ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ ҮРДІСТЕР

Қазақстандағы заманауи мәдени үрдістер көпқырлы және әр алуан. Оны қазіргі таңда дамып келе жатқан өнердің барлық түрлері мен жанрларын қоса, мәдениеттің, ғылымның, білім берудің әр түрлі салаларын қамтитын түбегейлі өзгерістерді, инновациялар мен өзгертулердің кең шеңбері ретінде түсінуге болады. Білім беру, мәдениет және ғылым идеологиялық догмалар мен стереотиптерден босап, өзін-өзі дамытуға кең кеңістікке ие болды. Мазмұнның жаңа тәсілдері рухани өмірдегі бір ізділік пен үлгіге салушылықты жоюға мүмкіндік береді. Тарихи жағдайлар кешеніне байланысты Қазақстан көп этносты қоғам болып табылады. Сол себепті мұндай мәдени үрдіс ұлттық мәдениеттердің өзара әрекеттесуі мен өзара ықпалымен байланысты құбылыстарды таңдайды. Бұл жағдайда, Қазақстанда әлеуметтік дамудың басқа ешқандай саласында көрініс таппаған ұлттық мәдениет дербес, «таза түрде» деуге боларлық түрде, басқа ұлттардың ең жақсысын сіңіре отырып көрінеді. Сонымен бір мезгілде қазақстандық қоғамдағы мәдени үрдістер елдің географиялық масштабының ұлттық мәдениетімен шектелмейді. Қазақстан аумағында орын алып отырған алуан түрлі саяси, тарихи, қоғамдық-экономикалық үрдістер мен өзгерістердің арқасында, адамзаттың рухани мұрасының ең таңдаулысын бойға сіңіруге мүмкіндік беретін қолайлы жағдай қалыптасты.

Егеменді Қазақстан мәдениетінің қалыптасуы көптеген қиындықтар мен қарама-қайшылықты бастан кешірді. Жолдың басталуына жоспарлы экономиканы өндіріс көлемінің құлдырауымен қатарласа жүрген нарықтық қатынастар арнасына көшіру «мәдениет, халыққа білім беру және ғылым мекемелерін материалдық-техникалық, қаржылық қамтамасыз етуде елеулі қиындық туғызды. Осы кезеңдерде Қазақстан ҒА бірнеше ғылыми мекемелері біріктіріліп, ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми- техникалық үрдістердің аса маңызды бағыттары – машинатану, радиоэлектроника, автоматика бойынша ғылыми мекемелерді ұйымдастыру қарқыны артта қалды. Ғылыми әзірлемелер тиімділігі күрт төмендеді.

Білім беру жүйесі белгілі бір дағдарысты бастан кешірді, балабақшалар жабылып, орта мектептердің саны қысқарды. Сонымен қатар бір мезгілде мемлекеттік емес оқу-білім мекемелерінің – мектептер мен жоғары оқу орындарының пайда болу үрдісі басталды.

Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет тек Қазақстан егемендік пен тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өзін-өзі дамыту үшін ауқымды кеңістікке шықты.

Қазіргі кезде осы заманғы білім беру аясында шынайы нарықтық қатынастардың орнығуы байқалады. Білім беру саласындағы қазіргі заманғы реформаларға орай Білім және ғылым министрлігі желісі бойынша оқу орындарын тіркеу, аттестаттау және сараптау жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылуда. Оқу-білім барысының сапасын жақсарту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру осы іс-шаралардың мақсаты болып табылады. Жоғары оқу орындар заман талап ететін мамандықтарды ашуға көшті. Сонымен қатар жаңа жоғары оқу орындары ашылды, олардың қатарына Түркістандағы Қ.А. Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Оралдағы Мәдениет институты, Астанадағы Еуразия мемлекеттік университеті және басқа бірқатар жоғары оқу орындары бар. Халыққа білім беру жүйесінің халықаралық байланысы кеңейді. Бұған дәлел 1991 жылдан қазақстандық шәкірттер мен аспиранттардың жыл сайын шетелде оқуын жалғастырулары [1, 529 б.].

