Адамның жерде пайда болу уақытынан бастап, алғашқы әлеуметтік-дифференциалданған қоғам мен мемлекеттер, жазылымдардың реттелуі мен діни көзқарастардың бастаулары адамзаттың ежелгі тарихына жатқызады. Ежелгі Қытай мен Греция философтары ежелгі тарихты үш дәуірге бөлген – тас, қола және темір даәуірі. Біраздан соң XIX – XX ғасырларда ақпараттың үлкеюімен, жаңа археологиялық ашылулар болғанда ғалымдар хронологиялық кезеңдердің жаңа толық типологизациялау түрін ұсынды.
Палеолит – Ежелгі тас дәуірі адамзат тарихындағы ең ұзаққа созылған және аса маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Ежелгі тас ғасыры-адам мен оның шаруашылығының қалыптасуының бастапқы уақыты. Алғашқы адам жабайы өсетін дәндерді жеміс – жидектерді жинап жануарларды аулаған. Ежелгі тас дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі де ұзақ даму жолынан өтті. Оның бастапқы кезеңі алғашқы тобыр-бірлесіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау және жиын-терін үшін бірлесу болды. Ерте палеолит – Ежелгі палеолит – ірі-ірі үш кезеңге: Олдувэй (б.з.б. 2,6 млн жыл-800 мың жыл); Ашель (б.з.б. 800-140 мың жыл); Мустье (40-35 мың жыл) кезеңдерге бөлінеді. Адам баласының ең алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Осыған байланысты алғашқы тарихи кезең тас ғасыры деп аталған. Табиғаты. Оңтүстіктегі Үнді мұхиты жағынан жылы ауа Қазақстан жеріне келіп тұрған. Сондықтан Казақстанда субтропиктік ормандар болған. Осы кездегі Қазақстан жерін мекендеген жануарлар: өзен, көлдердің жағасында пілдер, шалғында жылқылар, таулы жерлерде аюлар, мамонттар, бұғылар, бизондар, тауларда арқарлар, тауешкілер т.с.с. Б.з.б. 100-80 мың жыл бұрын ауа райы қүрт өзгерген. Осы кезде Қазақстанда ұзаққа созылған ауа райының суытуы басталған. Барлық тауларды мұз басқан. Бұл суық мерзім б.з.б. 12-5 мың жылдарға дейін созылған. Адамдары. Қазақстан жерін ежелгі адамдар б.з.б. 800-140 мың жылдықтардан бастап мекендеген. Алғашқы адамдар Қаратау жотасы мен Қарасу тұрағында мекендеген [1, б. 69].
- Aлғашқы адамдардың айналысқан істері: аң аулау, терімшілік.
- Алғашқы адамдар баспанасы: табиғи үңгірлер, үңгіме қуыс, тау шатқалдары т.б.
- Адамдар табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұру үшін, бірігіп аң аулап тіршілік етіп қиындықты жеңу үшін топпен өмір сүрді.
Еңбек құралдары. Ауыр салмақты, тік бұрышты ұсақ шақпақ тастар ең ежелгі еңбек құралдарына жатқызылады. Жамбыл облысындағы Бөріқазған, Тәңірқазған, Шабақты мекендерінен (5000-ға жауық тас құрал), Қазанғап шатқалы (тастан жасалған 300-ге жуық құрал), Қарасу тұрағы (тастан жасалған 1500-ға жуық құрал), Сарыарқа тұрақтары, Балқаштың Солтүстік жағалауы (ежелгі адамдардың тұрақтары) т.с.с. жерлерден тастан жасалған құралдар табылған.
