Дүниежүзілік шаруашылықтың даму кезеңдері

Дүниежүзілік шаруашылық – халықаралық экономикалық қатынастардың обьективті негізі және маңызды бөлігі. Халықаралық экономикалық қатынастар (ең алдымен сауда – саттық қатынастары) дүниежүзілік шаруашылық қалыптасқанға дейін де бар болған. Мысалы, Ұлы Жібек жолын, Еуропа мен Солтүстік Африка, Еуропа мен Таяу Шығыс елдері арасындағы сауда қатынастарын атасақ та жеткілікті. Бұл қатынастар мемлекетаралық, аймақаралық сипатта болды. Ал, дүниежүзілік шаруашылықтың пайда болуына байланысты халықаралық экономикалық қатынастардың да қызмет ауқымы кеңейіп, тереңдеп әлемдік сипатқа ие бола бастады. Халықаралық экономикалық қатынастар өзінің дамуы үшін дүниежүзілік шаруашылыққа “қарыздар” деп те айтуға болады.

Халықаралық экономикалық қатынастардың қалыптасып, орнығуы оны өз заңдары, қызмет ету нысандары, ішкі механизмдері бар дербес құбылысқа айналдырды.

Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық рыноктың экономикалық обьективті заңдарына негізделген, өзара байланысты және бір – біріне тәуелді ұлттық экономикалардың жиынтық әрекеттерін көрсететін экономикалық организм.

Өзінің қалыптасу және даму жолдарында дүниежүзілік шаруашылық ұзақ “ тар жол, тайғақ кешулерден” өтті. Мысалы, Рим империясының өзі сол кездегі дүниежүзілік шаруашылықтың сипатында болды, — деп есептейтін зерттеушілер бар.

Тағы бір ғалымдар дүниежүзілік шаруашылықтың қызметі ұлы географиялық жаңалықтар ашу ғасырларында (XV-XVIғғ.) басталғанын дәлелдейді. Шынында XV-XVI ғасырлардағы ұлы географиялық жаңалықтарды ашу кезеңі асыл тастардың, хош иісті дәмдердің, бағалы металдардың, құлдардың халықаралық саудасын жандандырып, дамытты. Бірақ,ол замандардағы дүниежүзілік шаруашылық алыпсатарлар капиталы шеңберімен шектелген болатын. Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық капитализмнің өзінің монополистік кезеңіне аяқ басқан шағында қалыптаса бастады.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі дүниежүзілік шаруашылық экономикалық емес әдістерге: мәжбүр ету, ықтиярсыз бағындыру, күштеу саясатына негізделді. Әрине мұндай “ саясат “ қатаң “ текетірестіктерді” туғызып, дүниежүзілік шаруашылықты тұрақсыздандырды. Бұл қайшылықтар, тарихтан белгілі, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші болды. Өткір қайшылықтар дамыған және дамушы елдердің арасында да молынан кездесті.

ХХ ғасырдың ортасына қарай дүниежүзілік шаруашылық капиталистік және социалистік болып қақ жарылды. Әлемдік экономикалық жүйеде капиталистік шаруашылық басым позицияларды иемденді. Мысалы, 90- жылдардың басында халықаралық саудадағы олардың үлесі 9/10 болды. 80 – жылдары халықаралық экономикалық айырбаста капиталистік елдердің жиынтық жалпы өнімінің 1/5 өз тұтынушыларын тапты. Ал, бұрынғы социалистік елдерде дүниежүзілік ұлттық табыстың 1/3 өндірілді, соның ішінде өзара экономикалық көмек кеңесі елдерінде ¼ өндірілген болатын.

Үстіміздегі ғасырдың 60 –жылдарында дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне дамушы елдер келіп қосылды. 70 –жылдардың ортасына қарай олардың қатарынан, “ жаңа индустриалды елдер” – “төрт жолбарыс” – Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг және Сингапур суырылып алға шығып, дүниежүзілік қауымдастыққа дамудың ерен қарқынын паш етті.

Латын Америкасы елдерінің ішінде өнеркәсібі жедел дамып келе жатқан мемлекеттерге Бразилия, Аргентина және Мексика жатады.

КСРО ыдырап, Шығыс Еуропа елдерінде болып өткен “ барқыт революциялардан” кейін дүниежүзілік шаруашылық біртұтас мәнге ие бола бастады.

Құрылу мен қалыптасу үстіндегі бүкіл дүниежүзілік шаруашылық өз құрамына экономикалық өсу деңгейлері бірдей емес- өнеркәсібі дамыған, дамушы және экономикалық жүйесі өтпелі кезеңді басынан кешіріп отырған елдерді біріктіріп отыр. Қаншалықты қайшылықты және әрқилы болса да ХХ ғасырға қарағанда ХХI ғасырдың табалдырығында дүниежүзілік шаруашылық мейлінше біртұтас, үйлестірілген, динамикалық қозғалыстағы шаруашылық болып көрінеді.

Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық рыноктың және халықаралық еңбек бөлінісінің принциптеріне негізделген, интернационалдық бағыттағы шаруашылық бейнесіне ие болып отыр.