Географиялық орны. Тұран — Қазақстанның оңтүстігін батысынан шығысына дейін созылып жатқан кең жазық. Оған Маңқыстау, Үстірт, Торғай үстірті, Арал маңы, Сырдария бойы, Қызылқүм, Бетпақдала, Мойынқұм, Балқаш-Алакөл аймағы түгел кіреді. Жер бедері мен оның пайда болу тарихы жағынан біркелкі емес.
Жер бедері мен геологиялық құрылысы. Аймақтың негізгі тұғырын палеозойда қалыптасқан эпигерциндік платформалық құрылым — Тұран тақтасы құрайды. Оның жер бедері мен топырақ жамылғысы палеогендік карбонатты терриген жыныстары мен неоген-антропоген дәуірлерінің құмды, малта тасты моласса үгінділерінен түзілген.
Маңқыстаудың аласа таулы өлкесі мезозой дәуірінде пермь-триас құмтастары мен әктастарынан, тағы басқа жыныстардың қосындыларынан түзілген. Ең биік тауы -биіктігі 350-450 м, ұзындығы 130 км болатын Қаратау. Оның ең биік нүктесі — Бесшоқы (556 м). Қаратау беткейлері шатқалдармен, жыралармен тілімделген толқынды қырат түрінде көрінеді. Тау жотасы ғана тік, жалаңаш, жартасты. Қаратаумен қатарласа оның солтүстігі мен оңтүстігінде солтүстік және оңтүстік Ақтау созылып жатады. Олар жоғарғы бор дәуірінің әктасынан түрады. Ақтау деп аталуы да осыдан. Биіктігі 300 м шамасында.
Ақтаудан оңтүстікке қарай қыратты жартылай шөлді дала басталады. Ол түгелдей ұлутасты-оолитті әктастардан, Каспий жағасына таяу беті саз балшықтарынан түзілген. Олардың астында пермь-триас және одан да ежелгі дәуірлердің қатпарлығы жатыр (тереңдігі 2-3 км). Олардан төмен теңіз деңгейінен аласа бірнеше тұйық қазаншұңқырлар ұшырасады. Олардың ең үлкені — Қарақия ойысы теңіз деңгейінен 132 м төмен орналасқан. Маңқыстау түбегіндегі суларының көбі өте ащы, тіпті тұзды (минералдылығы 10-
200 г/л) болып келеді. Маңқыстаудан Арал теңізіне дейін. Үстірт қыратты жазығы жатыр. Оның биіктігі 200-300 м. Ауданы 170 мың км2. Ұзындығы 600 км, ені 300-400 км. Үстірттің Қазақстанға солтүстік-батыс бөлігі ғана кіреді. Үстірттің жер бедері тегіс, ұлутасты-оолиттік әктасы мен
тұзды мергель және саз араласқан ашық түсті әктастан түзілген. Әр жерінде көлді ойысты қазаншұңқырлар кездеседі. Олар құрғап, айналасын құм (Сам, Асмантай – Матай құмдары) басқан. Мұнда да өзендер жоқ.
Торғайүстірті Сарыарқа (Қазақстанның қатпарлы өлке-1 сі) мен Мұғалжар аралығында орналасқан. Орташа биіктігі. 200-300 м. Үстірт негізінен, теңіз шөгінділері мен континенттік жыныстардан тұрады. Олардың қалыңдығы 5000 м-ге жетеді. Қазіргі жер бедері саздақты және құмды жыныстардан құралған.
Арал теңізі маңында ірі құмды аймақтар бар. Арал теңізі мен Шалқартеңіз көлі аралығында жатқан Арал маңы Қарақұмы биіктігі 100 м, бұйратты төбелі жазық болып табылады. Бұл құм жасы жағынан басқа құмдарға қарағанда салыстырмалы түрде ежелгі. Ішінара жел әрекетінен өзгерген. Арал теңізінің солтүстігінде орналасқан Үлкен және Кіші Борсық құмдары жер бедері жағынан Арал маңы Қарақұмына ұқсайды. Олар неогеннің құм шөгінділерінен кұралған. Сырдария аңғары мен Арал теңізіне қарай көлбеу жатқан жазықты Сырдария аллювийлі жазығы деп атайды. Ол құмтасты және сазды, кей жерлерінде құмды шөгінділерден тұрады.
