Фольклор мен әдебиеттің адамзаттың көркемдік дамуында алатын орны үлкен. Халықтың рухани дамуы мен мәдени ілгерлеуіндегі ауызша және жазбаша әдебиеттің өзара күрделі ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл құбылыстардың мәні мен өзгешелігін нақты біліп отыру аса қажетті нәрсе. Ғалым ауыз әдебиетінің өзіндік табиғи ерекшеліктеріне тоқталып, неліктен ол ауыз әдебиеті екеніне жауап іздейді. Олардың әр кезеңнің талабына жауап беру мақсатында өзгеріске ұшырау себебін Р.Бердібай «өнер атаулының мұраты, өз заманының эстетикалық талап-тілектеріне лайық келуінде, болмыстың жаңа тәжірибесін қорытып,көркемдік шындығын көрсетуінде» — дейді. /18.193./
Фольклорда ұжымның да, жекелеген адамдардың да үлесі болады. Басты шарты — көпшіліктің, халықтың ой, арманына сай келетін болуы. Сонымен бірге айтушының тіл байлығы, білімділігі, өмірлік тәжірибесінің молдығы ауыз әдебиеті жанрларында күшті қызмет атқарады. Жыршы жаттап орындаса, жазушы жаңадан жазады. Кейбір жазбаша туған мұралар кейде ауызша таралып, жаңа өріс табуы да мүмкін. Ғалым оларға «Тотынамадан», «Қалила мен Димнадан» ауысқандарды, тәжік ғазалдарын жатқызады. «Бұлар жазба әдебиет ескерткіштері болғанмен, таралуы, сақталуы, дамуы жағынан фольклорлық дәстүрге жақын» – екендігін айтады. /18.199./
Ғалым қазақ совет фольклортану ғылымы тарихын кезеңдерге бөліп қарастырады. Яғни, жиырмасыншы жылдардан елуінші жылдарға дейінгі тұсты бірінші кезең, ал алпысыншы жылдардан кейінгі кезеңді шағын екінші асуы деп қарастырады. «Алғашқы кезеңге ауыз әдебиеті туралы ғылымның негізгі салалары, фольклорды жариялау және зерттеудегі атқарылған жұмыстар тура келетіндігін» — айтады. /14.124./
Алпысыншы, жетпісінші жылдардағы фольклортанудағы негізгі ерекшелікті ғалым: «фольклор материалын бір елдің ғана емес, көптеген халықтардың ескерткіштерімен салыстырып тексеретін типологиялық -тарихи әдістің қолданғандығы» — деп көрсетеді./14.124./
Сол сияқты, ауыз әдебиеті шығармаларының генезисі, эволюциясы, типологиясы, стадиялылығы және полистадиялылығы, сақталуы, жанрлардың өзара байланысы, фольклордың тарихилығы, формулалығы жайында талаптар мен талдауларды дәл осы соңғы кезең еңбектерінен көбірек кездестіреміз. «Егер фольклортанудың алғашқы кезеңінде материалды горизонтальды түрде қарастыру әдісі басым болса, екінші кезеңде вертикальды талдау нышаны молырақ» — екендігін де айтып өтеді. /14.126./
Фольклор поэтикасының жазба әдебиеттен зор айырмашылықтары бар екеніне мән берілмей келеді. Қаһармандық эпостарда жасалған батыр тұлғасын көркем әдебиеттегімен бірдей санап, бұларда образ — бейне ретінде қарауға болмайтынын елемедік. Жазба әдебиеттегі типтендіру, ауыз әдебиетінде мінез идеяландыру тәсілі басым болатыны белгілі. Ауыз әдебиеті жаратындыларының сюжеттік, композициялық кұрылысында да елеулі айырмашылық бар. Жазба әдебиет кейіпкері өмір ситуациясына, әлеуметтік және психологиялық шарттарға байланысты әрекет етсе, ал жыр қаһарманы «осылай болуға тиіс деген мұрат — арман жемісі». Фольклор туындыларының тіліндегі қарапайымдылық, тұжырымдылық, үнемділік, формулалылық қайталаулар жазба кәсіби әдебиеттегіден бөлек.
«Қазақ ауыз әдебиетін тегі, тағдыры, тілі жақын түрік халықтарының фольклоры мен тарихи-этникалық, тарихи-мәдени байланыстар тұрғысынан зерттеуде, елдермен елдердің замандар бойындағы бір-біріне жасаған ықпал әсерін, ортақ рухани көркемдік мұрасын тануға, өзара жақындастыруға қызмет етеді» — дейді. /19.300./ Оған ғалым қазақ, қырғыз, өзбек, ноғай, түркмен, башқұрт елдеріне ортақ мұра болып саналатын Орхон жазуларын, «Оғызнама», «Алпамыс», «Манас», «Көрұғлы», «Едіге» жырларын жатқызады.
