Мырзашөл өңіріндегі ортағасырлық қалалар

Қаланың ежелгі аты белгісіз. Жазба деректерде кездеспейді. Жергілікті халық Ұтырлы қаласының атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтіртөбе деп те атайды.Үтірлі атануы «Ұтырлы» деген сөзден шығуы мүмкін. «Ұтырлы»-қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы мүмкін. Ал, Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні «үтір белгісіне» ұқсас болғандықтан жергілікті халық осылай атаған дейді.

Шынында да қаланың географиялық орналасуы қолайлы, жол торабында орналасқан. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай жол Сырдан өтіп, Чиначкентке (Шыназ), одан әрі Орта Азияның ірі орталығы — Шашқа (Ташкент) барған. Ал, Сырдың сол жағалауымен жоғары қарай өрлеген жол Хожентке жеткен. Сырмен төмен қарай жүрген тағы бір негізгі бағыт Сүткент қаласы арқылы өтіп, Оқсызға (Весидж) барған. Одан әрі жол жан — жаққа (Яссы-Сауран-Сығанақ, Испиджаб және Орталық Қазақстан бағыттары) тармақталады. Ал,қаладан оңтүстік, оңтүстік-батысқа қарай шыққан тағы бір бағыт Мырзаның шөлін басып өтіп Жызаққа, одан әрі Самарқан , Бұхараға жол тартқан.

Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы нақты қай уақытта өмір сүрген және ол қай елге, тайпаға тиесілі деген мәселеге келсек, алғашқы археологиялық зерттеулер бұл қаланың ҮІІІ-ХІІ ғасырларда, оғыздар дәуірінде өмір сүрген қала екенін көрсетеді. Әсілі, бұл оғыздардың қаласы болуы керек. Олай дейтін себебіміз, біріншіден, Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының Сырдың орта ағысы бойындағы ондаған қалалармен өте ұқсастығы, олардың жобасы мен құрылыс технологиясы, тіпті табылған заттарына дейін ұқсастығы бұл қалаларды бір кезде бір халық салғандығын көрсетеді. Оғыз дәуірі кезінде Сырдың бойындағы қала мәдениеті даму сатысының жоғары деңгейінде болды. Махмұд Қашқари өзінің еңбегінде оларға сипаттама береді. Екіншіден, сол дәуірдегі тайпалар мен мемлекеттердің геосаяси орналасуы да біздің бұл ойымызды қуаттай түседі. «Мауереннахр шекарасының өн бойында, — деп хабарлайды Әл-Истархи, — соғыс шайқастары болып жатады. Хорезмнен Испиджаб төңірегіне дейін оғыз-түріктермен, Испиджабтан Ферғананың ең шалғай жерлеріне дейін қарлұқ-түріктермен шайқас болып тұрады». Бұдан біз Испиджабтың оғыздар мен қарлұқтар арасындағы шекара болғанын көреміз. Сонымен бірге Келес даласында «Оғыздар қонысы» (Дех и гузз) болған. Шаш аймағында оғыздар мен қарлұқтардың исламды қабылдаған тайпалары жиылып қоныстанған. Демек, Испиджаб пен Шаштың батыс аймақтары, оның ішінде Ұтырлы да оғыздардың жеріне кірген.

Үтіртөбе қаласының қазіргі жобасы шынында да үтірге ұқсап жатыр. Қаланың сыртқы көлемін су шайып кеткен. Сондықтан оның бұрынғы пішіні белгісіз. Қазіргі сақталған көлемі шығыстан батысқа қарай 388 метр, солтүстіктен оңтүстікке қарай 180 метрге созылып жатыр. Батыс жағынан ені 40 метрге дейін жіңішкеріп барып біткен.

Қаланың сыртын 10-30 метрге дейін су шайып, 1-2 метрге дейін жететін тік жар қабақ жасаған. Оңтүстік-шығыс жағын 1 метрге дейін су шайған. Бұл тұстан қаланың бекініс қамалы 1,5 метр биіктікке дейін жақсы байқалады. Қаланың басқа шеттеріндегі бекініс қамалдарын су шайып кеткен.

Цитадельдің оңтүстік-батыс бөлігінде ені 10 метр, тереңдігі 3метр, ұзындығы 15 метр сай орналасқан. Бұл қала қақпасы.

