Соңғы уақыттарда этнопсихологиялық ақпаратқа деген қажеттілік айрықша мәнге ие болуда. Бұл Қазақстанның көпұлтты мемлекет ретінде қазіргі жағдайда дамуында ұлт аралық келісімді қамтамасыз ету, ұлттар бірлігін нығайту және этнос аралық қатынастарды кеңейтумен байланысты. Этнос аралық қатынастардың қоғам өміріндегі адамзат факторының белсенділігіне қажеттілігімен байланысты атқаратын қызметтерінің заңдылықтарын зерттейтін мәселелер өзекті болып табылады. Адамның тұлға ретінде қалыптасуы қоғам санасының элементтерінсіз мүмкін емес. Тұлғаның қалыптасуына мәдени − психологиялық ықпал әлеуметтену процесінде өтетін этностық құндылықтарға белсенді қатысумен байланысты. Бұл заңдылықтарды жеткіліксіз бағалау ұлт аралық қатынастар аясындағы негативті құбылыстарға соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты этнопсихологияның дамуына қажеттілік туындайды. Көп ұлтты Қазақстан үшін әрбір ұлттың, халықтың, этностық бірлестіктер мен қалың бұқараның түрлі әлеуметтік топтардың психологиялық ерекшеліктерін зерттеу аса маңызды және өзекті мәселе.
Сондықтан да елімізде этнопсихология ғылымының зерттеулеріне назар аударсақ, алдыңғы қатарлы дамығын өркениетті елдердің сатысына көтерілеріміз хақ. Мәселенің зерттелу өзектілігі екі негізгі себеппен анықталады: Қазақстан Республикасындағы қазіргі этностық процестерді ұғыну қажеттілігімен, сонымен қатар психологиялық білімдердің қазіргі жүйесінің дамуы.
Адамдардың этностық тиістілігіне байланысты психика мен мінез-құлық ерекшеліктері биологиялық және әлеуметтік – мәдени құрамдас бөліктерді қалыптастырады. Этнопсихологиялық зерттеулердің аясына барлық психикалық функциялардың ерекшеліктері кіреді, әрі олар онтогенез бен филогенезде қалыптасады. Ал бұл этнопсихологиялық проблематикаға психиканың дамуындағы жалпы психологиялық мәселелердің тікелей байланысы бар екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар адам әлеуметтенуінің факторы ретінде этностың рөлін елемеуге, сонымен қатар, абсолюттендіруге де болмайды. Тұлға мен ұлт өзара диалектикалы байланысты және бір – бірін жоққа шығармайды. Осыны ескере отырып, белгілі бір ұлтқа кірмейтін адамдар болмайтынын түсіну керек. Тұлға өзінің қалыптасуы мен даму процесінде өз ұлтының рухани бейнесінің этностық ерекшеліктерінің әсерін сезінеді. Ұлттық өмір тек мәдениеттің ерекшеліктерінде ғана емес, басқа да кезеңдерде байқалады. Ұлт өзінің психологиясының барлық элементтерімен тұлғаның қалыптасуы мен даму процесі жүзеге асатын спецификалы орта болып табылады. Адам мінез-құлқын оның белгілі бір ұлтқа немесе мәдениетке тиістілігіне қарай анықтап түсіну ертедегі Гиппократ кезеңінен бері қарастырылса да, тек бертін келе ғана ғалымдар қоғамдағы маңызды зерттеулердің барлығында этномәдени спецификаны ескеру қажеттілігін мойындады.
Халықтар психологиясы проблемасы бойынша, анығында, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы бөлігіндегі ғылыми жұмыстарды талдау әртүрлі этностық топтардағы адамдарға тән психикалық ерекшеліктер биологиялық инстинктермен (О. Бауэр, У. Мак Дауголл), климаттық (Н. Фулье, И. И. Янжуль, К. Каутский) және әлеуметтік жағдайлармен (Г. Брандес, Л. Крижевский, Г. Лебон, К. Леонтьев, Г. Шпет) шартталған қасиеттер ретінде түсіндірілгенін көрсетті. В. Вундттың жұмыстарында халықтар психологиясының ішкі әсерлер мен тарихи дамудың процестеріне тәуелділігі баса айтылады. Адамдардың этностық ерекшеліктерінің психологиялық негізделуінің айқындалуына Ш. Уалиханов пен А. А. Потебнидің жұмыстары үлкен қызығушылық танытады.
