Жер бетінің планы ұшақтан түсірілген фотосуретке негізделіп жасалады. Осымен қатар шағын жердің планын тікелей жер бетінде өлшеулер арқылы да жасауға болады.
Дайындық жұмыстары. Планға түсірумен айналысу үшін бастауыш сыныпта пайдаланған құралдар жеткілікті. Үлкендігі 40×30 см аржа тақтайға (планшетке) тығыз ақ қағаз жапсырылады. Оның сол жақтағы жоғарғы бұрышына сүргішпен «С» әрпін жоғары қаратып компас бекітіледі. Қағаздың сол шетіне солтүстік-оңтүстік бағытын көрсететін бағдарша, төменгі жағынан сызық масштаб сызылады. Оны алынған сандық масштабқа сәйкес белгілеп жазып қою керек.
Кез келген нүктеде жер бетін түсіру жұмыстарын атқарарда алдымен планшет компас бойынша бағдарланады. Ол үшін магнит тілінің бағытын қағазға сызылған бағдаршаның бағытына сәйкес келгенге дейін бұру керек. Енді планшет түсіру жұмыстарына дайын.
Планға түсіретін жердің мөлшеріне қарай әр түрлі әдістер қолданылады. Олардың неғұрлым оңай деп саналатын кейбіреуіне тоқталайық.
Айнала нысаналау әдісі шағын жерді планға түсіру үшін қолданылады. Бұл әдіспен жер беті бір нүктеден қамтылады. Мысалы, көрсетілген шағын алкапты планға түсіру қажет болды делік. Түсіруші планшетті бағдарлап алғаннан кейін ең алдымен қағазға өзі тұрған нүктені белгілейді (А нүктесі). Одан әрі кезекпен ағашқа (1), өзеннің иілістеріне қарай (2, 3, 4, 5-нүктелер) көздеп сызықтар жүргізеді. Нысаналарға дейінгі қашықтықтар тікелей өлшенеді. Олар әрбір сызықтың бойына масштабқа сәйкес салынады. Жеке ағаш, өзен, бұта және шалғын шартты белгілермен белгіленеді.
Көлденең сызықтар әдісі жолға жакын, екі қапталда орналасқан заттарды планға түсіру үшін қолданылады. Бұл әдіс орманның, тоғайдың, өзеннің және т.б. иректелген жиек сызығын түсіруге колайлы.
Масштаб 1:1000 (1 см-10 м). № 1 нүктеде планшетті компаспен бағдарлап алғаннан кейін қағазға жүретін бағыт сызылады. Осы нүктеден солға, яғни орманға қарай көлденең сызық жүргіземіз. Өлшенген қашықтық 20 м болды делік. Сызықтың бойына масштабқа сәйкес 2 см кесінді саламыз. Енді оңға, яғни өзенге қарай көздеп көлденең сызық сызамыз. Оған өлшенген 22 м қашықтыққа сәйкес 2,2 см кесіндіні белгілейміз. № 1 нүктедегі жұмыс аяқталғаннан кейін негізгі бағыт бойымен № 2 нүктеге дейін қашықтықты өлшеп барамыз. 40 м қашықтықты масштабқа сәйкес белгілеп (4 см), № 2 нүктенің пландағы орнын анықтаймыз. Бұл нүктеде солға және оңға қарай көлденең сызықтар жүргізіп, орманшының үйін, орманның шетін және өзеннің иілісін белгілейміз. Жолшыбай батпақты және шалғынды түсіреміз. Одан әрі карай № 3 және № 4 нүктелердегі жұмыс та осы ретпен атқарылады.
Айналып шығу әдісі. Егер планға түсірілетін жер аумақты болса, оны түгелдей айналып шығуға тура келеді. Айнала жүру жолы ретінде көдімгі жол, өзен бойы, сайдың табаны, тоғайдың шеті және т.б. таңдап алынады. Бұл жағдайда жер бетін планға түсірудің басқа әдістері аралас қолданылады.
Жұмыс мына ретпен аткарылады.
Әр нүктеде планшет компас бойынша және жер бетіндегі заттарға сәйкестендіріліп бағдарланады.
Төңіректегі заттар планға түсірілгеннен кейін келесі нүкте нысанаға алынып, сол бағытта сызық сызылады.
Бір нүктеден екінші нүктеге дейін қашықтык өлшеніп, алынған масштабқа сәйкес белгіленеді.
Жолдың екі жағындағы заттар көлденең сызық немесе айнала нысаналау әдісімен түсіріледі.
Дала жұмыстары аяқталғаннан кейін түсірілген план үйде өңдеуден өткізіледі. Қойылған нүктелер, олардың аралықтарындағы және қосымша нысаналау сызықтары өшіріледі. Жер бетіндегі заттардың шартты белгілері қойылады, қажетті түсінік жазулары жазылады.