Егеменді Қазақстанда өркениетті қоғам мен құқылы мемлекеттің қалыптасуы жағдайында өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын, кәсіби біліктілігін арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін қайта құруды, ұлттық рухани мұраны жаңғырту арқылы оның мазмұнын қайта қарап, жоғары деңгейге көтеруді талап етеді. Білім беру ісін батыл да табанды қайта құру мәселесі еліміздің барлық салаларында болып жатқан оң өзгерістермен тығыз байланысты.
Мемлекет тарапынан халыққа білім беру ісін жаңғырту мақсатында білім беру жүйелерінің мақсат, міндеттерін айқындайтын жаңа мазмұндағы заң жобалары мен тұжырымдамалар қабылданып, халықтың рухани дамуына, ұлттық тіл мен тарихтың, дін мен мәдениетттің өркендеуіне қолайлы жағдайлар туғызылуда.
Қоғам талабына сай білім мен тәрбие беру деңгейін көтеру, жеке тұлғаны тәрбиелеу, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлауда ұлттық музыкалық педагогика мұраларын пайдалану мәселелері мемлекеттік құжаттарда арнайы бірнеше рет қаралып, жан– жақты сөз болды.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде қалыптасуы, даму және кәсіби тұрғыда жетілуі үшін жағдайлар жасау» [1] қажеттілігі айтылса, ал Қазақстан Республикасы заңы 1 бөлімінің 2–бабында «Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүр–салтын оқып–үйрену үшін жағдайлар жасалу қажет» [2] – деп атап көрсетіліп, халықтық мәдениеттің маңызына ерекше көңіл бөлінді.
Мәдени– этникалық білім мен тәрбие беру мақсатын көздеген осындай мемлекеттік құжаттар аясында ұзақ жылдар бойы ескерусіз келген халықтық музыкалық педагогика қайта жаңғырып, тәрбие саласында ерекше маңызға ие бола бастады.
Мемлекеттік экономикалық және әлеуметтік дамуы өз ұлтымызға тән рухани, мәдени өмірдің өркендеуімен үйлесім тауып, жас ұрпақты салт – дәстүрге, тілге, ұлттық өнерге, өз елінің және әлем халықтарының тарихын құрметтеуге тәрбиелеу жауапты да басты міндеттер ретінде жүзеге асырылуда.
Ұлттық тәлім– тәрбие берудің нәтижелілігі мұғалімнің педагогикалық қызметінің дәрежесімен айқындалады. Сондықтан болашақ мектеп мұғалімдерін даярлау барысында халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәлім– тәрбие тәжірбиесін тиімді пайдалану мәселесі басты назарға алынады.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік – мәдени дамуының тұжырымдамасында «Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік– мәдени даму жолы дегеніміз– ең алдымен адамзат қазыналарына баса назар аудару, прогресшіл халық дәстүрлері мен әдет– ғұрпының толымды түлеуі, гуманитарлық ғылымдарға, өнерге, халықтардың моральдық байлықтарына қайтып оралу, мәдениеттің барлық салаларында ұлттық даралықты сақтау, барлық ұлттық мәдениеттің қазыналары мен дербестігін мойындау» – деп атап көрсетілген болатын [3].
Қазақ халқының тәлім– тәрбиелік мұрасы – ұлттық музыкалық педагогикалық ой – пікірлерді жинақтап зерттеу, жүйелеу, оның алдыңғы қатарлы үлгілерін бүгінгі бала тәрбиешісі – ұстаздарға ұсыну– қазіргі өмір талабынан туындаған көкейтесті мәселелердің бірі. Мәселен өз тарихымызға үңілсек үйенер үлгілері көп.
Қазақтың музыкалық педагогикасының қыр – сырын әбден зерттеген, XIX ғасырдың 60– жылдарында академик В.В. Родлов қазақ әндерінің тақырыптық жан– жақтылығына таңқалып былай деп жазды: «Өз әндерінде қырғыз– қазақ ертегіде айтылатын қайдағы бір ғайыптан пайда болған қорқынышты дүниені дәріптемейді, қайта ол өз өмірін, өз сезімдері мен мұраттарын, қоғамның әрбір жеке мүшесі жүрегінде жүрген идеалдарды әнге қосады, тыңдаушылары жаратылыстан тысқары қайдағы бір кереметтерден емес, нақты шындықтан ләззат алады» [4].
