Қазақстанның өзендері

Өзен жүйелері және өзен алаптары. Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. Олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 км-ден асады.

Республиканың барлық өзендері Солтүстік Мұзды мұхит және ішкі тұйық көлдер алаптарына құяды. Екі алап арасындағы суайрық Сауыр-Тарбағатай тау жүйесінің қырқасы мен Сарыарқа, Торғай үстірті арқылы өтіп, Оңтүстік Оралға тіреледі.

Солтүстік Мұзды мұхит алабы өзендерінің су ағыны тұрақты келеді. Бұл алқапқа жататын өзен Ертіс (Есіл және Тобыл салаларымен).

Республика өзендерінің едәуір бөлігі ішкі тұйық алапқа жатады. Ішкі тұйық алап ірі көлдерге құятын өзендер жүйесімен келесі сатыдағы кіші алапқа бөлінеді. Бұл көлдердің ірілері — Каспий, Арал теңіздері және Балқаш көлі. Ішкі тұйық алапқа ұсақ көлдерге құятын, құмға барып сіңіп кететін, сондай-ақ уақытша ағатын өзендер де жатады

Каспий теңізі алабы Батыс Қазақстан өзендерін қамтиды. Оларға Жайык, Жем, Сағыз, Ойыл, Сары өзен, Қара өзен және т.б. жатады.

Арал теңізі алабына Оңтүстік және Орталық Қазақстанның оңтүстік бөлігінің өзендері жатады. Өзендер шөл зонасында орналасқан және өзен желісі сирек. Басты өзендері Сырдария, Арыс саласы мен Шу, Сарысу, Торғай, Ырғыз, Талас өзендері. Бұлардын ішінде Сырдариядан басқасы Арал теңізіне жетпей құмға сіңіп кетеді.

Балқаш-Алакөл көлдер жүйесіне Қазакстанның оңтүстік-шығысындағы өзендер кіреді. Олар: Қаратал, Лепсі, Аксу, Іле, Тентек, Сарқан, Басқан және т.б.

Өзен жүйесінің ерекшелігі. Қазакстан өзендерінің бірінші ерекшелігі — жасы әр түрлі. Жазық бөлігінің өзен жүйелері ескі, өзінің даму сатысының соңғы кезеңінен өтуде. Сондықтан жазықтардағы өзендердің аңғарлары жаксы түзілген әрі кең болып кетеді. Бұл өзендерде тереңдік шаю әрекеті (эрозиясы) баяу, ал бүйірлік шаю күшті болады. Таулы аймақтардың өзендері геологиялык тарихы жағынан жас, өз дамуының бастапқы кезеңінен өтуде. Бұлардың бойлық қимасы тік, құламалы келеді, яғни қалыптасып бітпеген. Өзендердің тереңдік шаю әрекеті жылдам да, бүйірлік шаюы баяу.

Қазақстан өзендерінің екінші ерекшелігі — оның әркелкі таралуы. Жазықтарда өзен жүйесінің (торының) жиілігі солтүстіктен оңтүстікке қарай кеми береді. Жауын-шашын көбірек түсетін орманды дала және дала зоналары өзенге бай. Республиканың солтүстігінде өзен жүйесінің жиілігі әрбір 100 км2-ге орта есеппен 4-6 км-ден, ал оңтүстік шөл зонасында 0,5 км-ден келеді. Қазақстанның биік таулы аймақтарында өзен көп. Алтай, Жетісу Алатауы және Тянь-Шань тауларына жауын-шашын мол түседі. Өзен жүйесінің жиілігі тау бөктерлерінде әрбір 100 км2-де 4-6 км-ге, таудың орта бөлігінде 10-12 км-ге, биік тауларда 16-18 км-ге дейін жетеді.

Өзен суының шығыны және жылдық ағыны. Өзеннің су шыгыны дегеніміз өзеннің су қимасынан бір секунд ішінде ағып өтетін су мөлшері. Әдетте су шығыны секундына ағып өтетін текше метр (м3/сек) есебімен өлшенеді.

Қазақстанның ең мол сулы өзені — Ертістің көп жылдық орташа су шығыны 880 м3/сек, Сырдарияда — 703 м3/сек. Өзеннің жыл бойындағы ағып шыққан су шығынын жыл-дық ағын деп атайды. Мысалы, Ертістің жылдык ағыны -28 млрд м3. Су ағыны жер беті суларының қорларын аныктайды. Ағын республика аумағы бойынша өте әркелкі тараған, беткі ағынының мөлшері — 59 км3.

Қазақстанның жазық аудандарында жылдық ағынды негізінен анықтайтын қар жамылғысының таралу сипаты және қардың еру алдындағы суының қоры болып есепте-леді. Жаңбыр түгелге жуық топырақтың жоғарғы бетін ылғалдандыруға және буландыруға жұмсалады. Жылдық ағынның мөлшері ең алдымен климатка байланысты. Өзендердің жылдық ағынына жер бедері де әсерін тигізеді, ол таулы өзендердің басты факторларының бірі болып табылады. Абсолюттік биіктік артқан сайын жылдық атмосфералық жауын-шашын мөлшері молая түседі. Қазақстанның солтүстігінде ылғалдану коэффициенті бірдің маңын да, сондықтан ағын да көбірек және өзендердің суы да молырақ. Оңтүстікте ылғалдану коэффициенті бірден төмен ағын мөлшері де аз.