«Фольклортану шын мағынасында, халықтану пәнімен қатар айтылады. Тарихымызды осы кезге дейін шалағай біліп келуіміздің де бір себебі -халықтың өз естелігін, үлкенді-кішілі құбылыстарға берген өз бағасын елемегендіктен» — дейді. /19.302./
Әрбір жанрда өмір ақиқатының бейнелену дәрежесі әр түрлі болады. «Эпикалық шығармада тарихи оқиғалар сілемі емес, поэтикалық қиял басым жатады, сол ойдан шығарылғанның өзі тарихилық сипатқа ие болады. Көркемдік жинақтаудың ежелгі қағидалары фольклорға да, жазба әдебиетке де кең мағынасында ортақ» — деп ғалым жазба әдебиеттегі тарихи романдардың да тек болғанды тізіп айтудан құралмай, оның да көркемдік дәрежеде жазылатынын үлкен білімдарлықпен айтып өтеді. /18.203./
Көркем сөз шығармаларының даму, жетілу, жаңа сапаға көшу тарихы фольклор мен жазба әдебиетінің өзара байланысын, бір-біріне ықпалының замандар бойында үзілмей желі тартып келгенін дәлелдейді. Түрлі халықтарда тарихи-әлеуметтік жағдайларына қарай кейде осы арна қатарласа дамыған, қайсы бір кезде осылардың біреуі алдыңғы шепке шығып отырған. Сонымен қатар осы екі көркемдік ағынының жалпы даму бағытында ортақ үлкен заңдылықтар да бар. Ол — ауызша әдебиет дәстүрінің бірте-бірте жазбаша дәстүрге ауысу, ұласу тенденциясы.
Көркемдік ойлаудағы дәстүрліліктен, ұжымдықтан даралық өрнегі анық жеке авторлар шығармаларына, өмір құбылыстарын суреттеудегі қалыпты қаһарманнан даму үстiнде көретiн кейiпкерге дейiнгi ұзақ жол осыған дәлел.
Қазақ ауыз әдебиетi — көлемi мен биiк көркемдiгi ұштасқан, халқымыздың рухани өмiрiнiң, тарихи-әлеуметтiк iстердiң, күрестер мен қайшылықтардың, армандар мен үміттердің, тiршiлiк құбылыстарына деген бағалардың, дуниетаным мен қоғам, табиғат туралы бiлiмдердiң шымырланып, ерекше жарасым тапқан энциклопедиясы.
Фольклор қазынасынан жазба әдебиетке көшiп, шығармаға күштi серпiн қосатын бiр нерсе — ескi мифтер, аңыздар, тәсiлдер тосын, жалпылық мәні бар идеялар айту үшiн қолданылады. /18.205./
Фольклор да жазба әдебиет секiлдi сөз өнерi болғанмен, бұлардың көркемдiк жинақтау принциптерiнде, құрылысында, табиғатында үлкен айырмашылықтар да бар. Ауыз әдебиетi шығармаларының бастапқы қалпы замандар бойында түрлi өзгерiстерге ұшырайды. Фольклор өзге ғылымдармен байланысты. Фольклор шығармаларының туу процесi мен сақталу заңдарын анықтаудың тағы да ұтымды жолы — даму дәрежесi түрлi сатыда тұрған халықтардың ауыз әдебиетi нұсқаларын салыстырмалы типологиялық тәсiлмен тексеру. Бұл тесiлдiң шығарма варианттарының көне, кәдiмгi келбетiн, кейiнгi эволюциясын саралау үшiн пайдалы екенiн ғылыми тұжырыммен ғалым дәлелдеп бередi. /10.143./
Ауыз әдебиетi туындылары уақыт озған сайын тиiстi өзгерiстерге ұшырап отырады. Жеке шығармалар ғана емес, тұтас жанрларда эволюцияны бастан кешiредi, бiрi жаңаланса, екiншiсi қатардан шығып, үшiншiсi тыңнан болады.
Р.Бердiбай ауыз әдебиетiнiң танытқыштық, тәрбиелiк, эстетикалық, танымдық мәнiн сөз ете отырып, фольклортанудың тарихилығы жөнiнде ауыз әдебиетi мұрасьн жинау, зерттеу, жариялау жұмысындағы қалыптасқан түрлi ғылыми мектептер, методологиялық принциптердi айтады. Мысалы, мифологиялық мектеп, оның қағидалары, миграциялық теория, оның заңдылықтары, антропологиялық мектеп, оның тұжырымдары — тарихи мектеп. Ғалым бұл мектептердiң жетiстiктерi мен кемшiлiктерiн атап көрсетедi.
