Зерттеушілердің қатал климат жағдайындағы теңдессіз еңбектері нәтижесінде Антарктиданың ғылымға белгісіз көптеген құпиялары ашылды. Антарктида материгін қалың мұз жамылғысымен қосып, Мұзды Антарктида деп атайды. Жаппай мұз басу Антарктида Аустралиядан ажырап, оңтүстік полюске қарай жылжыған кезден басталған. Мұздың орташа қалындығы 1720 м шамасында, ең қалың жерлері 4300 м – ден асады. Мұз жамылғысымен қоса есептегенде материктің орташа биіктігі барлық материктердің орташа биіктігінен 3 есе артық. Антарктиданы жауып жатқан мұз қалқанының орталық бөлігі қалың әрі көтеріңкі, шет жағына қарай жұқарып аласарған күмбезге ұқсайды. Егер осы мұздарды ерітетін болса, Дүниежүзілік мұхит деңгейі 62 м – ге көтерілген болар еді.
Мұз астында жатқан материк бөлігін Тасты Антарктида деп атайды. Оның негізін гондваналық Антарктида платформасы құрайды. Оған батыс бөліктен Анд қатпарлы жүйесіне жататын Антарктида түбегі жалғасады. Олардың жымдасқан бөлігінде қазіргі жер бедерінің көтерілуіне себепші болып отырған жанартаулар тізбегі жатыр. Росс теңізі жағалауында сөнбеген Эребус жанартауы орналасқан. Бұл тау түзілісінің әлі де жүріп жатқанын көрсетеді.
Материк жер бедерінін, ерекшелігіне қарай Батыс Антарктида және Шығыс Антарктида болып екіге бөлінеді. Батыс Антарктиданың жер беті өте күшті тілімденген, көпшілік бөлігі мұз салмағынан қатты майысқан ойыстардан тұрады. Материктің теңіз деңгейінен биік және ең төмен жатқан нүктелері осында орналасқан. Ал Шығыс Антарктидадағы қалың мұз жамылғысымен жабылған жазық жерлер биіктігі 3000 – 4000 м – ге жететін таулармен алмасады. Таулардың тек ең биік шындары ғана жер бетіне шығып жатыр.
Антарктидадағы пайдалы қазбалары әлі де болса толық зерттелмеген. Қазіргі танда материк қойнауында тас көмір, темір, слюда, графит, алтын, алмас, уран және түсті металдардың қоры бар екендігі анықталып отыр.
Антарктида – жер шарындағы ең суық материк. Әсіресе ішкі аймақтардың климаты ерекше қатал. Ондағы қысқы орташа температура – 60°, – 72°С – қа дейін, ал жаз кезінде – 30°, – 50°С аралығында болады. «Восток» станциясында полярлық зерттеушілер жер шарындағы ең төмен температураны ( – 89,2°С) тіркеген. Сондықтан осы станция жер шарының суық полюсі деп аталады. Мұндай өте төмен температура жағдайында металл шыны сияқты сынады, адамдардың өкпесі мен көзінің жұқа қабығы үсінеді, тістің жылтыр қабаты шытынайды. Сол себепті сыртта жұмыс істеу үшін дене температурасын қалыпты жағдайда ұстай алатын киімдер киюге тура келеді. Температураның осыншама төмен болуы материктің тек географиялық орнына ғана емес, материк бетін жауып жатқан мұз жамылғысына да байланысты. Мұз жамылғысы әсерінен күн сәулесінің 90% – на жуығы кері шағылатындықтан, 186 күнге созылатын поляр күндері кезінде де материктің ішкі бөліктері жылына алмайды.
