ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ МАТЕМАТИГІ Ә. Ә. ЕРМЕКОВТІҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ

Ә. Ермеков Томскінің технологиялық институтын бітіріп жоғары білім алған және жоғары математикадан алғашқы оқулықтың авторы болған қазақтың бірінші математигі еді.Әлімхан Әбеуұлы Ермеков Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Бөріктас елді мекенінде 1891 жылы дүниеге келген.

Ол 1920 жылы Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің қабылдауында болып, кеңейтілген мәжілісте – Қырғыз (Қазақ) өлкесіндегі жағдай, әсіресе, шекара мәселесі туралы мазмұнды баяндама жасаған. Ә.Ермеков өз баяндамасында патшалық билік кезінде жергілікті халық – қазақтардың ең шұрайлы деген жерлерінен айрылғанын, әсіресе Столыпин реформасы кезінде орасан зор зорлық-зомбылықты бастан кешкенін нақты деректермен мәлімдеп береді. Каспий теңізінің жағалауларындағы жетпіс шақырымдай жердің патшалық Ресейдің Астрахань губерниясының қарамағына өтіп кеткенін баяндайды. Ақыры, қарсылық білдіргендерге басу айтып, дауысқа салғанда аталған территория Қазақстан автономиясына беріледі. В. Ленин сияқты билік иесін Әлімхан Ермековтің асқан білімдарлығы қарсыластарын сендіре алар дәлелді тұжырымы, ой-сананың айрықша асқақтығы тәнті еткен болса керек.

1920 жылдың 26 тамызында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Социалистік Республикасын құру туралы декрет қабылданады, 12 қазанда Орынборда Бүкілқазақстандық кеңестердің бірінші съезі өтеді де, 1921 жылдың сәуірінде партияның Орталық Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлары кеңесінің жоғарыда аттары аталған жерлерді (Коростылев даласын, Семей, Ақмола облыстарын және Каспий жағалауындағы өңірді) Қазақстан құрамына беру туралы қаулысы шығады [1, 21 б.].

Осынау саяси әрі ауқымды да маңызды оқиғалардан кейін 1921 жылы ол оқуын тәмамдау ниетімен Томксіге оралады. Сол жылдары өкпе ауруына шалдыққан профессор М. Усовты белгілі дәрігер С.Адамовтың ақылымен профессордың үздік шәкірті Әлімхан Ермеков қазақ даласына шақырады, сапар барысында сырқатты қарап, ем қолдануды Әлекеңнің жары – Рахия Шагабетдинова өз мойнына алады. Оларды Ермековтің досы – геолог Н.Урванцев шығарып салады. М. Усовты Әлекең Баянауылға алып келеді, сол кезде небәрі 22 жастағы, ешқандай заңгерлік білімі жоқ болса да сот қызметін атқарып жүрген, ұлтымыздың болашақтағы ұлы перзенті – Қаныш Сәтбаевпен таныстырады. М.Усов пен Әлекеңнің ақыл-кеңесімен Қаныш Имантайұлының кейіннен Томск технология институтының Геология факультетіне түсіп, уақыт өте келе, Қазақстан ғылымын ұйымдастырушы, республика Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик, теңдесі жоқ ғылыми жаңалықтардың авторы болуы әу басында сол кезеңнің үлесіне тиетінін айрықша атаған абзал.

Әлімхан Ермеков өз бойындағы тағдыр сыйлаған білімі мен біліктілігін, қабілеті мен қарымын жаңа жағдайда жас буынды оқытып, тәрбиелеу ісіне жұмсаған ұлағатты ұстаз еді. Бұл ойымызға оның бар беделін салып жүріп, Қарқаралыда 1921 жылы екі сатылы мектеп пен педагогтік техникум ашқызуы дәлел бола алады. 1926 жылы Қазақ КСР-нің алтыншы шақырылған орталық атқару комитетіне мүше болып сайланады, 1929 жылы осы органның жетінші шақырылымына да мүше болады. Жоғары деңгейдегі білікті маман болғандықтан, Ташкенттегі жоғары педагогтік институтқа, сәл кейіннен Алматыдағы жоғары оқу орындарына ғылыми-педагогтік қызметке шақырылады.

