Түрік әлемінің батыс бөлігін қамтыған Түрік Батыс қағанаты. Шығыс Түркістаннан Әмударияға, Еділ бойы мен Солтүстік Кавказ далаларына дейінгі аумақта түріктердің ежелгі мекенінде орналасып, астанасы Суяб қаласы, ал жазғы орталығы Мыңбұлақта (Түркістан төңірегі) болды. Этникалық бірлестік өзегін Шу өзенінен Шығысқа қарай бес тайпа дулу, батыста бес тайпа нушиби тайпалары құрады. Бұл он тайпа “он оқ будун” деп аталды.
Орталық биліктің күшейген тұсында Шеғуй қаған (610—615) және Тон жабғу қаған (618—635) шекараны Үндістанның солтүстік батысына дейін кеңейтті. Бірақ Қытай императорларының қыйтұртқы саясаты мен билеуші топтың саяси әлсіздігі ыдыраушылыққа алып келді. Осыны күткен Таң империясы Жетісуды басып алып, билікті бағыншты қағандар арқылы жүргізді.
Қаған — мемлекет басшысы, әскер басы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерін басқарды, тайпа басшыларын бекітті. Қаған руынан шыққандар ғана мемлекеттегі жоғарғы шендер жабғу, шад, ел тебер атағын алды. Сот қызметін бұйрықтар мен тарқандар атқарды.
Шаруашылықтың негізгі түрін көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен қатар отырықшы егін шаруашылығы құрады. Батыс түрік мемлекетіндігі тайпалардың өзара диалектік айырмасы болғанмен, олар бірыңғай түркі тілінде сөйледі. Екі түрік қағанатында да орхон жазуы кең таралды. Қытай үстемдігі кезеңінде қол жаулыққа айналған қоғамның саясатына қарсы тайпалар азаттық күресін жүргізіп, оның соңы VIII ғ. басында түркештердің жеңісімен аяқталды.