Қазақ музыкасы туралы келелі пікір айтушының бірі, XIX ғасырдың 70– жылдары Түркістанда болып қазақ өнерпаздарымен тікелей пікір алысқан – Август Эхгорон. Ол: «Қазақ әндері құдіретті де күшті, өктем әрі сонымен бірге жатық, құлаққа жағымды естіледі. Жапан түзде, немесе ауылда, болмаса мал арасында, айдала мен жазық өңірлерде, таулармен көсілген алқаптарды аралаған кезінде, жым– жырт аспан астында жалғыз келе жатып оның салған әні тіпті әдемі естіледі. Түнде, күндіз де, таңертең де, кешке де, жазда да, қыста – қашан, қай кезде болмасын қазақ қиялсыз жүрмейді, не ыңылдаған сарынмен көңіл– күйін білдіреді, немесе ән салады, әйтпесе өлең шығарады, енді бірде шежірелік сөздерді мақалдап айтумен болады. Олардың қарапайым сөздері мен саздары айналадағы табиғат жағдайына сай келеді де, оның сырт өмірден алған әсерін табиғи қалпында беріп, сезімдерін ешбір қалытқысыз айқын баяндайды»– деп жазды [5].
Сол сияқты Ивановский [6] де, Тиховта [7] қазақтың дархан даласына үндесіп, үйлесіп жатқан басқаны жатырқамас, жарасымды ән мәдениетін, оны орындайтын, қағып алып қайта салатын өнерпаздарды ілтипатпен ауызға алады, таңырқай, тамсана сөз қылады. Адам − табиғат перзенті десек, оның рухани қорегі − әннің табиғи қалпы мен жаратылыс түзілісіндегі анық адамгершілік сипаттарды ажырамас құбылыс деп түсіндіреді, солай пайымдайды.
Әлбетте, қазақтың халықтық ән өнері үнемі бір келкі, бір деңгейде, бір арнамен дамыды десек, қателескен болар едік. Байтақ сахара, бай өлке, ұшы − қиырсыз кең алқап, бірін − бірі біліп болмас дала айдынында қаракетшіл қазақ әдемі әннің талай тамаша түрлерін туғызған. Еріккеннің ермегі, торыққанның көңілашары сипатынан бөлек, әр атыраптың болмысына лайық, тіршілігіне тіркесті, сезіміне сай келерлік әуенді ән шетсіз − шексіз шарлаған.
Қазақтың халық музыкасының тиянақты зерттеушісі, халқымыздың екі мыңнан астам әндері мен күйлерін жазып алып, нотаға түсірген А. В. Затаевич [8. 148] еңберіктенен де осының дәйекті дәлелдерін табамыз.
Музыкалық дарыны мол халық өзінің ән өнерін әріден жасап, сақтай, өткірлей, өңдей бізге жеткізумен бірге уақыт алға жылжыған сайын аты аталатын авторлығы бар әнші композиторларды, орындаушыларды тудырды.
Музыкалық фольклор тарихында қазақ халық музыкасының асқан шеберлігінің есімі қалды. Олар− жыршы, жырау, әншілер еді. Көшпенді күнкөрістегі сауаты кем қазақ арасында әнші, жыршылар зор әлеуметтік қызметте атқарды. Жалпақ жұртшылық ортасында олар өз әлінше ағартушы, тәрбиеші адамдар секілді еді. Тума таланттар әдетте сурыпсалма ақын, сегіз қырлы, бір сырлы тапқыр шешен, әзілқой шебер әртіс, әсерлі әнші боп танылды. Олардың ой− өрісі өзгелерден озық та аңғарымды, алғыр болды. Сондықтан да халық құрметіне бөленді. Ертедегі аңыз, әңгіме, қисса, дастандарды, асқақ әндерді ауыздан − ауызға қағып алып, келер ұрпаққа эстафета есебінде ұсынғанда халық таланттары өздерінше өзгерту, қосымшалар да енгізіп отырды. Бірақ дәстүрлі өнердің әуел бастағы қалпын бұзбай әрлеп, өз үлесін қосты. Мұндай өзіндік стиль, мәнер өзгешіліктері ертедегі музыкалық мұраны түрлік, мазмұндық жағынан байыта түсті. Ұжымдық шығармашылықтан бертін келе жеке шығармашылыққа көшу процесі осындай.
Халықтың ән өнерінің IXX ғасырдағы, XX ғасырдың бас кезіндегі аты әйгілі асқан таланттары: Біржан Қожағұлов, Ақансері Қорамсаұлы, Мәди Бәпиев, Мұхит Мералиев, Жаяу Мұса Байжанов, Естай Беркімбаевтар еді. Бұларды әншілік дәстүрін бертін келе Кенен Әзірбаев, Иса Байзақов, Қосымжан Бабақов, Қуан Лекеров, Манарбек Ержанов, Ғарифулла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков т.б. әншілер, композиторлар, орындаушылар дамытты.