Тәуелсіздіктің әр жылын Қазақстан қоғамының көкейкесті проблемаларына арнау дәстүрге айналды. Президенттің жарлықтарына орай Қазақстанда 1997 жыл – «Ұлтаралық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы»; 1998 жыл – «Халықтардың бірлігі және ұлттық тарих жылы»; 1999 жыл – «Ұрпақтардың бірлігі және сабақтастығы ұлттық тарих жылы»; 2000 жыл – «Мәдениетті қолдау жылы»; 2001 жыл – «Қазақстан Республикасы егемендігі мен тәуелсіздігінің 10 жылдығы» деп жарияланды.

Егеменді мемлекеттің қоғамдық ғылым саласындағы алғашқы қадамдары қуғын-сүргінге ұшыраған ғалымдарды, жазушыларды және сталинизм құрбандарын ақтауға бағытталды. Қоғамдық – гуманитарлық бағыттағы ғылыми – зерттеу институттары осы күрделі іске үлкен үлестерін қосты. А. Байтұрсыновтың, Ш. Құдайбердиевтің, М. Жұмабаевтың, Х. Досмұхамедовтың, М. Дулатовтың, Ж. Аймауытовтың т.б. кітаптары жарық көрді.

Қазақтардың дүниежүзілік Конгресі (1992) республиканың мәдени өміріндегі зор қоғамдық серпіліс туғызған ірі оқиғаға айналды, ғаламшардың барлық түкпірлерінен белгілі ақындар мен жазушыларды, суретшілер мен саясаттанушыларды, ғалымдар мен бизнесмендерді және басқа да отандастарымызды тұңғыш рет жинады.

ЮНЕСКО-ның шешімімен қазақ ақыны әрі философы Абай Құнанбаев пен ақын Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойы, аса көрнекті қазақ жазушысы, ғалымы және драматургі М.О. Әуезов пен көрнекті қазақ жазушысы, академик С. Мұқановтың 100 жылдығы әлемдік деңгейде өткізілді. Бұл оқиғалар зор халықаралық серпіліс туғызды және қазақ халқының рухани жан дүниесін байытты.

Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында республикадағы көркемсурет құндылықтарының аса ірі қоры жинақталған. Олардың арасында – Қазақстанның ежелгі өнерінің үлгілері бар, олар палеолит заманынан бергі адамзат өміріндегі көркемдік дүниесіне ұмтылысынан хабар береді.

1995 жылы республиканың шығармашылық зиялы қауымының бастамасымен қоғамдық ұйым – Мәдениетті қолдау ұлттық қоры құрылды. Оның құрметті төрағасы болып ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев сайланды. Қордың негізгі міндеттері Қазақстанның мәдени өмір шындығымен өзара байланысты өзекті проблемаларына қол ұшын беру болып табылады.

Қазақстанның егеменді мемлекет мәртебесін алуы ұлттық мәдениеттің дамуына жаңа бағыт берді. Астанада Айман Мұсаходжаеваның Музыка академиясы құрылды, ол оркестрлік музыка мен жеке дауыста ән шырқау саласындағы кәсіпқой музыканттарды біріктірді. Алматыда музыкалық мектеп негізінде Жәния Әубәкірованың колледжі ашылды.

Қазақстандық орындаушылар республика тәуелсіздік алғаннан кейін әлемнің түрлі елдерінде болған аса ірі халықаралық конкурстарда талай рет табыстарға жетті. Елдер мен құрлықтарда гастрольдерде болған отандық артистеріміз еліміздің мәдениетін кеңінен таныстыруда. Республиканың белгілі музыканттары халықаралық қызмет саласында жемісті еңбек етуде. Мысалы, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова Француз әдебиеті мен өнері орденімен марапатталды, ал халықаралық конкурстардың иегері, профессор, Қазақ музыка академиясының ректоры Айман Мұсаходжаева 1998 жылы «Әлем артисі» жоғары атағына ие болды. Тек Алматыда ғана бірнеше жеке меншік театрлар, 14 жеке меншік сурет галлереясы ашылды. Бірінші рет «Жеке меншік қорлардағы Қазақстан өнері туындылары» атты тұңғыш республикалық көрме өткізілді. Қазіргі кезде республиканың мәдениет саласында 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 55 театр және 25 филармония халыққа қызмет көрсетеді. Абай атындағы опера және балет театры, республикалық орыс, қазақ және неміс драма театрлары, ұйғыр және корей музыкалық комедия театрлары жетекші театрлар болып табылады.