Қазақ педагогикалық институты мен мемлекеттік университетте және Алматы зооветеринарлық институтында математика кафедраларының меңгерушісі қызметін істейді. 1935 жылы КСРО Жоғарғы аттестациялық комиссиясы Ә.Ермековке профессор ғылыми атағын береді. Математика ғылымы бойынша ұлтымыздың тұңғыш профессоры Алматы тау-кен-металлургия институтында жоғарғы математика және теориялық механика кафедрасын басқарып, жалпытехникалық факультетінің деканы қызметін қоса атқарады. Техника, математика саласы бойынша оның беріле еңбек етуі, ғылыми еңбектер жазуы осы кезеңге жатады. Қазақ тілінде ол оқулықтар мен оқу құралдарын жоғарғы математика пәні бойынша әзірледі, математикадан ғылыми терминология даярлаумен шұғылданды. Атақты «Ұлы математика курсы» оқулығы жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ тілінде жарық көрді. Негізгі бағыты сол кездегі оқу бағдарламаларына сәйкестендіріліп жасалғандықтан, бүгіндері сәл ескілеу көрінуі мүмкін, алайда бұл оқулықтың 1995 жылы қайта басылып шығуы көп нәрсені аңғартса керек. Оқулық жоғарғы математикадан шыққан тұңғыш кітап болғандықтан, Әлекең оның құрылымына анықтама теориясы мен сызықтық теңдеулер жүйесінен де хабардар ететін ілімдерді енгізген. Кітаптың ішіндегі ауыр болып көрінетін терминдер өте ұтымды әрі ұғымды тілмен берілген. Оқулықты кириллицаға көшірудегі доцент Нұрсағат Әділбековтің еңбегін айрықша атаған жөн [2, 21 б.].

Оқулық жоғарғы техникалық оқу орындарымен, техникумдарға арналып жазылғандықтан, ғылымның және практиканың әр түрлі саласында жоғары математиканың қолданылуы жағында көп көңіл бөлінген. Мысалы, функциялық тәуелділік ауа райын зерттеуге пайдаланылған. Сонымен қатар математикалық әдістері, формулаларды, тұжырымдарды механиканың, физиканың, медицинаның, ауыл шаруашылығының салаларында, тіптен күнделікті тұрмыста қалай қолдануға болатындығынан да көптеген мысалдар келтірілген. Оқулықтың тілі өте қарапайым, түсінікті, оның айқындығы және дәлдігі қызықтырады. Математикалық терминдердің қазақша баламалары өте сәтті шыққан, тіпті математикадан дайындығы аз адамдарда түсінетіндей етіп жазылған.

Жалпы, Ә.Ермеков үш рет тұтқындалған екен, 18 жыл бойы жазасын өтеу үшін арнайы лагерьлерде болған. Алғаш рет бұрынғы Алашорда үкіметінің вице-премьері ретінде 1932 жылы тұтқындалады. Негізінен, ұлтшылдық көзқарасы үшін 1926 жылдардан бастап-ақ саяси өмірге араласудан аластатылады. 1932 жылы Ә.Ермековті қызметте отырғанында кеңседе тұтқындайды да, Алматыдан Шымкенттегі арнайы пунктке жолау­шылар пойызымен аттандырады. Кейіннен 1956 жылы толық ақталысымен, ол кісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа сұранып, қабылдауында болады. Димекең жақсы қабылдап, Алматыдан үй бергізеді.

1932, 1938, 1948 жылдары Ә.Ермековтің тұтқындалуы, Краснояр өлкесіндегі Сібір аймағында лагерьде ұзақ уақыт саяси сенімсіз адам ретінде жазасын өтеуі осынау жанды еш қажыта алмағанын көруге болады. Иә, 1932 жылы тұтқында­лып, үш жылға сотталуы, 1938 жылы тағы да қамауға алынып, он жылға сотталуы, 1948 жылы үшінші рет тұтқынға алынып, он жыл мерзімге бас бостандығынан айрылуы оның жігерін жасыта алмады. Ә.Ермеков 1955 жылдың 1 қыркүйегінде ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшеновке жазған хатында өзінің нақақтан зардап шегіп тұтқындалғанын, Катков, Михайлов, Оспанов, Хамидуллин деген тергеушілердің адам төзбес күш қолданғанын, зорлық-зомбылықтың шектен тыс түрлерін пайдаланып, екі ай бойы қинағанын айтады. Өзінің Қарағанды қаласына бірінші рет айдаудан соң 1955 жылы келгенін айтады.

Осынау жан әлемі мейлінше таза, адами болмысына, ұлтына, халқына деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілік, мейірім мен қайырым дарып, берік орын алған адам туралы еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біршама еңбектер жарық көрген екен. Олардың қатарында Ө.Сұлтанғазин, Ш.Есенов, Ә.Сағынов, Д.Үмбетжанов, Б.Атшабаров, А.Лазуткин, Т.Әбдіразақов, А.Жұмасұлтанов, Ресей ғалымы Г.Сипайловтың, С.Бегалин, С.Торайғыров, Ж.Бектұров, М.Сәрсекеев, Ә.Әзиев, Қ.Өскембаевтардың жариялаған еңбектері бар [3, 2 б.].

