Африканың зерттелу тарихы

Африка — Жердің Евразиядан кейінгі көлемі жағынан екінші үлкен материгі. Оған қарасты аралдарды қоса есептегендегі ауданы —30,3 млн км2, аралдарсыз —29,2 млн. км2.

Африка материгі Евразиямен тығыз байланысты: оларды тек Қызыл және Жерорта теңізі бөліп тұр. Африка мен Евразия шығыс жарты шардың біртұтас құрлық массивін құрайды, бұларды басқа материктерден мұхиттардың орасан зор кеңістіктері бөліп тастаған.

Африка жағалауында аралдар онша көп емес. Олардың ішіндегі ең үлкені—Мадагаскар. Үнді мұхитында одан басқа Сокотра, Занзибар, Пемба, Мафия, Комор, Маскарен аралдары бар. Олар түгелдей дерлік материктен пайда болған және материкке таяу жатыр.

Атлант мұхитында материктік және вулкандық аралдар бар. Олар: Мадейра, Канар, Жасыл Мүйіс, Масиас-Нгема-Бииого, Принсипи, Сан-Томе, Аннобон.

Орографиясы жағынан әр түрлі және тым бөлшектенген Евразияға қарағанда Африканың жері керісінше бет құрылысы біркелкі және пішінінің қарапайым болуымен ерекшеленеді. Оның рельефінде биіктігі 200 метрден 1000 метрге дейін баратын жазықтықтар мен тау үстірттері басым. Жерінің 10 процентке жуығы ойпатты, ал 20 проценттен біраз астамы таулы болып келеді. Материктің шеткі бөлігі, әдеттегідей, ішкі аудандармен салыстырғанда көтеріңкі келеді. Олардың орташа биіктігі 750 м құрайды.

Африканың экватордың екі қапталындағы негізінен тропиктік экваторлық кеңістік алабындағы орны жоғары температураның басым болуына себепші болса, ішкі бөліктерінің онша тілімденбеуі ирі тұйықтығы Африкаға тән континенттілік туғызады. Тегіс рельефтің басым болуы және географиялық орны зоналықтың айқын көрінуіне жағдай жасайды. Табиғат жағдайлары біршама біртектес болып келетін ендікті бойлай созылып жатқан жалпақ өңірлер экватордан солтүстікке және оңтүстікке қарай бірін-бірі заңды түрде алмастырады. Зоналық құрылым, әсіресе, материктің барынша сом және рельефі бірсыдырғы солтүстік бөлігінде айқын көрінеді.

Біздің эрамыздан көптеген ғасырлар бұрын материктің жағалауы мен ішкі аудандарында Азия мен Солтүстік Африканың халықтары: финикиялықтар, египеттіктер, карфагендіктер болып тұрған. Ерте орта ғасырда Шығыс және Солтүстік Африкаға Аравия түбегінен арабтар өткен.

XV ғасырда португалдықтар Индияға апаратын жол іздеу барысында Африканың жағалауын зерттеген. Бұл, құл саудасының және африка елдерін европалықтардық басып алуының бастапқы кезеңі болатын. ХVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезінде Англия мен Франция материктің ішкі жағындағы бірнеше отарларды жаулап алды. Бұл жаулаулар кезінде ашылыстар мен зерттеулер қатар жүргізілді 1788 жылы ағылшындар «Африканың ішкі бөліктерін ашуға жәрдем ететін ассоциация» құрды. XIX ғасырдағы зерттеулердің айтарлықтай нәтижесі — Африканың ең ірі өзендері Нигер, Ніл, Конго және Замбези бассейндерінің зерттелуіне байланысты негізгі географиялық проблемаларды шешу болды. Орталық және Оңтүстік Африканы зерттеп білуге ағылшын ғалымы Д.Ливингстон үлкен үлес қосты. Ол отыз жыл бойы (1843— 1873) Атлант мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі және Кейптауннан экваторға дейінгі ұлан-байтақ кеңістікті зерттеді.

XIX ғасырдың екінші жартысында Ніл мен Конго суайрығы облысын зерттеу жұмыстарын орыс ғалымы В. В. Юнкер жүргізді.

XIX ғасырдың бірінші жартысында түгел континенттің тұтастай және оның жекелей бөлшектері немесе елдері географиясы ірі жинақталған жұмыстар жасалды.