Егемендік жылдары Оралда, Өскеменде, Петропавлда, Павлодарда Қазақ драма театрлары және Астанада К. Байсейітова атындағы опера және балет театры ашылды.

Құрманғазы атындағы Халық аспаптар симфониялық оркестр, «Алматының Жас балеті» ансамблі, «Гүлдер», «Отырар сазы», «Сазген» ансамбльдері республикада және шетелде кеңінен танымал.

Алматының «фестивальдар қаласы» деп аталуы кездейсоқ емес. Тәуелсіздік жылдары мұнда «Азия дауысы», «Шығыс маусымы», «Дәстүрлер жүлдесі», «Жас қанат», «Үкілі домбыра», «Айналайын» музыка фестивальдарын өткізу дәстүрге айналды.

Қазақстандық орындаушылар республика тәуелсіздік алғаннан кейін әлемнің түрлі елдерінде болған аса ірі халықаралық конкурстарда талай табыстарға жетті. Елдер мен құрлықтарда гастрольде болған отандық артистер көпшілікке біздің еліміздің мәдениетін кеңінен таныстыруда. Республиканың белгілі музыканттары халықаралық музыкалық қызмет саласында жемісті еңбек етуде [2, 112 б.].

Қаржылық қолдаусыз жұмыс істеген қазақ кинематографиясы өзінің екінші қайтара дүниеге келуін бастан кешіруде. Оның «жаңа толқынының» пайда болуына орай жас режиссерлардың «Ине», «Соңғы каникул», «Табысу», «Қайрат», «Отырардың күйреуі», «Әлжуаз жүрек» және басқа кино туындылары ең беделді халықаралық фестивальдардың басты және арнаулы жүлделерін жеңіп алды.

«Қазақфильм» қазір жыл сайын 30-ға жуық көркем, анимациялық және деректі фильмдер түсіреді. Онда соңғы жылдары түсірілген «Сталинге сыйлық», «Мұстафа Шоқай», «Сіз кімсіз, К мырза?», «Жаужүрек мың бала», «Балалық шағымның аспаны», «Шал» секілді көптеген картиналар біздің көрермендеріміздің ғана көңілінен шығып қойған жоқ, олар сонымен қатар қазақ киносының деңгейін сапалық жағынан тағы бір белеске көтерді.

«Жаңа толқындағы» Қазақстан кинематографының картиналары отандық баспасөз бен кино сынында жоғары баға алды. 1998 жылғы қазанда Алматы қаласында «Еуразия» 1- халықаралық кинофестивалы өтті, онда Қазақстан кинематографистерінің соңғы еңбектері көрсетілді. Бүгінгі таңда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық компаниясы (2000 жылы құрылған) жыл сайын ондаған толықметражды көркем фильм шығаруға қабілетті, бұл фильмдер халақаралық беделді фестивальдарда басқа елдердің өнімімен бәсекелесе алады.

2006 жылы «Көшпенді» фильмінің шығарылуы Қазақстанның кинематографиялық өміріндегі маңызды оқиға болды. Фильмнің идеясын бастапқыда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев тұжырымдады. «Көшпенді» фильмі Голливуд кинематографистерімен бірлескен тұңғыш ынтымақтастық болып табылады.

2007 жылғы ақпанда «Kazakh Cinema Distribution» компаниясы мен «Тұран Әлем» Банкі DVD жинақтама жинағындағы қазақ киносының «Алтын жинақтамасын» тарту ретінде ұсынды. Жинақтаманың шығуы отандық киноның тарихына жаңа бет болып енді, ол қалпына келтірілген 30 фильмнен тұрады. Жасалған уақыттың рухымен сусындаған жинақтаманың барлық фильмдері өзінің көкейкестілігін бүгінгі таңда да жоғалтқан жоқ. Мұның өзі фильм кейіпкерлерінің әрбір қазақстандыққа жақын екендігімен байланысты, олар мәңгі құндылықтар мен мұраттарды жеткізген фильмдер.