Әлекеңнің ұлы, ұзақ жылдар бойы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде геология кафедрасын басқарған ғалым Мағауия Әлімханұлы Қарағандыдан 2000 жылы “Алимхан Ермеков: страницы жизни”, 2001 жылы “Мой отец – Алимхан Ермеков” деген кітапшалар шығарды. Әкесінің ұлағатты да өнегелі өмір жолын зерттеп, қағаз бетіне түсірген азамат өзінің де ат жалын тартып мінгеннен бастап, “халық жауының” перзенті болғандықтан, саяси сенімсіздіктің құрбаны болғанын тебірене жазыпты.

Социалистік Еңбек Ері, Қарағанды политехникалық институтын ұзақ жылдар бойы басқарған академик Ә.Сағынов Әлімхан Әбеуұлы жайлы құнды естеліктер қалдырды. 1955 жылы Қарағандыға келген Әлекең Қарағанды тау-кен институтына (кейіннен политехникалық институт болған) келіп, ректор Нұрмұхамедовке жолығады. Ректор оның өтінішін тыңдап, қызметке алуға уәде береді. Ұсынған қызметі – жоғарғы математика кафедрасының аға оқытушысы. Уәделі күні өтінішін жазып, институтқа келсе, жаңа ректор келіпті. Ол кісі Әбілқас Сағынов екен. Ол Ә.Ермековпен емен-жарқын әңгімелесіп, бірден қызметке қабылдапты. Күні кешегі “халық жауларын” жою науқанының дүмпуі әлі де болса басылмай тұрғанда, Әбілқас Сағынұлының бұндай батыл шешімге баруы да ерлікке пара-пар ғой. Оның оқыған дәрістеріне математиктер ғана емес, басқа мамандықта оқып жүрген студенттер де, тіпті басқа оқу орындарынан да шәкірттер мен оқытушылар, ересек адамдар келіп, тыңдаушы еді деп еске алады Ә.Сағынов.

1991 жылы Қарағанды политехникалық институтының жоғары математика кафедрасында Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің 100 жылдығына арналған ғылыми конференция болды. Конференцияға Әлекеңнің ұлы Қазақстан ғылым академиясының корреспендент мүшесі Мағауия Әлімханұлы Ермеков қатысып өзінің әкесі туралы ойларымен, оның өмір жолымен, істеген жұмыстары туралы естелік айтты. Кезінде политехникалық институтының жоғары математика кафедрасында Ә.Ә. Ермековпен бірге жұмыс істеген доценттер З.С. Гриншпун, С.С. Сағынтаевтар бірге қызмет істеген жылдарда Әлекеңнің жоғары мәдениетті, өте білімді және әрқашанда әділдікті жақтайтын адам болғаны жөнінде өздерінің естеліктерімен бөлісті.

1955-1968 жылдар аралығында политехника институтында қызмет еткен Әлімхан Әбеуұлы 1970 жылы ауыр науқастан қайтыс болады [3, 141-б.].

Ә.Сағынов қазақтың ұлы перзентімен қоштасуды өзі ұйымдастырады. Институтта қоштасу рәсімі өтеді. Баспасөзде қазанама жарияланады. Әбекең қаралы митингіні өзі кіріспе сөзбен ашып, туыстарын, Әлімхан Ермековті жетік білетін замандас достарын сөйлетеді. Жерлеу рәсімі біткеннен кейін іле-шала жоғарғы органдардан “осыншама ұлықтап жерлеуді неге ұйымдастырып жүрсіз? Бұрынғы Алашорда көсемін неге әспеттеп жүрсіз?” деген жанға тиетін ауыр сөздер де айтылды деп жазды Ә.Сағынов.

Әлімхан Әбеуұлы туралы қалам тербеген жандардың бәрі де бір ауыздан оның әділетсіздікке төзбейтін, принципшіл, өзгеге қайырымдылық жасауға даяр тұратын тектілігіне және адамзат баласы ойлап тапқан барша ғылымнан хабары бар энциклопедиялық біліміне, ұлтым, халқым деп соққан жүрегіне тәнті болады.

Қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде мемориалдық тақта бар. Қарағанды қаласының басты көшелерінің біріне Ә.Ермековтің есімі берілді. Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды танымал азаматтың бастамасымен Ермеков атындағы көшеде орналасқан «Кітаптар үйі» ол кісінің есімін иеленді. Елі еріне осылайша құрмет көрсетуде.

