Лотарингия темір кені алабының қорын пайдаланатын қара металлургия өнеркәсібі ХХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап дағдарысқа ұшырады. Оған Еуропа мен дүние жүзі нарығында қуатты бәсекелестердің (Бразилия, Шығыс Еуропа елдері, Корея және т.б.) пайда болуы әсер етті. Еуропалық Одақ шеңберінде өнеркәсіптің осы саласын дамытуға бағытталған шаралар нәтижесінде өндірісті неғұрлым тиімді ұйымдастырып, қайта жабдықтауға мүмкіндік туды. Орталық аудандардағы тиімсіз кәсіпорындар жабылып, негізгі металлургиялық кешендер солтүстіктегі Дюнкерк маңы мен Лотарингиядағы Мозель өзені аңғарында шоғырланған. Қазіргі кезде елде жылына 19 млн т болат өндіріледі.
Алюминий өндіріснде де аумақтық өзгерістер болды: бұрын олар, негізінен, Альпі мен Пиреней аудандарындағы су электр станциялары маңында орналасса, қазіргі кезде шеттен әкелінетін шикізатты қабылдап алатын портты қалаларға көшірілген.
Құрамына тоқыма, бояулар жасау, кілем тоқу, еден төсеніштерін шығару өндірісі енетін Францияның мата өнеркәсібі дүние жүзіндегі жетекші орнын жоғалтқан жоқ. Бұл салада әсіресе жүн маталарын шығарудан дүние жүзінде бірінші орын алатын « Шаржер – текстиль», мақта маталарын шығаруға маманданған DMC компаниялары көзге түседі. Қазіргі кезде сырттан әкелінетін жүн мен мақтадан басқа, бұл кәсіпорындарда жасанды талшықтар да кеңінен пайдаланылады. Негізгі орталықтары – Мюлуз, Труа, Лион және Париж маңы.
Отын – энергетика саласы жергілікті ресурстар мен сырттан әкелінетін шикізат негізінде дамуда. Елдегі барлық дерлік елді мекендер электрлендірілген. Жылына әр тұрғынға 4 мың кВт/ сағ электр энергиясынан келеді. Аса ірі СЭС – тер Рона өзені бойында салынған. Мұнай мен газдың жергілікті кен орындары елдің қажетін қамтамасыз ете алмайды, сондықтан Норвегия мен Нидерландтан, Алжирден газ, ал Сауд Арабиясы мен Орта Шығыс елдерінен мұнай сатып алынады. Энергетикалық шикізаттың қымбатқа түсуі елде атом өнеркәсібін елеулі түрде дамытуға себепші болды. Атом энергиясын өндіру жергілікті уран кендері мен Африка елдерінен әкелінетін шикізатқа негізделген. Қазіргі кезде АЭС – тер үлесіне елде өндірілетінэлектр энергиясының ¾ бөлігі тиесілі, 13 пайызын су электр станциялары, ал 11 пайызын жылу электр станцияларында өндіруде.
Машина жасау өнеркәсібінде көлік қатынасындағы машиналар мен электр техникасын жасау салалары күшті дамыған. Дүниежүзілік автомобиль өндірісінің дамуында елдің айрықша орны бар. 1898 жылы ағайынды Рено негізін салған фирма алғашқы автомобилін жасап шығарған болатын, арада 15 жыл өткен соң бұл шағын кәсіпорын алуан түрлі машина шығаратын аса ірі концернге айналды. Қазіргі кезде бұл концерн мемлекеттік болып саналады. Мұнда жүк автомобильдері, автобустар, ауыл шаруашылығы машиналары, сондай – ақ кемелер мен ұшақтардың қозғалтқыштары жасалады. Францияда жылына 3,5 -4 млн автомобиль жасалса, соның 9/10 бөлігі жеңіл көлік болып табылады. Қазіргі кезде жеңіл автомобильдер, негізінен, «Рено» кәсіпорыны мен жеке меншік «Пежо – ситроен» концернінде жасалады. Француз компаниялары дүние жүзінің 30 елінде автомобиль тетіктерін жинайтын зауыттар ашқан. Елде жасалған автомобильдердің 60 пайызы шетке шығарылады. Көбінесе француз жеңіл көліктерін Португалия, Испания, Бразилия және Оңтүстік – Шығыс Азия елдері сатып алады.
