Халқымыздың рухани мұралары санатына қосуға болатын жер-су атауларының мазмұны мен шығу тегін, дұрыс жазылуы мен басқа тілдерде айтылып, жазылу заңдылықтарын зерттейтін топонимика ғылымының маңызы жыл сайын артып келеді. Белгілі бір аумақтағы топонимикалық зерттеулерді әр қырынан жүргізуге болады. Географиялық ғылымдар үшін топонимиялық жүйенің әсіресе физикалық-географиялық және әлеуметтік-экономикалық негіздерін танып-білудің маңызы зор.
Кез келген аумақтағы географиялық атаулардың жиынтығы белгілі бір жүйені құрайды. Топонимиялық жүйе ретінде географиялық атаулардың қалыптасу процесінде және олардың қазіргі тұрақтылығында заңдылық түрінде қайталанып отыратын ерекшеліктер мен белгілердің жиынтығын атауға болады.
Ірі физикалық-географиялық нысандардың атаулары неғұрлым тұрақты келеді, мұны олардың көлемімен, танымалдығымен және көбінесе олардың белгілі бір аумақтың топонимикалық жүйесін зерттеуде әсіресе микротопонимдерге айрықша назар аудару қажет. Өйткені көп жағдайда тек микротопонимдер ғана тарихи географияның бізге белгісіз деректерін, баяғыда ұмыт болған жергілікті географиялық терминдерді, сөз жасалудың көне үлгілерін бойында сақтап, осы кезге дейін жеткізеді.
Халықтық географиялық атаулар мен терминдерде қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптастырған, уақыт талқысынан өткен географиялық түсініктері мен білім жүйесі жинақталған деуге болады. Халықтық географиялық атаулар мен терминдер – кез келген аумақтың физикалық-географиялық ерекшеліктерін анықтаудың ең сенімді құралы. Топонимияда индикатор-терминдер деп аталатын мұндай сөздер тобы физикалық-географиялық нысандардың типін, морфологиялық сипатын, шығу тегін, ландшафттық-зоналық ерекшеліктерін сипаттайды. Бұл терминдер жер-су атауларының қай нысанға қатысты екендігін көрсетумен қатар, сыртқы ерекшелігін айқындай түседі. Терминдер жергілікті табиғат ерекшеліктеріне қарай өзіндік мағыналық ығысуға ұшырауы мүмкін.
Қазақ халқының қоршаған ортаның табиғат ерекшеліктерін терең меңгеруіне шаруашылық сипаты ықпал етті. Кеңістікте жыл мезгілінің ауысуына байланысты ұдайы қозғалыста болуы, көшпелі өмір салты қазақ халықының кең-байтақ аумақты рухани тұрғыда да «игеруін» қажет етті. Соның нәтижесінде тұтас бір халықтың өзі мекен ететін ортасына бейімделуі жүрді. Ал сол бейімделудің тәжірибесі географиялық білім шеңберінен ғана емес, оны айрықша географиялық атаулар мен терминдер түрінде ұрпақтан ұрпаққа беру тәсілінен де көрінді.
Қазақстанда топонимиканың географиялық ғылым ретінде негізін салған Ғ.Қоңқашбаев болды. Қазақ халқының халықтық және жергілікті географиялық терминологиясын бір жүйеге келтіруде, олардың топоним құраудағы ролін жете зерттеуде ғалымның сіңірген еңбегі зор. Ғ.Қоңқашбаевтың халықтық терминологияға қатысты әр жылдарда жарық көрген еңбектері, әсіресе 1951 жылы жарияланған «Казахские народные географические термины» атты еңбегі осы күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Бұл еңбек Қазақстан мен Орта Азия атауларын зерттеуде, терминологиялық және түсіндірме сөздіктер құрастыруда әлі күнге дейін басшылыққа алынатын қомақты жұмыстың бірі болып саналады.
Әртүрлі халықтардың географиялық терминдер жүйесін салыстыру негізінде дайындалған еңбектің бірі – Э.М. Мурзаевтың «Словарь народных географических терминов» деп аталатын сөздігі. Сөздік терминдердің мағынасын түсіндіретін, басқа тілдердегі нұсқаларына сілтеме жасайтын шағын мақалалар жиынтығынан тұрады. Салыстырмалы зерттеулердің, әсіресе Орта Азия халықтарының терминдеріне қатысты теориялық мәселелердің осы аумақпен көршілес орналасқан Оңтүстік Қазақстан топонимдеріне талдау жасау кезінде басшылыққа алынғанын айрықша атап өткіміз келеді.
Атауларды физикалық география тұрғысында зерттеуде өзіндік қиындықтар да кездеседі. Жалпы географиялық атаулардың жергілікті жер ерекшеліктерін дәл бейнелеген жағдайда өміршең келетінін ғалымдар бұған дейін де атап өткен болатын. Табиғи нысандар мен олардың атаулары арасында семантикалық байланыс бар. Осы қағидаға сүйенсек, топонимнің таралу ареалы табиғат ерекшеліктерін дәл бейнелейді деуге болады. Яғни «тау» термині негізінде жасалған топонимдер таулы ландшафттарға ғана тән болады.
Іс жүзінде керісінше жағдай да байқалады. Сол себепті топонимикалық зерттеулер үшін Ф.П. Саваренский (1915) негіздеген керісінше байланыс заңдылығы да өз маңызын жойған жоқ. Бұл заңдылық бойынша, су нысандарын бейнелейтін топонимдер су жетіспейтін аудандарда жиі кездеседі, мұнда су терминдері елді мекен атауларына да негіз болған. Ал өзен-көлге бай аумақтарда гидронимдер негізінде қалыптасқан атаулар саны әлдеқайда аз. Өйткені суы көп аудандарда су туралы қосымша ақпарды атаулардың барлық топтарында берудің қажеттілігі шамалы. Осы жайттарды ескере отырып, жергілікті жердің ерекшеліктері туралы географиялық ақпараттың «сақтаушысы» болып табылатын микротопонимдерді зерттеу бірқатар топонимикалық заңдылықтарды саралап, жаңа зерттеулерге бастама болатынын атап өткіміз келеді. Белгілі топонимист В.А. Никонов өзінің теориялық зерттеулерінде «салыстырмалы негативтілік» құбылысын топонимиканың басты заңдылықтарының бірі ретінде айрықша атап өткен болатын. Бұл заңдылық басқа зерттеушілер тарапынан үлкен сынға ұшыраған болатын. Бұл ғалымдардың пікірінше, атаулар табиғи ортаға тән географиялық шындықты жалпы бейнелейді.
«Салыстырмалы негативтілік» заңдылығына сәйкес, белгілі бір құбылыстың аумаққа тән еместігін ерекшелеу мақсатында қойылуы мүмкін. Э.М.Мурзаевтың атап өткеніндей, «тұтас шыршалы орманның ішінде орналасқан селоны Ельни деп атаудың өзі мәнсіз» болып табылады. Бұл мәселеге байланысты қазақ топонимдерінде де бұл заңдылықтың көрініс табуы әбден мүмкін дегіміз келеді. Ағашсыз кеңістікте ағаш өсетін кішігірім жердің өзі айрықша атқа (Қосағаш, Ағашты) ие болуы мүмкін. Сонымен, «бірегейлілік көзге алдымен түседі, сондықтан бағдар алу үшін пайдаланылуы мүмкін».
Географиялық атауларда табиғат компоненттерінің бейнеленуі аймақтық және жергілікті ерекшеліктерге, географиялық нысандардың шаруашылық маңызына тікелей байланысты болады.