Орталық Қазақстанда автоматика, есептеуіш техника, ақпараттық және басқару жүйелері саласындағы ғылыми мектептің қалыптасуы және дамуы профессор, техника ғылымдарының докторы Владимир Филиппович Бырькамен тығыз байланысты.
Барлық еңбек және ғылыми қызметін Бырька В.Ф. тау-кен өнеркәсібі үшін білікті инженерлерді даярлауға, шахталарды автоматтандыру мен телемеханикаландырудың ғылыми негіздерін әзірлеуге, кен өндіру кәсіпорындарында және өнеркәсіптің басқа салаларында өндірістік процестерді кешенді механикаландыру мен автоматтандыру құралдарын жасауға және ендіруге арнады.
Қарағанды ғылыми-зерттеу көмір институтының (ҚҒЗКИ) автоматика және телемеханика бөлімінің бастығы, өндірістік процестерді автоматтандыру кафедрасының меңгерушісі, Қарағанды политехникалық институтының ғылыми және оқу ісі жөніндегі проректоры, 170 ғылыми еңбектің және 30 өнертабыстың авторы, 30 ғылым кандидаты мен докторын даярлады, Еңбек Қызыл Ту орденімен екі мәрте марапатталды.
Бұл ресми өмірбаянының бірнеше жұпыны жолдары ғана, бірақ оларда ондаған жылдар бойы үздіксіз қарбаласқан, шығармашылық еңбек шоғырланған.
Владимир Филиппович Бырька1927 ж. 20 желтоқсанда Украинаның Луганская облысының Верхний қаласында туылған.
В.Ф. Бырьканың отбасы Украинада оккупацияда болды. Сол жерде 1942 ж. Владимирдің әпкесі Вера қайғылы жағдайға ұшырады. Он бес жастағы бозбала 1942 ж. Қызыл Әскер ұшағы қаланың үстінен тастаған листовкаларды жинағаны үшін гестапомен тұтқынға алынды. Володяның жолдасын атып тастағанда, оның тірі қалғаны таң қаларлық: ол үсті-басы көгеріп, өкпесіне суық тигізіп, үйіне оралды.
1943 ж. Батыс Донбасты оккупациядан босатқан соң Владимир БырькаЛисичанск тау-кен техникумына «Тау-кен электрмеханикасы» мамандығына оқуға түсті. Оны бітірген соң 1947 ж. Киев политехникалық институтының электрмеханикалық факультетіне түсіп, оны 1952 ж. «Тау-кен инженер-электр-механигі» біліктілігімен бітіреді.
Қабілетті студентке жұмыстары шахталар мен кеніштердің тұрақты қондырғыларының электр жетегіне арналған, белгілі ғалым-электрмеханик, профессор Е.Я.Иванченконың назары түседі, ол В.Бырькаға институттан кейін аспирантураға түсуді ұсынды. Аспирант В. Бырька жер асты шахта көлігін автоматтандыру проблемаларымен сәтті және мақсатты айналысты. Сол кезеңде туындаған шеткі автоматтар мен реле-түйіспелік сұлбалар теориясының бастамаларын меңгеріп, ол жарылыс қауіпті көмір шахталары жағдайларында электровоз көлігі үшін қолданылып жүрген сигнал беру, орталықтандыру және блоктау жүйелерін әзірледі.
1956 ж. аспирантураны бітірген соң В. Ф. Бырьканы Қарағанды тау-кен институтының ректоры Ә.С. Сағыновтың тапсырысы бойынша Қарағандыға жібереді, онда жас ғалым тау-кен электрмеханикасы кафедрасының аға оқытушысы лауазымына конкурс бойынша өтті.
1958 ж. мамырда ол Харьков тау-кен институтының Ғылыми Кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғайды, ал осы жылдың қараша айында ҚҒЗКИ институтының директоры Г.Е. Иванченконың ұсынысын қабылдап, салалық көмір институтына автоматика және телемеханика бөлімінің бастығы лауазымына ауысады.
