Антонимдер, синоним және омонимдердің өзара лексика, семантикалық байланысы

Антонимдер семантикалық құбылыс болса, оның тілдегі синонимия, омонимия сияқты лексикалық топтармен байланыспай оқшау тұруы мүмкін емес. Олай болғанда бұлар қай деңгейде, қалайша байланысады, бұл байланыстың сыры неде деген сұрақ туады.

Алдымен антонимдердің синоним және омонимдермен бір — бірімен арақатысын көрсету үшін бұл тілдік, семантикалық құбылыстарға қысқаша тоқталып өтсек.

Синонимдер (грек. synonymos аттас, мәндес) – мағынасы толық немесе жартылай сәйкес келетін, бір сөз табына жататын сөздер (кең мағынада фразеологизмдер, морфемалар, синтаксистік құрылымдар). Лексикалық синонимдерді мағына жағынан деңгейлестіретін тіл бірлігі – сөздің қарапайым мағынасы мен оның лексика — семантикалық варианттары. Солар арқылы синонимдік қатарлар пайда болады. Сол себепті кірме сөздер синонимдік қатарларға бірден ене алады. Әрбір синонимдік қатардың мүшелері семантикалық, стилистикалық жағынан доминант сөзге теңестіріліп, соның айналасында топталады. Синонимдердің синонимдесу дәрежесіне қарай толық немесе жартылай, құрылымына қарай әр түбірлес болуы мүмкін. Жеке сөздер мен сөз тіркестері де синонимдес бола алады. Құрылымы әр түрлі, мағынасы жақын синтаксистік құрылымдардан синтаксистік синонимдер жасалады, мысалы: үйге кетті – үйге қарай кетті.

Белгілі бір объектінің әр түрлі реңкін, сипатын білдіру арқылы семантикалық синонимдер жасалады, мысалы: семіру — шелдену, майлану — қоңдану — тойыну.

Белгілі бір объектіні бағалау сипатында стилистикалық реңттер тудыратын стилистикалық синонимдер жасалады, мысалы: беку, қатаю сөздерімен салыстырғанда қатулану, буырқану – ауыз әдебиетінде тән поэтикалық реңкті; опырық, оспадар сөздерімен салыстырғанда ұр да жық, әпербақан – эмоционалды — экспрессивті реңкті; шүленсу, мырзасыну – кекесін, мысқыл реңкін; бет, түр бейтарап реңкті, ал дидар, ажар көтеріңкі поэтикалық реңкті тудырып тұр. Сөзжасам қосымшалары арқылы сөзжасамдық синонимдер, жарыспалы сөздер жасалады, мысалы: сөзшең — сөзуар, күркешік – күркеше, ұрыншақ – ұрынғыш.

Антонимдер (грек anti қарсы, onyna ат, атау) — өздеріне тән сапалық белгілерін сақтап, бір – біріне қарама – қарсы мағынада қолданылатын сөздер. Антонимдерге бір – біріне қарама — қарсы мағынадағы өзара шартты қарым – қатынастағы сөздер (пайда – зиян, биік – аласа, ащы – тұщы, ыстық — суық), қимыл — әрекетінің қарама – қарсы бағытын білдіретін сөздер (ашу – жабу, айырылу – қосылу, бату — шығу) жатады. Антонимдер көркем әдебиетте антитеза сияқты әр түрлі стильдік фигураларды жасап, экспрессия үшін қолданылады.

Айтылуы, дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары бір — бірінен мүлде басқа сөздерді омоним дейміз. Бірақ кейбір сөздер сөз тіркесіндегі қолданылуына қарай, біріне–бірі байланысты ұғымдардың атаулары болады. Әрине, олар да жеке мағынада қолданылады, бірақ омоним бола алмайды, өйткені олардың мағыналары әлі бір – бірінен алыстап кете алмаған жақын мағыналар болады.

Омонимдердің мағынасы контексте айқындалады, яғни омонимдік қатар құрайтын сөз жеке – дара қалпында емес белгілі бір сөздермен қатынасқа түскенде ғана оның лексика – семантикалық мағынасы белгілі болмақ. Мысалы «жай» сөзінің контексте келуіне байланысты мынадай бірнеше мағыналары бар:

Жай І (зат есім). Аспан кеңістігіне жиналған электр зариядтарының шағылысуынан пайда болатын жарқыл, найзағай. Лағынет бұлты шатырлап, жай түсіп неге қатпаймын (С. Т.).

Жай ІІ (зат есім). Тұрмыстағы хал – ахуал, жағдай, күй. Қамардың жайы мұндай болған соң… араздық, пәленді қойып, Омар да күні – түні қасында болды (С.Т.).

