Жыныс циклының ерекшеліктері

Аналықтардың жыныс жүйесінің қызметі цикл сайын өзгеріп тұрады. Жыныс цикл дегеніміз ол көбею процесімен байланысты аналықтардың жыныс жүйесінде болатын əрдайым қайталанып тұратын морфологиялық процестер. Сүтқоректілер жыныстық цикліне қарай екі түрге бөлінеді: 1) полициклдық 2) моноциклдық.

Мысалы, тышқандар, егеуқұйрықтар полициклді жануарлар. Олардың көбею процестері бір жылдың ішінде бірнеше рет қайталанып тұрады. Ал қоңыр салқын ауарайында тұратын сүтқоректілердің көбісі жылына бір рет қана тұқым береді (төлдейді). Ол маусымды өзгерістермен байланысты, сондықтан олардың төлдері көктемде жер көгеріп, жемшөп көбейген кезде немесе егін, жеміс пісетін жазда өмірге келеді. Оларды моноциклдық жануарлар деп атайды.

Сүтқоректілердің жыныстық циклі төрт кезеңнен тұрады.

  1. Фолликулды кезеңде жыныс безінде фолликулдар жетіліп піседі. Олардан эстроген гормоны түзіледі. Жетілген фолликулды Грааф көпіршігі деп атайды. Грааф көпіршігі жарылып жұмыртқа клеткасы жатыр түтігіне түседі. Ол құбылысты овуляция деп атайды.
  2. Лютеинді кезеңде Грааф көпіршігінің орнында сары дене пайда болады. Сары дене прогестерон деген гормонды бөліп шығарады. Прогестерон фолликулдардың өсуін тежеп, жатырдың қалыңдап өсуі мен сүт бездерінің ұлғаюына əсер етеді.
  3. Жүктілік немесе екіқабаттық кезеңі жұмыртқа ұрықтанып, жатыр қабырғасына бекінгеннен кейін басталады. Бұл кезең əр түрлі жануарларда əр түрлі уақытқа созылады. Мысалы, адам баласында бұл 9 айға созылады.
  4. Лактация кезеңі сүт бездерінің сүтті бөліп шығаруымен байланысты, ұрық жарыққа шыққаннан кейін болады. Егер жұмыртқа ұрықтанбаса жыныс циклі төрт кезеңнен емес, тек қана бірінші айтылған екі кезеңмен шектеледі.

Аналық жыныс безінде болатын қайталанып тұратын белгілі өзгерістермен бірге жатыр мен қынапта да оларға сəйкес келетін өзгерістер болады.

Жатырда:

1) тыныштық кезеңі фолликулды кезеңнің басына сəйкес келеді;

2) пролиферативті кезең фолликулды кезеңнің соңына сəйкес мұнда жатыр қалыңдап, эпителиінің ісінуі байқалады;

3) секреттік кезең овуляциядан кейін болады, жатыр зиготаны қабылдауға даярланады;

4) инволюция кезеңі жұмыртқа ұрықтанбаса болады. Сары дене жойылып кетеді де жатыр қайтадан тыныштық кезеңіне түседі.

Қынапта болатын циклді өзгерістер:

1) проэструс фолликулды кезеңнің басы.

2) эструс овуляция кезі.

3) метаэструс лютеинді кезеңге сəйкес

4) диэструс тыныштық кезеңі

Көбінесе сүтқоректілердің жыныс циклі эстральды болады, ал адамда менструальды.

Белгілі маусым сайын көбейетін моноциклді сүтқоректілер аталықтарында жылында бірақ рет аталық жыныс клеткалары жетіліп піседі, ал полициклді жануарлардың аталықтарында əрдайым жетілген сперматозоидтар болады.

Жыныс циклдері орталық жүйке жүйесі мен эндокринді жүйені реттеп отырады. Гипоталамус рилизинг гормондарды бөліп шығарады. Рилизинг гормон гипофизге əсер етеді де гипофиз гонодотропты гормонды бөледі. Гонодотропты гормондар (ФСТ, ЛГ) жыныс бездерінің қызметін реттейді.