Қызылқұм. Орта Азияның ең үлкен құмды шөлі Қызыл-құмның Қазақстанға солтүстік бөлігі кіреді. Ол эолды, ішінара аллювийлік палеогеннің құмдарынан құралған. Жер беті құм төбелі, қырқалы боп келеді де, кең сайлармен кезектесіп отырады.
Мойынқұм — Шу мен Сарысу өзендерінің төменгі ағысында жатқан құмды жазық. Ол оңтүстіктен солтүстікке қарай еңіс жатыр. Биіктігі оңтүстікте 500-600 м, орталық бөлігі — 400 м, солтүстігі — 300 м. Аллювийлі, эолды құмдардан құралған.
Ал Сарысу өзені мен Балқаш көлінің аралығындағы үстіртті шөл Бетпақдала деп аталады. Орташа биіктігі 300 м.
Көтеріңкі келген оңтүстік және шығыс бөліктерінде биіктігі 700 м, ең биік жері — Желтау жотасы 974 м-ге жетеді. Жер бедеріне қарай оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс болып екіге бөлінеді. Оңтүстік-батыс бөлігінің беті тілімделген тегіс жазықтық. Ол құмтас, саз және құм араласқан теңіз бен континенттің палеоген шөгінділерінен құралған. Солтүстік-шығыс бөлігі қыратты келеді. Кей жерлерде мүжіліп аласарған, тау қалдықтары (Жамбыл, Байқара т.б.) кездеседі. Бұл жер палеозой тақтатасынан, құмтас пен магма жыныстарынан, сұрғылт және қызыл граниттен тұрады. Бетпақдаланың бұл бөлігінің Сарыарқаға ұқсастықтары бар.
Балқаш-Алакөл қазаншұңқыры Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы мен Алакөл көлдері тобын, Жетісу Алатауы мен солтүстік Тянь-Шань жоталарының аралығындағы құмды жазықты қамтиды. Қазаншұңқыр геологиялық құрылысы мен жер бедері жағынан Мойынқұмға ұқсас. Бұл да неоген дәуірінің аллювийлі, эолды құмды шөгінділерінен құралған. Ол өзен аңғарлары бөліп жатқан бірнеше жалды құмды массивтерден тұрады.
Пайдалы қазбалары. Тұран жазығында пайдалы қазбалардан мұнай мен газ, құрылыс материалдары, ас тұзы, сода мол өндіріледі.
Маңқыстау еліміздің мұнайлы аймағының бірі. Ондағы Өзен, Жетібай кеніштерінде өндірілген мұнай Қазақстаннан тысқары жерлерге де теңіз
порттары арқылы тасымалдануда.
Маңқыстаудажәне басқа аймақтарда темір, мыс, фосфорит, марганец кендері ашылған. Торғай мен Іле аймақтарынан да қоңыр көмір табылған.
Климаты. Климаты жағынан Тұран жазығы кұрғақ континентті өлкеге жатады. Жазы ыстық, қысы суық. Қаңтардың орташа температурасы солтүстікте -18°С, оңтүстікте -5°С. Қыста бұл аймаққа арктикалық ауа массасы мен Сібірдің суық ауасы жиі кіреді. Бұл кезде ауа температурасы -30°С — 40°С-қа жетеді, шілденің орташа температурасы солтүстікте 22°С, оңтүстікте 29°С. Аңызақ желдер жиі соғады. Көктем мен күз ылғалдырақ келеді. Жалпы жауын-шашын мөлшері аздау, жылдық мөлшері 80-100 мм. Климаттың қуаңшылығы Тұран ойпатының шөл, шөлейтті табиғатымен тығыз байланысты.
Өзендері мен көлдері. Тұран жазығында өзен жүйесі нашар дамыған. Сырдария өзені басын Қазақстаннан тысқары жерден алады да, жолшыбай суын Орта Азия республикаларының шексіз мақта плантацияларына тартып алынып, Арал теңізіне мардымсыз су барады. Сырдария кейінгі жылдары теңізге жетпей қалып жүр.
Шу мен Талас өзендерінің жағдайы да осыған ұқсас. Олар да Қазақстан жеріне талмаусырап жетіп (суының көп мөлшерін Қырғызстан елі бөгеп алады), Мойынқұм мен Бетпақдаланың қажетін өтей алмай отыр. Торғай үстіртінің өзендері Торғай (180-бет), Ырғыз, Жыланшық жазда қарасуларға, ұсақ көлдерге бөлініп тартылып қалады. Бұл өлкеде Обаған, Шалқар, Шалқартеңіз, Ақкөл, Қопа сияқты көлдер бар. Бірақ олардың көбі тұзды. Жетісу өзендері -Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Тентек қана тұщы. Бірақ олардың да жылдық ағыны жылдан-жылға кемуде.
