Ортағасырлық саяхатшылар Қыпшақ даласы (дашт-и Қыпчак) аталған жердің шығыс бөлігінде XIV—XV ғасырдың алғашқы ширегі аралығында Ақ орда атты мемлекеттің болғанын хабарлайды.
Рашид ад-диннің (XIVғ.) айтуына қарағанда Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) Жошының үлкен ұлы Орда (Орда Ежен, Орда Иген) әкесінің тірі кезінде еншіге алған. Әбілғазының (XVIIғ.) көрсетуі бойынша Ордаға бұл жерді кіші інісі Батый хан ХІІІ ғ. орта тұсында бөлген. Орданың мұрагерлері Батый ханның тұқымына сырттай тәуелді көрінгенімен, іс жүзінде олар өз ұлысының дербес билеушілері болды.
Ақ орда жері Алтын Ордадан алған тәуелсіздігінің нығаюы барысында XIVғ. екінші жартысына қарай қалыптасып, алғашында Жетісудың солтүстік шығыс бөлігі, Ертіс бойы, Ұлытау мен Кентау далаларын қамтыды. Ал Жайық, Ырғыз, Тобыл мен Сарысу өзендері аралығы, Арал теңізі төңірегі мен Сырдарияның төменгі сағасы Жошының тағы бір ұлы Шайбан ұлысына қарады.
ХІІІғ. орта тұсында Орда Еженнің ел басқарған ордасы Ертістің бойында және Алакөл көлінде болған. XIVғ. Орда Еженнің мұрагерлерінің билігі Шайбан ұлысына да тарайды, яғни бүгінгі Қазақстанның аумағын түгел қамтиды. Тек Жетісу өңірі ғана бұл кезде шағатайлық ұлысына, соңынан Мағұлстанға қарайды. Ақ Орданың күшеюіне байланысты оның орталығы енді Қазақстанның оңтүстігіне, Сығанақ қаласына ауысады.
XIVғ. бас кезінен Орда Еженнің мұрагерлері Шағатайлықтармен Сыр бойы қалалары және Жетісу үшін күрес жүргізе бастайды. Ертістен сырдарияға шейін, Алтайдан Ұлытау және Аралға шейінгі аралықта қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығына қуат бере отырып, Ақ Орда билеушілері сыр бойы, Талас, Шу және Ұлытау өңірлерінде отырықшы егіншілік пен мәдениеттің қайта жандануына ден қойды. Сығанақ, Отырар, сауран және Жентте бірақ жаңа құрылыстар өмірге келді, Ақ орда хандары өз аттарынан теңге құйғызды.
Орта Азия мен Хорезмнің қала, егіншілік және сауда аудандарымен байланыс орнатқан Ақ Орда хандары біртіндеп Алтын Орда билігінен алыстай бастайды да, XIVғ. алғашқы жартысында, яғни Ерзен және Мүбәрәк қожа (1320—1344жж.) хандар тұсында біржола дербестікке өтеді. Ақ Орданың күшеюі Ұрыс ханның билігіне тұс келеді (XIVғ. 60-70жж.). Тарихшы қадырғали би Қасымұлы Ұрыс ханды ақылды да батыл билеуші ретінде сипаттайды. Осы ханның тұсында қысқа мерзімге болса да Ақ Орданың билігі жеріне де тарайды.
XIVғ. соңғы ширегінде және XVғ. алғашқы ширегінде Ақ Орда Әмір Темірдің, оның мұрагерлерінің, ең ақыры шайбандықтардың шабуылдарына ұшырады. Тынымсыз әскери қақтығысулар нәтижесінде әлсіреген Ақ Орда жерінің үлкен бөлігін XVғ. 20-шы жылдарының соңына қарай шайбандықтар өздеріне бағындырды.
Мұсылман деректері Ақ Орданы билеген хандар шежіресін шамамен мынадай жүйеде береді: Орда Ежен, Сартақтай, Қойыншы, Баян, Сасы Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Ұрыс хан, Құйыршық және Барақ.
Ақ Орда — Қазақстан жерінде манғолдар шабуылынан соң жергілікті этникалық негізде қалыптасқан алғашқы мемлекеттік құрылым.
Бұл жер ерте замандардан түркі тілі мен мәдениетіндегі, сондай-ақ осы тарихи кезеңде жолында тұрған қазақ ұлтының негізін құраған үйсін, қаңлы, қарлық маңғыт сияқты ортағасырлық елдердің, сондай-ақ басым бөлігі Шыңғыс хан шабуылы тұсында Қазақстанға іргелес оңтүстік-шығыс аудандардан және Алтайдан ығысқан жалайыр, найман, керей, арғын, қоңырат және басқа ірі тайпалық одақтардың атамекені болды.
Ақ Орда мемлекетінде феодалдық меншік түрі отырықшы-егіншілік және көшпелі мал шаруашылығы аудандарында кемел қалыптасқан түрінде көрінді. Деректер отырықшы жұрт арасындағы ауқатты топтың інджеу, мильк, сүйірғал сияқты жер иелігі, сондай-ақ салықтың көпчүр, зекет, тағар сияқты түрлері болғандығын айтады. Елдегі билік жүйесінің басында орда Ежен ханның үрім бұтағынан шыққан хан тұрды, оған жергілікті аймақтарды билейтін оғландар мен бек, әмір, батырлар бағынды.