Жануарларда көбею организмнің өз хал жайына жəне сыртқы орта факторларына қатаң тəуелді құбылыс. Көбеюге дайындық қызметін атқаратын процестердің көбісі циклдік түрде өтеді де ең алдымен, репродуктивтік жүйе органдарына əсер етеді. Жыныс процестерінің циклдігі əдетте, еркек жануарлардан гөрі, ұрғашыларда айқын белгіленеді, əсіресе құрсақ ішінде дамитын типті жануарларда.

Мысалы, жұмыртқаның дамуы, овуляциясы, жыныс жолдарының ұлпалары, жатырдың т.с. қайта құрылуы циклдік түрде өтеді. Екі жыныс өкілдерінің де репродуктивті мүшелері морфофункционалды ерекшеліктерінің өзгеруі гормондардың белсенді қатысуымен, көбінесе қатаң реттелетін кері байланыс принципімен өзара əрекеттесу бойынша өтеді.

Сонымен қатар, көбею процесіне сыртқы орта факторлары мен организмнің психикалық қалпы айтарлықтай əсер етеді. Көп түрлерде жыныс функциясын қоздыру тізбегінде ең бастапқысы жылдың маусымына байланысты сыртқы орта əсері болады. Олардың ішінде ерекше көзге түсетін факторлар температура, жарық жəне қорек мөлшерінің жеткіліктілігі.

Айта кетейік, кейбір кезде сыртқы орта жағдайларын өзгертіп эстралдық ритмді өзгерту мүмкін. Қорек жеткілікті жəне қолайлы күтім жағдайында моноциклдік жануарлар көбісі (үйрек, қаз, қой, ит т.б.) полициклдік ритмге көшеді.

Эстралдық циклдің түрлі кезеңдеріндегі организмнің гормоналдық статусының өзгеруі, ең алдымен аналық жыныс бездеріне жəне жыныс жүйесінің басқа да мүшелеріне əсер етеді. Жыныстық процестің бірінші кезекті гормондық қоздырушысы гипофиз болып табылады, ол гонадотроптық лютеиндік (ЛГ) жəне фолликул дамуына əсер ететін (ФСГ) гормондарды шығарады. Химиялық жағынан олар гликопротеидтер, молекулалар салмағы 28000 мен 35000.

Гипофизден ЛГ мен ФСГ қанға жіберілуі гипоталамустан шығатын либеринмен (релизингфакторлар, гормондар босатылу факторлары) реттеледі. Химиялық жағынан либерин декапептид болып табылады.

ФСГ жəне ЛГ əсерімен фолликулдар стероидтық гормондарды эстрадиол мен прогестерон шығара бастайды. Біреуінен басқа фолликулдар тез арада дегенерацияға ұшырайды, ал қалған жалғыз преовуляторлық фолликул циклдің фолликулдық кезеңі аяғында үнемі көбейген мөлшерде эстрадиолды секреттейді. Эстрадиолдың кенеттен өскен секрециясы гипоталамус гипофизарлық жүйеге əсер етеді, гипоталамустың либерин синтезі мен секрециясы деңгейі жоғарылайды, бұл өз кезегінше ЛГ мен ФСГ секрециясының тез өсуіне əкеліп соғады, олардың деңгейі де шегіне жетеді. ЛГ максимумы фолликулдың жетілуіне керекті соңғы себеп болады, осыдан кейін бір тəулік ішінде овуляция өтеді.

Овуляциядан кейін, тез арада эстрадиол мен прогестеронды секрециялауда жетекші роль сары денеге ауысады. Қанда осы гормондар концентрациясының максимумы шамамен лютеиндік кезеңінің ортасына таяу келеді. Қан құрамында стероидтық гормондар деңгейінің біртіндеп көтеріле басталуы ЛГ мен ФСГ секрециялануын тежейді, олардың қандағы деңгейі көп азаяды. Лютеиндік кезеңнің аяғында сары дененің регрессиясы басталады, аналық бездер эстрадиол мен прогестероннің секрециялауын азайтады, бұл гипоталамустың релизингфакторларды, содан кейін гипофиздің гонадотроптық гормондарды шығаруын ынталандырады. Одан кейін жаңа цикл басталады.