Қазақ халқы өз ортасынан шыққан мұндай асқан талантты адамдарды барынша қадірлейді. Айта кететін бір жайт, әншілердің бәрі бірдей идеялық бір бағытты ұстай алған жоқ. Бұлардың ішінде жіктеп қарасақ, прогрессивті-демократтық бағыт пен феодалдық — реакциялық бағыт орын алды. Көпшілігі халықтың қамын жеп, жоғын жоқтасты. Еңбекшіл ел басындағы ауыр тұрмыс, ащы күйді ашына көріп, бұқараның бақытты болашағын жырласты. Езілген көпшіліктің жанашыры, мұңдасы болды. Өз шығармаларында шындықтың бетіне тура қарап, әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеуге тырысты. Өздерін хан сұлтандарды, би, бай, бектерді мадақтаудан аулақ ұстады. Олар адамгершілікті, әділділдікті, шыншылдықты, пәк махабатты әнге қосты, өнерін асқақ ұстады. Мал үшін біреуді алдап, біреуді арбап құлқынның құлы болған, екінші бағыттағы бай-феодалдардың сойылын соққан ұраншы, көңілашар «қолбасшыларынан» алғашқыларының мерейі үстем болды. IXX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы жылдарындағы өнер саласындағы осы екі бағыт бір-біріне қарама-қарсы күресте болды.
Ескі мәдени мұраны бағалау, қажеттісін қабылдау, қастерлеу, дамыту жайындағы қағидалар қазақ музыка мәдениетінің тарихы тұрғысында да адастырмас жолбасшы.
Қазақтың музыкалық мәдениеті тарихындағы сол демократтық бұқарашыл туындыларды халық арасында кеңінен насихаттап, дұрыс түсінік беріп, парасатты пікір айтып, тұжырым жасау зерттеушілердің парызы саналмақ.
Алайда әлі де болса көптеген мектеп мұғалімдері ғылыми негізделген, халықтық музыкалық педагогика мазмұндағы әдістемелік-оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілмей отыр. Сонымен қатар, мұндай әдістемелік құжаттардың қажеттілігі барлық салада да байқалуда. Атап айтар болсақ, қоғамдық тәрбие орындарынан бастап, әсіресе орта арнулы және жоғары оқу орындарында бұл қажеттілік күн өткен сайын артып келеді. Аталған мәселенің дұрыс жолға қойылмауы салдарынан қазақтың музыкалық педагогикасы материалдарын меңгеруде мектеп оқушыларының білім деңгейі төмен болып отыр. Мектеп көлемінде оқушылар мен оқытушылардың «музыкалық педагогика» ұғымын әлі де дұрыс түсінбеуі халықтық тәлім-тәрбие тәжірбиелерінің қолданылу аясының тарлығы музыкалық педагогиканың кейбір мектептерде ән-күй пәнінде ғана ескерілуі көңіл қынжылтарлық жайлар. Сайып келгенде, мұның бәрі бүгінгі таңда ұлт мектептері үшін мұғалімдер даярлау ісінің ақсап жатқанын көрсетеді.
Мектептердегі бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін студенттердің жоғары мектеп қабырғасында осы сала бойынша терең де жүйелі теориялық білім алуына жете көңіл бөлінуі қажет. Болашақ мектеп мұғалімдері қазақ халқының тәрбие дәстүрлері кеңінен көрініс тапқан қазақтың музыкалық педагогикасы материалдарын негізгі кәсіби пәндер арқылы терең меңгерген жағдайда білім берудің сатысында мектеп оқушыларының бойында жан– жақты тәрбие негізін қалауда, оқу– тәрбие процесін жоғары деңгейге көтеруде қазақтың музыкалық педагогикасы материалдарының маңызы, тәлімдік– тағылымдық мүмкіндіктері өте жоғары болмақ.
Қазақтың музыкалық педагогикасы материалдарын педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ мектеп мұғалімдерін даярлау процесінде пайдалануда жүйелі ғылыми–теориялық білім негіздерімен қаруландыратын еңбектердің жоқтығы қазақтың музыкалық педагогикасы жан– жақты қарастырылып оның педагогикалық мазмұнын, тәрбиелік мүмкіндіктерін нақтылы анықтау қажеттігін көрсетеді.
Әдебиет:
1.Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы» ⁄⁄ Қазақстан мұғалімі. −1998. — 25 ақпан.
2.Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы» ⁄⁄ Қазақстан мұғалімі. −1992. — 21 ақпан.
3.Қазақстан Республикасының әлеуметтік−мәдени дамуының тұжырымдамасы. — Алматы: Қазақстан, 1993. – 92 б.
4.Родлов В.В. Образцы народной литературы северных тюркских племен.- Ч, СПБ., 1885. — С. 8- 9.
5.Эйхгорн А.В. Музыкальная фольклористка в Узбекистане. – Ташкент, 1964. — С. 58.
6.Ивановский А. Смерть киргиского певца Ульгенбая // Русские ведомости. — 1890. — №327
7.Тихов П. О музыке Туркистанских киргиз ⁄⁄ Музыка и жизнь, — 1910. — №3-4
8.Затаевич А.В. Қазақтың мың әні. — Алматы, 1963. — 148 б.
Майгельдиева Ш. М. Жастарға ұлттық тәрбие арқылы музыкалық педагогика негізінде тәрбие берудің мүмкіндіктері [Текст] / Ш. М. Майгельдиева, Г. Б. Байулов // Молодой ученый. — 2014. — №20.1. — С. 40-42.