Әлімхан Ермековтың немересі – Олег Мағауияұлы техника ғылымдарының кандидаты, геофизика саласында жемісті жұмыс бастап, Қарағанды политехникалық институтында сабақ берді. Облыстық экономика басқармасын басқарды, кейін кәсіпкерлікке ауысып, бүгінгі күні білім беру компаниясына жетекшілік етеді. Ол өзінің ұлымен әлемнің түрлі елдерінде тіл үйрету курстарын ұйымдастыруда.

Айтар ойға айқындама

Сұлтанмахмұт Торайғыров:

Қазақта мұндай жігіт көрмедім деп,

Ардақты қарт Потанин лепес еткен…

Меніңше, Ермеков деген бала,

Ұқсайды ұшқыр қыран-қаршығаға…

Марат Ескендірұлы, ғалым, мұрағаттанушы:

— Әлімхан Ермеков туралы кезінде «Қазақ» газеті «Технологический институтқа асқан зеректер ғана түседі. Әлімхан білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі азамат» деп үкілі үмітпен зор баға берген еді. Ол осы сынға әбден лайықты болды, 1920 жылы 17 тамызда В.И.Лениннің төрағалығымен өткен Халық Комиссарлары Кеңесі мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы баяндама жасады, нәтижесінде республикамыздың шекаралық тұтастығын қорғап, отаршыларға тойтарыс бере отырып қалпына келтіріп, заңды құжатпен бекіттірді. Ә.Ермеков сонымен бірге, ұланғайыр жеріміз бен еліміздің ертеңгі иесі білімді жастар екенін түсініп, терең күрес жүргізді, барша ғылымның патшасы саналған математиканы халқымызға жақындатты, сол арқылы ұлттық ой-сананы жаңа кезеңге көтеріп тастады.

Ибатолла Арыстан, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, профессор:

— Математика — қиын пән. Құпиясы терең. Ал Әлімхан ағаның түсіндіруі арқылы оған ынтамыз аса оянды. Бұл ілімнің тарихы, тіпті кейбір теоремалардың қалай пайда болғандығына дейін айтып, сабақтарды қызғылықты ете түсетін. Біз ол кісінің халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткенін, ұлттық математиканың негізін қалаушы екенін көп жылдардан соң барып білдік. Қуғын-сүргін зардабымен арпалыса жүріп «Ұлы математика курсы» оқулық кітабын жазғанын тәуелсіздік таңы атқанда ғана естідік. Кітапта жоғары математика элементтері аса қарапайым, жеңіл тілмен түсіндіріледі, автор тілінің айқындығы, теориялық топшылаулары, есептердің шығарылу дәрежесі, келтірген мысалдары үйренушіні баурап алады.

Әділбек Нұрсағат, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, профессор:

— Ә.Ә. Ермековтың 100 жылдығы сол кездегі политехникалық институтының Жезқазғандағы филиалында атап өтілді. Сол конференцияда мен Әлекеңнің 1935 жылғы Латын әріптерімен жазылған «Ұлы математика курсы» деген қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқулығын орталық архивтен тауып, академик А.Сағыновтың көмегімен қазіргі қолданылып жүрген қазақ альфавитінде қалай аударғаным жөнінде әңгімеледім. Қазақ топрағында алғаш ана тілімізде дүниге келген бұл ғажап оқулық, әрине, еш уақытта өзіндік тарихи маңызын жоймайтын, ірі оқиға болып табылады.

Тағы бір ерекшелігі, кітаптағы жоғары математика элементтері аса қарапайым, жеңіл тілмен және терең ұғымды, кең ауқымды түсіндіріледі. Жаңа ұғым, ережелерді талдағанда, автор өз тәжірибесінен жинақталған тәсілдерді молынан қолданады. Кітапты жаңадан баспаға дайындаған кезімізде, Советтік және әлемдік математика ғылымындағы қалыптасқан терминдер, теңдеулер, формулалар тиісінше енгізілді. Бұрынғы латын әрпінен бүгінгі алфавитімізге көшірілгенде, оның мазмұнына ешқандай нұсқан келмеуі ескертіледі. Бастапқы басылымдағы әріптен, емледен, жеке сөздер мен сөйлемдерден кеткен қателердің баршасы түзетілді, кейбір тұжырымдардың ғылыми ұғымдық жағы бір ізге келтіріледі.

Стилдік ерекшеліктері де жете сақталды. Мұның өзі қазіргі кезде, ана тілімізде жазылған оқулықтарға зәру кеземізде, бұл оқулықтың аса пайдалы екендігіне күмән келтірмейді. Сонымен қатар ана тілімізде оқулықтар жазып жүрген оқымысты оқытушыларымыз үшін де үлгі бола алады.

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – білім мен өнерге ерте қол созған, әйгілі ғалым, парасатты педагог, ірі қоғам қайраткері әдебиет және мәдениеттің үлкен жанашары.