1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса- көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды. КСРО-ға қарсы соғысқа Германияның одақтастары — Румыния, Венгрия, Италия, Словакия, Финляндия қатысты. Гитлершілдердің жағында соғысқа кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл жағдай Қызыл Армияны Қиыр Шығыс пен Закавказьеде ірі әскери құрамаларын ұстап тұруға мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс қимылдары кеңес елінің аумағында өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау соғыстың алғашқы күндерінде сәтсіздіктерге ұшыратты.
И.В. Сталин халыққа 1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы үндеу жариялады. Оны бүкіл ел тыңдады. Қазақстан халқы соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ өздерінің борышын өтеп, майдандағы армияның қатарын толықтырды. Әскери міндеттілерді әскерге алу өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Тарихи әдебиеттерде бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деген атқа ие болды. Бүкіл кеңес халқы ортақ жауға қарсы күреске жұмылды. Алғашқы күндердің өзінде ақын В. Лебедев-Кумач пен композитор А. Александров жауға қарсы күресте көпке ортақ әнұранға айналған «Қасиетті соғыс» әнін шығарды.
Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды. Фашистермен шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316- шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивизиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы атты әскер дивизиялары, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадалары, 209- Зайсан, 219-минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші, 992-ші авиациялық полктар даңққа бөленді. Көрсеткен ерліктері үшін 316-дивизия 8-гвардиялық дивизия, 328-дивизия 30-гвардиялық дивизия болып, 75-теңіз бригадасы 27-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыр табан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді [1, 3-б.].
Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал-майор) айқасқа кірісті. 312-дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-дивизия өзінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал-майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батырлары — Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) — Рамазан Амангелдиев қатысты.
1941 жылы Алматы, Ташкент, Фрунзе (қазіргі Бішкек) т. б. қалалардағы әскери училищелердің курсанттарынан 39-жеке атқыштар бригадасы құрылып, 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы тәрізді жауды Мәскеу түбінде талқандап, неміс-фашист басқыншылары басып алған қалаларды азат етті. Жауынгерлік ерлігі мен берік тәртібі үшін 79- атқыштар бригадасы 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, оған Сталинградтық дивизия атағы берілді. Еділ үшін болған шайқаста басқа көптеген жауынгерлермен бірге 22-артиллериялық полктық қазақ жауынгерлері де даңққа бөленді. Полк жауынгерлері неміс танкілерін жоюда ерен ерлік көрсетті. 1943 жылы Орал облысынан майданға 24 қазақ қыздары аттанды. Подольск қаласындағы мергендер мектебін бітірген соң, олар Сталинград майданына келді. Ержүрек қазақ қыздарының даңқы бүкіл майданға тарады, олардың ішінде М. Тоқтамысова, Р. Момынова, А. Бекетова, М. Нестеренко, Е. Семенюк т. б. болды [2, 2-б.].
Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік, қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде-ақ қазақстандық 310-шы, 314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандык жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, «Өмір жолын» салуға қатысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Ержүрек комсомол, мерген қызды III дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады, ал қаза тапқаннан кейін 1944 жылы шілдеде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 24-атқыштар бригадасында қызмет еткен 3. Оңғарбаева да ержүрек жауынгер ретінде көпке танылды.
Қазақстан жауынгерлері Балтықтың теңіз шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық ерлігімен көзге түсті. 1942 жылы жаз бен күзде соғыстың шешуші оқиғалары КСРО-ның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Еділ мен Дон өзендерінің аралығында болды. Қазақстанда құрылған бөлімшелер Еділдегі шайқасқа да қатысты. Қаһарман-қала Сталинградтың (қазіргі Волгоград) тұрғындарының есінде Қазақстанда жасақталған, полковник Г. Сафиуллин басқарған 38-шы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерліктері жатталып қалды. Сталинград түбіндегі қорғаныс шайқастарында дивизияда мергендік қозғалыс өрістеді.