Өмірінің 1958 жылдан 1966 жылға дейінгі кезеңі – салалық ҒЗИ-да жұмыс істеген жылдары, онда Владимир Филипповичтің ұйымдастыру таланты толығымен ашылды, теңдессіз инженерлік және ғылыми қабілеттері айқындалды. В.Ф.Бырька басқарған ҚҒЗКИ институтының автоматика және телемеханика бөлімі қысқа мерзім ішінде еліміздің тау-кен өнеркәсібінің дамуына маңызды үлес қосқан ғылыми жұмыскерлер мен конструкторлардың жемісті ұжымына айналды.
Жас, талантты инженерлер командасы Қарағанды шахталарын және еліміздің басқа көмір бассейндерін автоматтандыру және телемеханикаландырудың өзекті проблемаларын шешуге батыл кірісті. Қысқа мерзім ішінде олар патенттер, авторлық куәліктер, ХШЖК дипломдары берілген таң қаларлық ғылыми-техникалық нәтижелерге қол жеткізді. Ең бастысы, әзірлемелер өндіріске ендіріліп, техника-экономикалық нәтижелерге қол жеткізіле бастады. Бөлім бастығының еңбектері бірінші Еңбек Қызыл Ту орденімен атап өтілді.
Кейіннен оның шәкірттерінің ең үздіктері техника ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, өнеркәсіптің әр түрлі саласын автоматтандыру саласындағы ірі мамандар атанды. Олардың арасында Мұқанов Д.М., Когай Л.И. Ақылбеков З.Ж., Аракелов В.Н., Донис В.К., Зубов Б.С., Ибикус У.Ю., Карасёв Н.И., Кузьменко А.П., Ланге М.В., Левидов Ю.С., Маркус Г.О., Местер И.М., Новиков С.А., Протасов Е.Н., Ребров Н.И., Рогозов В.В., Савченко В.Л., Стройковский А.К. болды.
1966 ж. қазанда В.Ф. Бырька ректор Ә.С. Сағыновтың шақыртуымен Қарағанды политехникалық институтының «Өндірістік процестерді автоматтандыру»кафедрасына меңгерушісі болып ауысады, дәлірек айтқанда, қайтып келеді.
Педагогикалық және ғылыми ұжымды қалыптастырудағы күйбеңі көп, көзге көрінбейтін, күнделікті жұмыс қайта басталды. Кейіннен оның белгілі оқытушы, белгілі ғалым, маман болған көптеген шәкірттерікөшбасшыларының ізімен салалық институттан кафедраға ауысты.
Осы жерде олар институттың аса беделді мамандықтарының бірі болған, «Тау-кен автоматикасы» атауымен белгілі «Жер асты тау-кен жұмыстарын электрлендіру және автоматтандыру» мамандығы бойынша оқу-әдістемелік және зертханалық базаны құрды.
Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, оқу ісі жөніндегі проректор лауазымдары, онымен параллелькафедра меңгерушісінің жұмысы, докторлық диссертациясын сәтті қорғау және жаңа қамқорлықтар.
Бұл жылдары академик Ә.С. Сағыновтың басшылығымен институт бүкіл Одаққа танылды, академиктің жанында үнемі В.Ф. Бырька еңбек етті.
Профессор В.Ф. Бырьканың күшімен институт Қазақстандағы технологиялық және ұйымдастыру-экономикалық процестерді автоматтандыру проблемалары бойынша жоғары ғылыми білікті кадрларды даярлаудың жетекші ғылыми-әдістемелік орталығы болды. Осы кезеңде ЖОО электрондық-есептеуіш машиналардың бірыңғай модельдерінің базасында оқу және тәрбие процестерін компьютерлендірудің сол кездегі жоғары түріне қол жеткізді және республикада ақпараттық жүйелер мен технологияларды дамыту бойынша жетекші орынды иеленді.
В.Ф. Бырька көптеген жылдар бойы Қазақстанның жоғары мектебін басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің бас конструкторы болып табылды, ал институттың есептеу орталығы оның басшылығымен барлық пайдаланушылар үшін жоғары сенімділікті, өміршеңдікті және қолайлылықты көрсеткен, ұжымдық пайдаланудың ақпараттық аса жетілген жүйесі болды.
