Африка – ең ыстық материк, оны дәл ортасы арқылы экватор сызығы кесіп өтетіндіктен, Африкаға күн сәулесі үлкен бұрыш жасай түседі. Әсіресе екі тропик үстінде орналаскан кез келген нүктеде жаз кезінде Күн сәулесі дәл төбеден тік түседі. Сондықтан материктің көпшілік бөлігінде жылдық орташа температура +20°С – тан төмен болмайды. Жаз айларында солтүстік тропик кесіп өтетін Сахара үстінде ауаның орташа температурасы +35°С, +40°С – қа дейін көтеріледі. Ең салқын деп есептелетін қиыр оңтүстік жағалық жазықтардың өзінде ауаның орташа температурасы +8°С – тан төмен түспейді. Африка экватордың екі жағында орналасқандықтан, екі жарты шарда маусымдық айырмашылық байқалады. Ең алдымен бұл айырмашылық әр жарты шардағы ылғалдың түсу мезгілі мен мөлшерінен көрінеді.
Мысалы, шілде, тамыз айларында солтүстік жарты шардың субэкваторлық белдеуінде ыстық, жаңбырлы, қапырық ауа райы орнықса, оңтүстік жарты шардың субэкваторлық белдеуінде ыстық, құрғақ ауа райы қалыптасады.
Африка жерінің көп бөлігі экваторлық және тропиктік ауа массаларының ықпалында болады, тек материктің қиыр оңтүстік және солтүстік жағалық бөліктеріне салқын кезде батыс желдері алып келетін қоңыржай ауа массалары әсер етеді. Екі жарты шардың пассаттары бір – бірімен түйісетін экваторлық бөлікте жауын – шашын көп жауады. Ол осы бөліктегі өрлеген ауа қозғалысынын, әсеріне байланысты. Ал Арабия түбегінен соғатын солтүстік – шығыс пассат желдері Қызыл теңіз үстінде ылғалға қаныға алмайтындықтан, Африкаға құрғақ тропиктік ауаны алып келеді. Сахара үстімен жылжыған сайын бұл ауа қызып, одан әрі құрғай түседі. Сондықтан солтүстік пассат желдерінің жолында жатқан аудандарға жауын – шашын аз түседі.
Африканың оңтүстігіндегі Үнді мұхитынан соғатын оңтүстік – шығыс пассаттар жылы ағыстар үстінде ылғалға қанығып, Мадагаскар мен Айдаһар тауларының шығыс беткейлеріне мол жауын – шашын әкеледі. Ал Гвинея шығанағынан соғатын пассат желдері материктің батыс жағалық бөлігіне ылғалды, экваторлық ауа ағынын әкеледі. Әсіресе жағалаудағы таулардың батыс беткейлерін – де жауын – шашын мол түседі.
Мысалы, Дебунджа қаласында жылдық жауын – шашын мөлшері 10470 мм – ге жетеді. Африканың климаттық жағдайлары жер бедеріне де тәуелді болады. Жер бедері биіктеген сайын, температура мен қысымның, жауын – шашынның мөлшері өзгереді. Сондықтан экваторға жақын жатқан биік тау шыңдарында мәңгі қар жатады, Атлас тауларының биік бөліктеріне де қар түседі. Ылғалды ауа массаларының жолында жатқан тау беткейлерінде жазық жерлермен салыстырғанда жауын – шашын біршама мол түседі.
Климаттық белдеулері: экваторлық, субэкваторлық (солтүстік жарты шар, оңтүстік жарты шар), тропиктік, субтропиктік.
Экваторлық белдеу Конго (Заир) өзені алабының экватор бойындағы бөлігін және Гвинея шығанағы жағалауын алып жатыр. Аумағы онша үлкен емес. Бұл белдеуге бүкіл жыл бойы ылғалды экваторлықауа массалары әсер етеді. Ауа температурасы (+24°С) жыл бойы тұрақты, жауын – шашын жыл бойы біркелкі, әрі 3000 мм – ден жоғары түсетін мұндай климатты ылғалды экваторлық климат деп атайды.
Субэкваторлық белдеулер экваторлық белдеуден екі жарты шардың шамамен 20° ендіктеріне дейінгі аралықты қамтиды. Субэкваторлық климаттың экватор климаты – нан басты айырмашылығы жауын – шашын мөлшерінің аздау болуынан және оның жыл мезгілдеріне қарай түсуінен байқалады. Сондықтан бұл белдеуде жыл мезгілдері ылғалды және құрғақ кезеңдерге айқын ажыратылады. Жыл бойы жоғары болатын ауа температурасы әрбір жарты шарда жыл мезгілдеріне байланысты аздап өзгереді. Осындай климатты ауыспалы ылғалды климат деп атайды.