Мыңдаған қазақстандықтар Еділ бойы мен Дон далаларында көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Ұшқыш Нүркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Көптеген қазақстандықтар Курск доғасында шайқасқан Брянск, Орталық, Воронеж және Далалық майдандардағы әскери құрамалар мен бөлімдердің құрамында неміс-фашист әскерлерін талқандауға елеулі үлес қосты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі, үздік әскери қимыл-әрекеттері үшін 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының 7 500 солдат, сержанттары мен офицерлері (оның ішінде А. Бельгиннің батальоны да бар) КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталды, 27 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Днепрден өту шайқастарына қатысқан 73-ші гвардиялық дивизияның 210 жауынгеріне, 72-ші гвардиялық дивизияның 29 жауынгеріне, 8-ші гвардиялық дивизияның 46 жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жоғарғы үкімет марапатына ие болғандардың арасында А. Әлімбетов, Ж. Сүлейменов, С. Жақсығұлов, Қ. Шәкенов, С. Шәкіров, А. Петров, В. Бреусов, Т. Вербицкийлер болды. 1943 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында 25-гвардиялық атқыштар корпусының командирі былай деген: «Днепрдегі ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға өздерінің біздің Отан-анамызға деген ыстық махаббатын тағы да көрсетті, олардың тамырларында халық батыры Амангелдінің батырлық қанының суымағанын танытты. Днепр жағалаулары мен Днепрден өту кезіндегі шайқастарда қазақтар көрсеткен ерліктердің бәрін санап бітпейсің» [3, 155-б.].
Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысқа қатысты. Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында (толық емес деректер бойынша) 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ шайқасты. Смоленск облысындағы 15 партизан бригадалары мен отрядтарында 270 қазақстандық ұрыстарға қатысты. Белоруссияның әр түрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1500-ден аса қазақстандық болды. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шәріпов, Тәжіғали Жангелдин т. б. батырларының есімі көпке танылды. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер — Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т. б. аянбай шайқасты. Еуропа елдерінде Қарсыласу қозғалысына қатысушы қазақстандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көрсетті. Поляк партизандық жасақтарында Жамбыл облысынан Салтынбек Төлешов, Шығыс Қазақстан облысынан Константин Трокин, Қарағанды облысынан Михаил Авдейчик, Қызылорда облысынан Омар Тойымбетов тағы басқалары шайқасты. Словакиядағы Турея өзені бойында казақстандық Петр Величконың басшылығымен партизандық құрама жасақталды. Чехословакияны неміс фашистерінен азат етудегі партизандық ұрыс қимылдарына алматылық Алексей Ильин, семейлік Николай Мошкин, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жұбандық Сұранқұлов, павлодарлық Николай Тарановтар қатысты. Югославия жерінде фашистерге қарсы шайқаста көкшетаулық Телжан Желқожинов, Ақтөбе облысының тұрғыны Арық Есентаевтар ерлік көрсетті. Грекия жерінде фашистерге қарсы күресте алматылық Петр Рев, француз қарсыласу қозғалысы сапында Дәулет Қаражұмынның батырлығымен аты шықты. 1943 жылдың жазында Бельгияда фашистік тұтқыннан қашып шыққан кеңес әскерлері партизандық бөлім құрды. Олардың ішінде қазақстандық — Ақтөбе облысынан Өтеген Абдуллин, алматылық Иван Қарасев, Ақтөбеден Борис Бондаренко, Талдықорған облысынан Федор Малаховтар болды. Қазақстандық 23 жауынгер итальяндық қарсыласу қозғалысы құрамында — Қарағандыдан Тәкіш Әлпеисов, Қызылордадан Қалданбек Дүйсенбеков, Актөбеден Жаймақ Келшіков, Целиноград облысынан Николай Дрожаков және Топай Сәдуақасов т. б. жаумен қасық қаны қалғанша шайқасты.
Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі — бір орденмен, төртеуі — екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш — Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шенінде батальонды басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан үш рет алып шықты. Соғысты Б. Момышұлы полковник шенінде аяқтады. Әділеттілік тек 45 жылдан соң, қазақтың ұлттық батыры өмірден қайтқаннан кейін ғана қалпына келтірілді. «Даңқ орденінің толық иегері» атағына 110 қазақстандық ие болды. 1941 жылы 26 маусымда әуеде от-жалынға оранып бара жатқан бомбалаушы ұшағын жау танкісі колоннасы үстіне шүйілтіп, жандарын пида еткен казақтың баһадүр ұшқышы Бақтыораз Бейсекбаев пен ұшақ экипажына 1996 жылы 2 мамырда Ресей Федерацясының Батыры атағы берілді. Рейхстагқа тікелей шабуыл жасап, оған Жеңіс туын тіккендердің қатарында қазақстандықтар Р. Қошқарбаев, капитан Б.В.Чупрета, минометші А. Бақтыгереев, пулеметші A.Е.Вицко, байланысшы К.М.Волочаевтар болды.