Проф. В.Ф. Бырьканың ғылыми жетекшілігімен 30 аспирант пен ізденуші кандидаттық және докторлық диссертацияларын орындап, қорғады. Оның Жоғары мектепті дамытудағы еңбегі екінші Еңбек Қызыл Ту орденімен атап өтілді.
Туған кафедрасы үшін де көп істер атқарылды. Кафедраның арнайы пәндер бойынша оқу зертханалары қосымша толықтырылды және жаңа зертханалар құрылды. Автоматтандырылған электр жетегі, микропроцес-сорлық және түрлендіргіш техника зертханалары ашылды. Қарағандыдағы тұңғыш дербес компьютерлер класы ұйымдастырылды. Құрылған оқу-әдістемелік және зертханалық база 1988 жылы жоғары білім мамандықтарының жаңа топтастырғышына сәйкес енгізілген, «Электр жетегі және өнеркәсіптік қондырғылар мен технологиялық кешендерді автоматтандыру» кең бейінді мамандығы бойынша инженерлер даярлауға ауысуға мүмкіндік берді.
Өндірістік процестерді автоматтандыру кафедрасының базасында осы уақыт кезеңінде ақпараттық-есептеуіш техника және автоматтандырылған ақпараттық жүйелер кафедралары құрылды, олар кейінірек құрылған ақпараттық технологиялар факультетінде негізгі кафедралар болды.
Денсаулығы нашарлап, демікпе ауруы мазасын алса да, институт пен кафедраның проблемалары үнемі басты орында тұрды. Владимир Филиппович өмірінің соңғы күніне дейін еңбек етті.
Оның артында шәкірттері – ғылым докторлары мен кандидаттары, өндіріс басшылары, кәсіпқой инженерлер, оның есімімен аталатын кафедрасы қалды. Қазіргі уақытта Владимир Филиппович Бырьканың көптеген шәкірттері мемлекеттік құрылымдарда, өндірісте, жоғары оқу орындарында жетекші орындарға ие. Кафедра түлектері Қазақстан мен Ресей кәсіпорындарында, АҚШ, Австралия, Германия, Израильдің ғылыми-зерттеу институттарында және ғылыми-өндірістік фирмаларда сәтті еңбек етуде.
Проф. В.Ф. Бырька атындағы «Өндірістік процестерді автоматтандыру» кафедрасы Қазақстанның білім беру кеңістігіндегі өзінің ұстанымдарын сақтады және нығайтты.
Кафедра бакалавриат пен магистратураның «Автоматтандыру және басқару» және «Электр энергетикасы» мамандықтары бойынша түлектер даярлайды, оның шеңберінде электрондық, микропроцессорлық және түрлендіргіш техника, электр жетегі, қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар, автоматтандыру құралдары мен жүйелері саласында терең білімді иеленген, кең бейінді мамандар даярланады.
Кафедра жанында «Электрэнергетикасы» мамандығы бойынша PhDдокторантурасы ашылған. Кафедра халықаралық білім беру жобаларына және ғылыми қызметке белсене қатысады. Меншікті әзірлемелер және әлемдік жетекші өндірушілер жабдықтарының негізінде теңдессіз оқу-зертханалық база құрылған, ол көптеген ұстанымдар бойынша ТМД аумағындағы ең үздік базалардың бірі болып табылады.
Профессор Бырьканың жетекшілігімен басталған Қазақстан Республикасында, ТМД-да және алыс шетелде танылған қызметтің әр түрлі салаларындағы интеллектуалдық ақпараттық технологияларға арналған аппараттық және программалық құралдарды құру бойынша жұмыстар сәтті дамып келеді.
Кафедра оқытушылары оқытуды, тәрбиелеуді, ғылыми жұмысты жүргізуді, өз әзірлемелерін өнеркәсіпке ендіруді жалғастырып келеді және олар үшін Владимир Филиппович Бырька үлгі-өнеге болады.