Солтүстік-шығыстан оңтүстік-шығысқа созылған сай қаланы екіге бөліп жатыр, оның ені 10 метр, тереңдігі 2 метр. Мұндай сайлар шығыстан батысқа да созылып, қаланы бірнеше бөліктерге бөлген. Бұл сайлар бұрынғы қала көшелерінің іздері.

Қаланың шығыс бөлігінің биіктігі 3- 3,5 метр-цитадель орналасқан, оның батыс бөлігінің биіктігі 1-1,5 метрге жетеді.

Қаланың батыс бөлігіне жалғасып көлемі 300х150 метр, солтүстіктен-оңтүстікке созылған төрткүл жатыр. Биіктігі 1,5 метр жалмен қоршалған. Бұл қаланың шаруашылық аймағы. Қаланың солтүстік және шығыс жағын орап өзен арнасы жатыр. Шілде, тамыз, қыркүйек айларында су тартылып, арнада тоспа көп пайда болады. Қазаннан-маусымға дейін Сырдың суы тасып, Үтіртөбе арал болып қалады.

Ортағасырда өзен арнасы жасанды ор қызметіне пайдаланылған болса керек.

Қаланың батысындағы төткүлдің солтүстік-батысында 300 метр қашықтықта қала зираты орналасқан.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша өткен ғасырдың 60- жылдары салынған Шардара су қоймасының суының көтерілуінен қаланы су баса бастаған. Қазіргі кезде қала үстін қамыс пен жаңғыл басып кеткен.

Су жылда қаланың мәдени қабатын 1-2 метрге дейін шайып, қаланың көлемі жылдан-жылға кішіреюде. Егер су осылай шая берсе, 10-15 жылдан кейін қала тегіс жойылады. Қала апаттық жағдайда.

Жергілікті халық арасында қаланың су басып төбе болуы туралы мынадай аңыз бар:

«Ежелгі заманда бұл қала гүлденген, мәдениетімен атағы шартарапқа жеткен, тоғыз жолдың торабында орналасқан сәулетті қала болған екен. Қалада бір атақты бай тұрыпты. Ол бір перзентке зар болыпты. Қартайғанда әйелі ұл туып, бай ұлан-асыр той жасайды. Мыңдаған қой мен ірі қара сойылып, қанын судай ағызады. Қанның көптігі сонша, ол өзен болып ағып, Сырдария өзеніне қосылып, өзеннің суы қаннан қып-қызыл болып тасып, қаланы басып қиратқан. Қала жер астына көміліп төбе болып қалған» -дейді аңызда.

Қаланы су басқаннан соң қираған ба, жоқ әлде жау шапқыншылығынан соң қираған ба белгісіз. Оны келешектегі зерттеулер анықтайды.

  1. Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2004 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер

Сырдария археологиялық экспедициясы ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының солтүстік жағындағы биіктігі 3 метр болатын жарқабақты бойлай 1-ші қазба салды. Төбенің солтүстік бөлігін су бұзып кеткен. Сақталған бөлігінің көлемі 100х50 метр болады. Биіктігі 2 метр.

Қазба-1. Жоғарғы хронологиялық кезеңге жататын мәдени қабатын кең көлемде зерттеу мақсатымен көлемі. 5х5 метр қазба салынды, ол 1,5 метр тереңдікке дейін қазылды. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде үш бөлме ашылды.

Бірінші бөлме қазбаның шығыс бөлігін алып жатыр, тік төрт бұрыш, көлемі 3,20х3,40 метр Бөлменің қабырғалары әлемнің төрт жағына бағытталған. Қабырғаларының ені 0,80 метр келетін пахса блоктардан тұрғызылған. Қабырға 1,5 метр биіктікте сақталған. Бөлмеге батыс қабырғаның ортасында орналасқан, ені 0,7 метр есік арқылы кіруге болады. Бөлменің оңтүстік-батыс бөлігінен көлемі 0,84х0,95 метр ошақ ашылды. Биіктігі 0,16 метр, қабырғасының қалыңдығы 0,28 метр, аузының ені 0,25 метр. Ошақ ішіндегі ақ түсті күлдің қалыңдығы 3-5см. Ошақтың солтүстігінде, батыс қабырғаға тақап көлемі 1,20х1,60 метр қойма жасалған. Оның көлемі 21х12х10см. кірпіштерден қаланған. Биіктігі 30см. Бөлме едені мен қабырғалары

2 см. сылақпен сыланған.

