Өсімдіктер өздерінің дамуы кезінде қоректік заттарды, суды, ауаны және жылуды керек етеді. Мәдени өсімдіктердің осы мұқтаждардың қанағаттандыруға қабілеті бар топырақты құнарлы топырақ деп атайды.
Құнарлылық – топырақтың ең басты, әрі ең негізгі агрохимиялық қасиеті, ол басқада бірқатар қасиеттеріне тығыз байланысты болады.
Топырақ құнарлылығының өзгеруіне тікелей әсер ететін оның негізгі қасиеттеріне топырақтың су, ауа, жылу және қоректік заттармен қамтамасыз етілуі, механикалық құрамы реакциясы және микробиологиялық қасиеттері жатады. Агротехникалық шаралар дұрыс сақталынбаған топырақтарда оның жоғарыда аталған қасиеттері біршама төмендейді, ал мұның өзі сайып келгенде, оның құнарлылығының да нашарлауына себепкер болады.
Топырақтың құнарлылығын арттыру деген сөз – оның жоғарыда аталған әртүрлі қасиеттеріне пайдалы әсер ете отырып, оларды мейлінше жақсартып, ірі түрлі топырақ жағдайында өсірілетін ауыл шаруашылық дақылдарынан мол әрі сапалы өнім алу шараларын жүзеге асыру болып табылады.
Топырақ құнарлылығының мынадай категориялары бар :
- Табиғи құнарлылық
- Жасанды немесе эффективті
- Экономикалық
Топырақ құнарлылығын жақсартуға бағытталған шаралар үлкен комплексті мына төмендегідей жұмыстарды атқарудан тұрады. Атап айтқанда :
- Топырақты дұрыс өңдеу системасын жүзеге асыру
- Дұрыс ауыспалы егіс жүйесін енгізу.
- Органикалық және минералды тыңайтқыштарды дұрыс және тиімді қолдану шаралары.
- Әртүрлі комплексті мелиорациялық жұмыстарды жүзеге асыру.
Құнарлы қабаты бір себептерден жойылып кеткен топырақтардың түзілуі ұзаққа созылатын процесс. Сондықтан да адам өзінің тыныс тіршілігінде топырақтың құнарлы қабатын су және жел эрозиясынан және басқада экологиялық апаттардан қорғай отырып, топырақ құнарын жылма – жыл арттыру және жақсарту шараларын іске асырады.
Топырақ эрозиясының көп түрі бар :
Геологиялық эрозия. Бұл табиғи жағдайда болатын эрозия және өте баяу жүреді. Топырақтың әртүрлі қабаты пайда болатын процесс геологиялық эрозиядан тез жүретіндігінен бұл эрозияның топырақтың құнарлылығының арта түсуіне көп әсері болмайды.
Антропогендік эрозия – адамның жерді дұрыс пайдаланбағандығынан болатын құбылыс. Бұл эрозия топырақтың құнарлылығын табиғи арттыратын процесстен тез жүретін болғандықтан, оның құнарлы қабатының қалыңдығы жыл сайын азая түседі, яғни топырақтың құнарлылығы кеми береді.
Су эрозиясы. Рельефі күрделі болып келетін Қазақстанның Оңтүстік Шығыс, Шығыс аймақтарында, қар қалың түскен жылдары Солтүстік, Орталық, Батыс обылыстарында су эрозиясында болады. Су эрозиясы кезінде тек топырақтың құнарлы бөлшектері шайылып қана қоймайды, сонымен бірге оның терең қабатына су аз жиналады, содан барып дақылдар өсу кезінде су тапшылығын көреді. Су эрозиясы тамшылық, жайдақ, сызықтық және ирригациялық болып төртке бөлінеді.
Тамшылық эрозия. Жаңбыр нөсерленіп жауғанда әр тамшының диаметрі 1мм-ден 5мм, соңғы жерге тамырдағы жылдамдығы секундына 4,5-9м болады. Осы тамшы топырақтың майда кесекшелеріне тиіп, оны бірте – бірте үгітіп, езіп жібереді. Үгілген бос майда ұнтақтар топырақтың үстіңгі қабатындағы жіңішке саңылауларды бекітіп, судың сіңуіне кедергі жасайды. Топыраққа сіңіп үлгермеген су жер бетімен ағып, өзімен бірте топырақтың майда бөлшектерін ала кетеді.Жайдақ эрозия. Кезінде топырақтың майда, жеңіл, органикалық заттары мол түйіршіктері танап бойынша біркелкі сумен ағып кетеді. Бұл эрозиядан келетін зиян өте зор. Жыл өткен сайын топырақтың майда органикалық заттарға бай түйіршектері азая түседі, яғни жыл сайын топырақтың құнарлылығы кеми береді, алынатын өнім азая береді. Сызықтық эрозия. Қар еріген кезде, не нөсер жауын болған кезде судың қатты ағысы топырақты біраз орып кетеді, ол жер бірте – бірте үлкейіп, терең орға айналады. Мұндай жағдайда топырақтың үстіңгі қабаты ғана емес, оның терең қабаттары да бұзылады.
Ирригациялық эрозия. Суару кезінде су қажет мөлшерден көбірек берілсе, топырақ беті шайылып эрозия басталады. Эрозияның осы түрін ирригациялық эрозия деп атайды.
Жел эрозиясы – орманы жоқ, ашық, жаңбыр аз жауатын жазық далаларда болады. Қазақстанда жел эрозиясына тың жерлер игерілген өңірлерде көптеп кездеседі. Тың жерлер жыртылғаннан кейін Павлодар, Торғай, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе т.б обылыстарының топырақтары қатты жел эрозиясынан зардап шекті. Жел эрозиясы кезінде топырақтың үстіңгі құнарлы қарашірігі мол, жеңіл, қоректік заттарға бай майда түйіршіктері ауаға көтеріліп, желмен бірге ұшып кетеді.Күнделікті (жергілікті) эрозия. Әр жердің өзіне тән үйреншікті желі болады. Сол жердің әсерінен де үлкенді – кішілі сырмалар, құйындар болып тұрады. Бұл желдер үйренші болған соң, оған көп көңіл бөлінбейді. Мұндай эрозияның әсерінен де күн сайын топырақтың құнарлылығы кеміп отырады, желмен ұшқан майда түйіршіктерден өсіп тұрған дақылдардың өркендері зардап шегеді, олардың жапырақтары жырымдалып жыртылады. Су эрозиясымен күресу шаралары. Су эрозиясымен күресуде шаруашылыққа тиісті жерді дұрыс пайдалана білудің маңызы зор. Бұл әсіресе бедері күрделі болып келетін таулы жерлерде орналасқан шаруашылықтар үшін өте қажет. Су эрозиясы қыйғай жердегі танаптар өте бейім болады. Сондықтан мұндай танаптарға топырақты жиі қопсыта беруді қажет етпейтін дақылдар егу керек. Жел эрозиясымен күрес шаралары. Жел эрозиясы (дефляция) республикамыздың ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтіруде. Жел эрозиясын тоқтату үшін топырақты арнаулы құралдармен өңдеу керек. Сонымен қатар жер бетіндегі өсімдік қалдықтарына тимеу керек. Себебі танапта өсімдік өсіп тұрса, егін орылған жерде аңыз сақталса, топырақтың беткі қабатына тиетін жел күші, екпіні күрт бәсеңдейді. Егін орылған жерде аңыз неғұрлым жақсы сақталса, топырақтың эрозияға қарсы тұру мүмкіндігі арта түседі.