Топырақтың құралу жән даму процесстері онда өсімдіктердің азот және күл қоректік заттарының жиналуымен қабаттас жүреді. Ал топырақта өсімдіктердің қоректік заттарының жиналуы оның сіңіру қабілетімен тығыз байланыста болады.
Топырақтың сіңіру қабілеті деп оның өзінде ерітінді және судағы лайлы заттарды, газдарды ұстап қалуын айтады.
Сіңіру қабілеті — әр топырақта әртүрлі болады , ол көбінесе өте ұсақ бөлшектердің көп болуына байланысты келеді. Мұндай топырақтың сіңіру қабілетін күшейтетін ұсақ бөлшектерді каллоидты бөлшектер деп атайды. Коллоидты бөлшектердің мөлшері 0,001 милиметрден ұсақ болып келеді. Табиғатта колоидты бөлшектердің шығатын екі жолы бар : 1) тау жыныстары бұзылуынан, 2) органикалық заттардың ыдырауынан. Осыған байланысты топырақ коллоид бөлігінің құрамына органикалық және минералдық заттар кіреді : біріншісі – топырақ шіріндісінің құрамында, екіншісі – балшық құрамында болады. Коллоидтар топырақта тұрақты тұнба гель түрінде кездеседі. Сіңіру қабілеті бес түрге бөлінеді:
Биологиялық сіңіру – мұның топырақтағы қоректік заттардың жуылып кетпей сақталып тұруында үлкен мәні бар. Бұл сіңіру өсімдіктердің тамырлары мен микроорганизмдер тіршілігіне тікелей байланысты, өйткені олар топырақтан қажетті заттарды алып, оны өз мүшелерін құруға жұмсайды, сөйтіп ерімейтін күрделі органикалық қосындылар түзіледі.
Механикалық сіңіру – қабілеті деп топырақтың басқа түйіршіктер аралықтарындағы қуыстардың диаметрінен үлкен заттарды сүзіп алып, қалуын айтады. Механикалық құрамы сазды және саздақ топырақтың сіңіру қабілеті күшті болады.
Топырақтың химиялық сіңіру – дегеніміз оған енген түрлі тұздар мен топырақ ерітіндісіндегі тұздардың өзара химиялық алмасуы. Химиялық сіңіру арқылы түрлі қоспалар құралады. Бұл жолмен пайда тұздар сумен шайылмайды. Сондықтан топырақта өсімдіктердің қорегіне қажетті катиондар мен аниондар сияқты заттар топыраққа сіңіп сақталады.
Топырақтың физикалық – химиялық алмастыра сіңіру – топырақтың иондар сіңіруін, негізінен катиондар сіңіру қабілетін физикалық – химиялық алмастыра сіңіру деп атайды. Бұл жол бойынша топырақ коллоидтары топыраққа енгізілген тұздар катиондарымен алмасады. Мұның негізінде біріншіден физикалық сырттық қуат арқылы сіңіру (адсорбция) бар да, екіншіден — өзара алмасу химиялық реакциясы бар.
Топырақтың физикалық сіңіруі – қабілеті деп оның түйіршіктерінің сыртқы молекулалық күш әсерімен газды және ерітінді заттарды сіңіріп, өз бойында ұстап тұру қабілетін айтады.
Топырақ реакциясы. Құрамында түрлі қышқыл басым болуына байланысты топырақ реакциясы қышқылды, не сілтілі болып келеді. Өте қышқылды не сілтілі топырақтарда өсімдіктер жақсы өспейді, тіпті өліп қалады. Өсімдік дұрыс өніп — өсуі үшін топырақ реакциясы орташа болуы керек. Топырақ реакциясы оның қандай заттарды көбірек сіңіргендігіне байланысты болады. Әдетте, қышқыл топырақтарда сіңірілген сутегі және алюминий көп болады. Топырақ реакциясы бейтарап болуы үшін онда кальций элементінің тұздары көп болуы шарт.
Табиғи жағдайда топырақ реакциясы 3- тен 9 –ға дейін құбылады, ол
рН- деп белгіленеді. Ол төмендегідей : РН 3- 4 өте қышқыл
РН 4-5 қышқыл
РН 5- 6 азғана қышқыл
РН 6-7 бейтарап
РН 7-8 сәл сілтілі
РН 8-9 сілтілі
Топырақ ерітіндісінің қышқылдылығына ондағы бос органикалық қышқылдар немесе олардың тұздары себеп болады. Топырақ қышқылдығы актуальдық және потенциалдық болып екіге бөлінеді. Оның бірінші түрі топырақтағы бос сутегі (ІІ) ионының концентрациясына, ал екінші топырақтың коллоид бөлімі сіңірген берік сутегі иондарына байланысты болады. Реакциясы өте қышқылды, не өте сілтілі болып келетін топырақтарда егілетін дақылдардан мол өнім алу үшін түрлі өңдеу (мелиорациялау) жұмыстарын жүргізеді.
Топырақтың структуралық құрамы. Әдетте топырақтар пішіні түрліше болып келетін жеке бөлшектерден тұрады. Бұлар топырақ структурасы болып табылады. Топырақ структурасы шаң немесе тозаң түрінде болатын өте ұсақ бөлшектерден бастап, мөлшері жаңғақтай, тіпті одан да үлкен болып келетін кесектерден тұрады. Топырақтарда неғұрлым кесекті бөлшектер көп болып, неғұрлым олар берік және кеуекті болса, соғұрлым ол борпылдақ келеді. Борпылдақ топыраққа өсімдіктер мен жануарлар қалдықтарын қарашірікке айналдыратын бактерияларға қажетті су мен ауа оңай сіңеді. Топырақ структурасын құрауда жауын құрттарының атқаратын жұмысы орасан зор. Бұл құрттар өздерінің қоректену процессінде топырақтағы өздеріне керекті заттарды пайдалану мен бірге өздері бөліп шығаратын шырынды заттар арқылы топырақтың ұсақ түйіршіктерін біріктіріп капролитті структуралар түзеді. Міне осындай структуралы топырақтарда мәдени өсімдіктерге қажетті барлық жағдай жасалынады да, дақылдар жақсы өніп — өседі.