Екінші бөлме бірінші бөлменің батыс жағында орналасқан, есік арқылы байланысқан. Көлемі 2,70х1,50 метр. Орталық қабырғасының қалыңдығы 24см., биіктігі 1 метр. Қабырғалары сыланған.

Үшінші бөлме екінші бөлменің сол жағында орналасқан. Көлемі 1,60х0,90 метр, толық ашылған жоқ. Батыс жағында ені 50 см. дәліз бар. Қабырғаның сақталған биіктігі 1 метр. Жоғарыда аталғанбөлмелерді қазу кезінде көптеген қыш бұйымдар: дастархан, көзе, күбі, құмыра, шырақ табақ, кесе, қазан, тағара, қыш ыдыстардың сынықтары т.б. табылды.

Қазба-2. Қаланың оңтүстік бөлігіне салынды. Қазба көлемі 10х10 метр. Ол 1 метр тереңдікке дейін қазылды. Жүргізілген қазба нәтижесінде екі бөлме ашылды.

Бірінші бөлме қазбаның солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Ол дәліз көлемі 0,90х3,4 метр. Дәліздің бұрыштары әлемнің төрт жағына бағытталған. Қабырға биіктігі 1 метр, қалыңдығы 40 см. Дәліз жұқа сылақпен сыланған. Оңтүстік-батыс жағында келесі бөлмеге өтетін есік бар. Ені 70см. баспалдаққа көлемі 30х15х4 см. болатын бір қатар кірпіш төселген. Биіктігіне екі қатар кірпіш қаланған табалдырық үстіне көлемі 51х51х5см. қыш тақта қойылған. Ортасында диаметрі 1см. болатын тесігі бар. Оның қасынан бір аяғы сақталған қыш дастархан табылды. Бөлме іші, едені тегіс сыланған.Күл мен қоқыспен, құландымен толған.

Екінші бөлме бірінші бөлменің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, тік төрт бұрышты.Көлемі 2,8х4,6 метр Сақталған биіктігі 1 метр.

Қабырғаларының қалың-дығы 50см. Бөлме ортасында көлемі 2,8х0,8м.тапша жасалған. Ол солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа созылған. Бөлме іші сыланған.

Қазба-3.Төбенің өмір сүрген уақытын, мәдени қабатын анықтау үшін, оның су бұзып кеткен солтүстік жағындағы жарқабаққа кесінді салынды. Ол материкке дейін тазартылды: ұзындығы-14 метр, ені-1 метр, тереңдігі 4 метр.

Қазба-4.

Қазба қабірдің шығыс жағына салынды. Көлемі 5х3 метр. 1 метр тереңдікке дейін құланды қабырғалар, кірпіш сынықтары, күл-қоқыс қалдықтары кездеседі. 1 метр тереңдіктен, қазбаның оңтүстік-батыс бұрышына жерленген адам қаңқасы табылды. Қала ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүруін тоқтатқан. ХІҮ-ХҮІІ ғасырларда қала төбе орны су баспайтын болған соң зират ретінде пайдаланған. Сыр бойындағы ортағасырлық қалалар құландыларында мұндай адам жерлеу дәстүрі көп кездеседі. Жерлеу ғұрпы мұсылманша. Қаңқа шалқасынан жатқызылып, бағыты солтүстік-батысқа, беті батысқа қаратылған. Ұзындығы 1,60 метр. Сүйегі жақсы сақталған. Қолдары созылып шынтағынан бүгіліп ішіне қойылған. Аяқ сүйектері сақталмаған. Жасы 30-35 шамасында, жынысы әйел.

Қазба-5. Қаланың оңтүстік-батыс жағында, орталығынан 250 метр қашықтықтағы, биіктігі 0,5 метр, диаметрі 20 метр төбешікке салынды. Төбешік үсті қыш кірпіш сынықтарына толы. Төбешікке көлемі 3х3 метр қазба салынды. 20 см. тереңдіктен қыш кірпіштен қаланған қабырға шықты. Қабырғаның шығыс жағында адам қаңқасының қалдықтары табылды. Ол анатомиялық жағынан толық емес, нашар сақталған, тек аяқ жілігінің төменгі қалдығы ғана сақталған. Су түбінде ұзақ жатқандықтан бұзылып кеткен. Қабірдің бір жақ беті ғана сақталған, көлемін анықтау мүмкін емес. Сақталған қабырға көлемі 25х18х2см. қыш кірпішпен қаланған. Қалау әдісі жалпалығынан үш кірпіш, тік қырынан үш кірпіш қойылып, ортасына лай сылақ салынған. Биіктігі 30 см., сақталған ұзындығы 2,6 метр. Қыш кірпіш өте сапалы жасалған.

