Жерінің ауданы – 301,3 мың км2
Халқы -58 млн адам
Астанасы –Рим
Мемлекеттік құрылымы – парламенттік республика
Мемлекет басшысы – президент
Заң шығарушы органы – парламент
Мемлекеттік тілі – итальян тілі
Ақша бірлігі –еуро
Италия – жоғары дамыған индустриялы – аграрлы ел, ол дүниежүзілік өндірістегі үлесі жөнінен алғашқы ондыққа енеді. Шаруашылық мамандануы мен экономикалық — әлеуметтік даму деңгейі жөнінен елдің солтүстігі(индустриялы солтүстік) мен оңтүстігі ( аграрлы оңтүстік) елеулі айырма жасайды.
Бұл аймақтың сәйкессіздікке, ең алдымен тарихи- географиялық фауторлар себепші болған. Еуропаның алдыңғы қатарлы дамыған елдерімен көршілес орналасқан Солтүстік Италия өзінің даму қарқыны жөнінен олардан кем түспейді. Сыртқы экономикалық байланыстарының күштілігі ауданның шаруашылық құрылымының күрделенуіне де әсерін тигізген. Оңтүстік Италия салыстырмалы түрде нашар дамыған елдермен көршілес орналасқандықтан және Солтүстікпен теңестіруге бағытталған арнайы экономикалық саясат жүргізілмегендіктен артта қалып отыр.
Италия экономикасының жетекші саласы болып табылатын өнеркәсіптің үлесіне ұлттық жиынтық өнімнің 28 пайызы және жұмыс істейтін халықтың 2/5 бөлігі тиесілі. Ел өнеркәсібінің өзіндік даму және мамандану ерекшеліктері бар.елде маман жұмыс күшін қажет ететін, шикізат пен отынды аз жұмсайтын өнеркәсіп салалары жедел дамуда, олар жаппай өнім шығаруға маманданған. Сонымен қатар батыс Еуропаның басқа елдеріне қарағанда ел өнеркәсібінде шағын кәсіпорындар басым; олардың жалпы саны 4 мыңға жуықтады. Ел экономикасында олардың айрықша орны бар: шағын кәсіпорындар жалпы өнеркәсіп өнімінің 60 пайызын береді, олардың үлесіне жұмыс істейтіндердің 73 пайызы тиесілі.
Жергілікті минералды ресурстардың жетіспеушілігіне байланысты өңдеуші өнеркәсіп сырттан әкелінетін шикізатқа негізделген. Бұл әсіресе отын – энергетика өнеркәсібінде айқын байқалады. Мысалы, Италияның мұнай өңдеу өнеркәсібі Еуропадағы осы саладағы аса күшті дамыған өндіріс болып табылады. Мұнай Жерорта теңізі арқылы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінен әкелінеді. Сондықтан тұтыну көзіне жақын орналасқан зауыттарға мұнай күшті тармақталған құбырлар арқылы жеткізіледі. Табиғи газға сұраныс жыл сайын артып келеді.
Сондықтан жергілікті газ қорымен қатар, Солтүстік Африка, Нидерланд және Ресейден тасылатын газ кеңінен қолданылады. Электр энергетикасы құрылымында жылу электр станцияларының үлесі артуда (70 0/0). Ең ірі су электр станциялары Альпіде салынған. Елде атом және геотермалдық электр станциялары да бар, олардың үлесі әзірше мардымсыз.
Өнеркәсіп салаларының сырттан әкелінетін шикізатқа тәуелділігі олардың орналасуына тікелей әсер етеді. Мысалы, елдің қара металлургия кәсіпорындары көбінесе ірі порттар маңына немесе тұтыну көзіне шоғырланады. Өндіріске қажетті темір кенінің 900/0-ы , металл сынықтарының 75 0/0-ы, марганец кенінің 2/3 –сі сырттан әкелінеді. Кокстелетін көмір түгелімен шеттен, көбінесе АҚШ – тан сатып алынады. Соған қарамастан болат балқытудан Италия батыс еуропа елдері арасында Германиядан кейін екінші орын алады.
Түсті металлургия өндірісінің жергілікті шикізатқа негізделген салалары (алюминий, қорғасын, мырыш, сынап өндіру) едәуір жақсы дамыған. Мырыш өндірісі энергияны көп қажет ететіндіктен, көбінесе ірі электр станциялары маңына орналасқан. Соңғы жылдары қоршаған ортаға зиянды әсері күшті болғандықтан Италия өзіндегі мол киноварь (сынап алынатын шикізат) кен орындарын толық дәрежеде пайдалан алмай келеді. Осы себепті сынап өндіруден Испания алға шығып кетті. Магний өндірісінен Италия алдыңғы орындардың бірін алады.