Орта палеолит – (б.з.б. 140-40 мың жылдықтар). Орта палеолит дәуірі ертедегі адамның дамуымен, мәдениеті дамуының жаңакезеңі болуымен ерекшенеледі. Орта палеолитте Қазақ даласындағы жер құрылымында күшті тектоникалық (құрылу, өзгеру процестері–грек сөзі) қозғалыстар болып өтті. Соның нәтижесінде таулар, төбелер пайда болып, жерді екі рет топан су басты. Солтүстік Мұзды мұхиттың суы көтеріліп, ол Қазақстан жеріне дейін келді. Орталық Қазақстанда жер деңгейі 500 метрге дейін көтерілді. Бірнеше мың жылдардан кейін Оңтүстікте басталған мұздардың еруіне байланысты Қазақстан жерінде құмды, шөлді, суы тапшы жерлер пайда болды. Өзеңдердің қазіргі арналары қалыптаса бастады. Қазақстандағы жазық жерлер (Ертіс пен Балқаш маңы) орманды далалы, оңтүстігі көбіне жусанды, шөлді болып қалыптасты. Тянь-Шаньда және басқа да таулы жерлерде қаптал қарағай, шырша, жөке, қызыл қайың, қандыағаш өсетін болды. Орта палеолит дәуірінің адамдары–неандертальдықтар. Антропологиялық келбеті: қысқа мойынды, аса ірі тісі бар, сөйлеу қабілеті дұрыс қалыптаспаған. Негізгі кәсібі: аң аулау, терімшілік. Аңды қауым болып бірігіп, топпен аулаған. Басты ерекшеліктерінің бірі шақпақ тастарды бір – біріне үйкелеу арқылы отты шығаруды үйренді. Осы кезде алғашқы діни наным қалыптаса бастады. Ең алғашқы дін магия. Бұл арқылы өлікті бір қырына қарай жатқызып, аяғын бүгіп жерлеген. Еңбек құралдары және археологиялық ескерткіштер. Тасты өңдеу әдісі жетілді. Еңбек құралдары негізінен, нуклеуістен (тастан) жасалды. Пышақ, қару ретінде үшкір тас, ағаш, тері өңдеу үшін қырғыш тас пайдаланылды. Археологиялық ескерткіштер Оңтүстік Қазақстандағы Топалы шатқалы мен Қызылрысбек тұрағынан табылған заттар: үшкір тас, қырғыш т.б.
Кейінгі палеолит – Соңғы палеолит б.з.б. 40-35 мың жылдан басталып, 12-10 мың жылмен аяқталады. Бұл жер шарының барлық климаттық аймақтарына адамның кеңінен тарай қоныстаған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың қалыптасу уақыты. Бұл тұста адамдардың рулық қауымы мен топтық ұжымдары қалыптаса бастады. Рулық қауымдар барлық жерлерде алдымен отбасының қамқоршысы, бала өсіруші ана төңірегінде топтасты, осыған байланысты әйелдер алғашқы қауымда үстемдік жасады, мұның өзі аналық – матриархаттық дәуір деп аталды. Сонымен, аналық ру өзара қандас туыстығы арқылы біріккен және шешелері жағынан шыққан тегі бір адамдардың экзогамиялық тобы болды. Соңғы палеолитте ірі хайуанаттардың азаюы адамдардың тұрмыс жағдайларын едәуір өзгертті. Енді орташа және ұсақ аңдарды аулау үшін жетілдірілген жаңа құралдар қажет болды. Аңшылар қолдарына қару алып, тамақ іздеп, ұсақ сапар шекті. Әр түрлі іске қолданылатын еңбек құралдары пайда болды. Соңғы палеолитте Қазақстан жерінде адамзат қоғамының үздіксіз ілгері дамып отырғанын көрсетеді.
Мезолит (орта тас ғасыры) – (б.з.б. 12-5 мың жылдықтар). Кейінгі палеолит дәуірінен кейін орта тас дәуірі (грекше «мезос» — орта деген сөзден шыққын) мезолит дәуірі келді. Бұл дәуір тарих ғылымында өте аз зерттелгендіктен, осы дәуірдің ескерткіштері Қазақстан жерінен аз табылған. Табиғаты. Қазақстанның ауа райы қүрт жылынып, мұздар еріді. Шөбі, өсімдігі мол далалар сиреп кетті. Бірқатар жануарлар (мүйізтұмсықтар, мамонттар) құрып кетті, енді аңшылардың аулайтын көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, койы, үйрек болды. Мезолит дәуірінің ең маңызды өнертабысы – садақ пен жебе. Садақ пен жебенің ойлап табылуы өндіргіш күштер дамуында шын мәнінде революция еді. Сайып келгенде бұл ежелгі адамның шаруашылық өміріндегі түбірлі өзгерістерге жеткізді. Садақ пен жебеден басқа осы кезде микролиттер – ұшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрізді ұсақ қалақтар пайда болды. Дәуірдің ерекшеліктері: жануарларды қолға үйрету, дәнді дақылдар өсіру.