Археологиялық қазба барысында көптеген бұйымдар: қыштан жасалған түрлі құмыралар, күбілер, дастархандар, түбек, қазан, қақпақтар, кеселер т.б. бөліктері, темірден жасалған найза ұшы, жебе ұшы, қылыш сынығы және көгілдір хрустальдан, көк тастан, қызыл түсті сердоликтен, қара пастадан, теңіз ұлу қабыршағынан, мөлдір тастан, сүйектен жасалған түрлі моншақтар, сондай-ақ, өркениеттіктің басты белгілерінің бірі — қыш ыдысқа жазылған жазу табылды. Бір қызығы, екі табақ сынығынан табылған бұл екі жазу да төрт таңбалы альфавиттен тұрады және олар үш рет қайталанып басылған. Қазіргі кезеңде жазудың мәтіні анықталған жоқ. Ол қалыппен басып салынғандақтан әлі көптеп кездесуі мүмкін.

Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2009 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер

Енді былтырғы 2009 жылғы Сырдария археологиялық экспедициясының (жетекшілері: М.Елеуов, С.Апашева) ортағасырлық Үтіртөбе қаласына жүргізген археологиялық қазбе жұмыстарының нәтижелеріне тоқталайық.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Үтіртөбе ауылынан 12,1 км солтүстік-батыста, Сырдария өзенінен 2 км оңтүстікте орналасқан. Географиялық координаттары: С. 41°03’797″, Ш. 068°25’809″, т.д.б. 250 м. Табиғи апаттан су шайып бұзылып жатқан ортағасырлық Үтіртөбе қаласының тарихи-топографиялық құрылымын анықтау мақсатында қаланың солтүстік-батыс шетіне жақын орналасқан ең биік (репер) нүктесінен 52 м оңтүстік-шығысынан, қаланың солтүстік-шығысындағы Шардара су қоймасына жиналған Сырдария өзенінің суы шайып бұзып жатқан бөлігінен көлемі 3,25 — 9 х 20,35 м болатын, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған қазба-1 салынды. Қазба жұмыстары солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай сандық, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай алфавиттік (А, Ә) шаршыларға (квадраттарға) бөліп, қазу арқылы жүргізілді. Қазба барысында ашылған бөлмелер ашылу ретіне қарай сандық көрсеткішпен белгіленді. Шаршылардың ішін қалыңдығы 0,05 –0,10 м келетін шым қабатынан тазарту кезінде 3А – 4А шаршыларынан қабырғасы пахсадан қаланған №1-бөлме ашылды. Ашылған бөлменің көлемі 3,4 х 4 м, оның солтүстік-шығысында орналасқан есіктің ені 1,3 м. Бөлме көлемі (0,35; 0,38; 0,40; 0,46; 0,50; 0,60 м) келетін пахса блоктарынан қаланған, оның қабырғаларының қалыңдығы 0,6 – 0,8 м. Жоғарғы жер қабатынан 0,6 – 0,7 м тереңдікте жатқан еденді күл аралас, құланды бос топырақтан тазарту кезінде, бөлменің оңтүстік қабырғасының жиегінен мойыны тік, цилиндр тәрізді, ернеуінің астыңғы жиегінің астында толқынды өрнегі бар үлкен хұмның сынығы кездесті, тазарту жұмыстарын онан ары қарай жалғастыру кезінде осы табылған хұмның сынығынан 0,6 м солтүстік-батысынан, бөлменің батыс қабырғасының жиегіне жақын жерден сапасыз қоспадан жасалынып, нашар сақталған асханалық шағын, тұтқалы құтының сынықтары табылды. Ашылған осы бөлмеден қазба жұмыстарын оңтүстік-батысқа қарай жалғастырып қазу барысында 1-бөлменің қалыңдығы 0,7 м болатын батыс қабырғасымен ортақ №2-бөлме ашылды. Ашылған бөлменің көлемі 3х3,25 м, оның қабырғалары қалыңдығы 0,5-0,8 м келетін пахсадан тұрғызылған. Бөлменің ені 0,9 м болатын есігі солтүстік-батыс бұрышында орналасқан. Бөлменің ішін күл аралас құланды бос топырақтан тазарту кезінде жоғарғы нүктеден 0,6 – 0,7 м тереңдіктен қала өмірінің соңғы кезеңіне қатысты еден ашыла бастады. Жаңадан ашылған еденнің үстінен, бөлменің солтүстік-батыс бұрышында орналасқан есіктің табалдырығының қарсы алдынан иықты тұтқасы бар, мойында сызықты, толқынды өрнектермен көмкерілген құмыраның сынықтары мен көлемі 38 х 16 х 5 см болатын күйдірілген қыш кесек табылды.