Тұран жазығы өзендері суының азаюы Арал теңізі мен Балқаш көлінің экологиялық жағдайын шиеленістіруде. Арал теңізі тартыла бастады. Балқаштың деңгейі де төмендеуде. Тұран жазығының су проблемасын шешуде жер асты суларының маңызы үлкен. Мұнда еспе су 20-50 м те-реңдікте ғана жатыр. Ал, артезиан суы одан тереңдеу қабаттарда. Шөлді аймақтарда ауыз су да, шаруашылық үшін қажетті су да жер астынан ендіріледі.
Табиғат зоналары. Өсімдіктері мен жануарлары. Тұран жазығы құрамындағы Торғай үстірті ғана құрғақ далалы және шөлейтті зонаға. кіреді, ал қалған бөлігі түгелдей шөл зонасына жатады. Олардың топырағы мен өсімдік жамылғысы да осыған сәйкес дамыған. Торғайдың күрең қара коңыр топырағында боз, бетеге, селеу, бидайық өседі. Оңтүстікке қарай жалғасқан шөлейтті дала ашық түсті қара күрең топырақты болып келеді. Мұнда жусанды, изенді өсімдік жамылғысы қалыптасқан.
Тұранның шөлді аймақтары шөлдің солтүстік және оңтүстік типіне жатады. Шөлдің солтүстік типі солтүстік Арал маңында, Бетпақдалада, Мойынқұмда, Балқаш-Алакөл ойысында дамыған. Бұлардың қоңыр және сұрғылт қоңыр топырақтарында жусан мен сораң шөпті өсімдіктер өседі. Оларда Тұран түрлері мен Орта Азия және Орталық Азия шөлдеріне тән түрлер (қызыл жусан, теріскен, еркекшөп, жузгін, жыңғыл, шағыр, итсигек, баялыш, сексеуіл, қара сексеуіл, қара жусан) араласқан. Өсімдік жамылғысы шөлге қарағанда құмды шағылдарда көбірек болады. Саздақты сорлар мен тақырлар көбіне жалаңаш келеді. Өзен атыраптарында аздаған шалғынды шөптер кездеседі.
Шөлдің оңтүстік типіне жататын Маңқыстау мен Сыр бойында сор, сортаңды топырақ дамыған. Оларда эфемерлер мен жусан, сораң шөптер өседі. Сыр бойында суармалы егістіктер мол. Тұранның негізгі аймақтары мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Егістік жерлер Торғай өңірінің солтүстігінде ғана кездеседі. Қалған жерлер жайылымдар есебінде пайдаланылады.
Тұранның саздақты шөлдерін ақбөкен, қарақұйрық мекендейді, Үстіртте үстірт қойы (муфлон) кездеседі. Жыртқыш аңдардан қасқыр, түлкі, шағыл мысығы, қарақал мекендейді. Шөлді зонаға тән түрлерден қосаяқ, тышқан, кесіртке, құм тасбақасы, жылан да жиі ұшырасады. Іле өзені бойында ондатр жерсіндірілген.
Табиғаты шөлді аймақ болғандықтан Тұран жазығының экологиялық жағдайлары тұрақсыз болып келеді. Мұнда аңызақ желдер көбірек болып, олар жердің шаңын аспанға көтеріп тұрады. Арал теңізінің тартылуы құрғаған теңіз түбінің тұзы мен сортаңы айналасын басып, жарамсыз жерлердің көлемін ұлғайтуда. Мұндай жағдайлар жан-жануарлардың өміріне де қауіп төндіруде. Ақбөкендер мен қарақұйрықтардың қырылуы жиі кездеседі. Табиғатты осындай апаттардан қорғау мақсатында қорықтар ұйымдастырылған. Олар — Барсакелмес, Үстірт қорықтары.
Арал теңізінің жағдайын жақсарту бүгінгі күні қолға алынып, бірсыпыра қарқынды істер атқарылуда.
Тұран ойпатын, оның табиғи байлығын шаруашылық мақсатына пайдаланудың проблемалары көп. Олар ауданда су тапшылығынан туындайды.