Халық өнерiнiң жанашыры ретiнде Р.Бердiбай ауыз әдебиетi үлгiлерiнің мәнi мен мазмұнына ерекше көңiл бөледi. Ғасырлар бойы халқымыздың рухани қажеттілігін өтеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұралардың тәрбиелiк маңызын бүгiнде ешбiр нәрсемен теңестiру мүмкiн еместiгiн айтады. Ғалым сөзiмен айтсақ “Алпамыс” “Көрұғлы”, “Қыз жiбек” сынды жырларды, айтыстағы, шешендiк сөздегi небiр тапқырлықты, мақал- мәтелдің тұжырымды даналығын тыңдап, ұғып өспеген буын қазақ тiлiнiң қадіріне жете алар ма? Ертегінің, аңыздың ғажайып оқиғалары қиялын тәрбиелемеген, жақсылық пен жамандық күресiнде әдiлдiк, адамдық, мейiрбандылық жеңетiнiне сенiп үйренбеген, аяушылық сезiмi оянбаған жас баға жетпес рухани байлықтан марқұм қалмай ма? Ендеше өскелең буынның барлық тәрбие жауапкершiлiгi үлкендердiң мойнында. Халқымыздың замандар бойында жасаған ақыл-ой игiлiгiн, әдемi дәстүрiн, инабаттылығын сабақтарын жеткiншек қауымға дарыта алмасақ, ол өтелмеген парыз болып қалмақ. Мұндай парықсыздықты ешқандай шапшаң өсу заңдылығы сылтауымен, қандай да болмасын бөгде әсерлерден iздеумен ақтауға болмайды” — дегенге сайып келедi. /14.106./
Ауыз әдебиетi мұраларының мәнiн тануда алдағы күнде атқарылуға, зерттелуге, дамытылуға тиiс деген бiрнеше мiндеттердi ғалым Р. Бердiбай атап көрсетедi. Ғалымның әр тұста көрсетiп отырған фольклортанудағы келешекте атқарылуға тиiс деген мiндеттерi мынадай болып келедi. “Ауыз әдебиетi жанрларының жүйесiн, құрамын олардың әрқайсысына тән ерекшелiктi, өмiр шындығының сәулелену дәрежесiн, дәстүрлiк, ұжымдық сипатын, таралу ауданы мен сақталуын, варианттылық пен формулалылықтың өзгешелігін тексеру бір алуан нысана десек, ауыз әдебиеті жаратындыларының поэтикасын, құрылысын, тілдік бейнелеу өрнектерін, көркемдiк тәсiлiн, өмiр шындығының берiлу ерекшелiгiн анықтау жеке өз алдына сан тарау тақырыптарға бөлiнiп кетедi. Қазақ фольклоршыларының шыңдап қолға алатын проблемаларының тағы да бiр күрделi саласы — фольклор шығармаларының стадиялық жене полистадиялық тұрғысынан талдау. Ал ауыз әдебиетiндегi ұлттық белгiлермен қатар олардағы өзге халықтар фольклорымен ұқсастықтар заңдылығын тарихи-типологиялық жағынан тексеру қазақ фольклоршыларының келешектегi iстерiнде де жалғаса беретiн уәзипасы болып саналады” дегендердi айтады. Сол сияқты тағы да бiрнеше мiндеттердi топтап, жинақтап, мына мәселелердi екшеп көрсетедi.
- Фольклортану ғылымының этнография теориясымен бiр арнада өзара байланыса дамуы кажет. /14.127./
- Фольклор мен әдебиеттің ең басты айырмашылығы — көркем тәсiлiнiң бiрдей еместiгiнде. Фольклор туындыларына жазба әдебиет секiлдi шарт қою дұрыс емес.
З. Фольклордың дәстүрлі және кейiннен пайда болған формаларын анықтау, олардың белгiлi бiр халық өмiрiндегi мәдени кызметiн нақты түсiну керек.
- Белгiлi бiр нұсқаның генезисiн, эволюциясын, сақталу ерекшелiгiн, таралу өрiсiн анықтау үшiн вариантты тексеру таптырмайтын қажеттілiкке айналды.