2-Бөлменің солтүстік қабырғасымен ортақ (болып келген) 3-бөлменің сақталған көлемі 2,3 х 3,5 м. Бөлменің оңтүстік қабырғасының оңтүстік-батыс бұрышында орналасқан ені 1 м болатын есік арқылы 2-бөлмеге және дәлізге өтетін болған. Ашылған 3-бөлменің солтүстік, батыс және шығыс қабырғасының солтүстік бөлігі бұзылып кеткен, оның нашар сақталған солтүстік-батыс бұрышы арқылы бөлменің көлемі анықталды. Осы бөлменің ішін пахса құландыларынан, күл аралас бос топырақтан тазарту кезінде толығымен бұзылып кеткен солтүстік қабырғаға жапсарланып қаланған суфасы бар ошақ ашылды. Ошақтың суфасының ені — 63 см, ұзындығы — 0,8 см, сақталған биіктігі — 0,2 м. Осы суфаның ортасында орналасқан ошақтың ұзындығы — 0,5 м, қазандығының ені — 0,3 м, от жағарының ені — 0,2 м, тереңдігі – 0,1- 0,15 м. Бөлменің ішін құланды бос топырақтар мен құрлыс қалдықтарынан тазарту барысында бөлменің едені ашыла бастады. Осы еденді тазарту кезінде мойынды – тұтқалы ұзын құмыраның сынығы мен бояулы ыдыс сынықтары кездесті. Бөлменің солтүстік-батыс қабырғалары жылма-жыл су шаю барысында бұзылған.

3-бөлменің оңтүcтік-батыс қабырғасындағы есік арқылы дәлізге (тамбур) өткен. Дәліздің ұзындығы 5,75 м, ені 1-1,45 м. Осы дәліздің ішін, еденнің денгейіне дейін құланды бос топырақтан тазарту кезінде дәліздің оңтүстік қабырғасын жағалап оңтүстікке қарай бұрылған, 2-бөлменің батыс қабырғасымен ортақ ені — 0,8-1,25 м, ұзындығы — 3,4 м болатын шағын бөлме (дәліз) ашылды, бөлменің шығыс қабырғасының ішкі беті қалың өрттен қалған ыстың іздері байқалады. Ашылған осы шағын бөлменің қабырғаларының жиектерін қуалап, құланды бос топырақтан тазартқан кезде 2-бөлменің оңтүстік қабырғасында ұзына бойынан 1,7 м жерінде 20 см қалыңдықта ішке шығыңқы қосымша қабырға қаланған. Осы қаланған қосымша қабырғаның 0,9 м жерінде көлденеңінен қаланған қалыңдығы — 0,2 м, ұзындығы- 0,75 м болатын 2-бөлменің батыс қабырғасымен 6-бөлменің шығыс қабырғаларымен ортақ қабырғалары бар көлемі 0,3-0,75 х 0,75-0,85 м болатын шағын қойма іспеттес бөлме ашылды. Шағын бөлменің ішін құланды бос топырақ пен ыдыс сынықтарынан тазарту кезінде бөлменің оңтүстік қабырғасының төменгі жағына екі қатар етіп көлемі 0,6х20х38 см болатын күйдірілген кесектен, жалпақ бетін бөлменің ішкі жағына қаратып, қырынан қаланған жапсырма қаланды ашылды. Сонымен қатар осы қаландының оңтүстік-шығыс бұрышынан мойынды, иықты тұтқасы бар бүтін құмыра мен шағын қазанның сынықтары табылды.