Химия өнеркәсібі елде ХХ ғасырдың екінші жартысында жедел дами бастады. Оған осы сала өнімдеріне деген сұраныстың артуы және мұнай мен газдың тас көмірді ығыстыра бастауы әсер етті.
Қазіргі кезде химия өнеркәсібі өнімдерінің көлемі жөнінен Франция дүние жүзінде төртінші орын алады. Негізгі химияның кәсіпорындары көбінесе шикізат көзінде (Эльзаста – калий тыңайтқыштары, Лотарингияда – тұздар және т.б.), ал сырттан әкелінетін шикізатты пайдаланатындары портты қалаларда орналасқан. Мұнай химиясындағы аса ірі компаниялар – «КФП – Тоталь» және «Эль – акитен».
Табиғи газды өнеркәсіптік өңдеу саласында дүние жүзінде алдыңғы орын алатын «Эр ликит» компаниясының 50 шақты елде өз кәсіпорындары бар.
Өнеркәсіптің жаңа салаларының дамуы ХХ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Олардың қатарына аэроғарыштық, электр техникасы мен электроника салалары жатады. Соңғы жылдары ғылыми – зерттеу жұмыстарына жұмсалатын шығынды азайту және халықаралық нарықтағы бәекеге төтеп беру мақсатында еуропалық Одақ аясындағы ынтымақтастық артып келеді. Оның айқын мысалы ретінде Франция, Ұлыбритания, Германия қатысқан «Аэробус» А -300 аэробусы осы ынтымақтастықтың нәтижесі деуге болады.
Аэроғарыштық өнеркәсіптің кәсіпорындары Париж округі мен Тулуза, Бордо қалаларында орналасқан. Оның өнімдерінің жартысы экспортқа шығарылады. Мемлекеттік «Аэроспасьяль» және «Снекма» компаниялары шетел компанияларымен бірге ішкі әуе тасымалына пайдаланылатын «Каравелла», «Конкорд» реактивті ұшағын және тікұшақтар жасайды. Сонымен қатар дүние жүзінің көптеген елдері Францияның «Мираж», «Мистер», «Рафаль» тәрізді әскери ұшақтарын сатып алады. Ғарыштық техника жасау бағытында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Электротехника және электроника саласы автоматтандырылған басқару жүйелері мен телекоммуникация құралдарынан бастап, тұрмыстық техникаға дейінгі алуан түрлі өнімдерді шығарады. Бұл саланың кәсіпорындары барлық ірі қалаларда және Шебур, кан, Тур тәрізді «маманданған» шағын қалаларда бар. Электронды техника жасау саласында «Томсон» телекоммуникация саласында «Алькател – Альстом» электр құралдарын жасауда «Легран» фирмалары жетекші орын алады.
Франция экономикасы дүниежүзілік шаруашылықтың ажырамас бөлігіне айналған. Сыртқы сауда экономикалық өрлеуге негіз болып отыр, оған оң сальдо тән.
Экспорт көлемі жөнінен ел Батыс Еуропада тек германияны ғана алға салады., Францияның сыртқа шығаратын тауарларының жалпы құны дүниежүзілік тауар экспортының 5,1 пайызын құрайды. Экспорт құрылымында машиналар мен жабдықтар (43пайыз)және ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізаты (20) басым болып отыр.
Соңғы жылдары әскери техника мен қару – жарақты сыртқа сату жөнінде АҚШ – тан кейінгі екінші орынға шықты. Жалпы, сыртқа шығарылатын өнімнің 60 пайызы ЕО елдеріне жөнелтіледі, басты сауда әріптесі – германия, Франция, негізінен, технологиялық жетістіктер (патент, лицензия) сатып алады. Импорт көлемі жөнінен Франция Жапониямен қатар АҚШ, Германиядан кейінгі үшінші орынды бөліседі.
Француз іскер топтары батыс Еуропа елдері мен Африканың дамушы елдеріне қаржы экспортын жүзеге асырады. Өз кезегінде, француз экономикасында АҚШ, Жапония, ЕО елдерінің қаржысы айналымға түседі.
Шетел қаржысы , негізінен ең жаңа, даму мүмкіндігі зор салаларға тартыған. Сыртқы экономикалық байланыстарда дамушы елдерге экономикалық көмек айрықша орын алады.
Франция – халықаралық туризм орталығы. Қазіргі кезде Франция жылына 77 млн – дай шетел туристерін қабылдайды. Елдің сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуда туризмнің маңызы зор.