Шыңғысхан басқарған моңғол мемлекеттінің құрылуы мен нығаюы.
Монғол және түрік тайпалары арасындағы үздіксіз соғыстар нәтижесінде ХІІ ғ. соңы мен ХІІІ ғ. басында Монғол мемлекеті пайда болды. Қазіргі Монғолияның жерінде ХІІІ ғ. басында Керей, Найман, Жалайыр хандықтарының шекарасына іргелес жатқан монғол тайпалары бірде тату, бірде араз өмір сүрген. «Монғолдың құпия шежіресінде» Керей мен монғол тайпаларының арасында жақсы қарым-қатынас орнағандығы айтылады. Бұл қатынас әсіресе, керей ханы Торының келешек Монғол қағаны Шыңғысты тәрбиелеуге көп еңбек сіңіргенінен айқын көрінеді.
Монғол империясының шаңырағын көтерген Шыңғыс хан (шын аты Темүжін) 1155 жылы (кей деректе 1162 жылы) Монғолияның Кендітау аймағындағы Онон өзенінің жағасындағы Болдоң деген жерде монғолдың қият-бөржигин тайпасының көсемі Есугей баһадүрдің отбасында туған.Темүжін 9 жасқа келгенде әкесі татарлар қолынан қаза табады.
20 жылға созылған күрес нәтижесінде 1206 жылы Онон өзенінің жағасында өткен жалпы моңғол құрылтайы Темучинді ең жоғары билеуші етіп сайлап, Шыңғысхан деген атақ берді.
Монғол мемлекетін Шыңғыс хан жеке басқарды. Жанында жаза білетін және басқа елдердің тілін түсінетін уәзірлері болды. Ол империяны 95 түмен әкімшілік билікке бөлді. Әр түменде 10 мыңнан адам болды. Түмендер аймаққа бөлінді. Әрбір мыңдық он жүздіктен, жүздіктер ондықтардан тұрды. Әскери басқару жағынан Монғолия аумағы мен халқы үш әкери-әкімшілік аймаққа бөлінді: 1. Оң қанат (Барұңғар); 2. Сол қанат (Жоңғар); 3. Орталық қанат (Кул).
Шыңғыс хан әскер ішінен таңдаулы, ең сенімді бір түменін империяның басқару жүйесін қорғауға қойса, оның ішінде тағы бір ең таңдаулы мыңдықты өз жеке басын қорғайтын жасауыл ( монғолша «кешіктен») етіп алды. Мемлекеттің басты заңы «Жасақ» (Яса) деп аталды. «Жасақ» бойынша өкімет билігінің жоғарғы органы құрылтай болды. Ол жылына бір рет жазда шақырылды. Онда басты мәселе – алда болатын соғыстың жоспары талқыланды.
Шыңғысханның Орта Азия мен Қазақстан аумағын жаулап алуы. Ұлыстардың құрылуы. (1219-1224 жж.)
Шыңғыс хан керей, найман хандықтары сияқты Монғол жеріндегі түркі тілдес халықтарды қол астына қаратқан соң, көрші елдерді жаулап ала бастайды. 1207-1208 жж. үлкен ұлы Жошы Енисей қырғыздары мен Сібір халықтарын басып алады. 1207-1209 жж. Шыңғыс хан Таңғұт хандығын, Тұрфанды, Шығыс Түркістандағы ұйғырларды бағындырады. 1211-1215 жж. Солтүстік Қытайды астанасы Пекинмен қоса басып алды. Солтүстік Қытайды жеңген Шыңғысханның алдында Орталық Азияның ең қуатты мемлекеттерінің бірі — Хорезмшақ иелігі тұрды. 1218 ж. екі мемлекет аралығындағы дипломатиялық келісімге қарамастан, сол жылы Отырардағы сауда керуенін Қайыр ханның қырып тастауын сылтау етіп, 1219 ж. қыркүйекте Шыңғысхан соғыс ашты. 150 мың әскерден құралған үлкен қол Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды. Шағатай мен Үгедей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскерлер Сырдың Төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады. Шыңғыстың туыстары бастаған үшінші топ Сырдың жоғарғы ағысындағы қалаларды алуға, ал Шыңғыс ханның өзі мен кіші ұлы Төле Самарқан, Бұхара қалаларын алуға аттанады.