Қазба жұмыстарын батысқа қарай жалғастырып қазу кезінде ашылған шағын бөлме (дәліз) батыс қабырғасымен ортақ 4-бөлме ашылды. Бөлменің көлемі 2,75 х 3м, шығыс қабырғасында орналасқан есіктің ені 0,8м, пахсадан тұрғызылған қабырғаларының қалыңдығы 0,5-0,6 м, сақталған биіктігі 0,25-0,5 м.

Қазба жұмыстарын шығысқа қарай кеңейтіп қазу кезінде бірінші бөлменің шығысында орналасқан дәліздің шығыс қабырғасымен ортақ қабырғасы бар 5-бөлменің наубайы ашылды. Ашылған бөлменің батыс қабырғасының ені 1 м, сақталған оңтүстік қабырғасының ұзындығы 3 м, бөлменің солтүстік, шығыс қабырғаларын су шайып бұзып кеткен.

Кесік. Қаланың орталық бөлігінің қамалымен мәдени қабаттарын анықтау мақсатында (18.08.09 ж.) ең биік репер нүктесінен 35 м солтүстік-батыстан ұзындығы 4 м, тереңдігі 4,5 м болатын кесік қазба салынды. Жүргізілген қазба жұмыстары барысында қала қамалының сақталған биіктігі 1,55 м, қалыңдығы (ені) – 2,5 м және оның пахсадан тұрғызылғаны анықталды. Сонымен қатар, қамалдың сыртында екі еденнен тұратын мәдени қабаттың болғандығы да анықталып, жобалары сызылып, фотоға түсірілді. Жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 1-ірі қара малдың, 2-уақ малдың сүйектері мен 1-шағын тұтқалы бүтін құмыра, бояулы кесе сынықтары табылды.

Сонымен қорыта айтқанда, алғашқы жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде мынадай мәселелер анықталды:

  1. Үтіртөбе қаласының өмір сүрген уақыты ҮІІІ-ХІІ ғ.ғ. Өңірдің тарихын зерттей отырып қаланың салыну кезеңі оғыз дәуіріне сәйкес келетіні анықталды. Оған қаладан табылған жәдігерлер арқылы көз жеткізуге болады. Үтіртөбе өзінің жобасы жағынан өте ерекше құрылыс. Қала дамуының шарықтау шегі Х-ХІІ ғ.ғ. Бұл кезең бүкіл Орта Азия мен Қазақстан қалаларына тән. Қала басқа қалалармен сауда және экономикалық байланыста болған. Қазбалардан табылған құмыра, металл, зергерлік бұйымдарды салыстыру арқылы басқа қалалардағы жәдігерлерге өте ұқсас екендігі анықталды.
  2. Үтіртөбе қаласы геосаяси жағынан Ұлы жібек жолының Сырдың сол жағалоауындағы тармағында, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерде орналасқан. Қаланың құрылыс жобасы да орта ғасырлық қалалардың жобасыны сәйкес. Сонымен бірге бір ерекшелігі қала сыртында зираттың болғандығы. Ислам діні қала тұрғындары негізгі діні болғандығын көруге болады. Бұл қаланың құрылыстары шикі кірпіш пен қыш кірпіштен салынан. Бұл дәстүрлі құрылыс Сыр қалаларына тән.
  3. Заттай деректерді зерттеу арқылы олардың сырдың төменгі және жоғары ағысындағы қалалардан табылған заттарға ұқсас екендігі анықталды. Бұл қалалар өзара сауда және экономикалық байланыста болғандығы байқалады. Сонымен бірге қалада сырттан келген заттардың (моншақ, шыны т.б.) табылуы оның жібек жолының тармағында жатқандығын дәлел болады.

Сонымен Мырзашөл өңіріне, оның ішінде апатты жағдайдағы Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көңіл бөліп, кешенді түрде археологиялық зерттеулер жүргізуді одан әрі жалғастыру кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Біздің ойымызша, бұл игі іске «Сырдария» университетінің «тарих» мамандығының студенттерін де қатыстырып, жылда археологиялық практика жүргізіп отыруды жалғастыру қажет.

Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына жүргізілген археологиялық зерттеудің алғашқы нәтижелері біздің кең -байтақ Отанымыздың бір пұшпағы болып табылатын –Мырзашөлдің тарихы кешегі мақта шаруашылығына қатысты оман-арықтардан ғана басталмайтынын, оның тарихы тым ертеден бастау алатынын және қалалық мәдениет гүлденіп дамыған өңір болғанын көрсетеді.