Мейоз (грекше “мейозис” – азаю, редукция латынша “редуцерес” – кішірею, азаю) – жыныс клеткалардың редукциялық бөліну тəсілі. Клеткадағы хромосомдардың саны екі есе азайып диплоидты клеткадан екі рет бөліну нəтижесінде төрт гаплоидты клетка пайда болады. Ұрықтанғаннан кейін хромосомдардың саны қайтадан қалпына келеді. Мейоз организмде кариотиптің тұрақтылығын сақтайды жəне гендер мен хромосомдардың кездейсоқ, тəуелсіз рекомбинациясын қамтамасыз етеді.
Мейоз кезінде клетка екі рет бөлінеді, ал ДНК саны бірақ рет екі есе көбейеді. Мейоздың екі бөліну арасындағы кезеңді интеркинез деп атайды. Мейоздың екі бөлінуінің нəтижесінде хромосомның саны екі есе азаяды. Кейде биваленттерде бірінші бөлінуде гомологиялық хромосомдар ажырасады да, екінші бөліну нəтижесінде хроматидтер бірбірінен ажырасады. Басқа жағдайда бірінші бөліну нəтижесінде хроматидтер ажырасып, екінші бөлінуде гомологиялық хромосомдар ажырасады.
Сондықтан, қазіргі кейбір ғалымдар бірінші бөлінуді редукциялық, ал екіншісін эквациялық деп айтқан дұрыс емес дейді.
Мейоз циклі бірнеше кезеңдерден тұрады. Бірінші бөлінудің кезеңдері римше I деп, ал екінші бөлінуге тəн кезеңдері II деп белгіленеді.
Бірінші бөлінудің ерекшелігі өте ұзақ жəне күрделі профаза болады. Онда 5 сатыны бөледі.
- Лептотена жіңішке жіпшелер сатысы. Интерфазалық ядроның торлы құрылымы жойылады да, жіңішке жеке жіпшелер көріне бастайды, олар хромосомдар болып табылады. Жарық микроскоппен көрінетін жіпшелердің саны диплоидты болады.
- Зиготена гомологиялық хромосомдар ұқсас учаскелері арқылы бірінебірі қосыла бастайды. Олардың жұптасып қосылуы көбінесе екі шетінен басталады. Соның нəтижесінде барлық гомологтар биваленттерді құрады.
- Пахитена жуан жіпшелер сатысы. Бұл сатыда кроссинговер құбылысы болады. Хромосомдар жұбындағы екі сіңлілі емес хромосомдар өзара учаскелерімен алмасады.
- Диплотена жұптанған жіпшелер сатысы. Биваленттегі гомологиялық хромосомдардың бірбірінен ажырасуы жəне босауы басталады. Биваленттегі сіңлілі емес хроматидтер бірбірімен бірнеше нүктеде қосылып тұрады да хиазма деген қиылыстарды жасайды. Хиазмалар кроссинговер нəтижесінде пайда болады. Диплотенада хромосомдар спиральданып, ядрошықтар саны азаяды. Тек қана сарыуызды көп мөлшерде жинайтын жануарлар ооциттерінде хромосомдар босап «шам щеткасы» тəріздес пішінге айналып, РНҚ, белок синтезін күшейтеді. Бұл профазаның ең ұзақ сатысы. Мысалы «шам щеткасы» тəріздес хромосомдар насекомдарда бір жылға дейін, ал адамда 1250 жылға дейін сақталады.
- Диакенез хромосомдар ең күшті спиральдануға байланысты қатты қысқарып жуандайды. Биваленттер оқшауланады. Клеткада оларды санауға болады. Олардың саны гаплоидты болады. Ядрошықтар мен ядро қабығы жойылады. Осымен І профаза аяқталады.
Прометафаза І. Бөліну ұрығы қалыптасады.
Метафаза І. Биваленттер экватор аймағында жиналып экваторлық пластинканы құрайды.
Анафаза І. Гомологиялық хромосомалар мен хроматидтер ажырап қарсы полюстерге кетеді.
Телофаза І өте қысқа уақытқа созылады, үнемі цитокинез басталмайды. Бұл жағдайда екі гаплоидты ядро бір клетканың ішінде болады.
Интеркинез екі бөлінудің аралығы. Интерфазадан айырмашылығы хромосомдар екі есе көбеймейді, ДНҚның репликациясы болмайды.
Мейоздың екінші бөлінуі: профаза ІІ, метафаза ІІ, анафаза ІІ, телофаза ІІ — ден тұрады.
Мейоздың екі бөлінуі нəтижесінде 1 диплоидты клеткадан 4 гаплоидты генетикалық жағынан төрт түрлі клеткалар пайда болады.