Жерді сүдігерге сапалы түрде жырту ауылшаруашылық дақылдарының өнімін және сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады. Тұқым себу науқанын сапалы өткізу, оның біркелкі көктеп шығуы және дақылдың кейінгі кезде қарқынды өсіп- дамуы күзде сүдігердің сапалы өңделгеніне байланысты. Сүдігер қаншалықты сапалы өңделсе, соғұрлым кейінгі кезде барлық агротехникалық шаралар тиімді жүргізіледі. Сондықтан да топырақты сүдігерге өңдеуді “ негізгі өңдеу ” деп атайды. Топырақты сүдігерге өңдеу мына жұмыстардан тұрады: егістік жерді тегістеу, топырақты өңдеудің алдында суару, сыдыра өңдеу, органикалық және минералдық тыңайтқыштарды сіңіру және сүдігерге жырту.Көп жылдық зерттеулер нәтижесінде дәнді- парлы ауыспалы егістің барлық танаптарында жерді қайырмалы плугпен жыртқаннан гөрі жазықтілгішпен өңдегенде, жаздық бидай шығымдылығы әлдеқайда жоғары екенін көрсетті. Бірақ бұл жағдайда арам – шөптер басымырақ болады.Оларды жою үшін гербециттер қолданады.
Топырақ өңдеу жүйесінде оның тәсілінен басқа өңдеу тереңдігі де үлкен роль атқарады. Тайыз өңдеуге қарағанда, терең қопсыту атпатамырлы арам шөптерді жақсы жояды.
Топырақты үнемі бір тереңдікке ғана жырту оның астыңғы қабатын нығыздап тастайды.
Өсімдікке керекті қарашірікті және басқа да органикалық заттарды көбейту, оларды толық пайдалануға қолайлы жағдай жасау суармалы егіншілікке ең басты міндет болып табылады.
Суармалы егіншіліктер жоңышқа тыңын және жасыл тыңайтқыштарды бірінші жылы 40-45 см тереңдікте жырту, ал келесі 2-3 жыл бойы 20-25 см-ге өңдеу, және 20-30 см тереңдікте қопсыту тиімді.
Егіншілік жүйесінде кең қатарлы немесе шаршы- ұялы әдіспен егілетін өсімдіктерді отамалы дақылдар дейміз.
Отамалы дақылдардың өсіп- өнуі кезеңінде қатар аралықтары 2-4 рет қопсытылады, осының арқасында арам шөп оталады. Бұл топырақтағы ылғалды сақтайды, тамыр маңында ауа алмасуын, топырақ қабатындағы микробиологиялық жағдайды жақсартады, қоректік зттар жинауын күшейтеді.
Отамалы дақылдардан кейін күздік бидай егілетін жердің топырағын екі рет дискілі сыдырғыштармен 3-10 см тереңдікте өңдегенде, астықтың өнімі гектар басына 1,5 – 2,5 ц артады.
Кеш жиналатын алғы дақылдардан кейін күздік бидайдың себу мерзімін өткізіп алмау үшін топырақтың беткі қабатын сапалы өңдеу керек. Тайыз өңделген топыраққа енгізілетін минералды тыңайтқыштардың әсері басым болады, оның себебі топырақтың 9-10 см тереңдікте өңдегенде, үстіңгі қабатқа жиналатын нитраттар терең өңделген танаппен салыстырғанда мол болады. Оның себебі, топырақтың үстіңгі қабатында микроорганизмдердің тіршілігіне қолайлы жағдай жасалуынан органикалық қалдықтар тез ыдырайды, ал терең жыртылған топырақта тамыр қалдықтары топырақтың төменгі қабатына түсіп кетеді, ол топырақтағы микроорганизмдердің белсенділігі төмендейді де, органикалық қалдықтар нашар ыдырайды.
