Тәуке (Тәуекел) хан (1582-1598 ж.ж.)

Тәуке хан билігі тұсындағы Қазақ хандығының нығаюы, қазақтардың қырғыздармен және қарақалпақтармен одағы жоңғарлардың қазақ жеріндегі тегеуірінін уақытша әлсіретті. Олардың 1680 жылғы Оңтүстік Қазақстанға шабуылы кезінде Тәуке хан әскерімен болған Түркістан қаласы ғана тонаудан аман қалды. Жоңғар шапқыншылығы Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалардың біртіндеп өмір сүруін тоқтатуының елеулі себептерінің бірі болды. Сонымен қатар жоңғар шапқыншылығы маңызды сауда жолдарын тоқтатты, бейбіт жұрттың шаруашылығына үлкен залал келтірді. Тоқтаусыз өзара қырқыс, Орта Азия билеушілерімен тұрақсыз қарым-қатынас Қазақстандағы ауыр экономикалық және саяси жағдайды тудырды. Қазақ хандығының әлсіреуі тек мемлекеттің тұтастығына ғана әсер етіп қойған жоқ, этникалық әсері болды. Билік, жайылымдық жер мен қалалар үшін талас-тартыс қоғамдық-мәдени дамуды баяулатты, мемлекеттікті нығайтуға және оның көмегімен халық пен оның жерін қорғауға кедергі жасады.

Тәуке хан ыдырай бастаған хандықта саяси ахуалды біршама қалпына келтірді. Ол хан билігін күшейтуге, сепаристік күштерді басуға, халықтың бірігуіне бірқатар шаралар қолданды. Оның тұсында құқық қорғау мен мемлекет құрылғысының негізгі қағидаларын белгіленген салт-дәстүр құқығының жинақ нормасы “Жеті жарғы” құрастырылды.

“Жеті Жарғы”. Саяси құрылымның өзгеруі қазақ қоғамының құқық базасын қайта қарастырудың қажеттілігін тудырды. Бұл жұмыс XVIІ ғасырдың басында жүрді де Тәуке хан тұсында “Жеті Жарғы” заңдар жинағында бекітілді. Бұл жинақ XVIІІ ғасыр басындағы белгілі билердің қатысуымен әзірленді және мынадай жеті негізгі тараулардан тұрды:

Жер дауы, мұнда жайылымдар мен суаттар туралы дауды шешу жолдары айтылған.

Неке құру және бұзу тәртібін, ерлі-зайыптылардың құқығы мен міндеттерін, жанұя мүшелерінің мүліктік құқығын белгілейтін жанұя-неке Заңы.

Әскери міндеткерлікті, қосындар құруды және әскери басшыларды сайлауды реттейтін әскери Заң.

Сот жүргізу тәртібін белгілейтін сот процесі жөнінде Ереже.

Кісі өлтіруден басқа әртүрлі қылмыстарды жазалауды анықтайтын қылмыстық Заң.

Кісі өлтіргені және ауыр дене жарақатын жасағаны үшін жазалауды анықтайтын құн жөніндегі Заң.

Жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке құқығын, сонымен қатар оларға байланысты қауым мен марқұмның туысқандарының міндеттерін реттейтін Жесір дауы.

“Жеті Жарғыдан” басқа халықаралық құқық облысында Қасымның Кодексі де пайдаланылды. “Ереже” – билер құрылтайы ережесі және соттық оқиға, билер соты әрекеті жөнінде мағлұмат беретін әңгімелер – “Билер сөзі” Кодекске өзіндік толықтырулар болды.

Сот ісі, әдет-ғұрып құқығы – адат пен мұсылман заңы – шариғатқа негізделді. Сот ісі ру басшылары – билердің қолында болды. Ерекше күрделі істер билер съезінде қаралды. Кейбір істерде сұлтандар мен хандар қатысты. Егер жауапкер соттан немесе оның шешімін орындаудан жалтарса, онда қуынышы барымта жасауға құқылы болды.

Қазақ құқығының негізгі институты – жеке меншікке құқылық. Жайылым мен жыртылған жерлер руға, қауымға ортақ болды, мал жанұялық меншік болды. Қыстық жайылымдар мен шабындықтар ерекше қатаң бөлінді. Қазақтарда мынадай өзіндік міндетті құқық институты өмір сүрді: жылу, жұртшылық, асар және тағы басқа.

Қазақтардың неке формасы экономикалық базиске сәйкес болды. Некенің негізгі формасы бірнекелілік (моногамия) болды. Мүлікті сословие арасында көпнекелілік (полигамия) тарады. Жанұя-неке қатынасының ерекшеліктерінің бірі марқұмның әйелі күйеуінің бауырына көшетін салт-дәстүр – әмеңгерлік болды. Жетінші ұрпаққа дейін туысқандар арасында некеге тиым салынды. Ержеткен бала әке мүлкінің бөлігіне ие болуға құқығы болды. Белгілі бір жасқа келген соң балаларын жеке шаруашылыққа – отауға бөліп шығарды. Әкенің барлық шаруашылығы ол өлген соң шаңырақ иесі кіші ұлына тиесілі болды.

XV-XVII ғасырларда қазақ қоғамында азаматтық құқық пен қылмыстық құқық арасында шек болған жоқ. Қылмыс жөніндегі түсінік жаман іс, күнә түсінігімен астасып жатты. Қылмыс құқығында негізгі орынды кек қайтару заңы (қанды кек) алды. Көп жағдайда қанды кек құн төлеумен алмастырылды. Кейбір қылмыстарға айыптар салынды.

“Жеті Жарғыға” сәйкес қылмыстық жауапкершілік тек тікелей айыптыға жүктелді, сонымен қатар қауымның ұжымдық жауапкершілігі қағидасы кең тарады. Егер жауапкер сотқа келмесе немесе кесілген құнды төлемесе, онда айып барлық қауымнан алынды. Ондай жағдайда жауапкер қауым мүшелерінің еркіне берілді. Зерттеушілер қазақ қылмыс заңының ізгілікті болғанын атап көрсетеді. Тек ерекше жағдайларда ғана өлім жазасы қолданылды. Ондай жағдай біреудің әйелін зорлау мен алып қашу болды. Үкімді орындауға арнайы орган болған жоқ, бұл құқық қуынушыға берілді.