- Қандай да болмасын ауыз әдебиетi шығармасын тарихи болмыстың елесi деп түсiну бiр басқа да, фольклор тарихының өзiндiк сипатын ашу — екінші меселе./14.128./
- Алдағы кезде фольклордың сөзi мен сазын, олардың өзара байланысын, әрқайсысының қызметін нақтылы айқындайтын, бірлестіре қарайтын зерттеулер керек.
- Халықтар арасындағы интернационалдық байланысты күшейту, олардың медениетiндегi бiр-бiрiне жақын, ортақ белгiлердi насихаттау, ұлттар мәдениетiнiң бiрлiгi тереңдей түсуiне көмектесу фольклортанудың да алдындағы мiндет, яғни салыстырмалы — тарихи түрде тексеру қажет. /14.124./
- Фольклор мен әдебиет арасындағы диалектиканың байланыстын ашатын, ол байланыстың әрбiр жанрда, түрлi шығармаларда өзгеше көрiнiс беретiнiн, қысқасы осы екi көркемдiк құбылыстың бiрiн-бiрi байыту процесiн, олардың заңдылықтарын ашу — нағыз көкейкестi мәселе.
- Тағы бiр проблема — қазақ фольклорының байлығын туысқан халықтар тiлдерiне аудару болып табылады.
- Қазақ фольклорын орта мектептер мен жоғарғы оқу орындарында өтудi терең ойластырып, жан-жақты қарастырып, оқу бағдарламалары мен окулықтарды қайтадан жасау керек. /14.130-131./
Сондай-ақ “ендiгi зерттеудiң мiндетi әрбiр жанр емес, сол жанрдың жеке бiр салалары болуы керек” дегендi де айтады.
“Бұдан былайғы жерде ауыз әдебиетiнiң барша жанрларын (эпос, ертегi, аңыз, әпсана, миф, тарихи, рухани, салттық — ғұрыптық өлендер, мақал-мәтел, жұмбақтар, балалар фольклоры, айтыс, шешендiк өнер, т.б.) осы заманғы әлемдiк фольклортану дәрежесiнде зерттеу керек” — деген пiкiрiн айтады. /3.299./
Бұл мұралардың тарихтануға да аса құнды деректер қоса алатындығын ескерте келiп, оларды жинап, жүйелеу, ғылыми — зерттеу тақырыбы ету-кезек күттiрмейтiн iстiң бiрi екенiн, сол сияқты дiни дастандар да зерттелiнбей, тасада қалуына байланысты, оларды қайта қарап зерттеу обьектiсi етуiмiз керектiгi де ескертiледi.
Салтқа байланысты туған поэзияны мазмұндаумен шектелмей, халықтың ежелгi наным-сенiм ғұрыптарымен байланыстыра тексеру оның түп негiздерiн ашуға септесерi анық. “Қазiргi ақын, жыршы, термешi,күйшiнiң шығармасындағы дәстүрлiлiк пен даралықтың арақатынасын, бұл құбылыстың мәдениетiмiздегi орны мен мәнiн тексеру де фольклортану пәнінің уәзипасы” — деген мiндеттi де қояды. /19.301./
“Түрiк халықтарының тарихы мен мәдениетiндегi, фольклорындағы ортақ сарындарды, эпикалық типологияны тереңдеп таныған сайын қолымыздағы соны материалдар түсуі мүмкін. Бiз әзiрге дейiн қазақтану көлемiмен шектелiп қоймаймыз. Алдағы кезде оны бүкiл түрiктiк көлемге көтеру ләзiм” — деген тұжырым, пiкiрлерiн ортаға салады. /19.324./
Сол сияқты жоғарыда айтып өткенiмiздей, айтыс өнерiн дамытудың шарттары мен жолдарын көрсетуде де тың ойлар айтып, үлкен жанашырлық танытқаны мәлiм.
Халық өнерiн қайта жандандыруда, оларды насихаттауда, зерттеуде тындырған Р. Бердiбайдың iстерiн бiр дипломның көлемiне сыйғызу мүмкiн емес. Осы жұмысты жазу барысында ғалым жанқиярлық еңбекқорлығына, халқына шексiз берiлген азаматтығына, терең ойлы ғұламалығына әбден тәнтi болдым.