Жай ІІІ (зат есім). Белгілі бір орын: мекен – тұрақ. Ызғарлы аяз жан иесінің бәрін де жауратып, жүдеу тарттырып, жылы жайды іздеткендей (М.Ә.).

Жай ІV (етістік). Таратып ыдырату, жазу. Бұлар үндемеген соң Ыбырайым үйілген шөпті айырмен қозғап, жайып тұрды (А.Ж.).

Жай V (сын есім). Қатардағы, қарапайым, жұпыны. Көбі майданға кеткен. Майданға кетпегендері осында шахталарда жай жұмыста жүр (І.Е.).

Жай VІ (сын есім). Жайлы, қолайлы, малға жай, егінге бай, топырағы май (Қ. Ә.).

Жай VII (Үстеу). Жайымен ғана, ақырын, баяу. Алтын артқан бір есек солармен келеді. Ол жай жүрсе, жұрт та жай, ол желсе жұртта желеді (С.Г.).

Жай VIII (Үстеу). Өзімен — өзі, жайбарақат, тыныш. Ұйқы, тамақ қалды дым — ақ керегі жоқ іс болып: Жай жатпағым, Тыныш таппағым Күш болып (Абай).

Жай ІХ (Үстеу). Ақы – пұлсыз, бос, төлеусіз, тегін. Дүкен саған осы азық – түлікті жайға бере ме? (І.Е.).

Жай Х (Үстеу). Әдеттегіден кеш, кейін, соң. Қайыркенің еркіндеп дем алатын күні тек жексенбі күні. Ол бүгінгі жексенбіде де жай тұрды (С.Б.).

Жай ХІ (Үстеу). Құр – бекер, тектен – тек, бостан – бос. Екі байдың аядай жерге арқа тіресіп қонып жатқандары жай да емес сияқты (Ғ.М.).

Көріп отырғанымыздай «жай» сөзі контексте келуіне байланысты он бір түрлі мағынада келіп, зат есімнің, сын есімнің, етістіктің, үстеудің және шылау сөздің мағынасында келуі мүмкін екен.

Ал енді жай сөзінің синонимдік ұя жасауына байланысты мысалдар келтірсек.

І. Жай, жасыл, найзағай, найжағай, жасын. Жауын – шашын кезінде аспан кеңістігініне жиналған электр зарядтарының соқтығысуынан пайда болатын күшті жарқыл. Жай дегеніміз – шын мәнісіне келгенде, екі бұлттың арасындағы электр заряды (Шолпан серігі). Естілді ат дүбірі тасырлаған, кем түспей жазғы жайдың жасылынан (С. Мәуленов). Бертін келе найзағайдың электрден келіп шығатынын көптеген ғалымдар түсіне бастады (Қ. Әбдіғапаров). Кенеттен қою қара бұлт аспанды қаптап, нажағай шатырлап, нөсер құйып береді. (М. Мырзағұлов). Нөсерлеп құйған жауында, Қызығушы ем жасынға. (Қ.Аманжолов).

ІІ Жай, баяу, сылбыр, ақырын, марғау, самарқау, мимырт, солбыр. Асықпай – саспай ыбылжып қана, ілбіген шабан қимылмен, ат жай ғана басып жүріп келеді. (М. Әуезов). Жас әйел Игіліктің күтіп тұрғанын көрсе де, асықпай баяу басып келеді. (Ғ. Мүсірепов.). Салт адам көзіне шалынған үш кісіге сылбыр аяңмен жақындады. (С. Мұқанов.). Ақырын басып Лиза лабараторияға кірді. (С. Ерубаев.). Ырысжамал орнынан марғау түрегелді. (С. Талжанов.). Ерғожа біраздан соң ғана самарқау бұрылып, екеуімізге алма – кезек қарады. (Ғ. Сыланов.). Әжімгерейдің келіні мимырт, өнімсіз кісі көрінгенмен, тыңғылықты еді. (Т. Нәжімеденов.). Соғысқан соң шығын шықпай тұра ма ? Осы өледі мен білсем, салбыр шығар басын күте білмейтін. (Ә. Тәжібаев.).

Жоғарыда келтірілген «Жай» сөзінің омонимдік және синонимдік қатарларындағы сөз мағыналарындағы ұқсастық пен ерекшіліктері туралы айтсақ, біріншіден, «жай» сөзінің көптеген сөздермен тіркесіп, контекістегі лексика – семантикалық мағынасының құлпыруына өте бейім екендігі, екіншіден, оның грамматикалық қызметі мен сөз таптарына қатысы жағынан әр түрлі болып келеді.Ерекшеліктеріне байланысты айтсақ, синонимдік бір ұяға жататын сөздер бір ғана сөз табына қатысты болады. «Жай» сөзі бірінші топтағы мысалдарда барлық сөздер зат есімге қатысты болса, екінші топтағылар үстеу сөздер. Бұл жағын алып қарағанда, «жай» сөзінің омонимдік қатар жасағанда ол бір емес бірнеше сөз табына қатысты болуға қабілетті болып отыр.