Әлемдік ғылымда олар тұңғыш рет, адамдардың этностық ерекшеліктері қоғамның объективті тарихи дамуымен шартталған деген тезисті дамыта отырып, тарих позициясынан көрінді. А. Р. Лурия өткен ғасырдың отызыншы жылдарында болмыстың тарихи және әлеуметтік жағдайларымен шартталған субъект іс − әрекетінінің мотивтерін, мәдени даму деңгейін және танымдық процестерін эксперименталды зерттеуді жүзеге асырды.
Психологтардың назарын ана тілі мен екінші тілдің функцияларымен байланысты (М. М. Мұқанов) және халық ауыз шығармашылығының адамның интеллектуалды іс − әрекетіне ықпалы (К. А. Нұрғалиев) жайындағы мәселелер аудара бастады. В. С. Мухинаның жетекшілігімен әлемнің түрлі елінен жас ғалымдардың жинақтаған эмпирикалық материалдарының негізінде, ұлттық және діни принциптер, мифтер мен табу баланың тұлғалық қалыптасуына үлкен әсер етеді деген біржақты қорытынды жасалды.
Қазіргі кезде қазақстандық этнопсихология ғылымының теориялық және әдістемелік негіздерін еліміздің бірқатар ғалымдары қарастыруда. Қ. Б. Жарықбаев қазақ халқының этнопедагогикалық және психологиялық ой-пікірлерін зерттей келіп, қазақтың ұлттық мінез мәселесін көтерген. С. М. Жақыповтың этнопсихологиялық зерттеулері оның бірлескен диалогты танымдық іс-әрекет теориясы шеңберінде қарастырылған.
Ғалым осы тұрғысында, полиэтностық білімі беру ортасында оқитын жастардың танымдық іс − әрекеттерін тиімдендіру жолы ретінде олардың әрекеттерінің өзіндік этностық ерекшеліктерімен себептенетін, ортақ мағыналық қор жүйесі қалыптасуының маңыздылығын атап көрсеткен. С. Қ. Бердібаева өзінің докторлық диссертациясында адамның творчестволық іс- әрекетінің этнопсихологиялық ерекшеліктерін халқымыздың ұлттық мұрасы – айтыс мысалында дәлелдеп, ғылыми тұжырымдаған. Д. Д. Дүйсенбеков этностық өзіндік сана құрылымына байланысты қазақтардың әртүрлі мәдени типтерін ұсынған. Б. Ә. Әмірова, Р. Әлімбаевалардың зерттеулерінде оқыту процесіндегі оқушылардың этностық жаңсақ нанымдары өзгеруінің танымдық іс-әрекет тиімділігіне әсері көрсетілген. З. М. Балғымбаева ұйғыр этносы мысалында халықтардың жыныстық этностық жаңсақ нанымдарының пайда болуына отбасы факторының рөлін көрсеткен. Л. К. Көмекбаева мұғалімдердің этностық өзіндік санасының жасөспірімдердің этностық өзіндік санасы қалыптасуына әсерін зерттеді. И. Қ. Аманова тұлғаның өзін – өзі таныту ұғымының психологиялық мазмұнын анықтап және әр түрлі этнос өкілдерінің өзін – өзі таныту ерекшеліктерінің оларда қалыптасқан этномәдени сәйкестілік типіне тәуелділігін қарастырған.
Сонымен қатар Қ. Т. Шериязданова, Ж. Ы. Намазбаева, Ж. Т. Түрікпенұлы, Н. А. Логинова, А. М. Ким, О. Х. Аймағамбетова т. б. белгілі ғалымдардың зерттеулері жоғары құндылықтарға ие және этнопсихологияның теориялық – эксперименттік негізін дамытуға үлестерін тигізеді.
Жалпы алғанда, ұлттық психологияның әсер ету спецификасын талдаудың түрлі: мотивациялық, интеллектуалды − танымдық, эмоционалды − еріктік және коммуникативті − қылықтық деңгейлерінде қарастыру қажет.