Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында орта білім берудің мақсаты – алған білімнің кәсіби дағдыларының негізінде өзгермелі өмір жағдайында еркін бағдарлай алатын, өзінің білімін іске асыруға, адамгершілік тұрғыдан өз бетінше шешім қабылдауға қабілетті тұлға тәрбиелеп шығару көрсетілген. Жалпы білім беретін мектептің мақсаты – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзат мұрасының сабақтастығын сақтай отырып, тәрбиелеу және әрбір шәкіртті тұлға деп санап, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау болып табылады. Бұл мақсаты жүзеге асыру үшін технология сабағында оқушы санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты енгізу және туған халқының мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу мүмкіншілігі мол.
Мектепте технология сабағын халықтық педагогикамен ұштастырудың маңызы зор. Еңбек оқушылардың ең бірінші өмірлік қажетті айналу үшін еңбек ету талабын қалыптастырудың зор маңызы бар. Бұл міндет адам өзі ынта қойған еңбекпен шұғылданып, оның бейімділігі мен мүддесіне сай келетін және моральдық қанағаттану сезімін беретін іспен шұғылданып жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сондықтан да бұл міндеттерді шешу – еңбекті дұрыс таңдап алумен тығыз байланысты. Еңбекке шығармалышық тұрғысынан қарау ғана еңбекті тек жасау мен материалдық игілік алудың құралынан, ортақ рухани және ең алдымен адамның адамгершілік дамуының құралына айналдыра алады [1].
Технология сабақтарында халқымыздың қолөнерін үйрету арқылы оқушыларға ұлттық дәстүрге тәрбилеудің артықшылығы көп. Қолөнерге баулу, шығармашылықпен ұштастырып білім беру, еңбек етуге баулумен қатар ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрге тәрбиелеу қазіргі заманның талабы. Қолөнерге қызықтыру үшін кез келген бұйымның, туындының жасалу құпиясын, тарихын ашып көрсетсек, қосымша әдебиеттерден мағлұматтар берсек қайталанбас ерекшеліктерге толы жасалу технологиясымен таныстырсақ оқушы шығармашылықпен іске кіріседі.Технология сабағының мақсаты: қолөнердің барлық салаларын бағдарламаға енгізіп, ұлттық педагогиканың негізінде шәкірттерге білім мен өнегелі тәрбие берудің тиімділігің көрсету тиіс.
ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының қолөнері ішінде киіз үй сүйегін, ағаш төсек жасау, ағаш өрнектеу, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу кең өріс алды. Бұл кезде ер адамдарға арнап ер-тұрман мен белдік, қыз-келіншектерге арнап сәукеле, шашбау, білезік, сырға жасап, оларды түрлі-түсті өрнектермен әшекейлеу өнері де өрістей түсті. Халықтың мәдени дәрежесі өскен сайын тұтыну бұйымдары мен жабдықтардың сапасына жоғары талап қойып, олардың әрі ұнамды, әрі сәнді болуын қалады. Еңбек үстіндегі шығармашылық ізденудің нәтижесінде тұрмысқа керекті заттардың жаңа неше алуан түрлері жасалып отырды. Халық қолөнерінің бай мұраларын жинап, сұрыптай отырып, заманымызға сай лайықты сапа, түр беру әдісімен оларды ілгері дамыта беру ісін кейбір шеберлер қолға ала бастады. Бұл — өте игілікті іс. Оны ары қарай жаппай дамыту қажет.
Көпшелі өмір салты мен өнеркәсібі тудырған негізгі дүниенің бірі –киіз үй. Бәрі де — өнеркәсіптік құралжабдықтар да, олар шығаратын бұйымдар да, осы бұйымдардың әсемдігі де киіз үйдің айналасына жинақтылғын. Міне, осылай киіз үйдің жиһаздары, кілемдер, тұскиіздер, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар, баубасқұрлар, қайталанбастай болып әсем бұйымдар пайда болған. Жүн өңдеумен әйелдер ғана айналысқан. Қазан төңкерісіне дейін осының бәрі мүлтіксіз сақталып отырды. Нағыз көркем еңбек болып табылатын әсем сазды әуенге толы ою-өрнекпен көмкерілген халықтық шығармашылық бүкіл елге тән болатын [2].
Төрт түлік малдың жүні халықтың өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны ұқсатуды бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен ең қажетті мүліктер жасалған. Қазақ халқының шаруашылығында мал жүнінің ең асылы, бұйымдар жасуға ең көп пайданылатын түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, жылқының жал-құйрығы, түйенің жүні, шудасы. Халқымыздың дәстүрінде киім-кешек пен төсек орын жабдықтары, қалыңдық пен күйеудің баскиімі, белбеуі киімнің жең-жағалары мен балақтары әр түрлі жамылғыштар мен киімдер және басқа да осы сияқты жол-жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жиі безендірілген.
Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу дәстүрі отбасындағы еңбек тәрбиесіне негізделген. Кәсіп пен өнердің түрлері олар үшін күнкөріс көзі ғана емес, рухани қажеттілік тәрбие құралы да болған. Отбасындағы еңбек тәрбиесі екі түрлі мақсатқа: баланы еңбек етуге қабілет-икем дағдысын дамытуға немесе, сол негізінде оның бойында халықтық ізгі қасиеттерді дарытуға бағытталған. Балалардың отбасындағы еңбек дағдыларын одан әрі дамытуда елге танымал өнер мен кәсіп шеберлерінің халықтық тәрбиеші ретіндегі тәрбиелеу ықпалы зор болған.
Ұлы Абайдың қара сөздерінде (Жетінші сөз) «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі білсем екен демекілік. Не көрсе соған талпынып, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегені» деп жазған тәлімі бар.
Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында оқушылардың жалпы білімін көтеру, біліктілігі мен дағдыларын қалыптастырып, бүгінгі оқушы, ертеңгі жас маман екенін ескере отырып, оларға кәсіби білім беріп, қабілетін, дарынын аша білу,шығармашылыққа бағыт-бағдар беру әр мұғалімнің мақсаты болып табылады.
Әр оқу пәні оқушы алдында мүмкіндігінше еңбек пен мамандықтар әлемін ашады. Бұл мүмкіндік әсіресе технология пәнінде жүзеге асырылады. Технология — шеберлік, іскерлік, білгірлік мектебі. Технология сабақтарында оқушылар жан-жақты дүниетанымын қалыптастыра отырып, болашақта өмірге, өндіріске қажетті мамандық алып шығады, саналы, сұлулық сезімін түсінетін, шебер, заман талабына сай өмірге бейімделген, еңбекті бағалайтын, үнемшіл ұрпақ тәрбиеленеді. Еңбек сабағында іс жүзінде нақты жұмыс жүргізіледі [3].
Шығармашылық- бұл жекелеген мотивациялық құрылым арқылы берілетін ақыл-ой жемісі, ол жеке тұлғаның бойында білім мен ептілік, қажырлы еңбектену мен қызығушылық қабілеттерінің әсерімен қоғамдық маңызды нәтиже. ЖазушыЛ.Н.Толстой, суретшіРепин, композиторГлинкаөздерінің ұлы шығармаларын «1пайыз талант, 99 пайыз еңбектің күшімен жасадық» деген екен. Сондықтан оқушының шығармашылық қабілетін дамыту да үлкен қажырлы еңбекті талап етеді. Осы шығармашылық қасиеттерді дамытудың негізгі тәсілдері:
· оқушы білімінің өмірмен байланысы;
· ғылыми негіздердің зертханалық-сарамандық жұмыстармен байланысы;
· алған білімін сапалы, жүйелі меңгеру;
· теория мен сарамандық әдістердің өзара байланысы;
· іздену жұмыстарының ғылыми тұрғыда орындалуы;
· нәтижеге жету ынтасын қалыптастыру.
Қолөнерге ұштастыра білім мен тәрбие берудің түрі — шығармашылыққа баулу. Ал қолөнерге қызықтыру үшін кез келген бұйымның, туындының жасалу құпиясын, тарихын ашып көрсетсек, қосымша әдебиеттерден мағлұматтар берсек, қайталанбас ерекшеліктерге толы жасалу технологиясымен таныстырсақ, оқушы шығармашылықпен іске кіріседі. Еңбек үстінде шығармашылық ізденудің нәтижесінде алуан қолөнер туындылары дүниеге келеді.
Әр ұлттың өзіне тән тарихы, рухани сән-салтанаты, қолөнері бары анық. Халық қолөнерінің түп тамыры халықтың өмір сүру салтымен, шаруашылық дәстүрімен тығыз байланысты. Қолөнердің тәрбиелік мәні арқылы оқыту кезеңінде өнерге, өзіне деген көзқарасын, білімін, біліктілігін арттырып, шығармашылыққа баулыймыз. Ұлттық қолөнер бабалардан қалған мәдени мұраның ең асыл құнды қазынасы. Қолөнер- өресі биік, өрісі кең өнер. Қазақ халқы –кең байтақ елімізде қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы, ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін атадан балаға мұра етуші.Ысырапқорлық– қазақтарға жат қылық. Ежелден-ақ ата-бабаларымыз үнемшіл болып, қолдағы темір, сүйек, ағаш, тері тәрізді заттардың да кесінділерін қажетіне ұқсатып, аяқ асты тастамаған. Олай болса, ізденімпаздықпен атқарған әр жұмыс ысырапқорлықтан тыйып, үнемділікке үйретеді. Қазір ұлттық салт-дәстүріміз қайтадан жаңғырып, өмірімізге тереңдеп енгендіктен, қазақтың ұлттық қолөнері қайтадан дамып отыр.