Екінші топтағы «жай» сөзінің синонимиялық ұядағы сөздердің антономиялық жұп құрау мүмкіндігін қарастырсақ

А н т о н и м д е р

СЖай – тез

иБаяу – жылдам, жел (желу)

нСылбыр – шапшаң

оАқырын – лезде, демде

нМарғау – тез

иСамарқау – асығыс, жедел

м Мимырт – тыңғылықты

дСылбыр – жылдам

е

р

Бұл схемадан бір синонимииялық ұяға жататын сөздердің антономиялық жұп құрау мүмкіндігі мейлінше мол. Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл сөздердің омонимдік қатар жасау мүмкіндігіне тоқталып өтсек. Жоғарыда «жай» сөзіне байланысты омонимдік қатарына байланысты мысалдар келтірген едік, ал «жай» сөзіне контексте антономиялық жұп құрайтын сөздердің бірі «тез» сөзі. Осы «тез» сөзінің контексте омонимдік қатар құрау мүмкіндігіне тоқталып өтсек.

Тез І (үстеу). Жылдам, шапшаң, лезде, әп — сәтте. Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы сықылды тез суалар (Абай).

Тез ІІ (зат есім). Кереге, уық, ағашты түзейтін, иетін құралдың түрі. Тез қасында қисық ағаш жатпас (Мақал).

Антоним және синонимдерге байланысты схемадағы жай – тез сөздерінен басқа баяу – жылдам, жел (желу) сөздері де біріншіден синонимдік ұяға кірсе, екіншіден антономиялық жұп құрап тұр. Баяу сөзі омонимдік қатар жасауға қабілетсіз, ал жел сөзі контексте келіп омонимдік қатар жасайды. Мысалы:

Жел І (зат есім). Кейде қатты, кейде баяу соғатын ауаның ағымы. Қарасақ басқалардың жастарына, Өнер ғылым толып тұр бастарында. Өзіне от, жел, суды жалшы қылып, Алланың сайран етер аспанында (С.Т.).

Жел ІІ (зат есім). Ызғарлы желден, суықтан болатын ауыру. Кейбір әйелдер бойымызда желіміз бар дейді (Қ. Тай.).

Жел ІІІ (етістік). Аяң мен шабу аралығындағы қатты жүру. Астындағы қара атпен, Күні — түні желіпсің ( «Қазақ ертегілері» ).

Қазақ тілінің сөздік қоры әр түрлі дыбысталып мағыналары бір — біріне жуық сөздер мен мағыналары бір — біріне қарама — қарсы сөздерге қаншалықты бай болса, бірдей дыбысталып әр түрлі мағынаны білдіретін сөздерге де өте бай. Жоғарыдағы тәсілмен сөздердің синонимиялық ұя және антонимиялық жұп құрау мүмкіндігі схема арқылы мысалдар келтіріп, олардың омонимиялық жұп құрау мүмкіндігін тағы да қарастырып шықсақ.

Антонимдер

ІТаң – кеш

Ертеңгісін – кешқұрым

сТаңертең –кешкісін

иАзан — кешкітұрым

н Сәрі –кеш (бесін)

оІІЖүдеу – күйлі

нАрық – семіз

иҚатпа – тола

мСолыңқы – болымды, толыңқы

дІІІҚарулы – қауқарсыз

еӘулетті — әлжуаз

рҚайратты — әлсіз

Қажырлы – сылбыр

Жігерлі – бос

Қуатты – дәрменсіз

Мықты — осал

Синонимиялық ұя мен антономиялық жұп құрап тұрған сөздердің ішінен барлық сөздер омонимдік қатар құрауға қабілетті деп айтуға болмайды. Айталық, І топтағы: кешқұрым, кешкісін және кешкітұрым сөздерін контексте дәл осы мағынасынан басқа ұғымда қолдануды кездестіру қиын. Ал осындағы «Таң» сөзі контексте бірде зат есім, бірде сын есім, бірде етістік мағынасында келіп омонимдік қатар жасайды. Мысалы:

Таң І (зат есім). Күн шығыс алдындағы мезгіл. Таң алды, сәулеленіп жердің жүзі. Күн жаңа шығып келед нұрын шашқан (А.Т.).

Таң ІІ (зат есім). Ұялы қасқыр келсе, жалғыз тайдың Таңынан тарттырдым мен қашан оған? (С. М.).

Таң ІІІ (сын есім). Үйреншікті емес, таңсық, жат. Көрмегенге көсеу таң (Мақал). [10. 138-1140 беттер.]