Қазақстан XXI ғасырдың басында қол жеткізген экономикалық өсу қарқыны мәдени үрдістердің дамуына игі ықпалын тигізді. Қазіргі заманғы Қазақстандағы мемлекеттік пен мәдениеттің жемісті байланысының мысалы деп «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын заңды түрде есептеуге болады.

«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев бастауымен құрылған. Бағдарламаны жүзеге асыру 2004 жылы басталған болатын және екі жылға есептелген. Кейін тағы екі кезең құрылды: 2007 жылдан 2009 жылға дейін және 2009 жылдан 2011 жылға дейін.

«Мәдени мұраның» мақсаты – елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шет елде Қазақстанның мәдени мұрасын үгіттеу.

2004 жылдан бағдарламаны жүзеге асыра бастаған кезден бастап тарих пен мәдениеттің 78 ескерткішінде реставрациялық жұмыстар бітірілген, олардың 28-і (35%) – 2008-2011 жылдары реставрацияланған.

Біздің түп-тұқияндарымыз туралы көптеген мәлімет беретін ғылымды мыңдаған артефактылармен байытқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілген.

Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Армения, сонымен қатар АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде 5 мыңнан астам құнды тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты архивті құжаттар, қолжазбалар мен баспа шығарылымдары алынды.

Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі толымды гуманитарлы білім беру қоры құру басталды. 537 кітап бір жарым миллионнан астам тиражбен шығарылды, олардың арасында тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге байланысты қайталанбас сериялар кездеседі.

Орта ғасырлардағы әуендерге терең зерттеулер жүргізілді, оның ішінде күйлер, тарихи өлеңдер.Қазақтың дәстүрлі әндерінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» антологиясы шығарылды.

Сәтті аяқталған шетелдік жобалар – Дамаскідегі Сұлтан Аз-Захир Бейбарс кесенесінің, Каирдегі Сұлтан Бейбарс мешітінің реставрациясы, Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталық және кесенесін салу.

«Казахфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы 20 деректі фильм түсірген. Бұл «Мәдени мұра», «Қорқыт. Күй тарихы», «Номадтардың музыкалық мұрасы», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Жүсіп Ата кесенесі», «Тамғалы петроглифтері» және басқалар циклындағы деректі фильмдер[3].

«Мәдени мұра» бағдарламасы Қазақстан тарихындағы теңдессіз гуманитарлы акция бола тұрып, қазақ халқының ұлттық рухани байлығын әлемге паш етті.

Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан арман-тілегі бір көптеген түрлі ұлт өкілдерінің Отанына айналды. Бірге тұрып жатқан халықтардың тарихи қалыптасқан рухани байланысы Қазақстан Республикасында ұлттық келісімнің негізін қалады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығына сәйкес мемлекет басшысы жанындағы кеңесу-мәмілесу органы ретінде құрылды. Қазір республикада жұмыс істейтін және Қазақстан халқы Ассамблеясына біріккен ұлттық-мәдени орталықтар еліміздің ұлттық мәдениетінің дамуына жан-жақты жәрдемдесуде. Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – 27 республикалық және аймақтық, 250-ден астам жергілікті ұлттық-мәдени орталықтарды біріктіретін ұлттық саясатты жүзеге асыратын бірегей қоғамдық институт. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады.

2014 жылдың 18 сәуірінде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы өтті. Елбасы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ата Заңымыздың 20 жылдық мерейтойы атап өтілетіндігін айтты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы барша халықты Конституцияға дауыс беруге шақырған тұңғыш институт болатын. Мен мұны ұмытпаймын, осыған дән ризамын. Сондықтан да келесі 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялаймын», – деді Н.Ә. Назарбаев [4, 1 б.].

Адамзаттың үшінші мыңжылдыққа аяқ басуы Қазақстанда соңғы жылдардағы мәдени үрдістердің сипатына елеулі ықпал етті. Өткен ғасырдың мәдениетімен айқын жалғасып келе жатқан сабақтастық XX ғасырдың аяғындағы қазақстандық мәдениеттің ерекшелігі болып табылады. Жалпы алғанда, Қазақстандағы қазіргі заманғы мәдениеттің сипаты демократиялық реформалардың тереңдеуіне байланысты елде болып жатқан оң өзгерістерді паш етті.