Ұлттық қолөнердің негізгі салалары:
· Өрнек, тоқыма тоқу
· Сырмақ сыру
· Жүн өңдеу, киіз басу
· Мата өңдеу,киім тігу
· Кесте тігу
· Тері өңдеу
· Ою-өрнек өнері
· Ағаш өңдеу
· Металл өңдеу
· Қалдық материалдардан бұйым жасау
Қолөнер бұйымдарын дайындау барысында оқушылардың жұмысына жүргізілген бақылау- іс-әрекеттің түрлі дәрежесімен ерекшеленетін бірнеше топты анықтауға мүмкіндік береді.
І топ:Бұлшық еті, қимыл координациясы онша дамымаған оқушыларды жатқызамыз. Бұл оқушылардың қимылдары мен қозғалыстары бөгеліп, жұмыста шиеленісуі және шапшаңдықтың баяуланғаны байқалады. Іс жүзінде олар жұмысты басқа оқушылардан баяу, өте сенімсіз орындайды. Оқушылардың бұл тобына жұмыс амалдарын қайталап көрсету қажет. Бұл топ 3-5 адамнан құралады.
ІІ топ:Іс жүзінде тапсырманы орындау кезінде артық, тиімсіз қимылдардың көп мөлшерін жіберетін, жұмысты бәрінен бұрын бітіруге асығатын оқушылар тобын жатқызамыз. Әдетте, бұл топтың бұйымдары сапасыз болады, технологиялық жұмыстарда көптеген қателіктер мен кемшіліктер кездеседі.
ІІІ топ:Көркем шығармашылық және технологиялық жұмыстарды тез және салыстырмалы түрде жеңіл орындайтын оқушыларды топтастырамыз. Бұл оқушылардың қозғалыстары мен қимылдары сенімділікпен, ұқыптылықпен, тиянақтылықпен ерекшеленеді, орындаған барлық жұмыстары жақсы сапамаен, атқарудың үлкен дәлдігімен айрықшыланады [4].
Сыныптарда оқушылардың мұндай топтарының болуы- білімді қалыптасытыру кезінде шеберлікті, шығармашылықты дамыту үшін дифференциалды көзқарасты керек етеді. Мектеп шеберханаларының құрал-саймандарын, станоктарын және басқа жабдықтарын қолдануда қол қызметінің көркемдік-қолданбалы түрі оқушының сенсорлық-қозғалыс қабілетіне жоғары талап қояды. Қимыл-қозғалыс жұмыс барысында бірден пайда болмайды, сол себепті ең алдымен қолөнермен айналысу техникасы мен орындау технологиясын оқытып, үйрету қажет. Бұйым жасаудың барлық кезеңдерінде оқушылардың орындайтын әрекеттері:
· Алға қойған жұмыстың нақты тапсырмасын ойлау
· Ақырғы нәтижені ой елегінен өткізу, болжап көру
· Түрлі нұсқауларды оқу (эскиз, жоба, сурет, технологиялық карта, т.б)
· Нұсқауларды талдау
Оқушыларды шығармашылыққа баулудың, ғылым жолына жетелеудің алғашқы баспалдағы оларды ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға баулу. Сол себепті қабілетті оқушыларды іріктеу әртүрлі зерттеулер жүргізу арқылы жүзеге асады [5].
Әдебиет:
1.Тәжімұратов Ә. . Шебердің қолы ортақ. Алматы. Қазақстан, 2005.
2.Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы. Өнер, 2009.
3.Қасиманов С. Қазақ ұлттық қолөнері. Алматы. Рауан, 2012.
4.Большая советская энциклопедия, т. 8, стр. 132
5.Қазақстан шеберлері. – Алматы, 2013.
Тауипбаева А. Т. Орта мектептегі технология сабағында қазақтың ұлттық қол өнерін пайдалану ерекшеліктері [Текст] / А. Т. Тауипбаева, Г. Т. Абдихайымова // Молодой ученый. — 2015. — №7.2. — С. 57-60.