Танапты бедеден кейін өңдегенде мына шарттарды орындаған жөн: топырақты негізгі және тұқым себер алдында өңдеу жүйесінен кейін беденің өсуіне жол бермеу, беденің тамыр жүйесін және басқа да органикалық қалдықтардың ұзақ минералдануына және оны үнемді жұмсауына жағдай туғызу. Мәселен, қант қызылшасы көп жылдық шөптен кейін орналастыратын болса, онда шөпті төрт – бес жылдық орып, пішенді жинап алғаннан кейін, жоңышқаның тамыр мойнын қырқып, аңызды 10-12 см тереңдікте сыдыра жыртады, мұнан кейін 15-16 күн қалдырып, оның жықсы кебуіне мүмкіндік береді. Жоңышқа тамыры әбден кепкеннен кейін танапты суырып, оған тыңайтқыш енгізеді де, топырақты 30-32 см тереңдікте жыртады.
Пар дегеніміз – күздік және жаздық дақылдар үшін дайындалатын ауыспалы егістің бір танабы. Пардың міндеттері:
- Танаптың ылғал қорын жинап, оны сақтау;
- Топырақ қабатындағы микрорганизмдердің белсенділігін арттырумен қатар химиялық процестерді тездету;
- Топырақтағы қоректік заттар қорын көбейту;
- Танапты арам шөптерден, өсімдік зиянкестері мен ауру қоздырғыштардан тазарту;
Пардың бірнеше түрі бар:
- Таза пар -деп ауыл шаруашылық дақылдарынан бос, ылғал, қоректік заттар жинау және армшөптерді жою үшін арналған танапты айтады.
- Қара пар — Таза пардың бір түріне жатады. Өңдеу ( жырту ) күзде басталады. Содан кейін көктемде және жаз бойы өңдеу арқылы дайындалады.
- Ерте пар — таза пардың бір түрі, оның айырмашылығы қара пардай күзде өңделіп дайындалады. Ерте пар – жаздық бидайдың алғы егісі.
- Ықтырмалы пар — ттаза пардың ерекше бір түрі, қысы қатты, ылғалы тапшы аймақтарда қарды егістік алқаптан жел айдап әкететін жазық далалық аймақтарда қолданылады. Ол үшін танабына биік сабақты өсімдіктер ( жүгері, қонақ жүгері, күнбағыс, мақсары ) егіледі.
- Екпе пар пардың бұл түрі ауыспалы егістің бір танабына жатады. Екпе парға арналған жерде жаздың бірінші жартысында ауыл шаруашылық дақылдары өсіріледі. Ондай дақыл ерт жиналып алынады да, топырақ өңделіп, пар күтіп – бапталады. Ол танапқа күзге қарай күздік бидай себіледі.
Екпе пардың өзі жаппай және отамалы екпе пар болып екі түрге бөлінеді.
Жаппай екпе парға көп жылдық және бір жылдық шөптер, мысалы, жоңышқа, сиыр жоңышқа, малға беретін бөрі – бұршақ, талшықты зығыр, қыша, т.б егіледі. Жаппай екпе парда өскен дақылдар ерте жиналады да, өзінен кейінгі өсімдіктерге жақсы алғы дақыл болады, топыраққа органикалық заттар қоры жиналады, сөйтіп күздік дақылдардың өнімін едәуір арттырады.
Отамалы екпе пар. Отамалы екпе парға көбіне бұршақтың, картоптың ерте пісетін сорттары, сүрлемдік жүгері, т.б егіледі.
Отамалы дақылдар себілген екпе пардың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда екпе пардағы отамалы дақылдың қатараралықтары қосымша өңделгендіктен, оның құны таза парға жақын болады. Отамалы екпе пардың бір кемістігі оған себуге жарайтын отамалы дақылдар саны өте аз, мәселе мынада: екпе парға егілетін отамалы дақылдардың өсіп — өну мерзімі ұзақ, оны жинап алу күзге дейін созылады да, пар танабын баптап өңдеуге уақыт жетпейді.
Жасыл пар екпе пардың бір түрі. Жасыл пар емесе сидерат деп көп жылдық не бір жылдық шөптерді өсіп тұрған кезінде жыртып, топырақпен араластырып, тыңайтқышқа айналдыруды айтады. Мұнда жаздық бірінші жартысында бұршақ тұқымдас өсімдіктер егеді.