Неолит (жаңа тас ғасыры) (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар). неолит дәуірі тас дәуірінің соңғы кезеңі жаңа тас дәуірі болып саналады. Неолит дәуірінің аса маңызды белгісі табиғаттың дайын өнімдерін иемдену яғни терімшіліктің орнына келген өндіруші шаруашылыққа негіз болған мал шаруашылы мен егіншіліктің шығуы болып табылады. Шаруашылықтың жаңа түрлері шығуының адамзат қоғамының дамыу үшін орасан зор маңызды болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапасы жағынан өзгертті. Өндіруші шаруашылықтың шығуы «неолиттік революция» деп аталды. Тамақ өндіруге, жеуге жарайтын өсімдіктерді саналы түрде өсіруге, жануарларды қолға үйретуге, өсіруге және іріктеуге көшу адамзат тарихында адамның от жағу өнерін меңгергенінен кейінгі асқан зор экономикалық революция болды. Неолит дәуірінде еңбек құралдары жетілдіріліп, жаңадан бұрғылау, тастарды тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты, бірте-бірте қиын өнделетін тастар тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, дән үккіштер, келілер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары шықты. Сонымен бірге керамикалық ыдыс жасау іске аса бастады. Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі болды: онда ұжымдық еңбек және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар тұқымдас жағынан және шаруашылықтың түріне қарай біріккен бірнеше рулық қауымдардан тұрды. Ежелгі Қазақ жеріндегі тайпалар аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктерді жинаумен шұғылданды. Кейініректе (неолитте) олар мал өсіру, егіншілік және кен. өнеркәсібімен шұғылдана бастады. Адамдар мата тоқып, киім тігуді уйренді. Керамикалық заттарға геометриялық өрнектер сала білген. Тұрақтар. Арал өңіріндегі Сексеуіл тұрағында малшылар мен аңшылар тұрған. Себебі бұл жерлерде сиыр, қой, жылқы сияқты үй жануарлардың сүйектері табылған (Қостанай облысындағы Ботай тұрағы, Батыс Қазақстан Өңіріндегі Көктүбек, Темір тұрақтары және т.б.). Қазырғы уақытта Қазақстан аумағында 600-ден аса неолиттік және энеолиттік ескерткіш мәлім.
Қола дәуірі. (б.з.б. 2-1 мың жылдықтар). Тас ғасыры аяқталғаннан кейін, қола ғасыры басталады. Қола ғасыры деп аталуының себебі, осы кезде Евразияда қола өндіру тәсілі меңгеріліп, қола заттарын жасай бастады. Қола еңбек құралдары мен қару үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылды. Қола дәуірінде рулық қатынас жойылып, тайпалық бірлестіктер құрылды.
Түсті металдар мен алтын өндірістік жолмен игеріле бастады. Қазақстан жер қойнауында полиметалдардың, ең алдымен қалайы-мыс рудаларының барынша молдығы бұл территорияда металургияның мықты ошағы шығуының бір себебі болды. Қазақстанның бірнеше өңірлерінде кен өндірілген орындардың табылуы бұған дәлел болады.
Біздің заманымыздан бұрынғы II мың жылдықтың ортасында Қазақстанның далалық тайпаларында алғашқы өндірістің өрлеуі байқалды, мал өсіру интенсивті түрде өрістеді. Осы уақыттан бастап далалық Еуразия халықтарының шаруашылығында мал өсіру неғұрлым көбірек орын ала бастады. Б. з. б. II мың жылдықтың аяғында –I мың жылдықтың басында далалық өңірлердегі халықтардың көпшілігі шаруашылықтың маманданған жаңа түріне — көшпелі мал шаруашылығына көшеді.