Өнеркәсіп өндірісінде ауыр индустрия басым, оның басты саласы – машина жасау. Бұл сала өңдеуші өнеркәсіп өнімінің ¼ береді және жұмыс істейтіндер саны жөнінен бірінші орын алады. Машина жасау өнеркәсібі елдің машиналарға деген сұранысын толығымен дерлік қамтамасыз ете алады. Әсіресе автомобиль жасау күшті дамыған. Италия – дүниежүзілік нарықтағы аса ірі автомобиль шығарушы ел. Бұл саладағы жетекші орынды Италиядағы ең қуатты жеке меншік фирма болып есептелетін « Фиат» концерні алады. Дүние жүзіндегі аса ірі компаниялар қатарына жататын бұл автомобиль концернінің зауыттары ел аумағында шашырай орналасқан. Мұнда жеңіл автомобильдерменқатар жүк машиналары, автобустар, электровоздар, трамвай, троллейбустар, тракторлар жасалады. Еуропаның автомобиль нарығының 13 0/0— ына жуығына бақылау жасайтын « Фиат» кәсіпорындары, негізінен, Турин қаласы мен оның маңында шоғырланған. Милан, Турин, Больцано, Моден қалаларында, Неаполь маңында «Феррари», «Мазерати», «Ланча» автомобиль фирмаларының зауыттары орналасқан. Италияда жылына 1,5 млн жеңіл автомобиль жасалады.
Бірқатар тарихи – географиялық себептерге байланысты елде кеме жасау күшті дамыған. Бұл саладағы монополист – « Италкантьери» компаниясы, оның үлесіне өндірістің 90 пайызы шоғырланған. Кеме жасау кәсіпорындары Адриат теңізі жағалауында (Триест, Венеция, Анкона), Лигурия жағалауында (Генуя, Мессине, Ливорно) және Неаполь, Таранто, Палермода орналасқан.
Италияның машина жасау саласы әр түрлі өнеркәсіп салаларына қажетті машиналар мен жабдықтарды жасауға да маманданған. Әсіресе пластмасса өңдеу мен резеңке өндіру, тоқыма, аяқкиім, тамақ өнеркәсібі мен полтграфияға қажет жабдықтарды жасау елдің халықаралық дәрежеде маманданған саласы болып табылады. Италияның үлесіне дүниежүзілік станок өндірісінің 8 пайызы тиесілі. Кеңсе құрал – жабдықтарын шығаратын « Оливетти» фирмасының өнімдері дүние жүзінің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстан тұтынушыларына да танымал. Құрал – жабдық шығаратын кәсіпорындардың басым көпшілігі өнеркәсіпті Солтүстік Италияда шоғырланған.
Химия өнеркәсібі сырттан әкелінетін (мұнай, табиғи газ, фосфорит, күкірт, целлюлоза) және жерігілікті шикізатқа негізделген. Мұнай химиясының ірі кәсіпорындары солтүстікте шоғырланған. Елдің оңтүстігіндегі Приоло, Неаполь, Кальяри қалаларында да ірі комбинаттар салынған. Мұнай химиясының өнімдері де алуан түрлі. Әсіресе пластмасса, химиялық талшықтар жасаудан Италия дүниежүзілік нарықта елеулі орын алатын болды. Резеңке бұйымдарын шығаратын «Пирелли» бірлестігінің өнімдері дүние жүзіне әйгілі, оларды Қазақстаннан да кездестіруге болады. Италияның лак – бояу өндірісі мен фармацевтика өнеркәсібі де Еуропа елдері аарсында айрықша көзге түседі. Сонымен қатар байырғы салалардың бірі – гүлдер мен жемістерден табиғи эссенциялар мен эфирлі майлар алу жоғары дәрежеде дамыған.
Италия экономикасының дамуы үшін сыртқы экономикалық байланыстардың маңызы аса зор. Италияны дүниежүзілік сыртқы саудадағы үлесі 6 пайызды құрайды. Елдің сыртқы саудасының басым бөлігі ЕО елдеріне, соның ішінде, ең алдымен, Германия, Франция, Ұлыбританияға, (40 пайыз) бағдарланған. Италияның сыртқы сауда айналымындағы АҚШ тың үлесі жыл сайын кеміп келеді, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 7 пайызға тең.Елдегі жұмыс істейтіндер саны жөнінен машина жасау саласынан кейінгі екінші орынды алатын тоқыма өнеркәсібі байырғы өнеркәсіп саласы болып табылады.Негізінен, мақта, жүн, жібек, зығыр, кендір және химиялық талшықтардың мата және жіп, тоқыма бұйымдары өндіріледі. Италия аяқкиім өндіру жөнінен АҚШ – тан кейінгі екінші орын алса, оны экспортқа шығарудан бірінші орын алады. Италия аяқкиімдері өзінің сапасымен және әдемілігімен көптеген елдерден, соның қатарында Қазақстаннан да өз тұтынушыларын тапқан. Жоғары сапалы дайын киім – кешек шығаратын «Бенеттон» фирмасының дүкендері әлемнің 110 елінде бар. Қазіргі кезде Рим қаласы Парижбен қатар әлемдік сән орталығына айналып отыр.
Елдің тамақ өнеркәсібі ұн тарту, әйгііл макарон өндірісі мен қант, балық және жеміс консервілерін жасау, ірімшік өндірісіне маманданған. Италия дүние жүзінде өндірілетінзәйтүн майының 1/3 бөлігін өндіреді. Ел өнеркәсібі, сондай –ақ қымбат жиһаз және зергерлік бұйымдар жасаудан да айрықша көзге түседі.