Неміс басқыншыларын кеңес жерінен қуған Кеңес Одағының Қарулы Күштері дүниежүзілік тарихи миссияны — Еуропаны гитлерлік оккупациядан азат етуді жүзеге асыруға кірісті. Румыния мен Бол- гарияны азат ету шайқастарына 387-ші қазақстандық атқыштар дивизиясы қатысты. Югославияда 73-ші гвардиялық дивизия шайқасты. Ұлы Отан соғысының ірі, шешуші операциясы — Берлинді алуға 150-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Шайқас қызып жатқан уақытта қазақстандықтар — офицер Р.Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Г. Булатов, кіші сержант М. Еремин, қатардағы жауынгер Г. Сывенко т.б. тіккен қызыл тулар желбіреп тұрды. Берлинге тіке шабуыл жасауға «Қазақстан комсомолы» танк колоннасының танкілері қатынасты. Бұл колонна Қазақстан еңбекшілерінің жеке қаражаттарымен құрылған еді. Республика патриоттары соғыс жылдары 480 миллион сом жинап, бұл қаржыға «Қазақстан колхозшысы», «Түрксібші», «Қазақстан кеншісі», «Қазақстан мұнайшысы», «Қазақстан металлургі», «Қазақстан пионері» атты т. б. майдандардағы армиялардың құрамына кірген танк колонналары мен авиаэскадрильялары жабдықталды.
Фашизммен соғысты жеңіспен аяқтаған Қазақстан жауынгерлері Квантун армиясымен болған шайқастарға да қатысты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 2027 қазақстандық ордендермен, медальдармен марапатталды, олардың ішінде 14-і — «Кореяны азат еткені үшін», 234-і — «Жапонияны жеңгені үшін» медаліне ие болды.
Жеңіс күнін армия қатарында болған, Қазақстанда құрылған 12 дивизия, 3 атқыштар, 1 артиллерия, 1 минометші, 2 авиация полкі, басқа да бірнеше әскери бөлімшелер қарсы алды. 500-ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның 97-і қазақтар. Б. Момышұлы, Б. Бейсекбаев, X. Доспанова т.б. қазақстандық батырлар соғыстан кейінгі кезенде марапатталды.
Бүгінгі таңда қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы адам шығыны жөнінде әр түрлі пікір айтылып жүр. Цифрлар 350 мыңнан бастап 410 мыңға дейінгі деңгейді меңзейді. Бірақ мұнда республикадан тыс жерлерден майданға аттанған қазақтар, еңбек армиясынан оралмай қалғандар, майданда алған жарақаттан қаза тапқандар еніп отырған жоқ. 1930-1937 жылдардағы қуғын-сүргіннен аман қалған зиялылар өкілдерін майданға аттандырған қазақ халқының өзінің ең талантты азаматтарынан айырылғаны даусыз факт еді [4, 1-2-б].
Қазақстандық құрамалар Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрден өту мен Украина, Белоруссия, Молдова мен Балтық елдерін, Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарына қатысты.
1945 жылы 8 мамырда Потсдамда гитлерлік Германияның сөзсіз тізе бүгу Актісіне қол қойылды. Сол жылдың 2 қыркүйегінде американдық «Миссури» линкорының бортында милитаристік Жапонияның сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі Актіге қол қойылды. Бұл оқиғаның жедел өткізілуіне: біріншіден, Кеңес Армиясының Қиыр Шығыста (Маньчжурияда) жапондық Квантун армиясын қысқа мерзімде талқандауы, екіншіден, американдықтардың жапон қалалары Хиросима мен Нагасакиге екі атом бомбасын тастауы себепші болды. Жапонияның тізе бүгуімен Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.