Оомицеттер класына 300 түр жатады. Олардың мицелиі көп ядролы, көп бұтақтанған, мүшеленбеген жіп шумақтары (гипалар) – дан тұрады. Жіп шумақтарының қабықшалары целлюлозадан тұрады, хитині болмайды. Жыныссыз көбеюі екі талшығы бар зооспоралар арқылы жүзеге асады. Жыныстық процесі оогамиялы зиготасы диплоидты. Көптеген түрлерінің өмірлік циклі сулы ортамен байланысты.
Фитофтора. (phytopthora infestans) – картоптың жапырағында өмір сүретін паразит. Мицелиі жапырақтың мезофиліне еніп жатады. Гипалары клетка аралық клетка қуыстарында өсіп ұлғаяды, содан соң өскіншелері арқылы клеткалардың ішіне енеді, олардың өлуін жеделдетеді. Устьица қуысы арқылы сыртқы шығып тұратын гипалардың ұштары зооспорангия сабағы болып есептелінеді. Олар бұтақтанып өсіп, ұштарында зооспорангийлер жетіледі. Осы спорангийлер спорангия сағақтарынан бөлініп, картоптың жапырағына барып түседі. Соң олар жапырақтың ұлпасына устьица қуысы арқылы өтіп жаңа гипалар береді не болмаса зооспораға айналады. Зооспоралар зақымданбаған жапырақты зақымдауға қабілетті болады.
Жыныстық көбеюі осы саңырауқұлақтың шыққан жері Мексикада ғана белгілі. Ол осы саңырауқұлақтың иесі болып табылатын өсімдіктен тыс жерде топырақта жүреді. Гипаларында оогонийлер мен антеридийлер жетіледі. Оогонийдің формасы шар тәрізді болып келеді, оның ішінде бір ядролы жұмыртқа клеткасы жетіледі.
Антеридийі бар гипа оогонийге қарай өседі. Антеридийдің өскіндері поралары арқылы оогонийдің ішіне жұмыртқа клеткасына жетеді. Нәтижеде антеридийдің ішіндегі затының бір бөлігі, бір ядросы мен жұмыртқа клеткасына қосылады. Ұрықтанған жұмыртқа клеткасы қабықшамен қапталып ооспораға айналады. Тыныштық кезеңді басынан өткізген соң ооспора мейоз жолымен бөлініп, зооспорангия түзетін гифаға айналады. Ооспоралары мен мицелийлері өсімдіктің қалдықтарында және түйнектерінде қыстап шығады. Зақымдануы топырақ арқылы және түйнектері арқылы жүреді.
Зигомицеттер класы. Зигомицеттерге 400- дей түр жатады. Олардың мицелийлері біртұтас, перделерге бөлінбеген. Гифаларының қабықшаларында хитин болады. Жыныссыз көбеюі спорангиоспоралары немесе конидийлері арқылы жүзеге асады. Зооспоралары болмайды. Түрлерінің барлығы жер бетінде өседі.
Негізгі өкілдерінің бірі мукор (mucor mucedo) ол нанда, көкеністерде, көңде басқа органикалық субстраттарда сапрофит ретінде өседі. Гифалары біртұтас, перделерге бөлінбеген, ерекше бұтақталған, көп ядролы болып келеді. Жыныссыз көбеюі шар тәрізді спорангилердің ішінде пайда болатын споралардың көмегімен жүзеге асады. Споралар ылғалды субстратқа түсіп, өсіп жаңа гифалар береді. Жыныстық жолмен сирек көбейеді. Ол тек физиологиялық жағынан бір – бірінен айқын айырмашылықтары болатын екі мицелийі қатар өскен жағдайда ғана жүзеге асады. Бұл жағдайда мицелийдің гифалары бір – біріне қарама – қарсы бағытта өседі де ұштары жуандап түйіседі. Олардың арасын көлденең перделер бөліп тұрады.
Гифалардың түйіскен жерлеріндегі клетка қабықшалары еріп, олардың ішіндегі заттары да, ядролары да қосылады. Пайда болған зигота қара түсті қалың қабықшамен қапталады да біраз уақыт таныштық кезеңін басынан өткізеді. Содан соң зигота мейоз жолымен бөлінеді де өседі. Одан ұрықтық гифалар пайда болады. Осындай гифалардың үстінде спорангийлер жетіледі, ал олардың ішінде көптеген гаплоидты споралар дамиды.
Қолайсыз жағдайларда гифалар бірнеше бөліктерге бөлінеді. Оларды ондии деп атайды. Ондии қалың қабықшамен қапталуы келешегінде хламидоспораларға айналады. Қолайлы жағдай туысымен хламидоспоралар өсіп мицелийге айналады.