Басқа тайпалар ішінен мал өсірушілердің бөлініп шығуын Ф. Энгельс ең бірінші ірі қоғамдық еңбек бөлісі деп атады «Үй жануарлардың түрі көбейді».
Қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістер өндіргіш күштердің өсуіне, қоғамдық еңбектің мамандануының күшеюіне, патриархаттық қатынастың дамуына байланысты болды. Жеке семьялар оқшауланды, семьялық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі өсті.
Қазақстандағы ескерткіштері Солтүстік Батыс және Орталық Қазақстанда орналасқан осылардың ішіндегі ең ірісі — Орталық Қазақстан. Бұл аймақта қола дәуірінің 150- ге жуық қабірі, 30 – дай елді мекен тұрағы бар.
Қорытып айтқанда, қола дәуірінің соңғы кезінде отбасылық және қауымдық топтық еңбектің кезінде өндірістік жабдықтарға және өндірістің өніміне ортақ меншіктің пайда болуына байланысты қоғамда қауымдық құрылыс ыдырап отбасылық меншік пайда болды.
Темір дәуірі – адамзат тарихында қола дәуірін алмастырған, аса маңызды әлеуметтік-экономикалық, саяси, демографиялық, технологиялық өзгерістерді дүниеге әкелген жаңа кезең. Бастаулары темір металын игерумен және оны кеңінен қолданумен сәйкес келетін бұл кезеңді ғылым тарихында «темір дәуірі» деген тұрақты атаумен белгілеуді алғаш рет 19 ғ-дың ортасында К. Томсен (Дания) ұсынды. Біздің заманымыздан бұрын 1-мыңжылдықтың басынан осы заманға дейінгі кезең арасында темір адамзаттың заттық мәдениетінің негізі болып келді. Өндірістік технология саласындағы барлық мәнді ашылымдар осы металмен байланысты. Дегенмен, темір ұзақ уақыт бойы аз таралған әрі қымбат металл болып қала берді. Тек б.з.б. 1-мыңжылдықта ғана темір металлургиясын қолданысқа кеңінен ендіру қолға алынды. Қазіргі заманда да темір еңбек құралдары жасалатын бірден-бір маңызды металл болып қалуда, сондықтан қазіргі дәуір де темір ғасырына жатады. Осы себептен, тарихи-археологиялық кезеңдемеде «ерте темір дәуірі», одан кейінгі кезеңге қатысты «орта ғасырлар дәуірі» деген атаулар қолданылады.
Темір ерекше металл. Оның балқытылу температурасы мысқа қарағанда жоғары. Темір табиғатта таза күйде кездеспейді. Оның балқытылуының баяулығынан шикізаттан темірді айыру оңайлыққа соқпайды.
Қазақстандағы темір дәуірінің басы б.з.д. VIII — б.з. VI ғасырларына жатады. Ал ерте темір дәуірінің хронологиясы: б.з.д. VIII — б.з.д. III ғ. Кейінгі темір дәуірінің хронологиясы: б.з.д. III — б.з VI ғ.
Осы кезеңге кіретін Орталық Қазақстанның ескерткіштері тасмола археологиялық мәдениетіне жатады. Қазақтың белгілі археологы М.Қ.Қадырбаев, бұл мәдениеттің хронологиялық мерзімін б.з.д. VII — III ғасырларымен негіздеп, оның дамуын екі кезенге бөлген. Тасмола мәдениетінде тән археологиялық ескерткіштері «мұртты» қорған деп аталады. Бұл күрделі ғұрыптық – жерлеу кешендері тастан қаланып, әдетте үш негізгі бөлшектерден: үлкен, кішкентай қорғандар мен ұзындығы 60-тан 200 метрге дейін жететін жартылай доға тәріздес жолдардан құрастырылған. Бұл «мұрттар» қорғанмен жанасып, үнемі шығысқа қарай бағытталған. Үлкен қорғанның астында, тереңдігі екі метрге жететін шұңқырда қайтыс болған адамның мәйіті жерленген. Кішігірім қорғанда жылқы қаңқаларының қалдықтары, қыш ыдыстардың сынықтары кездеседі. Кейде тек қана қөмір түріндегі және күйдірілген топырақтың ізі байқалады.