Қазақстан бойынша орташа ағынның әрбір км2-ге келетін мөлшері 20 000 м3. Республикамыз өзен ағынының мөлшері жағынан Түрікменстаннан ғана алда. Ағын жыл маусымдарына қарай өзгеріп отырады. Қыс айларында жазықтағы өзендер жылдық ағынның 1 %-ын береді. Адам баласы бөген салып, өзен ағындарын реттеп отырады. Бөгендегі су халық шаруашылығына кыста да, жазда да біркелкі пайдаланылады. Бөгендер қолдан жер суландыруға, электр қуатын өндіруге, т.б. жағдайларға қолайлы. Елімізде 168 су бөгені бар, олардың ең ірілері — Бұқтырма мен Қапшағай бөгендері.

Өзендердің қоректенуі мен режимі. Қазақстан өзендері негізінен кар, жаңбыр, мұздық және жер асты суымен қоректенеді.

Республиканың жазық бөлігінің өзендерінің қоректенуіне қарай қар- жаңбыр суымен және басым қар суымен қоректенетін өзендер деп екі типке бөлуге болады.

Қар-жаңбыр суымен қоректенетін өзендерге орманды дала, дала зоналарының өзендері жатады. Басты өзендері — Есіл, Тобыл. Бұл өзендер көктемде тасиды, сәуір — мамыр айларында жылдық ағынның 50%-ы ағып өтеді. Өзендер суды алдымен еріген қардан, кейін жаңбыр суынан алады. : Өзен суы деңгейінің ең төмен кезі каңтар айында байқалады, бұл кезде олар еспе суымен қоректенеді. Негізінен қар суынан қоректенетін өзендердің ағыны түгелге жуық көктемге келеді (жылдық ағынның 85-95%-ы). Бұл қоректену типіне шөлейт және шөл зоналарының өзендері — Нұра, Жайық, Сағыз, Жем, Торғай және Сарысу жатады. Өзендердің деңгейі толық кезеңі көктемнің бірінші жартысында байқалады. Өзендер негізінен қар суымен қоректенеді. Көктемгі қар ерігенде өзен ағыны күрт көтеріледі. ТМД елдерінде өзен режимінің бұл түрін қазақстандық тип деп атайды. Мысалы, Нұра өзенінде жылдық ағынның 98%-ы көктемгі қысқа уақытта ағып өтеді.

Өзен деңгейінің ең төмен кезеңі жаз айларында болады. Кейбіреулері мүлдем тартылып қалады. Күздегі жаңбырдан өзен деңгейі аздап көтеріліп, қыста қайта төмендейді.

Қазақстанның биік таулы бөлігінің өзендері қар суымен және мұздықтармен қоректенетін типіне жатады. Бұған Сырдария, Іле, Қаратал және Ертіс өзендері кіреді. Бұл өзендердің деңгейі көктемде, Алтай тауының өзендері (Ертіс) көктемнің 2-жартысы мен жазда тасиды. Бірақ қардың бір мезгілде ерімеуіне байланысты Сырдария өзенінің су тасуы ұзаққа созылады.

Тянь-Шань, Жетісу Алатауы өзендері көктем мен жазда, яғни жылдың жылы кезінде тасиды. Бұл тауларда қардың еруі көктемде төменгі белдеуден басталып, одан орта, жоғары биіктегі қар мен мұздықтар жаз бойы еріп, күзге дейін созылады. Тау өзендерінің ағынында жаңбыр суының үлесі шамалы (5-15%), ал аласа тауларда оның үлесі 20-30%-га дейін жоғарылайды.

Қазакстанның жазыктағы өзендері суының аз және ағысы баяу болуынан қыс түсісімен тез қатып калады да, оларды қарашаның аяғында тұрақты мұз басады. Мұздың қалыңдығы 70—90 см-ге жетеді. Аязды қыста мұздың қалыңдығы республиканың солтүстігінде — 190 см, оңтүстік өзендерінде 110 см болады. Өзен мұзы 2-4 ай бойы қатып жатады. Сәуірдің басында оңтүстіктің екінші жартысында солтүстік өзендерінің мұзы ери бастайды.

Биік тау өзендерінің мұз режимі басқаша. Олардың таулы бөлігінде ағыстың күшті болуына байланысты және жер асты суымен қоректенетіндіктен, тұрақты мұз жамыл-ғысы қалыптаспайды. Тек кей жерлерде ғана жағалық мұздар байқалады.

Қазақстанның өзендері жылма-жыл шайылған тау жыныстарын ағызып әкетіп отырады. Өзендер табанын тереңдетіп, бүйірлерін құлатып, ірілі-ұсақты тастарды домалатып ағады. Қазақстанның жазық бөлігіндегі өзендердің ағысы баяу болады. Қатты материалдарды аз тасымалдайды. Мұндай өзендердің лайлылығы 50-100 г/м3, ал төменгі ағыстарында 200 г/м3. Борпылдақ жыныстарды көп ағызып әкелетін Батыс Қазақстан өзендерінің лайлылығы тым жоғары (500-700 г/м3) келеді. Тау өзендерінің лайлылығы ағыс бойымен төмен қарай артады. Оның мөлшері — Іледе 650 г/м3, Шудың төменгі ағысында — 900 г/м3, Сырдарияда — 1200 г/м3.