Оңтүстік Қазақстанның қалалары монғолдарға қарсы ерлікпен қарсыласты. Отырар қаласы алты ай бойы берілмеді. Тек Хорезмшах көмекке жіберген Қараша хажиб монғолдарға беріліп, қақпаны ашқаннан кейін ғана жеңіліске ұшыраған. Сығанақ қаласы 7 күн бойы, Ашнас қаласы 15 күндей берілмеген. Алайда жергілікті халықтар ерлікпен күрескеніне қарамастан монғолдар 1219-1220 жж. Сыр бойы қалаларын түгелімен жаулап алады. Жергілікті халықтың қарсылығын басу үшін Шыңғысхан жаппай қырып-жою, зорлық-зомбылық әдістерін қолданды. Отырардың билеушісі Қайырхан 80 мың әскермен қаланы бес ай бойы қорғап, қақпа ашылған соң монғолдар қаланы тағы бір ай бойы тонап, жермен-жексен етті. Жеті күн берілмеген Сығанақтың халқы түгел қырылды. Жент, Баршынент, Үзгенд қалаларыда жаппай тонауға ұшырады. 1219-1224 жж. аралығында Қазақстан мен Орта Азия иеліктерін түгелімен жаулап алды.
Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін төрт ұлына енші етіп үлестірді. Қазақстан жері оның үш баласының қол астына қарады. Бөліп берілген жерлер ұлыс деп аталды. Жошы ұлысына Ертіс өзенінен батысы Еуропа жерлеріне дейінгі ат тұяғы жететін жерлердің бәрі қарайтын болды. Орталығы бір деректе Ертісте, бір дерек бойынша Орталық Қазақстан жеріндегі Кеңгір өзенінің бойында болды. Шағатай ұлысына Жетісу жері, Оңтүстік Қазақстан, Мауереннахр және Қашқария жері тиді. Орталығы – Алмалық.. Үгедей ұлысына Батыс Монғолия мен Алтай, Тарбағатай, Ертістің жоғары ағысындағы жерлер қараған. Ол ұлы хан атанғаннан кейін Орхонда, Қарақорымда тұрған. Кіші ұлы Төле қара шаңырақ – Монғолияның өзін мұраға алған.
Шыңғысхан шапқыншылығы елге үлкен қайғы-қасірет әкелді. Өркениет деңгейіне жеткен қалалар, мәдениет ошақтары күйреді. Қазақстан тайпаларының этносаяси бірігу процесі шегеріліп, рухани жетістік монғолдардың артта қалған қарабайыр шаманистік жүйе қарамағында қалды. Мемлекет дамуындағы тиімді әкімшілік жүйесі әскери әкімшілік жүйесімен ауыстырылды. Қарахан кезеңіндегі әлемдік биікке көтерілген ғылыми дамудың тамыры қиылды. Діни тұрғыда білімнің дамуымен қоғамдық сапаны жаңа белеске көтерген ислам діні шаманизм бұғауына түсіп бұрмалануға ұшырады. Монғолдар енгізген шамандық діни салттардың жаңғырығы бүгінде өмір сүруде. Суландыру жүйесі дамыған жер шаруашылығы да монғол атының тұяғына тапталды.
Дегенмен, монғол шапқыншылығы қарсаңында әлеуметтік-экономикалық және мәдени жетістік қирап, күйрегеніне қарамастан, шапқыншылықтан кейінгі бой көтерген жаңа мемлекеттердің дамуына негіз қалады.