Соңғы кезде фольклортануда зерттеу жұмыстарының методологиясын жетiлгендiгi байқалады. Бiрақ соған қарамай бiр кездерде кейбiр жаңсақтықтар үшiн қаншама мұрамыз ашылмай, күдiкпен қаралып қалғаны ескеретiн құбылыс. Мұндай жетiстiктер мен жаңсақтықтарды қалт жiбермей бақылап отарған ғалым фольклортанудағы үлкендi — кiшiлi еңбектерге де сын көзбен қарай бiлдi. Ол ауыз әдебиетi мұрасын өзiне тән заңдылықтарды ескере отырып зерттеудiң жаңа деңгейiн түрлi жанр, проблемаларға арналған ұжымдық еңбектерден де, жекелеген авторлардың да монографияларынан байқады. Мысалға, Қазақ ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты фольклоршыларының “Қазақ тарихи жырларының мәселелерi” (1979), “Қазақ фольклорының типологиясы” (1981) деген еңбектерiн алып, олардың жанрды дұрыс талдап, зерттеу тұрғысынан үлкен жетiстiктерге жеткенiн сөз етедi. Бұл еңбектiң кемшiлiгiн “сөз болып отырған кітапқа енген зерттеушiлердiң теориялық материалдарды қамтуы бiркелкi емес. Мұнда кеңес фольклористикасының озық жетiстiктерiне қарайлас тараулар да, талдау шеберлiгi олқы жатқан еңбектер де бар. Дегенмен жалпы алғанда, монография қазақ ғалымдарының зерттеу медениетi бiр қадам алға басқанын байқата алады” — деп көрсетеді. /14.111./
“Қазақ ертегілеріне арналған еңбектердiң ұтымдылығы әрi жаңалығы да этнографиялық аспектiлермен бiрлiкте зерттеуiнде” екендiгiн айтып,соңғы жылдарда фольклорлық прозадан ертегiлер ғана азды-көпті зерттелгенiн ескертiп, “халықтың аңыз-әңгiмелерi мен әпсаналарының құрамын генезисiн, поэтикасын анықтайтын еңбектiң пайда болуы фольклортану ғылымының жетiстiктерi қатарына қосылады” — дейдi Р.Бердiбай. /19.299./ Бұл арқылы ауыз әдебиетi туралы ғылымының тақырыптық ауданы да, методалогиялық құрамы да, зерттеушiлiк мәдениетi де тереңдей бастағанын аңғарамыз.
Р.Бердiбай Қазақ ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет жене өнер институтының фольклоршылары атқарған ұжымдық еңбектiң тағы да бiреуi — “Қазақ фольклористикасының тарихы” атты еңбекке де тоқталып, бұл еңбек жайлы ғалым: “Бұл монография — фольклортану тәжiрибесiн қорытындылаған бiрiншi күрделi iзденiс. Мұнда қазақ ауыз әдебиетiнiң ерте заманнан ұлы Октябрь революциясына дейiнгi ұзақ аралықта жиналу, жариялану, зерттелу процесi қорытындылады” — дейдi. /14.113./
Сонымен бiрге Р.Бердiбай тақырыптың сонылығы немесе зерттеу тәсiлiнде жаңаша iзденiстерi бар жекелеген кiтаптарға, диссертацияларға аз — кем тоқталып өтедi. Олар — С.Қасқабасовтың “Қазақтың қиял- ғажайып ертегiлерi” (1972),“ Қазақ халық прозасы” (1984), Е.Тұрсыновтың “Қазақ тұрмыс-салт ертегiлерi” (1972), М.Жармұхамедовтың “Айтыстың даму жолдары” (1976), Н.Төреқұловтың “Қазақ совет поэзиясының жанрлық ерекшелiктерi” (1979), Б.Әбiлқасымовтың “Толғау жанры” (1983), М.Дүйсеновтың, К.Сейдаханов, С.Негимовпен бiрiгiп жазған “Халық ақындары творчествосының көркемдiк сипаты” (1982), С.Негимовтың “Өлең өрiсi” (1980), Е.Ысмайловтың “Отан соғысы кезiнiң жырлары” (1948), “Ақындар” (1956), К.Сейдахановтың соғыс жылдары кезiндегi халық жырларына арналған монографиясы (1974) сияқты еңбектерге Р.Бердiбай шолу жасайды. Н.В.Кидайш — Покровская мен О.Ә.Нұрмағамбетованың “Қобыланды батыр — қаһармандық жыры” атты еңбегi де ғалым таразысына түседi.
Сонымен бiрге Р.Бердiбайдың редакциялық басқаруымен шыққан кiтаптар да бар. Атап айтар болсақ, «Қазақ әдебиетiнiң тарихы»‚ үш томдық (1960- 1964), “Қазақ тарихи жырларының мәселелерi” (1979), М.Әуезовтiң жиырма томдық шығармалар жинағы (1980), «Қазақ фольклорының типологиясы» (1981), “Едiге батыр” (1990), А.Байтұрсыновтың “Шығармалары” (1993), “Қазақ фольклорының тарихилығы” (1994) деген еңбектер мен елеулi туындылар.