Қатты суынған және төмендеген ауа ағынының салдарынан материктің ішкі бөлігінде жоғары атмосфералық қысым орталығы қалыптасады. Осы орталықта өте суық, құрғақ антарктикалық ауа массалары түзіледі. Атмосфералық қысымы жоғары Антарктиданың ішкі аймақтары мен материкке ұласатын мұхиттар үстінде температура мен қысым айырмашылығы өте үлкен болады. Сондықтан материктің ені 600 – 800 км – лік жағалық алабында тұрақты желдер соғып түрады. Оларды ағынды желдер деп атайды. Жағаға жақындаған сайын олар күшейіп, кейде дүлей дауылға айналып кетеді. Бұл желдер материктен мұхитқа орасан мол қарды ұшырып әкетеді де, қыста теңіздерді жаппай мұз басады. Суға сырғып түскен материктік мұз жарылып сына бастайды да, біртіндеп зор қалқымаларша уларға айналады. Мұзтаулар көлеміне сәйкес он шақты жылдар бойы мұхит суларында қалқып жүреді.
Антарктида түбегімен жағалық суларға қыста Антарктидадан келетін суық ауа, ал жазда қоңыржай ендіктерден келетін салқын, ылғалды ауа массалары ықпал ететіндіктен, субантарктикалық климат қалыптасады. Жазғы ауа температурасы 0°С – қа дейін көтеріледі, тек қар күйіңде түсетін жылдық жауын – шашын мөлшері орталық бөлігіндегі 50 мм – ден жағалауларда 700 мм – ге дейін артады.
Табиғат жағдайының қаталдығына сәйкес Антарктида материгінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жоққа тән. Сондықтан қалың мұз жауып жатқан құрлықтың басым бөлігі антарктикалық шөл зонасына енеді. Материктің мұздан бос жағалық бөліктері мен аралдарында ғана мүк, қына және ұсақ балдырлар өседі. Антарктикалық жаз кезінде кейбір жағаға жақын биіктеу жерлердің беті қардан арылып, тез жылынып үлгереді.Мұндай бөліктерді антарктикалық шұрат деп атайды. Мұздан босаған жер беті жылуды бойына тез сіңіретіндіктен, шұраттарда өзіндік климаттық жағдай қалыптасады. Еріген мұз суынан көлдер пайда болып, онда ұсақ балдырлар өсе бастайды. Көлдер үстінде судың булануынан шағын бұлттар түзіледі. Шұраттардың ауданы онша үлкен болмайды.Антарктида жағалауындағы сулар ұсақ өсімдіктер мен жануарлардың жиынтығынан тұратын планктонға бай. Планктон киттердің, итбалықтардың, балықтар мен құстардың негізгі қорегі болып табылады. Антарктика суларында құстардың 13 түрі, ит балықтардың 5 түрі, көк киттер, кашалоттар мен косаткалар мекендейді. Материк жағалауында құстардың ерекше түрі пингвиндер көп таралған. Олардың 17 түрі кездеседі, ең көп тарағаны адели деп аталатын кішкентай пингвин. Сонымен қатар салмағы 50 кг – ға жетегін, бойы 1 м – ден асатын өте әдемі император пингвині мекендейді. Жаз айларында материк жағалауларында дауылпаздар, теңіз шағалалары, су құзғындары ұя салады. Антарктида мен оның жағалық суларында тіршілік ететін жануарлар қорғауға алынған. Ертеректе гондваналық материктермен бірге болған кезеңдерде Антарктидада өте алуан түрлі тіршілік дүниесі болған. Оған мұз астынан табылған мәңгі жасыл өсімдіктер мен ежелгі жануарлардың қалдықтары дәлел болып отыр.
Атмосфераның жалпы ластануы әсерінен Антарктида мұздарының жедел қарқынмен еруі мүмкін деген жорамал бар. Сонымен қатар Жерді ғарыштан келетін зиянды сәулелерден қорғайтын атмосферадағы озон қабатының Антарктида үстінде жұкарып сөгілгендігі де анықталып отыр. Бұл құбылыстың одан әрі күшеюі Жердегі тіршілікке зор қауіп төндіреді. Антарктида табиғатын зерттеушілер бұл апатты құбылыстарды тоқтату шара – ларын карастыруда.