Сонымен бірге «Сәрі» сөзі де мезгіл мағынасынан басқа шылау сөз болып мағынасы өзгеріп отырады, мысалы: Жас ұстаз адасса бір сәрі, сақал, шашы ағарған мен сияқты ақ бас шал адасса, масқара ғой бұл. (М.И.).

Жоғарыда келтірілген синоним және омоним сөздердің омонимдік қатар жасай алатын сөздерге контекстік мағыналарын айқындап шықсақ.

Күйлі І (сын есім). Жағдайы жақсы, ауқатты. Көктөбедегі бір – екі күйлі тұратын семьяның біреуі осы Батырхандікі (Б.С.).

Күйлі ІІ (сын есім). Күйге толы, әуезді. Көктемнің күйлі әуезді әсерлі–ақ (С. Мәуленов). [10. 145-147 беттер.]

Арық І (зат есім). Су ағызу үшін арнайы қазылған су жолы. Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ, Таспадай бейне арықтан шыққан құлап, Түсе сала Ескендір басты қойды, Ішсе, суы өзгеше, тәтті тым – ақ (Абай).

Арық ІІ (сын есім). Семіз емес, еті қашқан, жүдеу. Мен қажыған арықпын, қатын бала қонағы. Сендерге де қанықпын, жұрттың анау баяғы (Абай).

Қару І (зат есім). Ұрыста қолданылатын шабуыл және қорғаныс құралдары. Павел Камаров келіншегі Танямен қатар қару кезеп тұр (Қ. И.).

Қару ІІ (зат есім). Күш, жігер, қажыр, қайрат. Әйел болсам да, денім сау, қаруым бар адаммын (І. М.).

Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» сөздері бір – бірінен антоним болып келеді. Осы екі сын есімдердің омонимдік қатар құрауына мысалдар келтірсек:

Ақ І (сын есім). Қардың, сүттің, бордың түсіндей (қараға қарама қарсы). Ойыма келген нәрселерді жаза беремін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылатын (Абай).

Ақ ІІ (зат есім). Малдың сүті және сүттен өндірілетін айран, қатық, қымыз, шұбат сияқты тағамдар. Қой – ешкі, шыр өріске кеткенімен, … ауыл ақтан тарықпай отырған сияқты (І. Е.).

Ақ ІІІ (арх. зат.). Хақ, ақиқат, шындық. Жұмыр басты пендеге — өлім ақ (мәтел).

Ақ ІV (шылау). Күшейту, талғау мағынасындағы демеулік шылау. Талайды осы күні – ақ жүрмін көріп, жалқауды қақпалайсың аттай міні. (С. Т.).

Ақ V (етістік). Судың өз арнасымен төмен қарай жылжуы, бір орында тұрмай, ілгері қозғалып отыруы. Екпін еш нәрсеге жол бере ме, өзендей күркіретіп аққан сайдан. (С. Т.).

Қара І (сын есім). Күйенің, көмірдің түсіндей (түс, бояу). Оюлап кестеленетін түскиіз бірыңғай не шымқай ақ, не шымқай қара болад (С.Кашмов).

Қара ІІ (зат есім). Аумақ, көлем, сан, мөлшер, шама. Кеншілер қарасы да әжептеуір көрінеді (Б. Тоқт.).

Қара ІІІ (этнограф.). Өлікті аза тұтудың белгісі ретінде киетін киім. Былайғы, бейбіт кезде бір адам әлде – қалай ажалы жетіп өлсе де, бүкіл ауыл боп жылап, қатындар басынан қарасын алмай бір жыл бойына жоқтайтыны қайда (Ә. Н.).

Қара IV. Қарапайым, халық арасынан шыққан адам, қара халық бұқара. Бізге ханның емес, қараның, бидің емес, бұқараның тілегін орындайтын өкімет керек (Х. Е.).

Қара V (зат есім). Ірі мал: жылқы, түйе, сиыр. Кедей баласына айттырған қыздың қалың малы ең көп дегенде он, он бес қарадан аспайды (С. О.).

Қара VІ (етістік). Көз жіберу, назар аудару. Рабиға біресе Дәуғараға, біріесе Әміржанға қарайды (Б. М.).

Көріп отырғанымыздай қазақ тілінің сөздік құрамындағы сөздер мейлі синонимиялық ұя болсын, мейлі антонимиялық жұп құрауы болсын, сондай – ақ омонимдік қатар жасау мүмкіншілігі өте мол. Белгілі бір сөз бір мезетте синоним, антоним және омоним мағынасында тұруы мүмкін. Оның нақты бір сөз мағынасында келуі, тек контексте немесе сөз тіркесінде, басқа сөздермен лексика – грамматикалық қатынасқа түскенде ғана айқындалмақ.