3]

Әрине, айналадағы, өзге елдердегі болып жатқан жаңалықтарды, шет елдердегі жақсы дүниелерді білу, көру, тыңдау тіптен үйрену қажет ақ, бірақ оның бәрін ақылмен сараптап іске асырған жөн сияқты. Әсіресе өз ұлттық байлығымыз, сәндік қол өнерін, бейнелеу өнерін жоғалтып алмай, өнерімізді ұлт игілігіне жұмсаудың жолын жетілдіруқазіргі таңда кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Бейнелеу немесе қол өнерлеріарқылы біз өскелең ұрпақты тәрбиелейміз,еліміздің «Мәңгілік ел» болуғақойған мақсатқа жетудегі жастарымыздың бойындағы сенімін нығайта түсеміз, сезімдерін қалыптастырамыз. Туған еліміздің әлемдегі өркениетті елдермен терезесі тең болуына, еліміздің жастарының санасы терең әрі жан жақты, білімі жоғары болуы басты шарт. Бұл туралы Елбасымыз жылдағы халыққа арнаған Жолдауларында үнемі айтып келеді. Кез келген маман иесі өзінің бойындағы қалыптасқан ұлттық сана сезімменжәне салт дәстүрлернегізінде ғана әлемдік деңгейде өз орнын тауып, өз елін әлемге таныта алады. Қазіргі таңда еліміздің өнері мен мәдениет салаларынан әлемге танылып жүрген азаматтар жеткілікті. Ал өнерде шет елдің өнеріне еліктеп,батысты таң қалдырам деудің бәрі бос әурешілік не болмаса уақытша ғана күнкөрушілік болып саналады.

Сондықтан аса талапты қажет ететін, тіпті бір елдің бетке ұстар қаруы да бола алатын, адам жанын жадыратып, рухани азық және баға жетпес тәрбие беретін Бейнелеу өнеріне, жалпы өнерге сусындапоны қастерлей жүрейік.