Тропштік белдеулер материктің екі тропиктік шеңбер үстіндегі бөлігін қамтиды. Солтүстік тропиктік климаттық белдеу батыстан шығысқа қарай өте енді және аса зор Еуразия материгімен көршілес орналасқан. Бұл белдеуге осында қалыптасқан тропиктік континенттік ауа массалары мен Еуразия үстінен құрғақ, ыстық ауа әкелетін пассаттар әсер етеді. Сондықтан белдеуде жер шарындағы ең ыстық, ең құрғақ, ең үлкен Сахара шөлі орналасқан. Мұнда күндіз ауаның орташа температурасы +40°С және одан дажоғары көтеріледі. Құмның бегі +70°С – қа дейін қызады, түнде керісінше ауа мен жер беті тез суынады. Сахараның ауасы құрғақ, ыстық әрі шанды болады.
Жазда жиі – жиі самум желдері (құмды дауылдар) соғады, аспан ылғи шандатып тұрады. Қызған ауаның қозғалыстары нәтижесінде көкжиекте пайда болатын сағымдар шөлдегі жолаушылардың көзін алдайды. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы өте төмен болғандықтан, Сахарада жаңбыр – өте сирек болатын құбылыс. Кейде бірнеше жылға созылған құрғақшылықтан кейін күтпеген жерден нөсер жаңбырлар жауады.
Су өткізбейтін жыныстар жауып жатқан шөлдерде әпсәтте айнала суға толып, сел жүреді. Жауын – шашынның жылдық мөлшері 100 мм – ден де төмен. Климаттың мұндай сипатын тропиктік континтттік шөл климаты деп атайды. Оңтүстік тропиктік климаттық белдеу Атлант мұхиты жағалауында экватор сызығы үстінен басталып, Үнді мұхиты жағалауында 20° о.е. бойымен Мадагаскар аралын кесіп өтеді. Батыста белдеу шекарасының солтүстікке қарай ығысуы Венгел суық ағысының ықпалына байланысты болады. Сондықтан бұл жағалауда экватор бойына дейін Намиб жағалық шөлі орналасқан. Намиб шөлінен шығысқа қарай Калахари шөлі жатыр. Калахаридің климаттық жағдайлары Сахарамен салыстырғанда біршама қолайлы болып келеді. Жауын – шашынның жылдық мөлшері батыстан шығысқа қарай артады. Үнді мұхитынан келетін теңіздік тропиктік ауа массаларының ықпалында болатын белдеудің шығыс бөлігіне тропиктік ылғалды климат тән болады.
Субтропиктік белдеулер материктің солтүстік және оңтүстік шеткі бөліктерін қамтиды. Өтпелі белдеу болғандықтан, мұнда жазда тропиктік, қыста қоңыржай ауа массалары әсер етеді. Солтүстік субтропиктік белдеу Жерорта теңізінің жағалауын алып жатыр. Температураның жыл мезгілдеріне қарай ауытқуы айқын байкалады. Жазы ыстық (+28°С), құрғақ, қысы біршама жылы (+10°С), ылғалды болады. Қысқы жауын – шашынды Атлант мұхитынан батыс тасымал арқылы келетін қоңыржай теңіздік ауа массалары әкеледі. Мұндай климатты жерорта теңіздік климат деп атайды. Нағыз жерорта теңіздік климат Атлас тауларының батыс беткейлерінде ғана байқалады, ал шығысқа қарай Сахара шөлінің ықпалы күшейеді. Оңтүстік субтропиктік белдеудің батысына да жерорта теңіздік климат тән. Бірақ нағыз жерорта теңіздік климатпен салыстырғанда, жаздағы ауа температурасы біршама төмен (+20°С), ал қысы жылы (+14°С), ылғалды болады. Белдеудің оңтүстік – шығысында жауын – шашын жыл бойы жауады, Үнді мұхитынан соғатын муссондар әсерінен ылғалдың басым бөлігі жазда түседі. Мұндай климат субтропиктік ылғалды климат деп аталады.
Африка материгінің климаттық жағдайлары адам өмірі мен шаруашылық әрекетіне түрліше әсер етеді. Климаты қатал деп есептелетін Сахара жері медициналық тұрғыдан алғанда Африканың ең «таза» ауданы болып табылады. Оның себебі шөлдегі жоғары температура мен құрғақ ауа жағдайында жұқпалы ауруларды қоздыратын микробтар мүлде кездеспейді. Ал керісінше ылғалы мол аудандарда көптеген қауіпті ауруларды жұқтыратын жәндіктер кең таралған. Бұл адам денсаулығына ғана емес, мал шаруашылығын дамытуға да нұқсан келтіреді.
Африкада жыл бойы температураның жоғары болуы кофе, какао, құрма және майлы пальма сияқты бағалы тропиктік және цитрустар, шай, мақта тәрізді субтропиктік дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді.